ӨМІРБАЯН
Алғашқы сүйіспеншілігім табанды болуға көмектесіп келеді
1970 жылдың жазында мен, жұқпалы ауруға шалдыққан 20 жасар сарбаз, Финиксвилл қаласындағы (АҚШ, Пенсильвания) ауруханалардың бірінде жаттым. Мейіркеш жарты сағат сайын қан қысымымды өлшеп тұрды. Өзімнен бірер жас қана үлкен әлгі жігіт маған абыржи қарады. Қан қысымым барған сайын төмендеп бара жатқан соң, мен одан: “Бұған дейін өлейін деп жатқан адамды көрмегенсің ғой деймін?”— деп сұрадым. Өңі қашып, қудай болып кеткен ол: “Жоқ, көрмегенмін”,— деді.
Ол уақытта болашағым күңгірт еді. Бірақ мен аман қалдым. Рұқсат етсеңдер, өмірімдегі елеулі жайттарды баяндап бергім келіп отыр.
СОҒЫС ДЕГЕН ОСЫ ЕКЕН
Мен ауруға Вьетнамда болған соғыста госпитальдың ота бөлімінде техникалық қолдау көрсетіп жүргенде шалдықтым. Мен науқастанып қалғандарға, жаралыларға көмектескенді ұнататынмын, ал мақсатым хирург болу еді. Вьетнамға мен 1969 жылдың шілде айында келдім. Жаңадан келгендердің бәріне берілетініндей, маған да уақыт айырмашылығы мен аптап ыстық ауа райына үйренуге бір апта берілді.
Көп ұзамай мен Меконг атырауындағы Донг Там базасында орналасқан ота госпиталіне жіберілдім. Ол жерге жаралыларға толы ұшақтар бірінен соң бірі келіп қонатын. Мен патриот едім, жұмыстан да қашпайтынмын, сондықтан іске бірден кіріскім келді. Жарақат алған сарбаздарды жылдам отаға дайындап, желдеткіштер орнатылған кішігірім темір үйшіктерге жөнелтіп тұру керек еді. Ота жасалатын сол қуықтай үйшіктерде хирург, анестезиолог, тағы 2 мейіркеш сығылысып жүріп, адамның өмірі үшін жанталасатын. Мен тікұшақтардағы үлкен-үлкен қара қаптардың түсірілмегенін байқадым. Қасымдағылар маған ол қаптарға сарбаздардың жарылыс кезінде жұлынып кеткен дене мүшелері салынғанын айтты. Соғыстың не екенін мен осылай білдім.
ҚҰДАЙДЫ ІЗДЕУІМ
Жас кезімнен Ехоба куәгерлерін білдім
Мен жас кезімнен Ехоба куәгерлерін білетінмін. Менің аяулы анам Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеген, бірақ шомылдыру рәсімінен өту үшін рухани қадамдар жасамады. Ол зерттеп жатқанда, қасында отырып тыңдағанды жақсы көретінмін. Сол кездері бірде өгей әкеммен Патшалық сарайының қасынан өтіп бара жатып, оның не екенін сұрадым. Ол маған: “Анау тұрған адамдарға ешқашан жолаушы болма!”— деді. Мен өгей әкемді жақсы көретінмін әрі оған сенім артатынмын, сондықтан айтқанына құлақ астым. Осылай Ехоба куәгерлерімен байланысымды үздім.
Вьетнамнан оралған соң, өмірімнен Құдайға орын бергім келді. Соғыста көргендерім мені жан азабына түсіріп, маза бермейтін. Маған Вьетнамда не болып жатқанын ешкім түсінбейтіндей көрінетін. Соғыста жазықсыз балалар қырылып жатыр дегенді естігендердің АҚШ сарбаздарын “сәби өлтірушілер” деп айыптап, бірнеше рет көтеріліске шыққаны әлі есімде.
Рухани аш болғандықтан мен түрлі шіркеулерге баратын болдым. Менің жүрегімде Құдайға деген сүйіспеншілік бар еді, бірақ шіркеулерден жаныма дауа таппадым. Ақырында 1971 жылы ақпан айының бір жексенбісінде Ехоба куәгерлерінің Флорида штатындағы бір Патшалық сарайына бардым.
Патшалық сарайына кіргенімде, көпшілікке арналған баяндама аяқталып жатыр екен. Сондықтан мен “Күзет мұнарасын” талқылау кездесуіне қалдым. Қандай тақырып талқыланғаны жадымда қалмапты, бірақ кішкентай балалардың Киелі кітаптарын ашып, тармақтарды тауып отырғаны әлі есімде. Бұл маған қатты әсер етті! Мен үнсіз тыңдап, айналамды бақылап отырдым. Патшалық сарайынан кеткелі жатқанымда, 80-дерге келіп қалған бір қарт бауырлас жаныма келді. Оның аты Джим Гарднер еді. Ол маған “Мәңгілік өмірге алып баратын шындық” деген кітапты ұсынып: “Оқып шыққың келер ме еді?”— деді. Сөйтіп, біз бейсенбі күні таңертең кездесіп, Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға келістік.
