Мәңгі өмірді уәде еткен Ехобаға еліктейік
“Сүйікті балалары ретінде Құдайға еліктеңдер” (ЕФЕС. 5:1).
1. Қандай қабілет Құдайға еліктеуімізге көмектеседі?
БІЗ өзімізді өзге біреудің орнына қойып көре аламыз. Ехоба берген осы қабілеттің арқасында ешқашан басымыздан өтпеген жайттарды түсіне аламыз (Ефестіктерге 5:1, 2 оқы). Алайда бұл қабілетті қалай дұрыс қолдануға болады? Ол өзімізге зиянды болып шықпау үшін не істеу керек?
2. Біздің қасірет шеккеніміз Ехобаға қалай әсер етеді?
2 Көкке баратын адал майланғандар өлместікке ие болатынына, ал “басқа қойлар” жерде мәңгі өмір сүретіндеріне үміттенеді. Бұл — Ехобаның уәдесі (Жох. 10:16; 17:3; Қор. 1-х. 15:53). Сондықтан осы уәде орындалғанда, сол екі топтың да өміріне бүгінде кең тараған қайғы-қасірет қаяу түсірмейді, әрине. Ехоба біздің қасірет шегіп жүргенімізден бейхабар емес. Ежелде де солай болған: Мысыр құлдығында жүрген исраилдіктер “азап шеккенде, бұл оның жанына батты” (Ишая 63:9). Кейінірек, жауларынан қысым көрген яһудилер ғибадатхананы қалпына келтіруге қорыққанда, Ехоба оларға: “Кім саған тиіссе, сол менің көзімнің қарашығына тиіскені”,— деген (Зәк. 2:8). Ехоба баласын қолына алып аялайтын анадай, халқын сүйіспеншілігіне бөлеген (Ишая 49:15). Былайша айтқанда, ол өзін өзгелердің орнына қойған, әрі бұл қабілетті бізге де дарытқан (Зәб. 103:13, 14).
ИСА ҚҰДАЙДЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ ЕЛІКТЕГЕН
3. Исаның өзгелердің азабын сезіне білгені неден көрінеді?
3 Иса өзі ешқашан басынан өткізбесе де, өзгенің азабын сезіне білген. Мысалы, сол заманда қарапайым халық дінбасыларынан қорқатын. Олар болса халықты алдайтын, ойдан шығарылған ережелермен әбден титықтайтын (Мат. 23:4; Мар. 7:1—5; Жох. 7:13). Иса ешкімнен қорықпаған, ешқашан алданған да емес, сөйтсе де халықтың ахуалын түсінді. Сондықтан “жиналған қалың жұртты көргенде, Иса оларды аяп кетті. Өйткені олар бағушысы жоқ қойлардай азып-тозған, бейшара күйде еді” (Мат. 9:36). Ол да Әкесі сияқты сүйіспеншілікке толы әрі жанашыр еді (Зәб. 103:8).
4. Өзгелердің қасіреті Исаға қалай әсер еткен?
4 Иса адамдарды жақсы көрген, сондықтан қасірет шеккендерді көргенде, оларға көмектескісі келетін. Бұл жағынан ол Әкесіне қатты ұқсайтын. Бірде ұзақ уағыздағаннан кейін, Иса мен елшілері оңашалау жерге барып тыныққылары келеді. Бірақ өзін күтіп тұрған жұртқа жаны ашып, “оларды көп нәрсеге үйрете бастайды” (Мар. 6:30, 31, 34).
ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ ЕЛІКТЕЙІК
5, 6. Құдайдың сүйіспеншілігіне еліктеу үшін не істеу керек? Мысал келтір. (Мақаланың басындағы суретті қара.)
5 Құдайдың сүйіспеншілігіне өзімізді өзгелердің орнына қою арқылы еліктеуге болады. Мынадай мысалды қарастырып көрейік: Арлан деген жас бауырлас бір егде бауырлас жайлы ойланып жүр делік. Көзі нашар көретіндіктен егде бауырлас оқуға қиналады, оған уағызда үйме-үй жүру де оңай емес. Арланның есіне Исаның: “Басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер”,— деген сөздері түседі (Лұқа 6:31). Содан ол өзіне “Мен өзгелердің маған не істегенін қалаймын?” деген сұрақ қояды. Ә дегеннен оның ойына “Менімен футбол ойнағанын!” деген жауап келеді. Бірақ егде адам доп қуалай алмайды ғой. Исаның сөздері мынадай сұраққа меңзейді: “Соның орнында болсам, өзгелердің маған не істегенін қалар едім?”.
