Адамдар бізді тыңдау үшін не істей аламыз?
Філіпі қаласындағы “күрең қызыл түсті мата сататын Лүдия есімді әйел... тыңдап отырғанда, айтылғандарды қабыл алуы үшін Ехоба оның жүрегін ашты” (Ел. іс. 16:14). Бұл оқиғадан нені білуге болады? Адам шындықты тыңдау арқылы біле алады. Үй иесі тыңдауға ықыласты болса ғана, біз оған Патшалық туралы ізгі хабарды жеткізе аламыз. Адам бізді тыңдаса, оған ізгі хабарды айту оңайырақ болады. Бірақ адамдарды тыңдауға талпындыру қиынға соғуы мүмкін. Бұл үшін не істей аламыз?
Қызметке бармас бұрын, сырт көрінісімізге және қолданатын құралдарымызға назар аударуымыз керек. Себебі адамдар лайықты киінген кісіні тыңдауға бейім келеді. Біз жақсы талғаммен, десе де қарапайым киінеміз бе? Осы дүниеде ұқыпсыз киіну кәдімгі нәрсе болғанмен, Құдай Патшалығы туралы куәлік етіп жүргендер ретінде біз олпы-солпы киінуден аулақпыз. Сырт көрінісіміздің таза да ұқыпты болғаны уағыздап жүрген ізгі хабарымызды көркейте түседі.
Құрмет көрсет және достық пейіл таныт. Бүгінде адамдардың көзқарастары жиі өзгеріп тұратынымен, Киелі кітапты құрметтейтін адамдар әлі де көп. Киелі кітапта жазылғандар жайлы құрмет пен достық пейіл таныта отырып әңгімелескеніміз оларды ықыласпен тыңдауға талпындырады. Шын жүректен әрі жылы жүзбен күлімсіресек, үй иесі өзін еркін ұстайтын болады және бұл онымен жақсы әңгімелесуімізге жол ашады. Сондай-ақ сөзіміз бен жүріс-тұрысымыздан шынайылығымыз бен әдептілігіміз байқалу керек. Бұл адамның ой-пікірін құрметпен тыңдағанымыздан көрінеді.
Біздің мақсатымыз — басқалармен Киелі кітапта жазылған үмітпен бөлісу. Осыны есте ұстай отырып, біз жағымды мәнерде әңгімелесуге тырысуымыз және дауласудан аулақ болуымыз қажет. Қарсылық білдіріп тұрған адаммен сөз таластырып, уақытымызды босқа кетірудің қажеті жоқ (Тім. 2-х. 2:23—25). “Біздің патшалық қызметімізде” және “Пікір алысу” кітабында келтірілген уақтылы әрі жігерлендіретін көптеген ұсыныстардың бірін таңдап, қолдансақ болады. Әрине, осы ұсыныстарды сеніммен және жылулықпен жеткізе алу үшін бізге жақсылап дайындалу қажет (Пет. 1-х. 3:15).
Біз сөйлескен адамдардың көбісі не туралы айтқанымызды естерінде сақтай бермейді. Алайда басым көпшілігі біздің қандай мәнерде сөйлегенімізді ұмытпайды. Сондықтан ешқашан ізгілік пен мейірімділіктің әсерін жете бағаламай кетпейік. Біздің аумағымызда да бірінші ғасырда өмір сүрген Лүдия сияқты шындыққа құлақ асатын қой іспетті адамдар көп екенінде күмән жоқ. Сыртқы көрінісімізге және сөйлеу мәнерімізге мұқият болғанымыз ақжүректі адамдарды Құдай сөзін тыңдап, шын көңілмен қабылдауға талпындырады (Мар. 4:20).