Білім алу және рухани мақсаттар
Жас шағыңда мектепте алған негізгі білімнің арқасында сен оқу мен жазуды үйренесің және география, тарих, математика және ғылым саласы жайлы жалпы мағлұмат аласың. Оқу барысында сенің дұрыс ой түзу, салмақтап-саралау, қиындықтарды шешу және шығармашылықпен айналысу сияқты қабілеттерің дамиды. Мектепте алған біліміңнің пайдасын өмір бойы көре аласың. Мұндай білім рухани мақсаттарға қол жеткізуге және “дұрыс ой мен естілікті сақтауға” қалай көмектеседі? (Нақ. с. 3:21, 22).
Құдайға деген қызметте пайдалы бол. Мектепте жүрген кездеріңде өтіп жатқан сабаққа мұқият ден қой және үй тапсырмаларыңды тыңғылықты орында. Егер сен жатық оқу мен зерттеу жүргізу қабілеттеріңді дамытсаң, бұл саған Құдай Сөзін зерттеуге және рухани күйіңді берік сақтауға көмектеседі (Ел. іс. 17:11). Жан-жақты білім алғаныңның арқасында сен діні, қызығушылығы және шыққан ортасы әртүрлі адамдарға уағыздай аласың. Сондай-ақ бұл білім саған Құдай ұйымында түрлі міндеттер атқаруға көмектеседі (Тімөтеге 2-хат 2:21; 4:11 салыстыр).
Өзіңді қамтамасыз ете алатындай бол. Егер мектепте жақсы оқысаң, оқу бітіргеннен кейін өзіңді қамтамасыз етуге көмектесетін қабілеттерге ие бола аласың (Тімөтеге 1-хат 5:8 салыстыр). Сондықтан таңдайтын пәндеріңе мұқият бол. Жұмыс табу қиын мамандықты таңдағаннан гөрі кез келген жерде жұмыс табуға мүмкіндік беретін кәсіпті меңгеріп алғаның дұрыс (Нақ. с. 22:29). Бұл саған қажеттілік бар жерге көшуді шешкенде өзіңді қамтамасыз етуге көмектеседі (Елшілердің істері 18:1—4 салыстыр).
Орта мектепте алатын негізгі білімің саған қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Құдайға барынша қызмет етуге және өзіңді қамтамасыз етуге қажетті қабілеттерді дамыту үшін көп күш салуға тырыс. Осылайша сен алдыңа қойған рухани мақсаттарыңа қол жеткізе аласың.