Жариялаушылар жетіспейтін жерде қызмет ете аласың ба?
1 Жариялаушылар жетіспейтін жерге көшіп бару туралы ойланған ба едің? “Келіп... көмектес” деген шақыру алсаң, оны елші Пауыл сияқты қабыл аласың ба? (Ел. іс. 16:9, 10) Көп қауымдарға рухани толысқан отбасылар, учаскелерде уағыздауға көмектесетін ізашарлар немесе қабілетті ақсақалдар мен қызмет көмекшілері жетіспейді. Кейбір қауымдардың аймағына оқшау жерлердегі ауылдар тіркелген болуы ықтимал. Ең жақын деген Патшалық сарайының өзі біршама алыс жерде болуы мүмкін. Жұмыс табу да қиын болар. Ауа райы да жайсыз болуы мүмкін. Осындай жағдайда қызмет етуге дайынсың ба? Басқа жерде қызмет ету үшін не қажет?
2 Сенім арту керек. Ыбырам Құдайдың айтуымен өзінің Ур қаласын тастап, әйелін, інісінің баласын және қартайған әкесі Тарахты алып, 1 000 шақырым жердегі Харанға көшіп барады (Жар. 11:31, 32; Нех. 9:7). Тарах қайтыс болған соң, Ехоба 75 жастағы Ыбырамға Харандағы туған-туыстарын тастап, өзі көрсеткен елге көшуді бұйырады. Осылай Ыбырам, Сарай және Лут “жолға шықты” (Жар. 12:1, 4, 5). Әрине, Ыбырам Құдайдың қызметшілері жетіспейтін жерде қызмет ету үшін көшкен жоқ. Бірақ көшу үшін, оған бір нәрсе қажет болды. Ол не нәрсе?
3 Ыбырамға Құдайға сенім арту керек болған. Ол ой-қалпы мен өмір салтын өзгерту керек еді. Оған туыстарының қасынан, қауіпсіз жерден, көшу керек болды. Бірақ ол Ехобаның өзіне және үй ішіне қамқорлық жасайтынына сенімді болған. Бүгінде көп жариялаушылар Ехобаға сенім артатындарын осылайша көрсетуде.
4 Уақытша қызмет ету. Қауымға тіркелмеген аймақта уағыздап, мол батаға ие болған кезің болды ма? Кейбіреулер уағыздау үшін алыс жерлерге барған. Бұл жариялаушылардың еңбектері ақталды ма? Калифорниядан Юта штатына барған бауырлас былай деп жазған: “Сирек уағыздалатын аймаққа топпен баруды ұсынғанда, алғаш жүрексіндім. Дегенмен жауапкершіліктен бас тартпадым. Алайда бұл үшін ешқашан өкінген емеспін, қайта, бұл өмірімді өзгертті. Осындай сапарға шыққаным үшін Ехобаға күнде рақмет айтамын”. Флоридадан Теннесиге қызмет етуге барып қайтқан бауырлас бұның шындықта жүрген 20 жыл ішіндегі ең есте қаларлық уақыт болғанын айтады. Коннектикуттан Виргиния штатына барған бір жасөспірім бала: “Бұл менің өмірімдегі ең керемет оқиға болды!”— деген. Жариялаушылардың көбісі мұқтаждық бар жерлерде тіпті уақытша қызмет еткеннің өзі қызметті тереңірек бағалауға көмектескенімен келіседі. Осындай жариялаушылармен сөйлесіп көріңдер. Олардың рухтарының көтеріліп қалғанын және осындай жерлерге, мүмкін болса, тағы барғылары келетіндерін көресіңдер.
5 Жариялаушылар жетіспейтін жерде уақытша қызмет етудің арқасында, осындай жерге көшіп барғандар жағдайды салмақтап-саралап, басқаша сөзбен айтқанда, “қаржатының жетер-жетпесін” біле алады (Лұқ. 14:28).
6 Ехобаның ниетіне сай сот күні келгенше, ізгі хабар “күллі әлемге” жариялану керек (Мат. 24:14). Осыны ескере отырып, мүмкіндігің болса, жариялаушылар жетіспейтін жерге көшіп барғың келмей ме? Ал жариялаушылар жетіспейтін жер көп.
7 Жариялаушылар жетіспейтін жерге көшіп бару. Қауымның қызмет комитетіне мұқтаждық бар жерлердің тізімі жіберілген. Егер осындай жерде қызмет етуге ойың кетіп жүрген болса, бауырластардан сол тізімді сұрап ал. Сен зейнеткерсің бе? Сенде тұрақты табыс көзі бар ма? Қызмет көрсету саласында жұмыс істей аласың ба? Мысалы, шаштараз, етікші, аула сыпырушы, үй тазалаушы ретінде немесе компьютерде жұмыс істеп өзіңді асырай аласың ба? Мүмкін, басқа жерге бүкіл отбасыңмен көшіп баруды да ойлаған шығарсың. Ал өзің көшіп бара алмасаң, отбасыңдағы басқа адамның мұқтаждық бар жерде қызмет етуіне көмектесе аласың ба?
8 Дұға ете отырып ойланған соң, жариялаушылар жетіспейтін жерге көшіп бара аламын деп шешсең, бұл жайында отбасыңмен және қауым ақсақалдарымен сөйлес. Одан соң хат жаз да, оны ақсақалдарға бер, олар бұл хатқа өздерінің кепілдік хатын қосып, офиске жібереді.
9 Хатқа не туралы жазғаның жөн? Жасыңды, шомылдыру рәсімінен өткен уақытыңды, қауымдағы жауапкершіліктеріңді, отбасылық жағдайыңды және кәмелетке толмаған балаларыңның бар-жоғын жаз. Қажеттіліктеріңді ескере отырып, қай жерде қызмет еткің келетінін айт. Мысалы, ыстық жаққа шыдай аласың ба? Қысы қатты болатын жерде тұра аласың ба? Таулы аймақтарда ше? Қаланың өміріне бейімделе аласың ба? Бөтен тілдерде сөйлей аласың ба? Тізімде көрсетілген жариялаушылар жетіспейтін жерлердің бірін таңдасаң, офис сені осы аймақ тіркелген қауыммен байланыстыруға тырысады.
10 Сенде құлшыныс пен дайындық рухы бар ма? Мұқтаждық бар жерде қызмет етуге жағдайың келе ме? Олай болса, Ехобаның өзіне сенім артып, жанқиярлық рухын танытып жүрген адамдарды қалай молынан жарылқайтынын өз көзіңмен көр! (Заб. 33:9; Мал. 3:10)