Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w19 мамыр 8—13 бет.
  • Зұлым дүниедегі сүйіспеншілік пен әділдік

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Зұлым дүниедегі сүйіспеншілік пен әділдік
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • СҰМДЫҚ КҮНӘ
  • ҚАУЫМДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ШАРАЛАР
  • БАЛАЛАРДЫ ЖЫНЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚТАН ҚОРҒАУ
  • Зорлық құрбандарына жұбаныш
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
  • Жыныстық зорлыққа қатысты нені білуім керек? (2-бөлім). Жан жарасынан сауығу
    Жастардың сауалдары
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
w19 мамыр 8—13 бет.

19-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Зұлым дүниедегі сүйіспеншілік пен әділдік (3-бөлім)

“Сен зұлымдықты жаратпайтын Құдайсың; Жаман адам сенің тұрағыңда қала алмайды” (ЗӘБ. 5:4).

142-ӘН Үмітіміз жалындай берсін

АҢДАТПАa

1—3. а) Зәбүр 5:4—6 тармақтарға сай, Ехоба зұлымдыққа қалай қарайды? ә) Неліктен балаға зорлық жасау Мәсіх заңына қайшы?

ЕХОБА ҚҰДАЙ зұлымдықтың барлық түрін жек көреді (Зәбүр 5:4—6 оқыңыз). Ал бала азғыру сияқты жаға ұстатар жауыздық ол үшін одан бетер жиренішті! Ехоба сияқты, мұндай арсыздықты біздің де суқанымыз сүймейді, әрі қауымда оның орын алуына еш төзбейміз (Рим. 12:9; Евр. 12:15, 16).

2 Балаға жыныстық зорлық жасау үшін жасалған кез келген әрекет Мәсіх заңына мүлдем қайшы! (Ғал. 6:2). Неге бұлай дейміз? Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Мәсіх заңы, яғни Исаның берген тәлімі, өз үлгісімен үйреткендері сүйіспеншілікке негізделген әрі әділдікке бастайды. Осы заңмен өмір сүргендіктен, шынайы мәсіхшілер балаларын махаббатқа бөлеп, қауіпсіз ортада өсіреді. Ал балаға жыныстық зорлық жасау — баланы қорғансыз, жеккөрінішті сезіндіретін өзімшіл әрі әділетсіз әрекет.

3 Өкінішке қарай, бала азғыру жаһандық кеселге айналып, мұның зардабы мәсіхшілер қауымына да тиіп отыр. “Зұлымдар мен алаяқтар” арамшөптей қаулап, кейбірі қауымға еніп алуға тырысады (Тім. 2-х. 3:13). Бұл аздай, қауымдағы кейбіреулер де нәпсілерін тыймай, балаға қиянат жасаған жағдайлар болған. Алдымен, балаға жыныстық зорлық жасаудың неліктен сұмдық күнә болып табылатынын талқылаймыз. Сосын, ақсақалдардың мұндай ауыр күнәға қандай шара қолданатынын және ата-аналар балаларын қорғау үшін не істеулері керектігін ортаға саламызb.

СҰМДЫҚ КҮНӘ

4, 5. Неліктен балаға жыныстық зорлық жасауды балаға қарсы жасалған күнә дейміз?

4 Балаға жыныстық зорлық жасау — ауыр күнә. Оның кесірі адам айтқысыз үлкен. Бұл — зорлық құрбаны үшін де, оның отбасы мен қауымдағы бауырластары үшін де ауыр қасірет.

5 Зорлық құрбанынаc қарсы күнә. Басқаға қиянат жасап, қасірет әкелу — күнә. Келесі мақалада қарастыратынымыздай, зорлықшы дәл осылай істейді: ол балаға қиянат жасап, оның өміріне балта шабады. Баланың сенімін теріс пайдаланып, оның амандығына қол сұғады. Балаларды мұндай зұлымдықтан қорғау қажет. Ал жәбірленген балаларға жұбаныш беріп, көмек көрсеткеніміз жөн (Сал. 1-х. 5:14).

