Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w15 15.3. 7—11 бет.
  • “Өйткені сенің қалауың осы еді”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Өйткені сенің қалауың осы еді”
  • 2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ШЫНДЫҚТЫҢ ҚЫР-СЫРЫН БАРЛЫҚ АДАМДАРҒА ТҮСІНІКТІ ЕТУ
  • КИЕЛІ КІТАП ҮЗІНДІЛЕРІНІҢ ҚАРАПАЙЫМ ӘРІ АНЫҚ ТҮСІНДІРІЛУІ
  • ИСАНЫҢ АСТАРЛЫ ӘҢГІМЕЛЕРІНІҢ ҚАРАПАЙЫМ ТҮСІНДІРІЛУІ
  • Ехобаның әділеттілікке деген көзқарасын ұстанасыз ба?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Жазасын алған зұлым патшайым
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Жеңілдетілген “Күзет мұнарасы” неліктен басып шығарылды?
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады”
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w15 15.3. 7—11 бет.
Иса уағыздан оралған 70 шәкіртінің әңгімесін күлімдеп тыңдауда, ал арт жағында парызшылдар мұны жақтырмай тұр

“Өйткені сенің қалауың осы еді”

“Сен бұларды данышпандар мен білімпаздардан мұқият жасырып, бала сияқты кішіпейіл адамдарға аштың” (ЛҰҚА 10:21).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

  • Ехоба тәлімнің қалай берілгенін қалайды және бұл қандай мысалдардан көрінеді?

  • Киелі кітап үзінділерін түсіндіру тәсіліміз қалай бірте-бірте өзгерді?

  • Қалай біз Исаның астарлы әңгімелерін анығырақ түсінетін болдық?

1. Не нәрсе Исаны қуанышқа кенелтті? (Осы беттегі суретті қара.)

“КИЕЛІ РУХ пен қуанышқа кенелген” Иса көзі жайнап, жадырай күліп отыр. Бұған не себеп болды екен? Ол 70 шәкіртін Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауға жіберген еді. Шәкірттерінің бұл тапсырманы қалай орындайтыны оны қатты қызықтырды. Себебі ізгі хабардың таралуына қарсыласып жүрген ақылгөй әрі білімдар дін мұғалімдері мен парызшылдар іспетті беделді адамдар көп болатын. Солардың әсеріне түскен жұрт Исаны бар болғаны ағаш ұстасы деп менсінбейтін. Шәкірттеріне де “арнайы білімі жоқ қарапайым адамдар” деп жоғарыдан қарайтын (Ел. іс. 4:13; Мар. 6:3). Сөйтсе де шәкірттері уағыздау қызметінен зор қуанышпен оралды. Олар өздеріне тапсырылған істі қарсылыққа, тіпті жын-перілердің қарсылығына қарамай орындады! Шәкірттерді қуантқан әрі оларға батылдық берген не болды екен? (Лұқа 10:1, 17—21 оқы).

2. а) Қай мағынада Исаның шәкірттері балаға ұқсайтын? ә) Исаның шәкірттері ненің арқасында маңызды шындықтарды түсінді?

2 Исаның Ехобаға айтқан сөздеріне көңіл бөлейікші: “Көк пен жердің Иесі — Әке, сені ел алдында мадақтаймын! Себебі сен бұларды данышпандар мен білімпаздардан жасырып, бала сияқты кішіпейіл адамдарға аштың. Иә, Әке, өйткені сенің қалауың осы еді” (Мат. 11:25, 26). Бұл сөздерден Исаның шәкірттеріне қатысты көзқарасын байқаймыз: олар білімді, өздерін данышпан санайтын адамдар сияқты емес, бала іспетті болған. Көңіл қоярлық бір жайт — Иса оларды әрқашан кішіпейіл әрі үйренуге дайын болуға шақырған (Мат. 18:1—4). Оларға кішіпейіл болғандарының пайдасы тиді ме? Иә, кішіпейіл болғандары үшін Ехоба оларға маңызды шындықтарды түсінуге көмектесті. Ал оларды менсінбей жүрген данышпан, ақылгөй адамдар Шайтанның ықпалының және өздерінің өркөкіректігінің кесірінен көздері соқыр болған күйі қалды.

