Ақиқаттың азаттыққа жеткізуі
1 Бір жолы Иса өзіне сенім білдірген яһудилерге былай деген еді: “Ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді” (Жох. 8:32). Ол жай ғана азаматтық азаттық туралы айтқан жоқ еді. Ол айтқан азаттыққа кедейлер мен байлар, білімділер мен қарапайымдар, барлық адамдар қол жеткізе алады. Иса күнә мен өлімнің құлдығынан азат ететін шындықты үйретті. Исаның түсіндіргені бойынша, “кім күнә жасаса, сол — күнәның құлы” (Жох. 8:34). Тіл алғыш адамзат баласының ‘өткіншіліктің құлдығынан босатылып, Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жететін’ уақытын қалайша аңсап күтіп жүрміз десеңдерші! (Рим. 8:21).
2 Иса және оның Құдай ниетінің жүзеге асуындағы рөлі жөніндегі шындық осындай азаттыққа жеткізеді. Бұған Исаның біз үшін азаттық төлемін өтегені туралы шындық кіреді (Рим. 3:24). Тіпті қазірдің өзінде Киелі кітаптағы шындықты қабылдап, көнгіштікпен оған мойынсұну арқылы қорқыныштан, өмірден түңілуден және зиянды іс-әрекеттің барлығынан айтарлықтай мөлшерде арыла аламыз.
3 Қорқыныш пен өмірден түңілуден азат болу: Біз әлемде болып жатқан жағдайлардан қорықпауымыз керек, өйткені біз зұлымдықтың не үшін болып жатқанын түсінеміз және жақында жойылатынын да білеміз (Заб. 36:10, 11; 2 Тім. 3:1; Аян 12:12). Сондай-ақ шындық өлілердің қандай күйде болатыны жөніндегі жалған ілімдерден де азат етеді. Біз өлілердің зиян келтіре алмайтынын, олардың мәңгі азап шекпейтінін және рухани әлемде өзімен болулары үшін Құдай адамдарды өзіне алып кетпейтінін білеміз (Еккл. 9:5; Ел. іс. 24:15).
4 Бұл шындық ұлдары апаттан қаза болған ата-ана үшін жұбаныш болды. “Ұлымыз қайта тірілгенге дейін біздің өмірімізде бір нәрсе жетіспейтін болады. Бірақ біз қайғымыздың уақытша екенін білеміз”,— дейді анасы.
5 Зиянды іс-әрекеттерден азат болу: Киелі кітаптағы шындық адамның ой-қалпын және қасиеттерін өзгертіп, кейбір қиыншылықтардың алдын алуға көмектеседі (Ефес. 4:20—24). Шыншылдық және еңбексүйгіштіктің арқасында кедейліктен арылуға болады (Нақ. с. 13:4). Жанқиярлықпен сүйіспеншілік таныту арқылы өзгелермен қарым-қатынасымызды жақсарта аламыз (Қол. 3:13, 14). Мәсіхші құрылымындағы басшылыққа бағыну арқылы отбасындағы қиыншылықтарды азайтуға болады (Ефес. 5:33-6:1). Маскүнемдіктен, жыныстық қатынасқа қатысты өнегесіздіктен, темекі мен есірткіден аулақ болғанымыз денсаулығымызға жақсы әсер етеді (Нақ. с. 7:21—23; 23:29, 30; 2 Қор. 7:1).
6 Бір жас жігіт тоғыз жыл бойы есірткі қабылдап, қоя алмай жүреді. Бір күні ол көшеде уағыз айтып жүрген жариялаушыға кезігіп, әдебиет алады. Содан кейін жариялаушылар оның үйіне келіп жолығады. Сөйтіп ол Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды. Екі айдан соң, ол есірткі қабылдауды мүлдем тоқтатады, ал сегіз айдан соң шомылдыру рәсімінен өтеді. Оның есірткіден қол үзгенін көріп, қайын ағасы мен қайын әпкесі де Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды.
7 Өзгелердің азаттыққа жетуіне көмектесу: Көп уақыт бойы жалған ілімдердің құлдығында келген адамдарға Құдай Сөзі ұсынып отырған азаттықты түсіну қиынға түсуі мүмкін. Ондай адамдардың жүрегіне жете білу үшін ерекше күш салып, жақсы дайындалу қажет (2 Тім. 4:2, 5). Қазір ‘тұтқындарға босатылатындарын... жар салу’ ісімізде кідіретін уақыт емес (Иш. 61:1). Мәсіхшілерге тән азаттық — өте қымбат нәрсе. Ол мәңгі өмірді білдіреді (1 Тім. 4:16).