6, 7. Неліктен балаға жыныстық зорлық жасауды қауымға және мемлекеттік билікке қарсы жасалған күнә дейміз?

6 Қауымға қарсы күнә. Қауымға келетіндердің біреуі балаға қиянат жасаса, бұл қауымның атына кір келтіреді (Мат. 5:16; Пет. 1-х. 2:12). “Сенім үшін аянбай күресіп” жүрген миллиондаған адал мәсіхшіге мұндай күйе жағылып жатқаны өзекті өртейді, солай емес пе?! (Яһд. 3). Біз шімірікпей арсыз әрекеттерге баратын, қауымның абыройын төгетін адамдардың арамызда жүруіне жол бермейміз!

7 Билікке қарсы күнә. “Билік басындағыларға бағыну” — мәсіхшілерге қойылатын талап (Рим. 13:1). Бұл талапқа жергілікті заңға бағыну да жатады. Қауымдағы біреу балаға зорлық жасауымен қылмыстық заңды бұзса, демек, мемлекеттік билікке қарсы күнә жасағаны (Елшілердің істері 25:8 салыстырыңыз). Заң бұзушыны жазалау ақсақалдардың құзырында емес. Әйтсе де оның мемлекет тарапынан қылмыстық жауапқа тартылуына кедергі болмайды (Рим. 13:4). Күнә жасаған “адам не ексе, соны орады” (Ғал. 6:7).

8. Біреудің өзге біреуге қарсы күнә жасағанын Ехоба қалай қабылдайды?

8 Ең сорақысы, бұл — Құдайға қарсы күнә (Зәб. 51:4). Бір адам басқа адамға қарсы күнә жасағанда, ол Ехобаға да қарсы күнә жасайды. Ехобаның Исраилге берген Заңына назар аударайықшы. Исраилдік кісі біреудің иелігіне қол сұқса не алдап кетсе, Заң оны “Ехобаға адалдық танытпады” деп тапқан (Мұс. 3-ж. 6:2—4). Сол сияқты арсыз қылыққа барған адамның баланың амандығына қол сұққаны — Ехобаға адалдық танытпағаны. Бұл қылығымен ол Ехобаның киелі есімін қорлап, аяқасты етеді. Сондықтан біз зорлықшының әрекетін Құдайға қарсы сұмдық күнә деп санаймыз.

9. Ехобаның ұйымы жылдар бойы қандай мәліметтермен қамтамасыз етіп келеді және не үшін?

9 Ехобаның ұйымы бізді жыныстық зорлық жайында Жазбаларға негізделген құнды мәліметтермен жылдар бойы қамтамасыз етіп келеді. Мысалы, жыныстық зорлық көріп, жан дүниесі тілім-тілім болған адам не істей алатыны жайында, ондай жанға басқалар қалай көмектесіп, тірек бола алатыны және ата-аналар балаларын қалай қорғау керектігі жайында “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарында жазылды. Сондай-ақ ақсақалдарға мұндай жағдайды шешуге қатысты Жазбаларға негізделген егжей-тегжейлі нұсқаулар берілді. Қауымдарда осы мәселеде қолданылатын басшылықты ұйым жылдан-жылға жаңартып отырады. Не үшін? Балаға жыныстық зорлық жасалған жағдайда барлығы Мәсіхтің заңына сай шешілу үшін.

ҚАУЫМДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ШАРАЛАР

10—12. а) Ақсақалдар біреудің ауыр күнә жасағанын білгенде, нені есте ұстаулары керек және олардың басты мақсаты қандай? ә) Жақып 5:14, 15-ке сай, ақсақалдар не істейді?

10 Ақсақалдар ауыр күнәға қатысты мәселені қарастырғанда, отарға Мәсіх заңына сай қарау керектігін есте ұстайды. Яғни сүйіспеншілік көрсетеді және Құдай дұрыс әрі әділ дейтінді іске асырады. Олар әлдекімнің ауыр күнә жасағанын білгенде, бірнеше жайтты ескереді. Ең алдымен, Құдай есімінің киелі тұтылуы үшін қам жейді (Мұс. 3-ж. 22:31, 32; Мат. 6:9). Сонымен қатар қауымдағы бауырластардың рухани күйін ойлайды және ауыр күнәнің құрбаны болғандарға жәрдем береді.

