Олар дайындық рухын танытты. Ресей
РЕСЕЙДЕ ұзақ уақыт бойы Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынған еді. Сондықтан 1991 жылы ресми тіркеуден өткенде, елдегі Куәгерлердің қуанышында шек болмады. Ол уақытта Куәгерлер саны он есе өсіп, 170 000-ға жетеді деп ешкім ойлаған да жоқ еді! Ресей танабындағы орақ ісінде аянбай тер төгіп жүрген жариялаушылардың арасында өзге елден көшіп келгендер де бар (Мат. 9:37, 38). Солардың кейбірімен танысып көрейік.
ҚАУЫМДАРДЫ НЫҒАЙТУҒА КЕЛГЕН ЕР БАУЫРЛАСТАР
Ресейдегі Куәгерлер діни бостандық алған жылы Ұлыбританияда тұратын Мэтью 28 жаста еді. Сол жылы өткен конгрестегі бір баяндамада Шығыс Еуропадағы қауымдарға көмек қажет екені айтылады. Баяндамашы мысал ретінде Санкт-Петербург қаласындағы бір қауымда жалғыз қызмет көмекшісі бар екенін, ал ақсақал мүлдем жоқ екенін айтады. Соған қарамастан қауымдағы жариялаушылар жүздеген адаммен Киелі кітапты зерттейді екен! Мэтью: “Сол баяндамадан кейін, ойымнан Ресей кетпеді. Ехобаға сол елге көшіп барғым келетіні туралы дұға еттім”,— дейді. Содан ол біраз ақша жинайды, мүлкінің басым көпшілігін сатады, сөйтіп, 1992 жылы Ресейге көшеді. Бұдан кейін не болды?
Мэтью
Мэтью былай дейді: “Тіл үйрену оңай болған жоқ, рухани тақырыптарға еркін сөйлесе алмадым”. Қиындық тудырған тағы бір жайт — пәтер мәселесі. Бұған қатысты Мэтью: “Қысқа уақыт аралығында қанша пәтер ауыстырғанымның санына жетіп болмайсың”,— дейді. Бастапқыдағы осындай қиындықтарға қарамастан: “Ресейге көшіп келу — менің ең жақсы шешімім”,— дейді ол. Сосын былай деп түсіндірді: “Осында қызмет еткенімнің арқасында Ехобаға көбірек арқа сүйеуді үйрендім, сондай-ақ көп жағдайда оның басшылығын сезіндім”. Кейінірек ол ақсақал және арнайы ізашар болып тағайындалады. Ал қазір Мэтью Санкт-Петербург қаласының маңында орналасқан Бетелде қызмет етеді.
Жапонияда тұратын Хиро 1999 жылы 25 жасында Қызметті жетілдіру мектебін бітіреді. Оқытушылардың бірі оны шет елде қызмет етуге талпындырады. Хиро Ресейде үлкен қажеттілік бар екенін естиді, содан орыс тілін үйрене бастайды. Мұнымен шектелмей, келесідей қадам жасайды. Хиро былай дейді: “Мен алты айға Ресейге бардым. Сол жақтың қысы қатты болатындықтан, суыққа шыдай аламын ба, жоқ па — көз жеткізу үшін мен қараша айында келдім”. Қыстап шыққаннан кейін, Хиро Жапонияға қайтады. Өз елінде ол Ресейге қайта оралуға жеткілікті қаражат жинау үшін өте қарапайым тұрмыс кешеді. Бұл жолы ол Ресейде біржола қалмақ еді.
Хиро мен Светлана
Хиро 12 жылдан бері Ресейде тұрады, әрі бірнеше қауымда қызмет еткен. Қауымдағы жалғыз ақсақал болғандықтан оның 100 жариялаушының қамын жасаған кездері болған. Ал өзге бір қауымда ол апта сайын қызмет кездесуіндегі тапсырмалардың көбісін, теократиялық қызмет мектебін, “Күзет мұнарасын” зерттеу, сондай-ақ бес кітап зерттеу кездесуін өткізетін. Хиро көптеген бақташылық сапар да жасайтын. Сол жылдарды есіне алып, ол: “Бауырластардың рухани нығаюына көмектесу мені зор қуанышқа бөлейтін”,— дейді. Қажеттілік бар жерде қызмет еткені оған қалай әсер етті? Хиро былай дейді: “Ресейге дейін мен ақсақал әрі ізашар болып қызмет еттім. Ал осында келгенде, Ехобамен мүлдем жаңаша қарым-қатынас құра бастағандай болдым. Мен өмірімнің барлық саласында Ехобаға көбірек арқа сүйеуді үйрендім”. 2005 жылы Хиро Светлана деген бауырласқа үйленіп, екеуі ізашарлық қызметтерін жалғастыруда.
Майкл мен Ольга, Марина мен Мэтью
34 жасар Мэтью мен оның 28 жастағы бауыры Майкл Канададан келген. Ресейге келгенде, олар қауымда қызығушылардың қаншалықты көп екенін, бірақ кездесулерді өткізетін ер бауырластардың өте аз екенін көріп қайран қалады. Мэтью былай дейді: “Мен қатысқан қауымда 200 адам болды. Ал жиналыстардың бәрін бір егде тартқан ақсақал мен бір жас қызмет көмекшісі өткізетін. Бұны көргенде, көшіп келіп, соларға көмектескім келді”. Ол Ресейге 2002 жылы көшіп келді.
Ал төрт жылдан кейін Майкл да көшіп келді. Келе сала оның байқағаны — әлі де ер бауырластар жетіспейді екен. Қызмет көмекшісі болғандықтан оған қауым қаржысын, әдебиетті және учаскелерді қадағалау тапсырылды. Бауырластар одан мына істерді атқаруды да өтінді: қауым хатшысының ісі, баяндама айту, конгрестер мен Патшалық сарайларының құрылысын ұйымдастыру. Бүгінде қауымдарға әлі де көмек қажет. Сонша істі атқару біраз тер төгуді талап етеді. Сөйтсе де қазір ақсақал болып қызмет ететін Майкл: “Бауырластарға көмектесу зор қанағатқа бөлейді. Бұл — ең керемет өмір жолы!”— дейді.
Уақыт өте келе Мэтью Марина деген, ал Майкл Ольга деген бауырласқа үйленді. Ресейдегі қауымдар әлі де өсіп жатыр. Сондықтан олар көмекке дайын басқа да көптеген бауырластармен бірге сол жақтағы қызметтерін жалғастыруда.
ОРАҚ ІСІНЕ КӨМЕККЕ КЕЛГЕН ӘЙЕЛ БАУЫРЛАСТАР
Тетяна
1994 жылы, Украинада тұратын Тетяна 16 жаста болғанда, оның қауымында Чех Республикасынан, Польша мен Словакиядан келген алты арнайы ізашар қызмет ете бастайды. Тетяна оларды: “Сол жалынды ізашарлар адамды өздеріне баурап алатын әрі мейірімді еді. Олар Киелі кітапты жақсы білетін”,— деп жылы сөздермен есіне алады. Жанқиярлық рухтары үшін Ехобаның оларға батасын беріп жатқанын көрген ол “мен де солар сияқты болғым келеді” деп ойлайды.
Сол ізашарлардың үлгісіне еліктеп, Тетяна мектептегі демалыстарында бауырластармен бірге Украина мен Белоруссияның шалғай жерлеріне, Куәгерлердің аяғы баспаған жерлерге барады. Осындай сапарлар қатты ұнағандықтан ол қызмет аясын кеңейтіп, Ресейге көшіп баруды жоспарлайды. Бірақ, алдымен, ол қысқа уақытқа барып, басқа елден сонда қызмет етуге келген бауырластың жағдайын біледі, әрі ізашарлық қызметін жалғастыруға қажетті жұмыс тауып алуға тырысады. Ал кейінірек, 2000 жылы, көшіп барады. Тетянаға мұндай өзгеріс қиынға соқты ма?
Ол былай дейді: “Пәтер жалдауды қалтам көтермейтіндіктен, бөлме жалдауыма тура келді. Бір үйде өзге адамдармен тұру оңай болған жоқ. Үйге қайтып кеткім келген кездер де болды. Бірақ Ехоба қызметімді жалғастыра берсем, еңбегімнің зая кетпейтінін түсінуге көмектесіп отырды”. Қазір Тетяна Ресейде миссионер болып қызмет етеді. Ол әңгімесін былай деп тамамдады: “Өз елімнен шалғайда өткізген жылдардың арқасында мен теңдесі жоқ тәжірибе мен көп достарға ие болдым. Ал бәрінен бұрын сол жылдардың арқасында сенімім нығайды”.
Масако
Бүгінде 50-ден асып қалған Жапониядан келген Масако өмір бойы миссионер болуды армандады. Бірақ денсаулығы болмағандықтан, мақсатына қол жеткізу мүмкін еместей еді. Әйтсе де денсаулығы сәл жақсарғанда, ол Ресей танабындағы орақ ісіне көмекке баруды шешеді. Тұратын жер мен тұрақты жұмыс табу қиын болғанмен, ол жапон тілінен сабақ беріп, үй жинап — ізашарлық қызметін жалғастырудың жолын табады. Масакоға қызметінен қол үзбеуге не көмектесті?
Ресейде қызмет еткен 14 жыл жөнінде ол былай дейді: “Қызметтен келер қуаныш кез келген қиындығымның орнын толтырады. Жариялаушылар жетіспейтін аймақта қызмет еткенімнің арқасында өмірім анағұрлым қызықты”. Сосын ол: “Ехобаның осынша жыл бойы ас-су, киім-кешек, баспанамен қамтамасыз еткені — мен үшін бүгінгі күнгі керемет”,— деп қосты. Масако қызмет аясын кеңейтіп, Ресейде қызмет етуімен қатар, Қырғызстандағы орақ ісіне де қолғабыс етті. Ол ағылшын, қытай, ұйғыр тілінде өтетін топтарға да көмек көрсетті. Қазір Масако Санкт-Петербургтегі бір қауымда ізашар болып қызмет етуде.
ҚОЛ ҰШЫН БЕРІП, БАТАҒА КЕНЕЛІП ЖҮРГЕН ОТБАСЫЛАРЫ
Инга мен Михайло
Экономиканың тұрақсыздығынан отбасылар тұрмыс жағдайларын жақсарту үшін шетелге көшіп жатады. Бірақ кейбір отбасылары ертедегі Ыбырайым мен Сара сияқты шетелге рухани мақсаттарды көздеп көшеді (Мұс. 1-ж. 12:1—9). Украинаның тумасы Михайло мен Инганың мысалын қарастырайық. Олар 2003 жылы Ресейге көшкен. Ерлі-зайыптылар көп ұзамай-ақ шындықты іздеген адамдарды кезіктірді.
Михайло былай дейді: “Бірде біз Куәгерлер уағыздамаған аймақта қызмет еттік. Бір үйде есікті егде тартқан кісі ашты. Ол бізден: — Сендер уағыздаушысыңдар ма?— деп сұрады. Біз “иә” дегенде, ол: — Мен күндердің күнінде сендердің келетіндеріңді білдім. Өйткені Исаның сөздерінің орындалмай қалуы мүмкін емес қой,— деп қосты. Сосын Матай 24:14-тегі сөздерді жатқа айтып берді”. Михайло әңгімесін былай деп жалғады: “Сол аймақта шындыққа сусаған он шақты баптист әйелді де кездестірдік. Сол ақжүректі әйелдерде “Мәңгі өмір”a кітабы бар екен. Олар апта сайын сол кітаппен Киелі кітапты зерттеп жүріпті. Біз бірнеше сағат бойы олардың сұрақтарына жауап бердік, бірге Патшалық әндерін айттық, кешкі асымызды да бірге іштік. Сол бір кездесу — мен үшін есте қалған ең керемет оқиғалардың бірі”. Михайло мен Инга жариялаушылар жетіспейтін жерлерде қызмет еткендері Ехобаға жақындата түскенін, адамдарға деген сүйіспеншіліктерін арттырғанын әрі өмірлеріне қанағат сыйлағанын айтады. Қазір олар аудандық қызмет атқаруда.