Сол жексенбіде мен түнгі кезекке түсуім керек еді. Ол кезде мен Флоридадағы ауруханалардың бірінде жедел көмек көрсету бөлімінде істейтінмін. Менің кезекшілігім түнгі 11-ден таңғы 7-ге дейін созылатын. Сол күні түнде науқастар көп түспегендіктен, “Шындық” кітабын оқуға мүмкіндік болды. Бір уақытта аға мейірбике келіп, қолымнан кітапты жұлып алып, атауын оқыды да: “Сен не, соларға қосылайын деп жүрсің бе?”— деп, жаны қалмады. Мен одан кітабымды қайта тартып алдым да: “Иә! Кітаптың жартысын ғана оқыдым, бірақ бұған осының өзі де жеткілікті”,— дедім. Ол кетіп қалды, ал мен сол түні кітапты оқып бітірдім.
Мен Киелі кітапты Чарлз Тейз Рассел бауырласпен таныс болған, өзі де майланған Джим Гарднер бауырласпен зерттедім
Гарднер бауырласпен кездескенімізде: “Сонымен, нені зерттейміз?”— деп сұрадым. Ол: “Саған берген кітапты”,— деп жауап берді. Мен: “Оны оқып қойдым”,— дедім. Сонда Гарднер бауырлас мейіріммен: “Жақсы екен, әйтсе де бірінші тарауға көз жүгіртіп көрейікші”,— деді. Мен көп нәрсені байқамай кеткеніме таңғалдым. Ол маған өз Киелі кітабым “Король Яковтың аудармасынан” көп тармақтарды ашқызды. Осылай шынайы Құдай Ехобамен таныса бастадым. Өзім құрмет тұтып Джим деп атайтын Гарднер бауырласпен сол күні “Шындық” кітабының үш тарауын өттік. Сол күннен бастап әр бейсенбі сайын үш тараудан зерттейтін болдық. Зерттеу сабақтары маған қатты ұнайтын. Чарлз Тейз Расселл бауырласпен таныс болған әрі өзі де майланған адамнан тәлім алу мен үшін зор мәртебе еді!
Бірнеше аптадан кейін мен жариялаушы болдым. Джим маған үйме-үй уағыздауды үйретті, басқа да көптеген қиындықтарды жеңуге көмектесті (Ел. іс. 20:20). Онымен қызметтесе жүріп, уағыздауды жақсы көріп кеттім. Уағыз ісіне қатысуды мен әлі де ең зор мәртебе санаймын. Ехобамен қызметтес болу керемет қой! (Қор. 1-х. 3:9).
ЕХОБАҒА ДЕГЕН АЛҒАШҚЫ СҮЙІСПЕНШІЛІГІМ
Ал енді Ехобаға деген алғашқы сүйіспеншілігімнің қалай оянғанын әңгімелеп берейін (Аян 2:4). Соғыс санама құйған ауыр ойлардан арылуыма, толып жатқан басқа да қиындықтарға төтеп беруіме осы сүйіспеншілік көмектесті (Ишая 65:17).
Ехобаға деген сүйіспеншілігім соғыс санама құйған ауыр ойлардан арылуыма, толып жатқан басқа да қиындықтарға төтеп беруіме көмектесті
Янки стадионында өткен “Құдайдың есімі” деп аталған облыстық конгресте шомылдыру рәсімінен өттім. Шілде, 1971 жыл
1971 жылдың көктемінің бір күні мен үшін ерекше күн болды. Мен ата-анамның пәтерінде тұрып жатқанмын, бірақ өгей әкем мені ол жерден шығарып жіберді. Ол өз меншігінде Ехоба куәгерінің тұрғанын қаламады. Ол кездері ақшам көп емес еді. Мен жұмыс істеп жүрген аурухана екі апта сайын ақша төлейтін. Бірақ оның көбісін қызметке шыққанда, Ехобаның атынан сөйлеуге лайықты болу үшін, киім алуға жұмсап қойған едім. Жинап қойған азын-аулақ ақшам да болатын, бірақ ол туып өскен жерім Мичигандағы банкте еді. Сондықтан біраз күн көлігімде түнеп жүрдім. Ал жуынып-қырыну үшін жанармай стансысындағы әжетханаға баратынмын.
