“Кингслидің қолынан келсе, менің де қолымнан келеді!”
ИЫҒЫНАН ҚАҒЫП белгі бергенде, Кингсли теократиялық қызмет мектебіндегі алғашқы тапсырмасын орындауға кірісті. Ол бірде-бір әрпін қалдырмай, әрбір сөзді анық етіп Киелі кітаптан үзінді оқып жатыр. Бірақ, бір қызығы, ол Киелі кітабына қарап тұрған жоқ.
Кингсли Шри-Ланкада тұрады. Мүгедектер арбасына байланған бұл кісінің көзі көрмейді, құлағы да дұрыс естімейді. Қалайша ол Ехобаны танып-біліп, теократиялық қызмет мектебіне жазылды? Бұл жайында толығырақ айтып берейін.
Мен алғаш рет Кингслиді кезіктіргенде, оның Киелі кітаптағы шындыққа қаншалықты қызығатынын көріп таңғалдым. Сол уақытқа дейін ол бірнеше Ехоба куәгерімен Киелі кітапты зерттеген екен. Брайль қарпіндегі “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” атты кітабының тоз-тозы шығыптыa. Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынғанымда, ол келісті. Бірақ біз екі қиындыққа кезіктік.
Бірінші қиындық — Кингсли қарттар мен мүгедектерге арналған үйде тұратын. Бірнеше адаммен тұратындықтан, айнала шу болатын. Оның үстіне, Кингслидің құлағы нашар еститін, сондықтан маған бар дауысыммен сөйлеуге тура келетін. Осылай әр апта сайын өтетін зерттеу сабағымызды үйдегілердің бәрі еститін десем, артық кетпеспін!
Екінші қиындық — Кингсли бір сабақ барысында кішкене ғана мәлімет оқып, түсіне алатын. Зерттеуіміздің пайдасы көбірек болу үшін, ол жақсылап дайындалатын. Кингсли зерттелетін мәліметті алдын ала бірнеше рет оқитын, Брайль қарпіндегі Киелі кітабынан тармақтарды да ашатын, сосын сұрақтарға ойша жауап беретін. Бұл тәсіл өте тиімді болды. Зерттеу барысында ол шағын кілемге малдас құрып отыратын да, қуанғаннан еденді тарсылдата ұрып, түсінгенін бар дауысымен айтып беретін. Көп ұзамай біз екі сағаттан аптасына екі рет зерттейтін болдық!
ҚАУЫМҒА КЕЛУІ МЕН БАҒДАРЛАМАҒА ҚАТЫСУЫ
Кингсли мен Пол
Кингсли қауымға баруды қатты қалады, бірақ бұл оңай шаруа емес-тін. Оған мүгедек арбасы мен көлікке мініп-түсуге, Патшалық сарайына кіріп-шығуға көмектесетін адам керек еді. Бірақ бауырластар оған көмектесуді мәртебе санап, кезектесіп жәрдемдесетін. Ал жиналыста Кингсли дыбыс зорайтқыштың қасында отырып, мұқият тыңдайтын, тіпті жауап беретін!
Біраз уақыт өткен соң Кингсли теократиялық қызмет мектебіне жазылды. Бірінші тапсырмасымен шығуына екі апта қалғанда, мен одан дайындалып жүрген-жүрмегенін сұрадым. Ол: “Иә, отыз реттей оқыдым”,— деп нық жауап берді. Мен оны мақтадым да, оқып беруін өтіндім. Сонда ол Брайль қарпіндегі Киелі кітабын ашып, мәтінге саусақтарын қойып, оқи бастады. Алайда мен оның саусақтарының жылжымай тұрғанын байқадым. Сөйтсем, ол оқитын мәтінін жаттап алған екен!
Мен бұған сенер-сенбесімді білмедім. Көңілім толқып, көзімнен жас парлады. Сосын одан мәтінді отыз-ақ рет оқып, қалай жаттап алғанын сұрағанымда, ол: “Жоқ, мен күніне отыз рет оқыдым”,— деп жауап берді. Кингсли бір айдан аса уақыт бойы шағын кілемінде отырып алып, мәтінді жаттап алғанша қайта-қайта оқи берген екен.
Содан Кингслидің тапсырмасымен шығатын уақыты да келді. Ол тапсырмасын орындап болған соң, бүкіл қауым ду қол шапалақ ұрды. Оның талпынысын көріп, біраз бауырластар көздеріне жас алды. Ал бір жариялаушы өзін қайтадан мектепке жазуды өтінді. Ол қатты қобалжитындықтан тапсырма алуды доғарған екен. Неге ол мектепке қайта жазылғысы келді? Ол: “Кингслидің қолынан келсе, менің де қолымнан келеді!”— деп түсіндірді.
Киелі кітапты үш жыл зерттегеннен кейін, 2008 жылдың 6 қыркүйегінде Кингсли шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехобаға бағышталғанын паш етті. Ол 2014 жылы 13 мамырда қайтыс болғанша, Ехобаның адал куәгері болды. Кингсли жер бетінде орнайтын жұмақта денсаулығы мықты болып, бар күш-қуатымен Құдайға қызмет етуді жалғастыратынына деген сенімін өмірінің соңына дейін сақтап қалды (Ишая 35:5, 6). (Айтып берген Пол Макманус.)
a Бұл кітап 1995 жылы жарық көрген. Қазір басып шығарылмайды.