ӨМІРБАЯН
Біз “аса құнды меруертті” таптық
УИНСТОН мен Памела (Пэм) бауырластар Австралазиядағы филиалда қызмет етеді. Бұл жұп қиындығы мен қызығы қатар өрілген өмірлерінде талай белестен өтті. Мысалы, өзге мәдениетке сіңісіп кетудің қиындықтарын, бұған қоса әлі туылмаған іштегі нәрестеден айырылудың қандай ащы болатынын көрді. Бұл сынақтардың ешбірі Уинстон мен Пэмнің Ехобаға және оның халқына деген сүйіспеншіліктерін суыта алмады. Олар қызметтерін қуанышпен атқарды. Бұл жайында қазір өз ауыздарынан естиміз.
Уинстон бауырлас, Құдайды іздегеніңіз жайында тарқатып айтып беріңізші.
Балалық шағым Австралияның Квинсленд штатындағы фермада өтті. Үйдегілер дінге аса жақын емес еді. Жұртшылықтан шалғайда, оқшау тұрғандықтан, өз отбасымнан бөтен кісілерді көрмей өстім десем де болады. Құдайды шамамен 12 жасымнан бастап іздедім. Оған сиынып, өзі туралы шындықты ашуын тіледім. Кейін фермадан кетіп, Оңтүстік Австралиядағы Аделаида қаласында жұмыс істедім. Бірде Сиднейде демалып жүргенімде, Пэмді кездестірдім. Ол кезде жасым 21-де еді. Пэм маған Англо-Израелизм діни ағымы туралы айтып берді. Бұл дінді ұстанатындар Британ халқы ежелгі Исраил халқының жат жерге тарап кеткен руларынан шыққан, яғни б. з. б. VIII ғасырда құлдыққа айдалған он рулы Солтүстік Исраил патшалығынан қалған ұрпақ деп есептейді екен. Аделаидаға оралған соң, мен осы жайында бір әріптесіммен сөйлестім. Ол Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттейтін. Небәрі бірнеше сағаттың ішінде Ехоба куәгерлерінің ілімдері жайында әңгімелесе келе, сонау бала кезімде айтқан дұғама жауап алғанымды түсіндім. Осылай Жаратушым мен оның Патшалығы туралы шындықты біліп, “аса құнды меруертті” таптым! (Мат. 13:45, 46).
Пэм бауырлас, аса құнды меруертті сіз де жастайыңыздан іздей бастапсыз. Ендеше, сөз тізгіні өзіңізде.
Мен Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы Кофс-Харбор деген қалада туып-өстім. Жанұямызбен діншіл адамдар едік. Әке-шешем мен ата-әжем Англо-Израелизм ілімдеріне сенетін. Әпкем, інім және бөлелерім — бәріміз де британдықтардан тараған адамдар Құдай таңдаған халық деп өстік. Бірақ мен бұнымен іштей келісе алмай, Құдай жайлы білімге сол күйі сусап жүрдім. 14 жасымда әртүрлі шіркеуге — Англикан, Баптистер мен Жетінші күн адвентистерінің шіркеуіне — бардым. Бірақ олардың ешқайсысы сусаған жаныма нәр бере алмады.
Кейінірек біз Сиднейге көшіп келдік. Сол жерде Уинстонмен таныстым. Ол Сиднейге демалуға келген екен. Өзі айтқандай, екеуіміздің діни тақырыптағы әңгімеміз оның Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуіне ұласты. Осыдан кейін оның маған жазатын хаттары Жазбаларға толып келетін болды. Шынымды айтсам, алғашында бұған мазаландым, тіпті наразы болдым. Бірақ уақыт өте мұның шындық екенін түсіне бастадым.
1962 жылы Аделаидаға, Уинстон тұрып жатқан қалаға көшіп бардым. Ол мені бір ерлі-зайыптының үйіне қоныстандырды. Олар Папуа — Жаңа Гвинеяда миссионер болып қызмет еткен Томас пен Джанис Сломендер еді. Ол кезде 18-ге толар-толмас уылжыған жас қыз едім. Сломендер отбасы маған ерекше қайырыммен қарап, Ехобаға жақындай түсуіме көп көмектесті. Содан, Құдай Сөзін зерттеп-зерделей келе шындықты тапқаныма көзім жетті. Кейін Уинстон екеуміз отау құрып, некелік өмірімізді Ехобаға қызмет етуден бастадық. Сөйтіп, бақыт пен батасы мол өмір жолына аяқ бастық. Бұл жолда қиыншылықтар болмады емес, болды. Әйтсе де Уинстон екеуміз тапқан асыл меруерттің құны өспесе, еш азайған жоқ.
Уинстон бауырлас, Ехобаға қызмет еткен алғашқы жылдарыңыз жайлы айтып берсеңіз.
1. Аудандық қызметте аралаған жерлеріміз
2. Біз аралаған кейбір аралдардың пошта маркалары. Кирибати және Тувалу аралдары бұрын Гилберт және Эллис аралдары деп аталған
3. Тувалу еліндегі Фунафути маржан аралы. Миссионерлер тағайындалмай тұрып біз көптеген аралға бардық. Фунафути — солардың бірі
Пэмге үйленген соң, көп ұзамай Ехоба бізге қызметтің үлкен есіктерін аша бастады (Қор. 1-х. 16:9 сілт.). Мұндай есіктердің алғашқысы Джек Портер бауырлас арқылы ашылды. Ол біздің кішігірім қауымымызға аудандық бақылаушы ретінде келіп тұратын. Қазір ол — Австралазиядағы филиал комитетінің мүшесі. Джек пен жұбайы Розлин бауырластар бізге тұрақты ізашарлық қызметті бастауға серпін берді. Содан Пэм екеуміз бұл қызметті бес жыл бойы қуана атқардық. 29 жасқа келгенімде, біз Оңтүстік Тынық мұхит аралдарына аудандық қызметке тағайындалдық. Олар Самоа, Америка Самоасы, Кирибати, Науру, Ниуэ, Токелау, Тонга, Тувалу, Вануату аралдары еді. Бұлар кейін Фиджидегі филиалға қарайтын болды.
Қиырдағы кей аралдардың адамдары Ехоба куәгерлеріне күдікпен қарайтын. Сондықтан бізге сақ жүру керек болды (Мат. 10:16). Ондағы қауымдар шағын, бауырластар аз болғандықтан, түнейтін жер табу қиын еді. Содан не керек, ауыл ішін аралап, үйді жергілікті тұрғындардың ішінен табатынбыз. Олардың біз үшін есіктері де, көңілдері де ашық еді.
Сіздің аударма ісінің жанашыры екеніңізді білеміз. Жалпы, бұл іске деген әуестігіңіз қалай пайда болды?
Самоада ақсақалдарға арналған мектепті жүргізуім
Тонга тілін алатын болсақ, бұл тілде тек бірнеше ғана трактат пен буклеттер болды. Тонгалық бауырластар зерттеу сабақтарында ағылшын тіліндегі “Мәңгілік өмірге алып баратын шындық” кітабын қолданатын. Бірде ақсақалдарға арналған төрт апталық мектеп өтті. Жергілікті үш ақсақал осы кітапты тонга тіліне аударып беруге келісті. Олар мектепте оқып жүргендеріне, ағылшынша азын-аулақ білгендеріне қарамастан, осы іске білек түре кірісіп кетті. Қолмен жазылған мәтінді Пэм жазу машинасымен теріп шығып, оны Құрама Штаттардағы баспаханаға жөнелттік. Бұл жобаға бас-аяғы 8 апта жұмсадық. Аудармамыз анау айтқандай керемет болмаса да, соның арқасында тонга тілінде сөйлейтін көп адам шындықтың жарығына келді. Бұған дейін Пэм екеуміздің аудармадан хабарымыз жоқ еді. Бірақ осы шара бізді аудармашылықтың қызығына батырып жіберді.
Пэм бауырлас, аралдағы өмір мен Австралиядағы өмірдің айырмашылығы қандай екен?
Аудандық қызметте болғанда тұрақтаған жеріміздің бірі
Жер мен көктей десе де болады! Құжынаған масаны, егеуқұйрықтарды да көрдік. Шіліңгір ыстық пен өте ылғалды ауа райын да көрдік. Ауру-сырқауымыз бен ашқұрсақ жүрген кездеріміз тағы бар. Бірақ әр күннің соңында фаледен теңізге көз тастағанда бір рақаттанып қалатынбыз! “Фале” деп самоалықтар төбесі сабанмен жабылған, жан-жағы ашық үйді айтады. Ай жарық болған түндері кокос ағаштары анық көрінетін. Айдың сәулесі теңіз бетінде дірілдеп жатқан осындай көріністерді көргенде, жағымды ойларға еріксіз шомып, Ехобаға дұға ететінбіз.
Біз әсіресе балаларға қатты бауыр басып кеттік. Олар бізді, ақ нәсілді адамдарды, қызық көретін. Бірде Ниуэ аралында жүргенімізде, бір бала Уинстонның түк басқан қолын ұстап көріп: “Қауырсындарыңыз күшті ғой!”— дегені бар ма?! Ол осындай түкті қолды өмірінде бірінші рет көріп тұрғандықтан, мұны қалай айтарын білмегенге ұқсайды.
Адамдардың тұрмыс жағдайы қаншалықты нашар екенін көргенде, жүрегіміз сыздап кететін. Олар көз тартар табиғат аясында өмір сүргенмен, ауызсулары тапшы болатын, медициналық қызмет те дұрыс көрсетілмейтін. Бірақ бауырластар үшін бұл үйреншікті жайт болғандықтан, мұңайып жүргендерін көрмейтінбіз. Бала-шағалары көз алдында, ғибадат ететін орындары бар, Ехобаны мадақтай алады. Осының бәріне олар дән риза еді. Оларға қарап біз де қарапайым өмір кешіп, маңызды істерді назардан тайдырмадық.
Сізге мүлдем өзгеше жағдайларда тамақ істеуге, тіпті құдықтан су тартуға тура келіпті. Сол туралы көбірек білгіміз келген еді.
Пэм кір жуып отыр (Тонга елі)
Жалпы, от жағып, тамақ пісіруді әкемнен үйренгенмін. Ол маған жоқтан бар жасауды үйретті десем де болады. Осы үшін әкеме ризашылығым шексіз. Бірде Кирибатиде болғанда, төбесі сабанмен жабылған шағын үйде тұрдық. Оның еденіне жалпақ коралл тастар төселген еді. Ал қабырғалары бамбук ағаштарынан тұрғызылған болатын. Тамақ пісіру үшін жер қазып, ошақ жасап, кокос қабықтарынан от жағатынмын. Су алу үшін құдық басына барып, жергілікті әйелдермен бірге кезекке тұратынмын. Олар ұзындығы 2 метрдей таяқпен су тартып шығаратын. Мен оны қармаққа ұқсаттым. Бірақ таяқтың басындағы жіпке ілгек емес, шелек байланатын. Кезегі келгенде, әр әйел таяғын сілкіп қалып, шелегін суға толтырып алатын. Сырттан бақылағанымда бәрі оңай сияқты көрінді. Бірақ кезегім келгенде таяғымды қанша сермесем де, шелегім суға батпай, қалқып тұра берді. Бәрі бір күліп басылғаннан кейін, бір әйел көмектесіп жіберді. Жергілікті әйелдер қашанда көмек көрсетуге дайын, ақпейіл еді.
Екеуіңіз де аралдардағы қызметті жақсы көріп кеттіңіздер. Естен кетпес оқиғаларыңыз болса, айта отырсаңыздар.
Уинстон бауырлас: Мұндай оқиғалар жергілікті мәдениетті түсінбеген кездері болды. Мысалы, бауырластар тамаққа шақырғанда, дастарқанға сол күнгі ас-ауқаттың бәрін қояды екен. Оларға да қалдыру керектігі ойымызға кіріп те шықпапты, алдымызға қойылғанның бәрін жей беріппіз. Мән-жайды түсінгеннен кейін бұлай етуді қойдық. Көп нәрсені білмей қателессек те, бауырластар бізді түсінетін. Алты ай сайын қауымдарға барғанда, олар бізді құшақ жая қарсы алатын. Жергілікті бауырластар бізден басқа сырттан келген Куәгерлерді көрмеген еді.
Ниуэ аралында бір топ бауырласты уағызға бастап баруым
Қауымдарды аралаған кезде сол ауылдардың адамдарына жақсы куәлік беретінбіз. Олардың көбісі жергілікті бауырластардың шағын тобына қарап, Ехоба куәгерлерін дүниежүзілік ұйым деп ойламаған екен. Бірақ бізді, теңіз асып келген шетелдіктерді көрген кезде жұрт таңырқап қалатын.
Пэм бауырлас: Кирибатиде болған бір оқиға жадымнан кетер емес. Ол жақтағы бауырластар саусақпен санарлықтай еді. Олардың Синикай Матера деген жар дегенде жалғыз ақсақалдары болатын. Ол үнемі біздің қамымызды ойлап жүретін. Ол бір күні келіп: “Мынау сендерге”,— деп қолымызға бір себет ұстатты. Ішінде бір түйір жұмыртқа бар екен. Бұл кішкене ғана зат болса да, дарқан көңілмен берілгендіктен, жүрегіміз тебіреніп кетті. Сол уақыттары жұмыртқа дегенді сирек жейтін едік.
Пэм бауырлас, ішіңіздегі бала шетінеп кеткен жағдай болған екен. Бұл қиындықтан қалай өттіңіз?
1973 жылы Оңтүстік Тынық мұхит аралдарында жүргенде бала көтердім. Біз Австралияға оралдық, бірақ төрт айдан кейін балам шетінеп кетті. Уинстон екеуіміздің көкірегіміз қарс айырылды. Уақыт өте жүрегімнің сыздағаны басыла бастады. 2009 жылдың 15 сәуіріндегі “Күзет мұнарасында” бір мақала жарық көрді. “Оқырман сауалдары” айдарында “Егер әйел түсік тастаса не баласы өлі туылса, оның қайта тірілетініне үміт бар ма?” деген сұрақ көтеріліпті. Бұл мақала мені көкірегіме толған шерден арылтқандай болды. Әрі осы мәселеде де Ехоба дұрыс әрекет ететініне иландырды. Ол бізді осы зұлым дүниеде көрген бар азаптан арылтады, әрі Ұлы Иса арқылы “Ібілістің істерін талқандайды” (Жох. 1-х. 3:8). Осы мақаладан кейін Ехобаның халқы ретінде ие болған “меруертімізді” одан бетер бағалай түстік. Патшалыққа деген үмітіміз болмаса, не істер едік?!
Осы жағдайдан кейін біз толық уақытты қызметке қайта кірістік. Бірнеше ай Австралия филиалында қызмет еттік. Содан кейін аудандық қызметке оралдық. Жаңа Оңтүстік Уэльс штаты мен Сиднейде төрт жыл қызмет еткен соң, 1981 жылы филиалға қайта шақырылдық. Біз әлі күнге дейін осындамыз.
Уинстон бауырлас, Оңтүстік Тынық мұхит аралдарында жинаған тәжірибеңіз Австралазия филиалында комитет мүшесі болып қызмет етуде кәдеге жарады ма?
Әрине, жарады. Бастапқыда Австралия филиалының қарамағында Самоа мен Америка Самоасы болды. Австралия филиалы кейін Жаңа Зеландия филиалымен бірігіп, Австралазия филиалы болды. Қазір бұл филиалдың қарамағына Австралия, Самоа, Америка Самоасы, Кук аралдары, Жаңа Зеландия, Ниуэ, Тимор-Лесте, Токелау және Тонга кіреді. Мен осы аталған елдердің көбіне филиал өкілі ретінде бара алғаныма қуанамын. Аралдардағы адал бауырластармен қызмет ете жүріп жинаған тәжірибемнің пайдасы зор болды. Қазір Бетелде де олар үшін қызмет етемін.
Уинстон мен Пэм Австралазия филиалында
Сөз соңында айтарым, бір нәрсеге көзіміз жетті: Құдайды тек үлкен кісілер ғана іздемейді екен. Бұған өз өміріміз дәлел. “Аса құнды меруертті” жастар да тапқылары келеді, тіпті жақындары қолдамаса да (Пат. 2-ж. 5:2, 3; Шеж. 2-ж. 34:1—3). Сүйіспеншілігі мол Ехоба Құдай үлкендерге де, жастарға да — барлық адамға шынайы өмір сыйлағысы келеді.
50 жылдан аса уақыт бұрын Пэм екеуіміз Құдайды іздей бастаған едік. Бұл саяхатымыз қайда жетелеп апаратынын кім білген? Расында да, Патшалық жайлы шындық — құны өлшеусіз меруерт! Бар күшімізбен осы меруертті қолымызда мықтап ұстап қалғымыз келеді.