Осылай күнелтіп жүрген күндердің бірінде жұмыстан шығып, Патшалық сарайында өтетін уағыздауға арналған кездесуге келдім. Кездесудің басталуына әлі бір-екі сағат бар еді. Патшалық сарайының артында ешкім көрмейтін жерде отырғанымда, санамды Вьетнамдағы соғыс туралы ой шырмап, мұрныма адам денесінің күйген иісі келді, көзіме қиян-кескі соғыс пен судай аққан қан елестеді. Өрімдей жігіттерді ап-анық көріп, “Осымен біткені ме? Біткен жерім осы ма?” деген жалынышты үндерін айқын естіп жатқандай болдым. Мен олардың өлетінін білдім, сөйтсе де мұны бет әлпетіммен көрсетіп қоймауға тырысып, оларды жұбатумен болдым. Осылай көңілім әлем-тапырақ болып кетті.
Ехобаға деген алғашқы сүйіспеншілігімді суытпауға, әсіресе сынақ пен қиындықтарға кезіккенде, одан айырылмауға тырысып бағудамын
Содан көзімнен жас парлай отырып дұға еттім (Зәб. 56:8). Мен қайта тірілу жайлы ойға кеттім. Сонда санамда мынадай ой сарт ете қалды: өлгендерді қайта тірілту арқылы Ехоба мен көрген қантөгістерді, сондай-ақ менің де, басқалардың да жан азабын ұмыт қылады. Құдай сол қыршын кеткен жігіттерді қайта тірілтеді де, олар үшін шындықты білуге мүмкіндік ашылады (Ел. іс. 24:15). Сол сәтте тұла бойымды Ехобаға деген сүйіспеншілік кернеп, жүрегімнің түкпіріне дейін жетті. Күні бүгінге дейін сол күн — мен үшін ерекше күн. Содан бері Ехобаға деген алғашқы сүйіспеншілігімді суытпауға, әсіресе сынақ пен қиындықтарға кезіккенде, одан айырылмауға тырысып бағудамын.
ЕХОБАНЫҢ МАҒАН ДЕГЕН МЕЙІРІМІ
Соғыста адамдар жантүршігерлік істер істейді. Мен де одан шет қалмадым. Бірақ өзім жақсы көретін екі тармақты ой елегінен өткізгенім маған зор көмегін тигізді. Біріншісі — Аян 12:10, 11. Онда Ібілістің біз айтып жүрген хабар арқылы ғана емес, Тоқтының қаны арқылы да жеңілетіні жазылған. Ал екіншісі — Ғалаттықтарға 2:20. Бұл тармақ Иса Мәсіхтің “мен үшін” өлгенін есіме салып тұрады. Ехоба маған Исаның қаны арқылы қарап, бұрын жасаған күнәларымды кешірді. Осыны білгендіктен ар-ұжданым тазарды, әрі бұл мені мейірімді Құдайымыз Ехоба туралы шындықты өзгелерге ашу үшін барымды салуға талпындырады (Евр. 9:14).
Өткен өмірімді саралағанда, жүрегім Ехобаға деген ризашылыққа толады. Өйткені ол мені қамқорлаудан талған емес. Мысалы, Джим менің көлікте қонып жүргенімді біле сала, жалға бөлме беретін бір бауырласпен жолықтырды. Мен бұл баспананы Джим мен сол бір аяулы бауырлас арқылы Ехоба тауып берді деп білемін. Ол қандай мейірімді десеңші! Ехоба өзінің адал қызметшілерінің қамын ойлайды.
ҚҰЛШЫНЫС ПЕН ІЛТИПАТТЫ ТЕҢЕСТІРУДІ ҮЙРЕНУІМ
1971 жылдың мамыр айында бір шаруалармен Мичиганға баруым керек болды. Мен Флоридадағы қауымнан кетерде көлігімнің жүксалғышына әдебиеттерді толтырып алдым да, солтүстікке қарай жол тарттым. Бірақ сапарымның жартысына жетпей-ақ көлігімде әдебиет қалмады. Мен Патшалық туралы ізгі хабарды неше түрлі жерлерде құлшына уағыздадым: түрмелерге кіріп те айттым, тіпті жанармай стансыларының әжетханасындағы кісілерге де буклеттер үлестірдім. Кейде мен сол сепкен тұқымдарымның біреуі болсын өсіп шықты ме екен деп ойлаймын (Қор. 1-х. 3:6, 7).
Бірақ бастапқыда мен аса ілтипатты емес едім, әсіресе үй ішіммен сөйлескенде солай болатын. Ехобаға деген алғашқы сүйіспеншілігім лаулап тұрғандықтан батыл едім, бірақ тік сөйлейтінмін. Мен бауырларым Джон мен Ронды қатты жақсы көретінмін, сондықтан оларға шындықты басып-басып айттым. Бұным үшін кейінірек кешірім сұрауға тура келді. Әйтсе де олардың шындыққа келуін тілеп, дұға етуді доғарған емеспін. Содан бері Ехоба беріп жатқан тәлімнің арқасында мен уағызда да, тәлім бергенде де ілтипатты болуды үйрендім (Қол. 4:6).