3. Бұл мақалада не талқыланады?

3 Ендеше, Исаның неге қуанғанын түсінуге болады. Білім деңгейіне қарамай, Ехобаның кішіпейіл адамдарға шындықтың қыр-сырын ашқаны қуанышты жайт еді. Иә, Иса Әкесінің осындай адамдарға тәлім берілгенін қалайтынына қуанды. Ехоба өзгерді ме? Ол әлі де осыны қалай ма? Бұл сұрақтардың жауабын іздеу барысында біз де Иса сияқты қуанышқа бөленсек керек.

ШЫНДЫҚТЫҢ ҚЫР-СЫРЫН БАРЛЫҚ АДАМДАРҒА ТҮСІНІКТІ ЕТУ

4. Неге “Күзет мұнарасының” жеңілдетілген санын керемет сый деуге болады?

4 Соңғы жылдары Ехобаның ұйымында тәлімнің қарапайым әрі анық болуына ерекше мән беріледі. Үш мысалды қарастырып көрейік. Бірінші мысал: бүгінде “Күзет мұнарасының” жеңілдетілген саны шығадыa. Бұл басылым тіл не оқу жағынан қиналатын адамдар үшін керемет сый болды. Отағалары қазір балаларының мәліметті жақсы түсініп, талқылауға көбірек атсалысатынын байқапты. Біраз бауырластар хат жазып, алғыстарын да айтуда. Мысалы, бір әйел бауырлас қатты қысылатындықтан бұрын түсініктеме беруден тартыншақтайды екен. Ал қазір жағдай өзгерді. Өйткені ол “Күзет мұнарасының” жеңілдетілген санын қолданады. Бауырласымыз: “Енді мен бір емес, бірнеше рет жауап беретін болдым. Қорқынышым сейілді. Ехобаға және сендерге көп рақмет!”— деп алғысын білдірді.

5. Қайта қарастырылған “Жаңа дүние аудармасы” несімен ерекше?

5 Екінші мысал: 2013 жылдың 5 қазанында өткен жылдық жиында “Жаңа дүние аудармасының” қайта қарастырылған нұсқасы шыққаны хабарландыb. Бұл басылымда көптеген тармақтар ықшамдалған, бірақ мағынасы өзгермеген, қайта, анық бола түскен. Мысалы, Әйүп 10:1-де бұрын 27 сөз қолданылған болса, қазір 19 сөз бар. Ал Нақыл сөздер 8:6-да қолданылған 20 сөз 13 сөзге дейін ықшамдалған. Жаңа нұсқада бұл екі тармақты түсіну әлдеқайда жеңіл. Осы орайда, талай жылдан бері Ехобаға адал қызмет етіп жүрген бір майланған бауырлас: “Жаңа нұсқадан Әйүп кітабын оқып біткенім осы, мен бұл кітапты өмірімде бірінші рет түсінгендеймін!”— деді. Көптеген басқа бауырластар да осы іспетті лебіз білдіруде.

6. Матай 24:45—47 тармақтарды қазір анығырақ түсінетініміз саған қалай әсер етті?

6 Үшінші мысал: кейбір тармақтарға қатысты түсінігіміздің анықтала түсуі. 2013 жылдың 15 шілдесіндегі “Күзет мұнарасында” “адал да ақылды құлдың” кім екенін анығырақ түсіндіретін мақала жарияланды (Мат. 24:45—47). Мақалада адал құлдың Басқарушы кеңес мүшелерін білдіретіні, ал “үйдегі басқа құлдар”, майланған не “басқа қойлар” болсын, ас-суды ішіп-жейтін барлық адамдарды білдіретіні түсіндірілді (Жох. 10:16). Осындай шындықтарды біліп, жаңадан келгендерге үйрету — неткен ғанибет! Ехоба шындықтың қарапайым әрі анық етіп түсіндірілгенін қалайтыны тағы неден көрінеді?