6 Арлан кәрі емес, бірақ ол басынан өтпеген жайтты түсіне алады. Ол егде бауырласпен біраз араласады, оны мұқият тыңдайды. Осылай, уақыт өте келе, қартайғанда Киелі кітапты оқуға, уағызда үйме-үй жүруге қиналудың не екенін түсінеді. Егде бауырластың нендей жағдайда екенін ұққан соң, Арлан оған қандай көмек қажет екенін түсінеді, әрі оған қол ұшын бергісі келеді. Біздің де солай етуімізге болады. Сонымен, Құдайдың сүйіспеншілігіне еліктеу үшін, былайша айтқанда, өзгенің кебін киіп көруіміз керек (Қор. 1-х. 12:26).
Ехобаның сүйіспеншілігіне елікте (7-абзацты қара)
7. Өзгенің азабын түсіну үшін не істеу керек?
7 Өзгенің жан азабы мен тән азабын толық түсіну оңай бола бермейді. Көп адам біздің басымызға түспеген қиындықтарды көруі мүмкін. Мысалы, кейбіреулер қандай да бір жарақаттан, ауру не кәріліктен, ал өзге біреулер жан күйзелісінен, үрейден не бұрын көрген қорлық-зорлықтан зардап шегіп жүрген болар. Ал кейбіреулер отбасында жалғыз өзі Куәгер не балаларын жалғыз тәрбиелеуде шығар. Қиындық көрмейтін пенде жоқ, бірақ бәріміздікі бірдей емес. Сондықтан осы ретте қалай Ехобаның сүйіспеншілігіне еліктеуге болады? Мұндайда өзгенің сезімін аз да болса түсіну үшін, зер сала тыңдаған дұрыс. Сонда оған қандай көмек қажет екенін анықтаймыз. Әркімнің қажеттілігі әртүрлі болғанмен, адамды рухани нығайту не басқаша қолдау көрсету бәріміздің қолымыздан келеді (Римдіктерге 12:15; Петірдің 1-хаты 3:8 оқы).
ЕХОБАНЫҢ МЕЙІРІМДІЛІГІНЕ ЕЛІКТЕЙІК
8. Неге Иса өзгелерге мейірімді болған?
8 Құдай Ұлы Иса: “Құдай Тағала... алғысты білмейтіндерге де, зұлымдарға да мейірім көрсетеді”,— деген (Лұқа 6:35). Иса Әкесінің мейірімділігіне еліктеген. Оған не көмектесті? Ол сөздері мен әрекеттерінің өзгелерге қалай әсер етуі мүмкін екенін сезе білген. Мысалы, бірде күнәкарлығымен танымал болған бір әйел оның аяғына келіп, көз жасын көл етеді. Иса оның шынымен өкінгенін аңғарып, мейірім көрсетпей жөніне жіберсе, жанына жара салатынын біледі. Сондықтан әйелді мақтап, кешірім етеді. Өзін қонақасына шақырған парызшылдың мұны жақтырмағанын байқаған Иса оған да жұмсақ сөйлейді (Лұқа 7:36—48).
9. Ехобаның мейірімділігіне еліктеуге не көмектеседі? Мысал келтір.
9 Ехобаның мейірімділігіне біздің қалай еліктеуімізге болады? Елші Пауыл: “Иеміздің құлы жанжалдаспау керек. Ол бәріне ілтипатты... болу керек”,— деген (Тім. 2-х. 2:24 сілт.). Ілтипатты адам өзгенің сезімін жараламау үшін шетін мәселелерде не айту керек екенін айыра біледі. Келесі жағдайларда қалай мейірім көрсетуге болады: Жұмыста бастығың өз міндетін дұрыс атқармаса, не істейсің? Бауырлас бірнеше айдан кейін қауымға келсе, оған не айтасың? Қызметте үй иесі “уақытым жоқ” десе, өзіңді қалай ұстайсың? Жұбайың “Сенбі күніне не жоспарлағаныңды неге айтпадың?” деп жазғырса, қалай жауап бересің? Осындай жағдайларда сөзіміздің өзгелерге қалай әсер ететінін сезе білсек, не айту керектігін айырып, Ехоба сияқты мейіріммен әрекет етеміз (Нақыл сөздер 15:28 оқы).