Оксана, Олексий, Юрий
Бүгінде 35-терге келген, әрі Олексий деген 13 жасар балалары бар украиналық Юрий мен әйелі Оксана 2007 жылы Ресейдегі Бетелге барған екен. Сол жерде олар картадан ешқандай қауымға тіркелмеген ұлан-айыр аймақтарды көріпті. Бұған қатысты Оксана: “Картаны көргенде, сол аймақта уағыздаушылардың қаншалықты аз екенін жақсы түсіндік. Бұл санамызды Ресейге көшіп баруға дайындауға көмектесті”,— дейді. Оларға тағы не ықпал етті екен? Юрий былай дейді: “Басылымдарымыздағы “Сен шетел танабында қызмет ете аласың ба?” деген сияқты мақалалардың да көмегі зор болдыb. Содан тұратын жер мен жұмыс табу үшін, Ресейдегі филиал ұсынған аймаққа барып, көріп қайттық”. 2008 жылы Юрий мен Оксана Ресейге көшіп барды.
Бастапқыда оларға жұмыс табу қиынға соқты, пәтерлерін де бірнеше рет ауыстырды. Юрий былай дейді: “Біз жігеріміздің жасымауын сұрап жиі дұға ететінбіз, сосын бәрін Ехобаға артып, уағыздауды жалғастыра беретінбіз. Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қойғанда, Ехобаның қамымызды жасайтынын өз тәжірибемізден білдік. Осылай қызмет еткеніміз отбасымызды да нығайтты” (Мат. 6:22, 33). Қажеттілік бар жерде қызмет еткені Олексийге қалай әсер етті екен? Оксана мынаны айтты: “Баламызға бұл өте жақсы әсер етті. Ол тоғыз жасында Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтті. Жариялаушылар жетіспейтінін өз көзімен көріп жүргендіктен ол мектептегі әрбір демалысында қосалқы ізашар болып қызмет етеді. Оның қызметке деген сүйіспеншілігі мен құлшынысы бізді зор қуанышқа бөлейді”. Бүгінгі таңда Юрий мен Оксана арнайы ізашар болып қызмет етеді.
“МЕН БІР-АҚ НӘРСЕГЕ ӨКІНЕМІН”
Бауырластардың сөздерінен көргеніміздей, қызмет аясын кеңейтіп, басқа жаққа көшу үшін Ехобаға толық арқа сүйей білу керек. Рас, қажеттілік бар жаққа көшіп барғандар қиындықтарға кезігеді. Бірақ Патшалық туралы хабарды тыңдағысы келетін адамдарға шындықты ашу зор қуанышқа да бөлейді. Сенің қажеттілік бар жерде орақ ісіне атсалысуға мүмкіндігің бар ма? Егер солай етуге бел байласаң, сен де көп ұзамай-ақ Юрий сияқты сезімде боларсың. Ол: “Мен бір-ақ нәрсеге өкінемін: бұл қызметті ертерек бастамаған екенмін”,— деді.
a Мұнда “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың” деген кітап жөнінде айтылып тұр. Бұл кітап қазір басылымда жоқ.
b “Күзет мұнарасының” (ор.) келесі санын қара: 15 қазан, 1999 жыл, 23—27 беттер.