НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ПЕРІШТЕЛЕР. ОЛАР ТУРАЛЫ БІЛУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
Періштелер өмірімізге ықпал ете ала ма?
Кюрасао аралында тұратын Кеннет пен Филомена деген ерлі-зайыпты бір жексенбіде, түстен кейінгі уақытта Киелі кітапты зерттеп жүрген бір отбасына барады.
“Келсек, есік жабық, көліктері де көрінбеді,— дейді Кеннет.— Бірақ бір нәрсе түрткі болып, әйеліне телефон шалдық”.
Әйел тұтқаны алып, күйеуінің жұмыста екенін айтады. Бірақ олардың есік алдына келіп тұрғандарын ұққан бойда есікті ашып, екеуін үйге кіргізеді.
Әйелдің түрінен жылағаны байқалып тұрды. Кеннет Киелі кітап зерттеу сабағының алдында дұға ете бастағанда, әлгі әйел қайтадан жылап жіберді.
Кеннет пен Филомена жаймен мән-жайды сұрастырып еді, әйелдің сол күні түстен кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны анықталды. Кеннет телефон шалғанда, ол күйеуіне осы сұмдық шешімі жайында хат жазып жатқан екен. Ол жан күйзелісінен қиналып жүргенін айтып мұңын шақты. Кеннет пен Филомена Киелі кітаптан біраз ойларды келтіріп, оны жұбатуға тырысты. Осы жұбаныштың арқасында бұл әйел тура мағынада аман қалды!
Кеннет болған жағдай турасында былай дейді: “Осы бейбақ әйелге көмектесе алғанымыз үшін және бізге періштесі немесе киелі рухы арқылы қозғау салып, оған телефон шалдырғаны үшін Ехобаға мың да бір ризамыз!”a
Кеннет пен Филоменаның осы жағдайда Құдай өзінің періштесі немесе әрекет етуші күші киелі рух арқылы оларға түрткі салды деп сенгені дұрыс па? Әлде Кеннеттің шалған қоңырауы керемет кездейсоқтық па?
Бұған нақты жауап беру қиын. Бірақ Құдайдың адамдарға рухани көмек көрсету үшін періштелерді қолданатыны рас. Мысалы, Киелі жазбаларда Құдайдың Філіп деген қызметшісіне періштесін жібергені жайлы бір оқиға бар. Філіп періштенің нұсқауымен Құдайды іздеген бір лауазымды эфиопиялық кісіге келіп, қажетті көмек көрсеткен (Елшілердің істері 8:26—31).
Түрлі діндер періштелерді Құдайдың әмірін орындайтын немесе адамдарды қорғап жүретін рухани жаратылыстар деп біледі. Көптеген адам олардың барына ғана емес, өмірлеріне айтарлықтай ықпал ететініне де сенеді. Алайда періштелер жайында мүлдем аз білетін адамдар да кездеседі.
Періштелер қайдан пайда болған? Киелі жазбаларда олар туралы не жазылған? Олар жайлы шындық қандай? Періштелер өміріңізге әсер ете ала ма? Қазір бұл жайында біраз деректерге тоқталайық.
a Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі (Зәбүр 83:18).