Ехобаның ізгілігіне еліктеңдер
1 Айналаны құлпыртып батқан күнді тамашалап немесе рақаттанып дәмді тағам жеп алған соң, жүрегіміз Ехобаға, барлық ізгі істердің Көзіне, алғыс айтуға талпындырады емес пе? Оның ізгі істері бізді де өзіне еліктеуге талпындырады (Заб. 118:66, 68; Ефес. 5:1). Бұл қасиетті қалайша таныта аламыз?
2 Ехобаға сенбейтіндерге ізгілік көрсету. Ехобаның ізгілігіне еліктеуіміздің бір жолы сеніміміз бір емес адамдарға шын көңілден жақсылық жасау болып табылады (Ғал. 6:10). Ізгілікті іс жүзінде көрсету адамдардың Ехоба Куәгерлері мен олардың айтып жүрген хабарына жақсы көзқараста болуына әсер етеді.
3 Мысалы, ізашар жас ер бауырласымыз емханада кезек күтіп отырады. Ол өзінің жанында отырған егде тартқан әйелдің өзгелерге қарағанда қатты ауырып отырғанын байқайды. Кезегі келгенде, ол өз кезегін әлгі әйелге береді. Кейінірек бауырласымыз сол әйелді тағы да, бірақ бұл жолы оны базарда, жолықтырады. Әйел оны көргеніне өте қуанышты болады. Бұрындары ізгі хабарға селқос қараған ол, енді Ехоба Куәгерлерінің маңайындағыларын шынымен жақсы көретініне көзі жеткенін айтады. Сөйтіп ол Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды.
4 Бауырластарымызға ізгілік көрсету. Біз сондай-ақ бір сенімдегілерге көмек беруде жүрегімізді айқара ашу арқылы да Ехобаның ізгілігіне еліктей аламыз. Бауырластар қандай да бір апатқа ұшырағанда, оларға бірінші болып көмек көрсетушілердің арасында боламыз. Осындай рухты мұқтаж болғандарды қауымға жеткізіп салу, әлсіздердің халін білу және қауымдағы өзіміз онша жақсы танымайтындарға көңіл бөлу арқылы да таныта аламыз (2 Қор. 6:11—13; Ев. 13:16).
5 “Кешіруге дайын” болуымен де Ехоба ізгілік танытады (Заб. 86:5, ЖД). Соған еліктей отырып, өзгелерге кешірімді болу арқылы да ізгілікті жақсы көретінімізді көрсете аламыз (Ефес. 4:32). Бұл бір сенімдегілермен қарым-қатынасымызды тамаша әрі жарасымды етуге көмектеседі (Заб. 132:1—3).
6 Ехобаның молынан жасап жатқан ізгілігі бізді оған арнап мадақ жырын төгуге және қуаныштың көзі болуға талпындырсын. Сонымен қатар бұл барлық ісімізде де Оның ізгілігіне еліктеуге күш салуға талпындырғай! (Заб. 144:7; Ер. 31:12).