46-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
“Сеніміңіздің үлкен қалқаны” жақсы күйде ме?
“Сенімнің үлкен қалқанын алыңдар” (ЕФЕС. 6:16).
119-ӘН Сеніміміз берік болғай
АҢДАТПАa
1, 2. а) Ефестіктерге 6:16-ға сай, неге бізге “сенімнің үлкен қалқаны” қажет? ә) Қандай сұрақтардың жауабын білеміз?
СІЗДЕ “сенімнің үлкен қалқаны” бар ма? (Ефестіктерге 6:16 оқыңыз). Бар екеніне күмәніміз жоқ. Үлкен қалқан дененің басым бөлігін қорғайтыны іспетті, сеніміңіз сізді осы бұзылған дүниедегі өнегесіздіктен, қатыгездіктен, Құдайдың талаптарына қайшы келетін кез келген нәрсенің ықпалынан қорғайды.
2 Алайда біз “соңғы күндері” өмір сүріп жатырмыз, әрі сеніміміз сынала бермек (Тім. 2-х. 3:1). Сеніміңіздің қалқаны мықты екеніне қалай көз жеткізсеңіз болады? Оны үнемі жақсы күйде ұстау үшін не істей аласыз? Қазір осы сұрақтардың жауабын білейік.
ҚАЛҚАНЫҢЫЗДЫ МҰҚИЯТ ТЕКСЕРІҢІЗ
Шайқастан кейін сарбаздар қалқандарын жөндеп жатыр (3-абзацты қараңыз)
3. Сарбаздар қалқандарына не істейтін болған және неге?
3 Киелі кітап жазылған заманда сарбаздардың қалқандары әдетте былғарымен қапталатын. Олар былғарыны жақсы күйде сақтау үшін және қалқанның металдан жасалған бөліктерін тот басып кетпеу үшін қалқандарын майлап отыратын. Сарбаз қалқанының бүлінген жерлерін байқаса, келесі шайқасқа дайын болу үшін оны бірден жөндеу керек еді. Бұл мысалды сіздің сеніміңізбен қалай байланыстыруға болады?
4. Сенімнің қалқанын неге тексеру керек, оны қалай істейміз?
4 Ежелгі сарбаздар сияқты әрдайым соғысқа дайын тұру үшін сіз де сеніміңіздің қалқанын тексеріп, жақсы күйде ұстап отыруыңыз қажет. Мәсіхші болғандықтан біз рухани шайқасқа қатысудамыз, ал жауларымыз зұлым рухтар (Ефес. 6:10—12). Ешкім сіз үшін қалқаныңызды жақсы күйде сақтай алмайды. Олай болса, сынақтарға дайын екеніңізге қалай көз жеткізе аласыз? Алдымен, Құдайдан көмек сұраңыз. Сосын, өзіңізді тексеру үшін және Құдайдың сізге қалай қарайтынын түсіну үшін Құдай Сөзін оқыңыз (Евр. 4:12). Киелі кітапта: “Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт, Өз ақылыңа сүйеніп жүрме. Барлық ісіңде оны ескер, Сонда ол жолыңды тегістер”,— делінген (Нақ. с. 3:5, 6). Осыны есте ұстай отырып, жақында қабылдаған шешімдеріңізді таразылап көріңіз. Мүмкін, қаржылай қиындыққа тап болған шығарсыз. Сол кезде Еврейлерге 13:5-тегі Ехобаның “мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын” деген уәдесі есіңізге түсті ме? Бұл уәде Ехобаның сізге көмектесетініне сенімділік берді ме? Егер солай болса, бұл — сеніміңіздің қалқанын жақсы күйде сақтап жүрсіз деген сөз.
5. Сеніміңізді тексергенде нені байқауыңыз мүмкін?
5 Сеніміңізді мұқият тексере келе кейбір нәрселерге таңғаларсыз. Өйткені осыған дейін байқамаған кейбір әлсіздіктеріңізді аңғаруыңыз мүмкін. Мысалы, сарыуайым, өтірік, ұнжырғаның түсуі сеніміңізді шайқалтқан шығар. Егер солай болса, алдағы уақытта сеніміңізді қалай қорғай аласыз?
ӨЗІҢІЗДІ САРЫУАЙЫМНАН, ӨТІРІКТЕН, ҰНЖЫРҒАНЫҢ ТҮСУІНЕН ҚОРҒАҢЫЗ
6. Орынды уайымға не жатуы мүмкін?
6 Уайымның кейбір түрлері орынды. Мысалы, біз Ехоба мен Исаның ықыласына ие болуды ойлап уайымдаймыз (Қор. 1-х. 7:32). Егер күнә жасап қойсақ, Құдаймен достығымызды қалпына келтіру үшін күйіп-пісеміз (Зәб. 38:18). Сондай-ақ біз жұбайымыздың көңілінен шығуды ойлаймыз және отбасымыз бен бауырластарымыздың жағдайын уайымдаймыз (Қор. 1-х. 7:33; Қор. 2-х. 11:28).
7. Нақыл сөздер 29:25-те айтылғандай, неге адамнан қорықпауымыз керек?
7 Алайда сарыуайым сенімімізге нұқсан келтіреді. Мәселен, тамақ пен киімді шектен тыс уайымдап кетуіміз мүмкін (Мат. 6:31, 32). Содан уайымды сейілтемін деп бар ойымыз дүние-мүлікке ауып кетуі ықтимал. Тіпті ақшаны жақсы көріп кетуіміз де ғажап емес. Егер осыған жол берсек, Ехобаға деген сеніміміз әлсіреп, рухани жағынан қатты зардап шегеміз (Мар. 4:19; Тім. 1-х. 6:10). Я болмаса “өзгелер мен туралы не ойлайды” деп қатты уайымдауымыз мүмкін. Содан Ехобаға ұнамсыз болудан гөрі келеке-мазақ болудан, қудаланудан көбірек қорқатын боламыз. Адам алдындағы қорқынышқа бой алдырмас үшін Ехобадан сенім мен батылдық сұрап жалбарынуымыз керек (Нақыл сөздер 29:25 оқыңыз, Лұқа 17:5).
(8-абзацты қараңыз)b
8. Жалған ақпаратқа қалай қарауымыз керек?
8 “Өтіріктің әкесі” Шайтан өзінің қолшоқпарларын пайдаланып, Ехоба мен бауырластар жайлы өтірік таратады (Жох. 8:44). Мысалға, жолдантаюшылар веб-сайттар, теледидар, не басқа да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Ехобаның ұйымы жайлы жалған я бұрмаланған мәліметтер таратады. Бұл өтіріктер Шайтанның “отты жебелеріне” жатады (Ефес. 6:16). Егер біреу осындай жалған мәліметтерді айта бастаса, не істеуіміз керек? Біз ондай әңгімені мүлдем тыңдамаймыз! Неге? Себебі біз Ехоба мен бауырластарымызға сенеміз. Сондықтан жолдантаюшылармен еш байланыспаймыз. Ешкім де, ештеңе де, тіпті өзіміздің әуесқойлығымыз да олармен дауласуға себеп болмау керек.
9. Ұнжырғаның түсуі адамға қалай әсер етеді?
9 Ұнжырғаның түсуі де сенімімізді әлсіретеді. Біз қиындықтарға көз жұмбаймыз, әрине. Бұлай еткеніміз жауапкершіліктен қашу болар еді. Десе де қиындықтар еңсемізді түсіреді. Бірақ олар ой-санамызды жаулап алмау керек. Бұған жол берсек, Ехоба берген тамаша үміттен көз жазып қалуымыз мүмкін (Аян 21:3, 4). Сөйтіп, ұнжырғамыз түскені сонша, әліміз құрып, Ехобаға қызмет етуден қаламыз (Нақ. с. 24:10). Бірақ бізбен олай болмау керек.
10. Бір бауырластың хатынан неге үйрендіңіз?
10 Құрама Штаттарда тұратын бір әйел бауырластың мысалын қарастырайық. Ол ауыр дертке шалдыққан күйеуіне қарап жүріп, сенімін қалай жақсы күйде ұстайтынын білейік. Бас басқармаға жазған хатында ол былай дейді: “Кейде стреске ұшыраймыз, көңіліміз де түсіп жатады. Бірақ үмітіміз берік. Сенімімізді нығайту үшін және бойымызға жігер құю үшін Ехобаның беріп жатқан мәліметтеріне шексіз ризамын. Ондағы кеңестер мен жігерлі сөздер бізге ауадай қажет. Бұл бізге Шайтанның сынақтарында сағымызды сындырмай, Ехобаға қызмет ете беруге көмектеседі”. Осы бауырластың сөздерінен ұнжырғаның түсуін жеңу мүмкін екенін көрдік. Қиындықтарыңыздың артында Шайтан тұрғанын ұмытпаңыз. Жұбаныштың қайнар көзі Ехоба екенін есте ұстаңыз. Сондай-ақ ол беріп жатқан рухани ас-суды бағалаңыз.
“Сеніміңіздің үлкен қалқаны” жақсы күйде ме? (11-абзацты қараңыз)c
11. Сеніміміздің күйін тексеру үшін қандай сұрақтар жайлы ойлануымыз керек?
11 “Қалқаныңыздың” жөнделуі тиіс жерлерін байқадыңыз ба? Соңғы бірнеше айда сарыуайымға салынбау қолыңыздан келді ме? Жолдантаюшылардың өтіріктерін тыңдаудан не олармен дауласудан бас тарттыңыз ба? Ұнжырғаның түсуін жеңе алдыңыз ба? Егер солай болса, бұл — сеніміңіздің күйі жақсы деген сөз. Бірақ сақ жүріңіз, өйткені Шайтан сізге басқа қаруларды қолдануы мүмкін. Соның біреуін талқылайық.
ӨЗІҢІЗДІ ДҮНИЕҚҰМАРЛЫҚТАН ҚОРҒАҢЫЗ
12. Дүниеқұмарлықтың кесірі қандай?
12 Дүниеқұмарлыққа берілсек, сеніміміз әлсіреп, Ехобаға барынша қызмет ете алмай қаламыз. Елші Пауыл: “Ешбір сарбаз өзін әскери қызметке алған кісінің ықыласына ие болу үшін, сауда-саттықпен айналыспайды”,— деген (Тім. 2-х. 2:4). Рим сарбазына басқа істермен айналысуға болмайтын. Егер сарбаз осы талапқа мойынсұнбаса, не болар еді?
13. Сарбаз неге сауда-саттықпен айналыспауы керек болған?
13 Мына жағдайды елестетіп көрейік. Бір топ сарбаз таңертең семсермен жаттығып жатыр, ал араларында бір сарбаз жоқ. Ол базарда тамақ сатумен әуре. Кешкісін сарбаздар сауыт-саймандарын тексеріп, семсерлерін қайрап жатса, әлгі сарбаз ертеңгі сататын тамағын дайындауда. Ал ертесіне жау тасадан тап береді. Сол кезде қай сарбаз дұрыс әрекет етіп, командирінің көңілінен шығады? Ал сіз қай сарбаздың қасында тұрғыңыз келер еді? Шайқасқа дайындалған сарбаздың қасында ма, әлде қызметінен алаңдап кеткен сарбаздың ба?
14. Мәсіхтің сарбаздары болғандықтан, біз нені бағалаймыз?
14 Жақсы сарбаздарға ұқсап, біз де негізгі мақсатымыздан ауытқымауымыз керек. Ал негізгі мақсатымыз — Командирлеріміз Ехоба мен Мәсіхтің ықыласына ие болу. Біз бұны Шайтанның дүниесі ұсынатын кез келген нәрседен құнды санаймыз. Сондықтан Ехобаға қызмет етуге қажетті уақытымыз бен күш-қуатымыз бар екеніне көз жеткізіп, сеніміміздің қалқаны мен басқа да рухани сауыт-саймандарымызды жақсы күйде ұстауымыз қажет.
15. Елші Пауыл қандай кеңес берді және не себепті?
15 Біз ешқашан босаңсымауымыз қажет. Неге? Елші Пауыл “баюға бел буғандардың” “сенім жолынан адасатынын” ескерткен (Тім. 1-х. 6:9, 10). Мұндағы “адасу” деген етістік қажетсіз заттарды сатып алуға ұмтылып, алаңдауды білдіреді. Осылай етсек, “ақымақ та зиянды құмарлықтарға” жүрегімізден орын береміз. Алайда бұл құмарлықтар Шайтанның сенімімізді өлтіру үшін пайдаланатын қарулары екенін ұмытпайық.
16. Марқа 10:17—22 тармақтар не туралы ойлануға талпындыруы керек?
16 Бәлкім, көп зат сатып алуға жеткілікті ақшамыз бар шығар. Қатты қажет емес, бірақ қалап тұрған затты алу дұрыс емес дегіміз келмейді, әрине. Алайда мына сұрақтар жайлы ойланып көрейік: қандай да бір затты алуға қалтамыз көтерсе де, оны күтіп-ұстауға уақытымыз бен күшіміз жете ме? Сондай-ақ сол заттарға қатты бауыр басып қалмаймыз ба? Дүние-мүлкімізді жақсы көргендіктен, Құдайға қызмет етуге қатысты Исаның шақыруынан бас тартқан жас жігіт сияқты болып кетпейміз бе? (Марқа 10:17—22 оқыңыз). Ендеше, қарапайым тұрмыс кешіп, алтын уақытымыз бен қажыр-қайратымызды Құдайдың еркін орындауға жұмсайық!
СЕНІМ ҚАЛҚАНЫН МЫҚТАП ҰСТАҢЫЗ
17. Нені ұмытпағанымыз жөн?
17 Біз соғыста жүргенімізді және әр күні соғысқа сақадай сай тұруымыз керектігін естен шығармағанымыз абзал (Аян 12:17). Бауырластарымыз біз үшін сеніміміздің қалқанын көтеріп жүре алмайды. Сондықтан әрқайсысымыз өз “қалқанымызды” мықтап ұстауымыз керек.
18. Ежелде сарбаздар неліктен қалқандарын мықтап ұстап жүрген?
18 Ежелде сарбаз шайқаста қайтпас қайсарлық танытқанда, құрметке бөленген. Бірақ шайқастан қалқансыз қайту ұят саналатын. Рим тарихшысы Тацит былай деп жазған: “Сарбаздың соғыс алаңында қалқанын жоғалтып алғаны масқаралық болған”. Осы себепті де сарбаздар қалқандарын мықтап ұстап жүрген.
Қыз бауырлас Киелі кітапты дұға ете отырып оқу арқылы, қауым кездесулерінен қалмай, уағызға шығу арқылы сенімнің үлкен қалқанын мықтап ұстап жүр (19-абзацты қараңыз)
19. Сеніміміздің қалқанын қалай мықтап ұстай аламыз?
19 Қауым кездесулерінен қалмасақ, Ехобаның есімі мен Патшалығы жайлы өзгелерге айтсақ, сеніміміздің қалқанын мықтап ұстап жүреміз (Евр. 10:23—25). Бұған қоса, күнде Құдай Сөзін дұға ете отырып оқып, ондағы ақыл-кеңестерді өміріміздің барлық саласында қолдануымыз қажет (Тім. 2-х. 3:16, 17). Сонда Шайтанның бірде-бір қаруы бізге оңалмастай зиян тигізбейді (Ишая 54:17). Өйткені “сеніміміздің үлкен қалқаны” бізді қорғап тұрады. Сонда бауырластарымызбен бірге батыл болып, күнделікті шайқаста жеңіске жетеміз. Одан да маңыздысы, Шайтан мен оған ергендерді жеңіп шыққанда, Исаның жағында боламыз (Аян 17:14; 20:10).
118-ӘН “Сенімімізді нығайта көр”
a Сарбаздарға өздерін қорғау үшін қалқан қажет. Сенім де қалқан іспетті. Сарбаздар қалқандарын жақсы күйде сақтайтынындай, біз де сенімімізді жақсы күйде сақтауымыз керек. Бұны қалай істей алатынымыз осы мақалада сөз етіледі.
b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жолдантаюшылар теледидардан Ехоба куәгерлері жайлы жалған ақпарат таратқанда, Куәгерлер отбасы бірден теледидарды сөндіріп тастады.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Кейін отбасылық ғибадатта отағасы Киелі кітапты қолданып, отбасының сенімін нығайтты.