Кішіпейілділікке бөленіңдер
1 Қойшы бала Ехобаға арқа сүйеп, алып қарсыласын жеңіп шықты (1 Пат. 17:45—47). Дәулетті кісі басына түскен азапқа шыдамдылықпен төзе білді (Әйүп 1:20—22; 2:9, 10). Құдай Ұлы тәлімдері үшін бар құрметке өз Әкесін лайық деді (Жох. 7:15—18; 8:28). Осы мысалдың бәрінде кішіпейілділіктің атқарған рөлі зор болған. Осы сияқты бүгінгі күні де біз кезігіп отырған жағдайлар кішіпейілділік танытуды қажет етеді (Қол. 3:12).
2 Уағыздау ісінде. Мәсіхшілер ретінде біз барлық адамдармен — олардың нәсілі, мәдениеті не әлеуметтік жағдайына қарамай — ізгі хабарды қарапайымдылықпен бөлісеміз (1 Қор. 9:22, 23). Егер әлдекім дөрекілік не өр көкіректік көрсетіп, Патшалық туралы хабардан бас тартса, біз де дәл солар сияқты жауап қатпай, шыдамдылықпен әрі қарай лайықты адамдарды іздей береміз (Мат. 10:11, 14). Өзгелерді өзіміздің біліміміз не білім деңгейімізбен таңғалдырудың орнына, олардың назарын Құдай Сөзіне аударып, осылайша оның адамды сендіру қабілеті өз сөзімізге қарағанда әлдеқайда күштірек екенін көрсетеміз (1 Қор. 2:1—5; Ев. 4:12). Исаға еліктей отырып, барлық мадақтың Ехобаға лайық екенін көрсетеміз (Мар. 10:17, 18).
3 Қауымда. Мәсіхшілер сонымен қатар ‘ара-қатынастарында әрдайым кішіпейілділік танытулары’ тиіс (1 Пет. 5:5). Егер өзгелерді өзімізден жоғары қоятын болсақ, бауырластарымыздың бізге қызмет етуін күтпей, керісінше, өзіміз оларға қызмет көрсетудің жолын іздейміз (Жох. 13:12—17; Філіп. 2:3, 4). Мысалы, өзімізді маңызды санап, Патшалық сарайын тазалау сияқты істерді атқару мен үшін емес деп ойламаймыз.
4 Кішіпейілділік ‘бір-бірімізге сүйіспеншілік көрсетуге’ көмектесіп, осылайша қауымда татулық пен бірліктің болуына септігін тигізеді (Ефес. 4:1—3). Ол сондай-ақ жетекшілік етуге тағайындалғандарға мойынсұнуымызға көмектеседі (Ев. 13:17). Бұл өзімізге берілген кеңесті не түзетуді қабыл алуға талпындырады (Заб. 140:5). Кішіпейілділік сонымен қатар қауымда жүктелген кез келген тапсырманы орындауда Ехобаға сенім артуға талпындырады (1 Пет. 4:11). Дәуіт сияқты біз де жетістік адамның өз қабілетінің емес, Ехобаның батасының арқасында келетінін түсінеміз (1 Пат. 17:37).
5 Құдайдың алдында. Ең бастысы, бізге ‘Құдайдың құдіретті қолының астына бой ұсыну’ қажет (1 Пет. 5:6). Егер қиын да ауыр жағдайлармен күресуге тура келіп жатса, Патшалықтың әкелетін жеңілдіктерін қатты аңсауымыз мүмкін. Әйтсе де Ехобаның өз уәделерін белгілеген уақытында орындайтынын күте отырып, кішіпейілділікпен шыдамдылық танытамыз (Жақ. 5:7—11). Адалдығын сақтаған Әйүптің жағдайындағыдай, бізді де ең басты қызықтыратыны — ‘Ехобаның есімінің мадақтала беруі’ (Әйүп 1:21).
6 Даниял пайғамбар ‘Құдайға мойынсұнғандықтан’, Ехобаның қолдауына ие болды және қызмет етуге көптеген мүмкіндіктер алды (Дан. 10:11, 12). Осы іспетті, біз де ‘Құдай алдындағы қорқыныш кішіпейілділіктен басталып, арты байлық, салтанат пен өмірге ұласатынын’ біле отырып, кішіпейілділікке бөленейік (Нақ. с. 22:4).