КИЕЛІ КІТАП ҮЗІНДІЛЕРІНІҢ ҚАРАПАЙЫМ ӘРІ АНЫҚ ТҮСІНДІРІЛУІ

7, 8. Киелі кітаптағы пайғамбарлық мәні бар үзінділердің кейбірін мысалға келтір.

7 Талай жылдардан бері шындық жолында жүрген болсаң, әдебиеттерімізде Киелі кітап үзінділерін түсіндіру тәсілінің бірте-бірте өзгергенін байқаған шығарсың. Қандай өзгерістер болды? Бұрын үзінділердегі не нәрсе нені бейнелейтінін түсіндіру тәсілі жиі қолданылатын. Үзіндідегі оқиғаның өзі түпбейне, ал оның пайғамбарлық мәнінің жүзеге асуы бейне деп қарастырылатын. Бұлай етуге Жазбаларға негізделген себеп бар ма? Иә. Мысалы, Иса “Жүніс пайғамбардың белгісі” жөнінде айтқан (Матай 12:39, 40 оқы). Осылай ол Жүністің алып балықтың ішінде болуын өзі көрде болатын кезге қатысты пайғамбарлық екенін түсіндірген. Ехоба Жүністің өмірін сақтамағанда, балықтың асқазаны ол үшін көр болар еді.

8 Киелі кітапта пайғамбарлық мәні бар басқа да үзінділер жазылған. Елші Пауыл солардың біразын тілге тиек еткен. Мысалы, ол Ыбырайымның Ажар мен Сараға қатысты жасаған әрекетін Ехобаның Исраил халқына және өз ұйымының көктегі бөлігіне қатысты жасаған әрекетінің түпбейнесі ретінде қолданды (Ғал. 4:22—26). Сондай-ақ Мұса Заңында айтылған киелі шатыр, ғибадатхана, Күнә өтелетін күн, бас діни қызметкер сияқты басқа да жайттар “болашақ баталардың көлеңкесі болған” (Евр. 9:23—25; 10:1). Пайғамбарлық мәні бар осындай үзінділерді зерттеу қызықты әрі сенімді нығайтады. Олай болса, Киелі кітаптағы әрбір кейіпкер, оқиға, суреттелген жағдай біреудің не бір нәрсенің түпбейнесі болып табыла ма?

9. Набутай туралы оқиға бұрын қалай түсіндірілген еді?

9 Бұрын жиі осындай тәсіл қолданылатын. Мысал ретінде Набутай туралы оқиғаны алайық: Набутайдың жүзімдігін күйеуіне алып беру үшін зұлым патшайым Езабел оны әділетсіз соттатып, өлімге кестіреді (Пат. 1-ж. 21:1—16). 1932 жылы бұл үзінді пайғамбарлық мәні бар оқиға ретінде қарастырылды. Ахаб пен Езабел Шайтан мен оның ұйымының, Набутай Исаның, ал оның өлімі Исаның өлімге кесілуінің түпбейнесі деп түсіндірілді. Бірақ кейінірек 1961 жылы жарық көрген “Сенің есімің киелі тұтылсын” деген кітапта Набутай майланғандарды, ал Езабел мәсіхшілер әлемін бейнелейтіні айтылды. Сондықтан Езабелдің Набутайды қудалағаны соңғы күндерде майланғандардың қудаланғанын бейнелейді деген түйін жасалды. Киелі кітап үзінділерінің осылай түсіндірілгені талай жылдар бойы Құдай халқының сенімін нығайтып келді. Ендеше, тәлім беру тәсілі неге өзгерді?

10. а) Бүгінде ақылды құл Киелі кітап үзінділерін түсіндіруге неге аса сақтықпен қарауда? ә) Бүгінде әдебиеттерімізде не нәрсеге баса назар аударылады?

10 Жылдар бойы Ехоба “адал да ақылды құлдың” бұрынғыдан да ақылды болуына көмектесіп келеді. Осының арқасында олар Жазбаларға негізделген анық себеп болмаса, қандай да бір Киелі кітап үзіндісінің пайғамбарлық мәні бар деп қарастыруға анағұрлым сақтықпен қарайды. Оның үстіне, ертеректе түсіндірілген түпбейнелер мен бейнелер тым күрделі әрі көпшіліктің түсінуіне қиын еді. Үзіндінің ұсақ-түйектерін — кімнің кімді бейнелейтіні және неге олай екенін — үйлестіру, есте сақтау және өмірде қолдану оңай емес. Ал бұдан да маңыздысы — қарастырылып жатқан үзіндіден алатын өнегелік не өмірлік сабағымыз көмескіленіп кетуі немесе түпбейнелер мен бейнелерге тым көп көңіл бөлінгендіктен мүлдем назардан тыс қалуы ықтимал. Сондықтан бүгінгі күні әдебиеттерімізде Киелі кітап үзінділерінің оңай түсіндірілуіне, сондай-ақ сенім, табандылық, шын берілгендік сияқты маңызды қасиеттер дамытуға көмектесетін тәлімдік мәніне баса назар аударыладыc.

Ахаб патша жүзімдігінде жүрген Набутайға келе жатыр

Набутай бізге керемет үлгі қалдырған (11-абзацты қара)

11. а) Набутай туралы үзіндіні бүгінде біз қалай түсінеміз және неге оның үлгісі бәріміз үшін пайдалы? ә) Неге соңғы жылдары әдебиеттерімізде түпбейнелер мен бейнелерді түсіндіру тәсілі сирек қолданылады? (Осы сандағы “Оқырман сауалдары” айдарын қара.)

11 Олай болса, Набутай туралы оқиғаны бүгінде біз қалай түсінеміз? Бұл оқиғаның мәні анық әрі қарапайым: әділетті Набутай Исаны не майланғандарды бейнелегендіктен емес, мінсіздігінен тайғысы келмегендіктен өлді. Ол билігін асыра қолданғысы келген Ахаб патшаның қысымына қарамай, Ехобаның Заңын аттап кетпеді (Мұс. 4-ж. 36:7; Пат. 1-ж. 21:3). Сондықтан оның үлгісінің бәріміз үшін пайдасы бар, өйткені Набутай сияқты, кез келгеніміз қысым көруіміз мүмкін (Тімөтеге 2-хат 3:12 оқы). Сенімді нығайтатын мұндай мысалды барлық мәсіхшілер жақсы түсінеді, әрі есінде сақтап, өмірінде қолдана алады.

12. а) Киелі кітап үзінділеріне қатысты қандай тұжырым жасамаған дұрыс? ә) Шындықтың қыр-сырын түсіне алуымыздың себебі неде? (Сілтемені қара.)

12 Біз Киелі кітап үзінділері тек тәлімдік мәні бар, басқаша қолданылмайды деген тұжырым жасауымыз керек пе? Жоқ. Қазіргі таңда әдебиеттерімізде түпбейнелер мен бейнелерді түсіндіруден гөрі, белгілі бір Киелі кітап үзіндісінің басқа бір үзіндіні не оқиғаны есімізге салатынына көбірек мән беріледі. Мысалы, Набутайдың мінсіздігінен таймағаны үшін қудаланып, өлімге кесілгенін оқығанда, Иса Мәсіх пен майланғандардың мінсіздіктерінен таймағаны есімізге түседі. Бірақ аталмыш үзінді көптеген “басқа қойлардың” да сенім жолынан таймағанын есімізге салады. Ехобаның тәлім беру тәсілі өте қарапайым екені айдан анықd.

ИСАНЫҢ АСТАРЛЫ ӘҢГІМЕЛЕРІНІҢ ҚАРАПАЙЫМ ТҮСІНДІРІЛУІ

13. Исаның астарлы әңгімелері анағұрлым қарапайым әрі анық етіп түсіндіріліп жүр ме? Мысал келтір.

13 Жер бетінде Иса Мәсіхтен асқан Ұстаз болмаған. Оның жақсы көретін тәлім беру тәсілдерінің бірі мысалдар, не астарлы әңгімелер айту еді (Мат. 13:34). Астарлы әңгіме әдетте адамның қиялына қанат бітіреді әрі жүрекке жетеді. Бүгінде Исаның астарлы әңгімелері де анағұрлым қарапайым әрі анық етіп түсіндіріле ме? Бұған еш күмән жоқ! Мысалы, “Күзет мұнарасының” 2008 жылғы 15 шілдедегі санында Исаның ашытқы, қыша дәні, теңізге тасталған ау туралы астарлы әңгімелері анығырақ түсіндірілді. Қазір біз бұл әңгімелердің Құдай Патшалығына, сондай-ақ Патшалықтың арқасында көптеген адамның зұлым заманнан шығып, Исаның шәкірті болып жатқанына қатысты екенін жақсы түсінеміз.

14. а) Кезінде қайырымды самариялық туралы астарлы әңгіме қалай түсіндірілді? ә) Қазір біз бұл әңгімені қалай түсінеміз?

14 Ал Исаның егжей-тегжейлі айтқан астарлы әңгімелері жөнінде не деуге болады? Әрине, олардың кейбірінің пайғамбарлық, ал өзге бірінің тәлімдік мәні бар. Бірақ қай әңгіменің қандай мәні бар? Бұл жыл өткен сайын бірте-бірте анықталып келеді. Мысалы, қайырымды самариялық туралы әңгіменің кезінде қалай түсіндірілгенін қарастырып көрейік (Лұқа 10:30—37). 1924 жылы “Күзет мұнарасында” былай түсіндірілді: самариялық кісі Исаны бейнелейді; Иерусалимнен Иерихонға қарай ылдилайтын жол адам баласының Едем бағындағы бүліктен кейінгі құлдырауын суреттейді; жолдағы қарақшылар алпауыт корпорациялар мен пайдақұмар адамдарды, ал діни қызметкер мен леуілік болса мәсіхшілер әлемін бейнелейді. Ал қазіргі таңда біздің әдебиеттерімізде бұл әңгіме мұқтаждық көріп жүргендерге, әсіресе рухани аш адамдарға көмектескенде, мәсіхшілер ешкімді алаламау керектігін есімізге салу үшін қолданылады. Ехобаның шындықты анағұрлым анық еткені бізді қуанышқа бөлейді емес пе?

15. Келесі мақалада не талқыланады?

15 Келесі мақалада Исаның он қыз туралы астарлы әңгімесін қарастырамыз (Мат. 25:1—13). Иса соңғы күндері өмір сүретін шәкірттерінің бұл әңгімені қалай түсінгенін қалады: әрбір адам, зат және жайттың бейнелі мағынасы бар егжей-тегжейлі пайғамбарлық ретінде ме? Әлде соңғы күндерге берілген тәлімдік мәні бар басшылық ретінде ме? Мұны келесі мақаладан білеміз.

a “Күзет мұнарасының” жеңілдетілген саны алғаш рет 2011 жылдың шілде айында ағылшын тілінде жарық көрді. Содан бері бұл басылым тағы бірнеше тілде шыға бастады.

b Қазақ тіліндегі “Жаңа дүние аудармасы” аталмыш қайта қарастырылған нұсқадан тәржімеленген. Бұл нұсқа басқа тілдерде де қолжетімді болу үшін, қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

c Мысалы, “Күзет мұнарасының” таратуға арналған санында шығып тұратын “Олардың сенімдерін үлгі етейік” атты айдарда Киелі кітап кейіпкерлерінің біразының үлгісі қарастырылады. Бұл мақалаларда үзінділердің пайғамбарлық емес, тәлімдік мәніне көбірек назар аударылады.

d Құдай Сөзінде, Пауылдың хаттарының кей тұстарын қоса алғанда, “түсінуге қиын жерлер де” бар болып көрінуі мүмкін. Бірақ Киелі кітапты жазғандардың бәрі оны киелі рухтың жетелеуімен жазған. Бүгінде дәл сол рух “тіпті Құдайдың терең даналығын” анағұрлым қарапайым әрі анық етіп, түсінуді жеңілдетіп отыр (Пет. 2-х. 3:16, 17; Қор. 1-х. 2:10).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу