ОҚЫРМАН САУАЛДАРЫ
Пасха мейрамын Киелі кітап құптай ма?
“Британ энциклопедиясында” берілген түсіндірмеге сай, пасха мәсіхшілер шіркеуінің негізгі мейрамы болып табылады және оны Иса пайғамбардың қайта тірілуін атап өту үшін тойлайды. Бірақ Иса пайғамбардың ізбасарлары бұл мейрамды тойлау керек пе?
Табылған қандай да бір археологиялық ескерткіштің шынайылығына көз жеткізу үшін оған қатысты кез келген жайтқа мән берген жөн. Сол сияқты пасха мейрамын Иса пайғамбардың ізбасарлары тойлау керек пе, жоқ па — соны анықтау үшін, бұл мейрамды жан-жақты қарастырғанымыз аса маңызды.
Бір көңіл қоярлық жайт — Иса пайғамбар ізбасарларына өзінің қайта тірілуін емес, өлімін еске алуды өсиет еткен. Оның Пауыл есімді ізбасары бұл айтулы оқиғаны “Иеміздің кешкі асы” деп атаған (Қорынттықтарға 1-хат 11:20; Лұқа 22:19, 20).
Сондай-ақ “Британ энциклопедиясының” түсіндіруі бойынша, пасхамен байланысты көптеген жора-жоралғылардың Иса пайғамбардың қайта тірілуіне қатысы шамалы. Олар түрлі халықтардың салт-дәстүрінен бастау алған. Мысалы, “Дін туралы энциклопедияда” пасханың жұмыртқа мен қоян сияқты көпке белгілі рәміздері жайлы былай делінген: “Жұмыртқа сыртқы өлі қабығын жарып шыққан жаңа өмірді бейнелейді. Ал қоян өте жылдам көбейетін жануар ретінде белгілі болғандықтан, көктемнің келуін бейнелейтін”.
Орта ғасыр әдебиетін зерттейтін профессор Филипп Уолтер осындай жоралардың пасха мейрамына қалай еніп кеткенін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл пұтқа табынатын халықтар мәсіхшілікке бет бұра бастағанда орын алған. Сол кездері өзге халықтардың қыста өлген тіршіліктің көктемде қайта жандануына қатысты мейрамдары мен Исаның қайта тірілуімен байланысты мейрамның арасындағы ұқсастықты байқау оңай еді. Мұндай қадам “мәсіхшілердің еске алу мейрамдарын” пұтқа табынушылардың күнтізбесіне енгізуде басты рөл атқарып, олардың мәсіхшілікті жаппай қабылдауына жол ашты.
Өзге халықтарды осындай жолмен мәсіхшілікке тарту І ғасырда өмір сүрген елшілердің, яғни Иса пайғамбардың жолын қуған шәкірттердің, көзі тірісінде еш орын алмаған еді, өйткені елшілер пұтқа табынушылыққа тосқауыл болған “күш” іспетті еді (Салоникалықтарға 2-хат 2:7). Елші Пауыл өзі дүниеден өткен соң, “шәкірттерді өздерімен әкету үшін... жалған ілімдерді тарататындар шығады” деп ескерткен (Елшілердің істері 20:29, 30). Ал бірінші ғасырдың соңында елші Жохан кейбір ер кісілердің сол кездің өзінде мәсіхшілерді адастыра бастағанын жазған (Жоханның 1-хаты 2:18, 26). Осылайша пұтқа табынатын халықтардың әдет-ғұрыптарының мәсіхшілікке енуіне жол ашылды.
“Сенбейтіндермен бір мойынтұрықты кимеңдер” (Қорынттықтарға 2-хат 6:14).
Алайда кейбіреулер пасха мейрамында өзге халықтардан шыққан жоралардың жасалуынан еш ағаттық көрмейді. Олардың ойынша, бұл, қайта, пұтқа табынған халықтарға Иса пайғамбардың қайта тірілуінің мәнін жақсырақ түсінуге көмектескен. Бірақ елші Пауыл мұнымен еш келіспес еді. Бүкіл Рим империясын аралаған ол пұтқа табынушылардың көптеген жораларымен бетпе-бет кезіксе де, Иса пайғамбардың рөлін жақсырақ түсіндіру үшін олардың ешқайсысына жүгінбеген. Қайта, ол мәсіхшілерді мынаған шақырған: “Сенбейтіндермен бір мойынтұрықты кимеңдер. Әділдік пен заңсыздық арасында қандай байланыс бар? Жарық пен қараңғылық арасында ортақ не бар? “Сондықтан олардың арасынан шығып, бөлек тұрыңдар, бұдан былай арам нәрсеге жоламаңдар” (Қорынттықтарға 2-хат 6:14, 17).
Пасха мейрамына қатысты жайттарды қарастырғаннан кейін, қандай қорытынды жасауымызға болады? Бұл мейрамды Киелі кітаптың еш құптамайтыны әрі Иса пайғамбардың шынайы ізбасарлары оны тойламау керектігі анық.