11 Ауыр күнә жасаған адам қауымның ішінен шықса, ақсақалдар ол күнәсіна өкіне ме, жоқ па, соны анықтайды. Егер өкінсе, ақсақалдар оған Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіруге көмектеседі (Жақып 5:14, 15 оқыңыз). Нәпсісін тыймай, ауыр күнәға барған мәсіхшіні рухани науқас деуге болады. Бұл оның Ехобамен қарым-қатынасына нұқсан келді деген сөзd. Ал ақсақалдар рухани дәрігерлер. Олар науқастың, яғни ауыр күнә жасаған адамның сауығуы үшін қам жасайды. Ақсақалдардың Жазбаларға негіздеп берген кеңестері оған Құдаймен арақатынасын жақсартуға көмектеседі. Бірақ бұл үшін оның шынайы өкінуі шарт (Ел. іс. 3:19; Қор. 2-х. 2:5—10).

12 Ақсақалдардың мойнына үлкен жауапкершілік жүктелген. Олар өздеріне сеніп тапсырылған Құдайдың отарын шын жүректен қамқорлайды (Пет. 1-х. 5:1—3). Бауырластар қауымда өздерін қауіпсіз сезінсе екен дейді. Сол себепті де балаға зорлық жасау іспетті ауыр күнә жасалғаны жайлы білсе, ақсақалдар бірден әрекет етеді. Бұл қандай әрекеттер? Қазір 13, 15, 17-абзацтардың басында келтірілетін сұрақтарды бірге қарастырайық.

13, 14. Ақсақалдар балаға зорлық көрсетілгені жайлы билік өкілдеріне хабарлау керек пе? Түсіндіріңіз.

13 Ақсақалдар балаға зорлық көрсетілгені жайлы билік өкілдеріне хабарлауға тиіс пе? Иә. Жергілікті заңға бағынып, олар болған жағдайды билік өкілдеріне хабарлау керек (Рим. 13:1). Мұндай заңдар Құдай заңына қайшы емес (Ел. іс. 5:28, 29). Сондықтан ақсақалдар балаға зорлық жасалғаны жайлы білгенде, бірден Бетелмен байланысып, жергілікті заңға сәйкес қалай әрекет ету керектігін сұрайды.

14 Ақсақалдар зорлық құрбанына, оның ата-анасына және жыныстық зорлық жасалғанынан хабардар адамдарға осы жайлы билік өкілдеріне арыз беруге құқықтары бар екенін айтады. Бірақ балаға зорлық жасаған адам қауымдағы біреу болып, бұл туралы көпшілікке мәлім болса ше? Сондай кезде шағымданған мәсіхші Ехобаның есіміне кір келетін болды деп, осы үшін өзін кінәлі сезіну керек пе? Әрине, олай емес. Бұл жерде Ехобаны қаралап жатқан — ол емес, балаға зорлық жасаған адам.

15, 16. а) Тімөтеге 1-хат 5:19-ға сай, сот комитетін құру үшін неге кем дегенде екі куәгер болу керек? ә) Қауымда әлдебіреу балаға зорлық жасады деп айыпталса, ақсақалдар не істеу керек?

15 Қауымда ақсақалдар сот комитетін құру үшін, неге кем дегенде екі куәгер болу керек? Өйткені Киелі кітаптың жоғары әділдік нормалары соны талап етеді. Егер біреу ауыр күнә жасады деп айыпталып, бірақ ол онысын мойындамаса, сот комитеті құрылу үшін екі куәгер керек (Мұс. 5-ж. 19:15; Мат. 18:16; Тімөтеге 1-хат 5:19 оқыңыз). Ал билік өкілдеріне балаға зорлық көрсетілгені жайлы арыздану үшін екі куәгердің болуы шарт па? Жоқ. Ақсақалдар да, басқа адамдар да билік өкілдеріне арыз бере алу үшін, жасалған қылмысты екі куәгердің растауы талап етілмейді.

16 Ақсақалдар балаға зорлық жасалғаны жайлы біліп, ол туралы билік өкілдеріне хабарлаған соң, Жазбаларға сүйене отырып, жағдайдың мән-жайын өздері анықтауға тырысады. Егер күдікті өзіне тағылған айыппен келіспесе, ақсақалдар болған жағдайды білетін куәгерлермен сөйлеседі. Сот комитетін құру үшін кем дегенде екі куәгер қажет, яғни шағымданушы адам мен осы не басқа жағдайда айыпталушының балаға зорлық жасағанына куә болған тағы бір адамe. Ал егер екінші куәгер болмаса, бұл шағымданушының тағып жатқан айыбы жалған дегенді білдірмейді. Тіпті айыпталушының кінәлі екенін дәлелдейтін екі куәгер болмаса да, сорақы іс орын алған болуы мүмкін. Ақсақалдар мұны да ескереді. Олар жәбір көргендерге тиісті көмек көрсетуді тоқтатпайды. Сондай-ақ қауымды қорғау үшін, күдікті адамды бақылауға алады (Ел. іс. 20:28).

17, 18. Сот комитетінің қызметі жайлы айтып беріңіз.

17 Сот комитетінің атқаратын қызметі қандай? “Сот” деген сөз ақсақалдар соттаушы не заң бұзған адамды жазалаушы дегенді білдірмейді. Олар қылмыстық істерге араласпайды, әрі мұндай істерді мемлекеттік биліктің құзырына қалдырады (Рим. 13:2—4; Тит. 3:1). Ақсақалдар күнә жасаған адамның қауымда қалатын-қалмайтынын қарастырады.

18 Сот комитетінде қызмет ететін ақсақалдардың міндеті — жағдайды рухани немесе діни тұрғыдан қарастыру. Олар Жазбаларды қолданып, күнә жасаған адамның өкінетін-өкінбейтінін анықтайды. Егер ол еш өкінбесе, қауымнан шығарылады, әрі бұл жайлы хабарландыру айтылады (Қор. 1-х. 5:11—13). Егер ол өкінсе, қауымда қала алады. Алайда ақсақалдар оған бұдан былай қауымда ешқандай жауапкершілік ала алмайтынын айтады. Сондай-ақ олар балаларды қорғау үшін, ата-аналармен жеке-жеке сөйлеседі. Балалары әлгі адамның маңында жүргенде әсіресе мұқият болуды ескертеді. Бірақ бір айта кетері, ақсақалдар жәбір көргендер жайлы мәліметті құпия сақтайды.

БАЛАЛАРДЫ ЖЫНЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚТАН ҚОРҒАУ

Ата-ана балаларымен Ұлы Ұстаздан үйренейік кітабын зерттеп жатыр

Әкесі мен анасы балаларын жыныстық зорлықтан қорғау үшін оларға жыныстық тәрбие беріп жатыр. Бұл үшін олар Ехобаның ұйымы беріп жатқан мәліметті қолдануда (19—22 абзацтарды қараңыз)

19—22. Ата-аналар балаларын қорғау үшін не істеулері керек? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

19 Балаларды қиянаттан қорғау бірінші кезекте кімнің жауапкершілігі? Әрине, ата-аналардыңf. Қымбатты ата-ана, балалар — Ехобаның сіздерге берген мұрасы, бағалы сыйы (Зәб. 127:3). Оларды қорғау — сіздердің Ехобаның алдындағы жауапкершіліктеріңіз. Қазіргі зұлым дүниеде балаларыңызды жыныстық зорлықтан қорғау үшін не істей аласыздар?

20 Біріншіден, жыныстық зорлық туралы көбірек ізденіс жасаңыз. Балаларға жыныстық зорлық жасайтын адамдар қандай болатынын, олардың балаларды алдау үшін қандай айла-амалдар қолданатынын біліп алыңыз. Қауіпті жағдайларды көре біліңіз (Нақ. с. 22:3; 24:3). Қаперіңізде болсын, көп жағдайда зорлықшылар бала жақсы танитын, сенім артатын адам болып жатады.

