“Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” басылымын қалай тиімді қолдануға болады?
1 Ехоба бізге молынан керемет рухани ас-су беріп отыр. Оның біразы соңғы жылдары басылып шыққан әр түрлі кітаптар. Маусымда “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” басылымын ұсынамыз. Сол себептен кітаптың мазмұнын қарап шығып, ұсыныс жасағанда қолдануға болатын бірнеше ойды таңдап алғанымыз дұрыс болар еді.
2 Бұл басылымды қалай тиімді қолдануға болады? Кітапта адамның назарын аударатын және жүрегіне қатты әсер ететін көп нәрсе бар: оқиғалардың хронологиялық тәртіппен жазылуы, көптеген суреттер, қысқа әңгімелер. Сондай-ақ ол өзі үйрететін кітап стилінде жазылған. Басқаларға көмектесу үшін кітаптың осындай ерекшеліктерін қолдануымызға болады. Сен кез келген ыңғайлы жағдайда оны адамдарға ұсына аласың ба? Кейбір оқушылар оны мектепке апарып, сыныптастарына таратқан. Сондай-ақ кітапты алуға келіскен мұғалімдер де болған, кейінірек олардың кейбіреуі оны оқушыларына оқып берген. Достары мен көршілеріне жай ғана кітапты көрсетулері арқылы көптеген дана таратылды. Сонымен қатар біразы туыстар мен қызметтестерге сыйлық ретінде таратылды. Бір бауырласымыз қоғамдық көлікте жай ғана кітапты адамдардың көзінше ұстап және оқып, бірнеше рет Киелі кітап туралы әңгіме бастаған.
3 Өз аумағыңда уағыздағанда, келесі ұсыныстарды қолдануыңа болады: “Мен жақын жерде тұрамын; сізбен таяуда бүкіл жер бетінде бейбітшілік орнайтыны туралы жақсы хабармен бөліскім келіп еді. Барлығымыз да бейбіт өмір сүргіміз келеді, солай емес пе? [Жауабын күт.] Бейбітшілік үшін адамдардың қаншама күш жұмсап жүргенін бәріміз де көріп жүрміз. Алайда ұзаққа созылатын бейбітшілікті кім орнататыны жайлы Киелі кітаптың не дейтініне көңіл бөліңізші. [Забур 45:9, 10 оқы.] Соғыстар тоқтап, оның өртін тұтандыратындар жойылғанда, жер бетінде енді ешқашан қастық болмау үшін Құдай қам жасайды. Бізді бұған забур жыршысы Забур 71:2-гі сөздерді айтып сендіреді. [Оқып бер.] Бейбіт жерде өмір сүру үшін Құдай өзін білетіндер мен қызмет ететіндерді аман алып қалады. “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” басылымы көптеген адамдарға Құдайдың талаптарына сай болуға көмектеседі. Мен бұл кітаптың сізге үлкен пайда әкелетініне сенімдімін”.
4 “Қайырлы күн, бүгін біздің адамдарға келу мақсатымыз — Киелі кітаптың не үшін жазылғанын түсіндіру. Осы жайлы ойланып көріп пе едіңіз? [Жауабын күт.] Ол адамдарға ескерту ретінде жазылған. Бұл — адамдар біле бермейтін себептердің бірі. Осындай ой 1 Қорынттықтарға 10:11-де айтылған. [Оқып бер.] Құдайдың ескертулері адамдарды қорқыту үшін емес, оларды құтқарылудың жолын іздеуге талпындыру үшін жазылған. Бұл — Киелі кітаптың жазылуының келесі себебі. 2 Тімотеге 3:15 құтқарылу үшін кәрілер де, жастар да Киелі жазбаға мұқтаж екенін түсінуімізге көмектеседі. [Оқып бер.] Киелі кітаптағы бір пайғамбардың, Ишаяның, көптен күткен құтқарылуды алдын ала айтқанын сізге көрсетейін деп едім. Бұл жайлы “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” басылымында жазылған”. 71-әңгімені ашып, бірінші және соңғы абзацты оқып бер.
5 “Біз көп адам, шын мәнінде, бағалайтын нәрсе туралы айтып жүрміз. Әңгіме “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” басылымы жөнінде. Мүмкін, сіз осы іспеттес сұрақтарды өзіңізге қойған шығарсыз”. Кітаптың 1-бөліміне назар аударып, “Жаратылыстың бастауынан дүниежүзілік топан суға дейін” атты тақырыпшаның астындағы бірінші абзацты оқып бер. Содан кейін келесі беттердегі бірінші және екінші әңгімелерде келтірілген суреттерге көңіл бөліп, оларды түсіндіріп бер.
6 Біздің әдебиеттер мыңдаған адамды Киелі кітапты мұқият зерттеуге талпындырды. Алған білімдері оларға бақытты болашаққа деген үміт сыйлады (Заб. 145:5). Иә, бізде осындай адамдарға қол ұшын беретін керемет артықшылық бар.