КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ
Мен Ехобаның мейірімді де рақымды екенін білдім
ТУЫЛҒАН ЖЫЛЫ: 1954
ЕЛІ: КАНАДА
ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: АЛАЯҚ ЖӘНЕ ҚҰМАР ОЙЫНШЫ БОЛҒАН
ӨМІРБАЯНЫМ:
Мен Монреаль қаласының кедей-кепшіктер тұратын аумағында туып-өстім. Алты айға толғанымда, әкем қайтыс болып, үйдің бүкіл шаруасы анама қалды. Сегіз баланың ең кішісі мен едім.
Мен есірткі, зорлық-зомбылық пен қылмыскерлердің арасында өстім. Он жасымнан бастап, жезөкшелер мен өсімқорлардың барып кел, шауып кел сияқты тапсырмаларын орындадым. Жиі өтірік айтатынмын әрі адамдарды алдап-сулап, дегенімді істететінмін. Бұл мен үшін есірткі сияқты болды.
Он төрт жасымда адамдарды алдауда алдыма жан салмадым. Мысалы, алтын жалатылған сағаттарды, білезік пен жүзіктерді көптеп сатып алып, оларға таза алтыннан жасалған деген белгі салып, сауда орталықтарының маңында әрі көлік тұрақтарында сататынмын. Бар есіл-дертім оңай ақша табуда еді. Тіпті бір күннің ішінде 10 000 доллар (Канада ақшасы) тапқан кезім болды.
Он бес жасымда мені балаларды түзету мектебінен шығарып жіберді. Сөйтіп, далада қалдым. Мен көшелерде, саябақтарда және таныстарымның үйлерінде түнеп жүрдім.
Алаяқтықпен айналысқандықтан, мені полиция қызметкерлері жиі тергеуге алатын. Ұрланған заттарды сатпағандықтан, мені ешқашан түрмеге жапқан емес. Алайда алаяқтық және сауда-саттықпен арнайы рұқсатсыз айналысқаным үшін, үлкен-үлкен айыппұлдар төлейтінмін. Қорқудың не екенін білмейтіндіктен, мен тіпті өсімқорлардың ақшаларын жинап беретінмін. Бұл іс өте қауіпті болғандықтан, кейде өзіммен қару алып жүретінмін. Ұйымдасқан қылмыстық топпен де жүрген кездерім болды.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ.
Ең алғаш рет Киелі кітап туралы он жеті жасымда естідім. Бірге тұрып жатқан қызым Ехоба куәгерлерімен Киелі кітап зерттеу сабағын бастады. Алайда Киелі кітаптың құлықтылыққа қатысты талаптарын жақтырмай, бұл қызды тастап, кездесіп жүрген басқа бір қыздың қасына көшіп кеттім.
Бірақ екінші қызым да Куәгерлермен зерттеу сабағын бастады! Бұл мен үшін шешуші кезең болды. Ол өмірінде өзгерістер жасап, анағұрлым жұмсақ әрі сабырлы бола түсті, бұған аң-таң болдым. Сөйтіп, Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайында өтетін кездесуге баруға келістім. Ол жерде өнегелі де мейірімді адамдарды кезіктірдім. Бұл мен білетін дүниеден мүлдем өзгеше еді! Отбасымда мені ешкім керек қылмағандықтан, балалық шағымда сүйіспеншілік пен мейірімділікке зәру болып өттім. Өмір бойы іздеген жылулықты Ехоба куәгерлерінің арасынан таптым. Куәгерлер Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынғанда, қуана келістім.
Киелі кітаптан білгендерім менің өмірімді сақтап қалды десем, артық болмас. Құмар ойындар ойнап, 50 000-нан аса долларға қарызға кірген едім. Осы қарыздан құтылу үшін, қасыма екі адам алып, бір жерді тонауды жоспарлап жүргенмін. Бұл істен бас тартқаныма қатты қуанамын! Өйткені әлгі екеуі тонауға барып, біреуі тұтқындалып, екіншісі оққа ұшты.
Киелі кітапты зерттеген сайын, өмірімде көп өзгерістер жасау керектігін түсіндім. Мысалы, Қорынттықтарға 1-хат 6:10-дағы “ұрылар, ашкөздер, маскүнемдер, өзгелерді балағаттайтындар, тонаушылар Құдай Патшалығын мұра етпейді” деген сөздерді оқығанымда, қаншалықты күнәға батқанымды түсініп, көзіме жас алдым. Содан өмірімде түбегейлі өзгерістер жасау керектігін ұқтым (Рим. 12:2). Өйткені мен қатыгез, бұзақы әрі өтірік айту қаныма сіңген адам едім.
Алайда мен Киелі кітаптан Ехобаның мейірімді де рақымды Құдай екенін де білдім (Ишая 1:18). Сондықтан Ехобаға қатты жалбарынып, бұрынғы өмір салтымнан арылуға көмектесуін сұрадым. Ехобаның көмегімен болмысымды біртіндеп өзгерте алдым. Уақыт өте келе, бірге тұрып жатқан әйелмен заңды некеге тұрдым. Бұл өмірімізде жасалған маңызды қадамдардың бірі болды.
Бүгінде мен Киелі кітап кеңестерін ұстанғанымның арқасында ғана жер басып жүрмін
Сол кезде жасым жиырма төртте және үш балам бар еді. Сондықтан маған заңды түрде жұмысқа орналасу керек болды. Бірақ арнайы білімім де, резюмем де жоқ болғандықтан, тағы да Ехобаға жалбарына дұға еттім. Сөйтіп, жұмыс іздеуге шықтым. Жұмыс берушілерге өмірімді өзгерткім әрі тұрақты жұмысқа орналасқым келетінін айттым. Кейде оларға Киелі кітап зерттейтінімді, жақсы адам болғым келетінін де айтатынмын. Дегенмен көптеген жұмыс берушілер мені жұмысқа алудан бас тартты. Ақырында, бір кездесу барысында өткен өмірімді толық баяндап берген соң, жұмыс беруші: “Неге екенін өзім де білмеймін, бірақ мен сені жұмысқа алғым келіп тұр”,— деді. Бұл менің дұғаларыма жауап болды деп ойлаймын. Уақыт өте келе әйелім екеуміз Ехоба куәгерлері ретінде шомылдыру рәсімінен өттік.
ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:
Бүгінде мен Киелі кітап кеңестерін ұстанып, мәсіхші ретінде өмір сүріп жатқанымның арқасында ғана жер басып жүрмін. Менің тамаша отбасым бар. Ехоба күнәларымды кешіргендіктен, ар-ұжданым таза.
Соңғы он төрт жыл бойы толық уақытты қызмет етіп, өзгелерге Киелі кітаппен танысуға көмектесіп жүрмін. Жақында әйелім де толық уақытты қызмет бастады. Отыз жылдың ішінде жиырма екі әріптесіме Ехоба Құдайға ғибадат ететіндердің қатарына қосылуға көмектестім. Мен әлі де сауда орталықтарына барып тұрамын. Бірақ бұл жолы адамдарды тонау үшін емес, өз сеніміммен бөлісу үшін барамын. Атап айтқанда, алаяқтардан тазартылған жаңа дүниеде өмір сүру үмітімен бөлісемін (Зәбүр 37:10, 11).