ҚҰДАЙДЫҢ ДАНАЛЫҒЫНА ЕЛІКТЕЙІК
10, 11. Ехобаның даналығына еліктеуге не көмектеседі? Мысал келтір.
10 Өз басымыздан өтпеген жағдайды түсіне білу қабілеті Ехобаның даналығына еліктеп, әрекетіміздің ақыры қандай болатынын болжай білуге көмектеседі. Даналық — Ехобаның басты қасиеттерінің бірі. Егер қаласа, ол белгілі бір істің ақыры қандай болатынын бүге-шігесіне дейін біле алады. Біз олай ете алмаймыз, әйтсе де қандай да бір әрекетіміздің ақыры қандай болуы мүмкін екені жайлы ойланғанымыз дұрыс. Кезінде исраилдіктер Құдайдан қаншама игілік көргендеріне қарамай, оған мойынсұнбаған, әрі мұның ақыры қандай болуы мүмкін екені жөнінде ойланбаған. Ал Мұса олардың мұнысы Ехобаға ұнамсыз іс-әрекеттерге ұласатынын түсінген. Сондықтан былай деген: “Олар түйсіксіз халық, Түсініктен жұрдай болған халық. Олар дана болғанда ғой! Осылар жайлы ой жүгіртер еді, Ақыры не боларын ойланар еді” (Мұс. 5-ж. 31:29, 30; 32:28, 29).
11 Құдайдың даналығына еліктеу үшін әрекеттеріміздің ақыры қандай болатыны туралы ойланғанымыз, тіпті көз алдымызға келтіргеніміз абзал. Мысалы, біреумен кездесіп жүрсек, тән құштарлығының қаншалықты күшті екенін мойындауымыз керек. Ехобамен қарым-қатынасымызға қауіп төндіретін жайттар туралы ойланудан не істеуден аулақ болайық! Оның орнына: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар, Аңғал алға жүріп, жапа шегер”,— деген кеңеске құлақ түрейік (Нақ. с. 22:3).
ОЙЫМЫЗДЫ ҚАДАҒАЛАЙЫҚ
12. Қандай ойлар біз үшін зиянды?
12 Адамның ойын отқа теңеуге болады. Парасатты адам отты тамақ пісіру сияқты дұрыс мақсатпен қолдануға болатынын түсінеді. Ал қадағалаусыз қалған от өртке айналып, үйді де, оның тұрғындарын да жалмап қоюы мүмкін. Біздің ойларымыз да сондай: Ехобаға еліктеуге көмектессе — пайдалы, ал азғын құмарлықтар туралы болса — зиянды. Мысалы, азғындық жайлы ойлана берсек, күндердің күнінде ойымызды іске асыруымыз мүмкін. Ендеше азғындық жайлы қиялдаймыз деп, Ехобамен достығымыздан айырылып қалмайық! (Жақып 1:14, 15 оқы).
13. Хауа көз алдына қандай өмірді елестеткен болуы мүмкін?
13 Алғашқы әйел Хауа ананың тыйым салынған ағаштың жемісін жеуге деген құштарлығының қалай оянғанын қарастырып көрейікші (Мұс. 1-ж. 2:16, 17). Жылан оған: “Жоқ, өлмейсіңдер. Оны жеген күні көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Құдай сияқты болатындарыңды ол біледі”,— деді. Содан Хауа “ағаштың жемісі жеуге жақсы екенін әрі көздің жауын алып, қызықтырып тұрғанын байқады”. Мұның ақыры неге әкеліп соқты? Хауа ағаштың “жемісін алып жеді. Кейін күйеуі қасында болғанда, жемісті оған берді, ол да жеді” (Мұс. 1-ж. 3:1—6). Хауаға Шайтан айтқан ой тартымды болып көрінген шығар. Енді “ненің жақсы, ненің жаман екенін” ешкім айтпай-ақ, мұны Хауаның өзі шешер еді. Бұлай қиялдаудың зияны адам айтқысыз болды! Оның күйеуі Адам атаның күнә жасағанының кесірінен, “дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді” (Рим. 5:12).
14. Киелі кітапта азғын ойларға қатысты қандай ескертулер бар?
14 Едем бағында болған жағдайда азғындық жасалған жоқ, әрине. Десе де Иса азғын істерді елестетуден аулақ болу керектігін ескерткен. Ол: “Кімде-кім бір әйелге құмарта қараса, өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”,— деген (Мат. 5:28). Ал елші Пауыл: “Тән құмарлығын қанағаттандырудың жолын ойластырмаңдар”,— деп ескертті (Рим. 13:14).
15. Біз қандай қазына жинауымыз керек және неге?
15 Зиянды қиялдардың тағы бірі — Құдайды шет қалдырып, баю жайлы ойлау. Шындығына келгенде, бай адамның дәулеті “өз қиялында заңғар дуалдай” (Нақ. с. 18:11). Бірде Иса “өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдайдың көз алдында бай болмаған” адамның ақыры қандай болатынын айтып берген (Лұқа 12:16—21). Ехобаға оның жүрегін қуантқанымыз ұнайды (Нақ. с. 27:11). Оған ұнайтынды істеп, “қазынаны көкте жинасақ”, бақытымызда шек болмайды! (Мат. 6:20). Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу ең қымбат қазына екенінде дау жоқ.
ОЙЫМЫЗДЫ УАЙЫМ БИЛЕМЕСІН
16. Уайымнан арылудың қандай жолы бар?
16 “Қазынаны жерде жинаудың” қандай уайымға батыратыны туралы ойлап көрші (Мат. 6:19). Иса бір мысалында “осы заманның уайым-қайғысы және алдамшы байлықтың” Құдай Патшалығы туралы хабарды тұншықтырып тастайтынын айтқан (Мат. 13:18, 19, 22). Уайымдары байлық не басқа болсын, кейбіреулер қара аспанды жерге төндіре беруге бейім. Бірақ санамызды уайым билесе, мұның жанымызға да, тәнімізге де зияны тиеді. Олай болса, “Сарыуайым жүректі күйзелтеді, Жақсы сөз оны шаттыққа толтырады” деген сөздерді ұмытпай, Ехобаға арқа сүйейік (Нақ. с. 12:25). Бізді түсінетін адамның жылы сөзі жүрегімізге жігер құюы мүмкін. Жағдайға рухани тұрғыдан қарайтын ата-анамызға, жұбайымыз не сенімді досымызға ішімізді ақтарғанымыз уайымнан арылуға көмектеседі.
17. Сарыуайымға салынбауға Ехоба қалай көмектеседі?
17 Біздің уайымымызды Ехобадан артық түсінетін ешкім жоқ. Елші Пауыл былай деген: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Иса арқылы сақтайды” (Філіп. 4:6, 7). Уайымға салынып, рухани жағынан зиян көрмеуімізге Ехобаның кімдер арқылы көмектесетіні жайлы ойланып көрші. Олар — бауырластар, ақсақалдар, адал құл, періштелер және Иса.
18. Ойланудың біз үшін қандай пайдасы бар?
18 Өзіміз көргендей, ойлану Ехобаның сүйіспеншілік сияқты қасиетіне еліктеуге көмектеседі (Тім. 1-х. 1:11; Жох. 1-х. 4:8). Сүйіспеншілік таныта білгеніміз, әрекетіміздің ақыры жайлы ойланғанымыз, сарыуайымға салынып, қуаныштан айырылудан аулақ болғанымыз бізді бақытқа бөлейді. Олай болса, болашағымызды елестете білу қабілетін дұрыс қолданайық. Сондай-ақ Ехобаның мейірімділігі, сүйіспеншілігі мен даналығына еліктеп, сол сияқты бақытты болайық (Рим. 12:12).