МЕН СҮЙГЕН ЖАНДАР
Ехобаға деген сүйіспеншілігіммен қатар, өзім сүйген жандар жөнінде де айта кетейін. Сүйікті адамдарымның бірі — жан жарым Сьюзан. Мен қасымда Патшалық ісінде қолғабыс ететін серігімнің болғанын қаладым. Сьюзан — рухани мықты адам. Біз кездесіп жүргенде, ол ата-анасымен тұратын. Бірде оның үйіне барған кезім әлі есімде. Ол есік алдындағы бастырмада отыр екен, қолында “Күзет мұнарасы” журналы мен Киелі кітабы бар. Мені сүйсіндірген жайт — Сьюзан талқылауға арналмаған мақалаларды оқып жатса да, келтірілген тармақтардың бәрін ашып оқып отырды. Сонда мен: “Неткен рухани толысқан қыз еді!”— деп ойладым. Біз 1971 жылы желтоқсанда отау тіктік. Содан бері ол әрдайым мені қолдап келеді. Оның бойындағы маған ұнайтын басты нәрсе — ол мені сүйе тұра, Ехобаны менен қатты жақсы көреді.
Әйелім Сьюзан, ұлдарымыз Пол мен Джесси
Біздің Джесси және Пол деген екі ұлымыз бар. Ехоба оларға кішкентайларынан жар болып келеді (Сам. 1-ж. 3:19). Шындықты өмір жолы еткендері үшін, біз оларды мақтан тұтамыз. Олар да алғашқы сүйіспеншіліктерін суытпай, Ехобаға қызмет етіп жүр. Екеуінің де толық уақыт қызмет етіп жатқанына 20 жылдан асты. Сонымен қатар өз қыздарымдай болып кеткен Стефани және Ракель деген екі келінім де бар. Екі ұлым да Ехобаны жан-тәнімен жақсы көретін, рухани мықты қыздарға үйленді (Ефес. 6:6).
Аралаушы бақылаушы қызметін атқарып жүргенде, уағыздауға арналған кездесуді өткізіп жатырмын
Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін мен 16 жылдай Род-Айлендте қызмет етіп, жақсы достар таптым. Бірге қызметтескен тамаша ақсақалдар әлі есімде. Ал өмірімде елеулі із қалдырғаны үшін ризашылығымды білдіргім келетін аралаушы бақылаушылар қанша десеңші! Ехобаға деген алғашқы сүйіспеншіліктерін суытпаған бауырластармен иық тіресе қызмет ету — зор мәртебе! 1987 жылы біз қажеттілік бар жерде қызмет ету үшін Солтүстік Каролинаға көштік. Ол жерден де тамаша достар таптықa.
Сирек уағыздалатын аумақта отбасымызбен қызмет етуді ұнататынбыз
2002 жылдың тамыз айында Сьюзан екеуміз Паттерсондағы Бетел отбасына шақырылдық. Мен қызмет бөлімінде, ал әйелім кір жуатын бөлімде қызмет етті. Ол өз жұмысын сүйіп атқаратын. 2005 жылдың тамызында маған Басқарушы кеңестің мүшесі болып қызмет ету мәртебесі берілді. Мен өзімді үлкен іс алдында тұрған жас баладай сезіндім. Сүйікті жарым бұл қызметтің жауапкершілігін, атқарылатын іс пен көп жол жүру керек болатынын ойлап, біраз қобалжыды. Ол ұшақпен жол жүргенді ұнатпайды, бірақ бізге көп ұшуға тура келеді. Басқарушы кеңестің басқа мүшелерінің әйелдері оған мейіріммен кеңес берген екен. Осының арқасында Сьюзан қолынан келгенше мені қолдауға бел байлапты. Иә, ол мені қатты қолдайды, әрі сонысы үшін мен оны жақсы көремін.
Мен жүрегіме ерекше жақын жандардың суреттерін кеңсемде айналдыра іліп қойғанмын. Олар өмірімдегі тамаша сәттерді есіме салып тұрады. Алғашқы сүйіспеншілігімді жоғалтып алмауға барымды салғаным үшін, Ехоба мені қазірдің өзінде баға жетпес талай баталарға кенелтті!
Отбасыммен бас қосқанда, бір жасап қаламын
a Моррис бауырластың толық уақытты қызметі жайлы мәліметті “Күзет мұнарасының” 2006 жыл, 1 сәуір айындағы санының 31-бетінен табуға болады.