Ізашарлық қызметтің баталары
1, 2. Ізашарлық қызметпен бірге қандай баталар қатар жүреді және неліктен?
1 “Өзгелермен шындықты бөлісуден өзге ешқандай істің қанағатқа бөлемейтінін білемін”,— деді бір ізашар бауырласымыз. Ал өзгесі болса былай деді: “Әр күні ұйқым тәтті, жүрегім қуанышқа толы”. Бұл ізашарлардың айтқан сөздеріне осы ізашарлық қызметтің баталарының дәмін татқан барлық бауырластарымыз қосылады (Нақ. с. 10:22).
2 Өзгелерге Құдай Сөзіндегі өмірді сақтайтын білімді алуға көмектесу нағыз қанағат сезіміне бөлейді (Ел. іс. 20:35; 1 Сал. 2:19, 20). Ұзақ уақыттан бері ізашар болып қызмет етіп жүрген ер бауырласымыз былай деп жазды: “Құдай Сөзінің құдіреті адамдарды өмірлерінде өзгеріс жасауға талпындырып жатқанын көргенің жаныңды тебірентіп, сеніміңді нығайтады”. Иә, адамдарға қол ұшын беруге дайын болу және Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізу арқылы ізашарлар осы іспеттес баталарға кенелуде.
3, 4. Ізашарлық қызмет Ехобаға сенім артуды үйренуге және рухани өсуге қалай көмектеседі?
3 Ехобаға сенім арту. Қызметтерін атқарғанда, Құдайдың киелі рухына сенім артқандары ізашарларға ‘киелі рухтың “жемісін”’ жетілдіруге көмектеседі және олар үшін қорғаныш болады (Ғал. 5:16, 22, 23). Оның үстіне, Құдай Сөзін қызметте үнемі қолданатындықтан, шындықты қорғауда және өзгелердің сенімін нығайтуда ізашарлар көбінесе Жазбаларды шебер қолданушылар болып табылады (2 Тім. 2:15). Ондаған жылдар бойы ізашар болған бір ер бауырласымыз: “Ізашарлық қызметтің арқасында Киелі кітаптың терең біліміне қол жеткіздім, әрі сол білімді көптеген адамдарға Ехоба мен оның ниеті туралы білуге көмектесу үшін қолданудамын”,— деді. Қандай керемет!
4 Ізашарлар Ехобаға әр түрлі жағдайларда сенім артулары тиіс. Күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету әрекеттеріне Ехоба қалай батасын беріп жатқанын көргенде, олардың сенімдері нығая түседі. 55 жыл бойы ізашар болып қызмет еткен 72 жастағы бір ер бауырласымыз былай деді: “Ехоба мені ешқашан тастаған емес”. Оның үстіне, қарапайым өмір кеше отырып, ізашарлар өздерін күнделікті тұрмыстың көптеген уайымынан қорғайды. Сен де осыны қалар ма едің? (Мат. 6:22; Ев. 13:5, 6).
5. Ізашарлық қызмет Ехобаға жақындауға қалай көмектеседі?
5 Ехобаға жақындай түсу. Біз үшін Ехобамен қарым-қатынастан артық еш нәрсе жоқ (Заб. 62:4). Ехобаға деген сүйіспеншілікпен қызметке толық қатысудың арқасында бұл қарым-қатынасымыз нығая түседі (Жақ. 4:8). 18 жылдан аса уақыт ізашар болып қызмет етіп келе жатқан ер бауырласымыз: “Ізашарлық қызмет күннен күнге менің Жаратушымен қарым-қатынасымды нығайтып, ‘дәмін татып Иеміздің қандай ізгі екендігін көруге’ мүмкіндік береді”,— деді (Заб. 34:8).
6. Ізашарларға не керек және ізашарлық қызметтің игілігін олардан басқа кімдер көреді?
6 Ізашарларға қызметтерін атқаруларына мүмкіндік беретін жағдайларынан басқа, күшті сенім, Ехоба мен маңайындағыларға деген шын сүйіспеншілік керек және құрбандыққа баруға дайын болулары тиіс (Мат. 16:24; 17:20; 22:37—39). Әйтсе де, ізашарлардың жарқыраған жүздері олардың ізашарлық қызметтен алатын баталары жасаған құрбандықтарынан әлдеқайда асып түсетінін дәлелдейді (Малх. 3:10). Алайда тек ізашарлардың өздері ғана қуанып қоймайды, отбасылары мен қауымы да олардың керемет рухтарының игілігін көреді (Філіп. 4:23).