21 Екіншіден, балаңызбен ашық әңгімелесіңіз (Мұс. 5-ж. 6:6, 7). Бұған баланы мұқият тыңдау да кіреді (Жақ. 1:19). Балалар жәбір көргенде, бұл туралы айтудан тартынады. Себебі олар ешкім айтқаныма сенбейді деп ойлауы мүмкін. Я болмаса зорлықшы ешкімге айтпа деп қорқытып тастағандықтан, бала үндемеуі мүмкін. Бір жамандықты сезсеңіз, балаңызға жұмсақтықпен сұрақтар қойып, оны шыдаммен тыңдаңыз.

22 Үшіншіден, балаңызға жыныстық тәрбие беріңіз. Бұл үшін баланың жасы мен түсіну қабілетін ескеріңіз. Әлдебіреу ерсі жолмен денесін ұстаса, балаңызға не айту, не істеу керектігін үйретіңіз. Баланы қорғауға қатысты Ехобаның ұйымы беріп жатқан мәліметтерді қолданыңыз (“Өзіңіз де, балаларыңыз да біле жүрсін” деген қоршауды қараңыз).

Ата-аналар өздерін және балаларын үйрету үшін қолдана алатын әдебиеттер мен видеолар

Өзіңіз де, балаларыңыз да біле жүрсін

Ата-аналарға

  • “Балаңызға қауіп төніп тұр!”, “Балаларымызды қалай қорғай аламыз?” және “Үйіңізде зорлыққа жол бермеңіз” деген мақалалар (орыс тіліндегі “Ояныңдар!” журналы, 1993 жыл, 8 желтоқсан)

  • “Ата-аналар, балаларыңызға қауіп төніп тұр”, “Балаларды қорғау” және “Үйіңіз қауіпсіз пана болсын” деген мақалалар (орыс тіліндегі “Ояныңдар!” журналы, 2007 жыл, қазан)

  • “Жақсы әке болу үшін не қажет?” (“Күзет мұнарасы” журналы, 2009 жыл, 1 қаңтар)

  • “Балаңызға жыныстық қатынас туралы ашық айтыңыз” (орыс тіліндегі “Күзет мұнарасы” журналы, 2010 жыл, 1 қараша)

  • “Біз балаларымызды қорғаймыз” деген видео (JW Broadcasting® арнасы, орыс тілінде)

  • “Ехоба куәгерлері ата-аналар мен балаларға жыныстық зорлықтан қорғанудың жолдарын үйретеді” деген мақала (орыс тіліндегі jw.org® сайтынан БІЗ ЖӨНІНДЕ/ІС-ШАРАЛАР/ҚОҒАМНЫҢ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ деген жерді қараңыз)

  • “Ата-аналар балаларына жыныстық қатынас жайлы қалай айтса болады?” (орыс тіліндегі jw.org сайтынан КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ/КИЕЛІ КІТАП. СҰРАҚТАР МЕН ЖАУАПТАР деген жерді қараңыз)

  • “Ұлы Ұстаздан үйренейік” кітабының 10 және 32-тараулары

  • “Балаларды қорғаңдар” видеосы (jw.org сайтынан КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ/БАЛАЛАР/ЕХОБАНЫҢ ДОСЫ БОЛ деген жерді қараңыз)

Жасөспірімдерге

  • “Нәпсілік қол сұғу” видеосы (jw.org сайтынан КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ/ЖАСТАР/ҚҰРДАСТАРЫҢ НЕ ДЕЙДІ? деген жерді қараңыз)

  • “Жыныстық зорлықтан қалай қорғана аламын?” (орыс тіліндегі “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” кітабы, 1-том, 32-тарау)

  • “Жыныстық зорлық (1-бөлім). Қорғану шаралары” деген мақала (jw.org сайтынан КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ/ЖАСТАР/ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ деген жерді қараңыз)

  • “Жыныстық қорлық туралы нені білгенім жөн?” (“Жастарды қызықтыратын 10 сұрақ” кітапшасы, 8-сұрақ)

Зорлық құрбандарына

  • “Зорлық құрбандарына көмек” деген мақала (ағылшын тіліндегі “Күзет мұнарасы” журналы, 1983 жыл, 1 қазан)

  • “Жыныстық зорлықтан жапа шеккен бейкүнә балалар”, “Бала кезінде зорлықтан жапа шеккендердің жасырын жаралары” деген мақалалар (орыс тіліндегі “Ояныңдар!” журналы, 1991 жыл, 8 қараша)

  • “Жыныстық зорлыққа қатысты нені білуім керек? (2-бөлім). Жан жарасынан сауығу” деген мақала (jw.org сайтынан КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ/ЖАСТАР/ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ деген жерді қараңыз)

  • “Зорлық құрбандарына жұбаныш” деген мақала (“Күзет мұнарасы” журналы, 2019 жыл, 20-зерттеу мақаласы)

23. Балаға жасалатын жыныстық зорлыққа қатысты көзқарасымыз қандай? Келесі мақала не жайлы?

23 Ехобаның қызметшілері балаларға жыныстық зорлық жасауды ауыр күнә әрі жауыздықпен жасалатын қылмыс деп санайды. Мәсіх заңына бағынғандықтан, біз мұндай қылмысқа баратын адамды еш қорғамаймыз, ол өз ісі үшін өзі жауап береді. Ал зорлық құрбандары жөнінде не деуге болады? Оларға қандай көмек бере аламыз? Келесі мақала осы жайлы болмақ.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Неліктен балаға жыныстық зорлық көрсету сұмдық күнә болып саналады?

  • Ауыр күнәні қарастырғанда, ақсақалдар қандай жайттарды ескереді?

  • Ата-аналар балаларын жыныстық зорлықтан қалай қорғай алады?

103-ӘН Бағушылар — Құдайдың сыйы

a Бұл мақала балаларды жыныстық зорлық жасаушылардан қалай қорғай алатынымыз жайында. Сонымен қатар ақсақалдар қауымның, ал ата-аналар балаларының амандығы үшін қандай шаралар қолдану керектігін де білеміз.

b СӨЗ МӘНІ: Балаға жыныстық зорлық жасау деп ересек адамның баланы пайдаланып, жыныстық құштарлығын қанағаттандыруын айтады. Бұған баламен жыныстық қатынасқа түсу, оральды не анальды жыныстық қатынас жасау, баланың жыныс мүшесін, кеудесін не құйрығын сипалау сияқты әртүрлі анайы істер жатады. Зорлық құрбандары көбіне қыз балалар. Бірақ ұл балалар да жәбір көріп жатады. Зорлықшылардың көбісі ер адамдар болғанмен, олардың арасында әйел адамдар да бар.

c СӨЗ МӘНІ: Осы және келесі мақаладағы “зорлық құрбаны” деген жыныстық зорлық жасалған балаға нұсқайды. Бұл тіркес баланың арампиғылды зорлықшының тарапынан қиянат көргенін, баланың дәрменсіздігін және еш кінәсіз екенін көрсету үшін қолданылды.

d Мәсіхшінің рухани науқас болғаны оның ауыр күнәсін ақтауға еш себеп бола алмайды. Күнә жасаған адам өзінің шешімдері мен әрекеттері үшін толықтай жауапты және ол Ехобаның алдында есеп береді (Рим. 14:12).

e Айыпталушымен сөйлескенде ақсақалдар жәбір көрген баланың қатысуын талап етпейді. Онсыз да жан дүниесі астан-кестен болып жатқан балаға бұл ауыр тиюі мүмкін. Болған жағдайға қатысты баланың айтқандарын ата-анасы немесе бала сенім артатын басқа бір ересек адам айтып бере алады.

f Бұл жауапкершілік баланың заң жүзіндегі қамқоршыларына, баланы бағып-қағып отырған адамдарға да қатысты.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу