ӨМІРБАЯН
Патшалық қызметімдегі елеулі жайттар
1947 жылы Ел-Сальвадордағы Санта-Ана қаласында католик шіркеуінің қызметшілері Куәгерлерге кедергі жасауға тырысты. Бауырластар әдеттегідей “Күзет мұнарасын” талқылап жатқан еді. Кенет бір топ бала миссионерлер үйінің ашық тұрған есігінен ішке қарай тас лақтыра бастады. Артынша шіркеу қызметшісі бастаған шеру келіп жетті. Біреулері қолдарына алау ұстаса, өзгелері мүсіндер ұстап алыпты. Олар екі сағат бойы ғимаратқа тас лақтырып, “[Әулие Мәриям] Пәк қыз жасасын!” және “Ехоба өлсін!” деп ұрандаумен болды. Сондағы мақсаттары — миссионерлерді қорқытып, қаладан кетіру. Мен олардың ниетін жақсы білдім, өйткені сол кездесуде отырған миссионерлердің бірі мен едім. Бұл оқиға 67 жыл бұрын орын алған болатынa.
ОСЫ ОҚИҒАДАН екі жыл бұрын миссионерлік қызметтегі серіктесім Евелин Траберт екеуміз Итакада (Нью-Йорк штаты) өткен “Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебін” бітірген едік. Содан екеуміз Санта-Ана қаласына тағайындалдық. 29 жылға созылған миссионерлік қызметім жайлы әңгімемді жалғастырмас бұрын, бұл іске неліктен кіріскенімді түсіндірейін.
РУХАНИ МҰРАМ
Мен 1923 жылы дүниеге келдім. Ата-анам Джон мен Ева Олсэн сол кезде Спокан қаласында (Вашингтон штаты, АҚШ) тұрып жатты. Олар лютеран болса да, тозақ оты туралы ілімді қабыл алмайтын. Себебі бұл ілім сүйіспеншілік Құдайына деген сенімдерімен еш үйлеспейтін еді (Жох. 1-х. 4:8). Әкем наубайханада жұмыс істейтін. Бір күні кешке әріптесі оған Киелі кітап тозақ отына үйретпейтінін түсіндіреді. Содан көп ұзамай ата-анам Ехоба куәгерлерімен зерттеу сабағын бастап, Киелі кітаптың өлім жайлы шын мәнінде неге үйрететінін білді.
Әлі есімде, ата-анамның қуанышы қойындарына сыймай, Киелі кітаптан білген шындықтары жайлы жиі әңгімелесетін. Құдайдың есімі Ехоба екенін және Үштік жалған ілім екенін білгендері де оларға қатты әсер етті. Сол кезде мен 9 жаста едім. Киелі кітаптың тамаша ілімдерін, “азат ететін шындықтарын”, мен де бойыма сорғыштай сіңіре бастадым (Жох. 8:32). Киелі кітапты зерттеу мені еш жалықтырған емес, қайта, Құдай Сөзін оқып, ой жүгірту маған қатты ұнайтын. Ұялшақ болсам да, ата-анаммен уағыздау ісіне қатысып жүрдім. Олар 1934 жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Ал 1939 жылы 16 жасымда мен де Ехобаның қызметшісі болдым.
1941 жыл, ата-анаммен бірге Миссуридегі Сент-Луис қаласында өткен конгресте
1940 жылдың жазында біз үйімізді сатып, Кер-д’Аленге (Айдахо штаты) көштік. Содан үшеуміз де толық уақытты ізашарлық қызметке кірістік. Көлік жөндейтін бір үйдің жоғарғы қабатынан пәтер жалдап тұрдық. Пәтерімізде кездесулер өткізілетін. Сол уақытта бірнеше қауым ғана кездесулерін Патшалық сарайында, ал қалғандары жеке үйлерде не жалдамалы пәтерлерде өткізіп жүрді.
1941 жылы ата-анаммен Сент-Луис қаласында (Миссури штаты) өтетін конгреске бардым. Жексенбі күні “Балалар күні” болғандықтан, 5—18 жас аралығындағы балалар алдыңғы қатарларда отырды. Джозеф Рутерфорд өзінің соңғы баяндамасында бізге қарап: “Құдай мен оның Патшасына мойынсұнуды шешкен балалар, орындарыңнан тұрыңдаршы!”— деді. Бәріміз тұрдық. Сонда Рутерфорд бауырлас: “Қараңдаршы, 15 000-нан асатын мына балалар Патшалықтың болашақ куәгерлері ғой!”— деп жар салды. Сол бір сәт өмір бойы ізашар болу шешімімді нығайтқан еді.
ОТБАСЫМЫЗҒА БЕРІЛГЕН ТАПСЫРМА
Сент-Луистегі конгрестен бірнеше ай өткеннен кейін, отбасымыз Калифорнияның оңтүстігіндегі Окснард қаласына көшті. Алған тапсырмамыз қауымның құрылуына үлес қосу еді. Біз көлікке тиелген шағын вагонда тұрдық, онда бір ғана төсек бар еді. Бұрын жеке жатын бөлмемде ұйықтасам, енді ас ішетін үстелдің үстінде ұйықтайтын болдым.
Калифорнияға келуіміздің алдында, 1941 жылдың 7 желтоқсанында, жапондықтар Гавайи аралындағы Перл-Харборға шабуыл жасаған болатын. Келесі күні Құрама Штаттар Екінші дүниежүзілік соғысқа араласып кетті. Қала басшылары түнде шам жағуға тыйым салды. Себебі Калифорния жағалауында Жапонияның суасты кемелері жүзіп жүретін. Олар құрлық жақтан атуға нысана таба алмау үшін, үкімет осындай шара қолданды.
Бірнеше айдан соң, 1942 жылдың қыркүйегінде, біз Кливлендте (Огайо штаты) өткен “Жаңа дүние теократиялық конгресіне” бардық. Нейтан Норр бауырлас “Тыныштық ұзаққа созыла ма?” деген баяндама айтты. Ол Аян кітабының 17-тарауын талқылай келе, “бұрын болған, қазір жоқ, бірақ таяуда тұңғиықтан шығатын” “жыртқыш аңға” көңіл бөлді (Аян 17:8, 11). Норр бауырлас “жыртқыш аңның” өз қызметін 1939 жылы тоқтатқан Ұлттар Лигасы екенін түсіндірді. Киелі кітап пайғамбарлығы бойынша, Ұлттар Лигасының орнына басқасы пайда болып, біршама тыныштық орнайтын кез келу керек еді. Содан пайғамбарлық орындалып, 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Кейін “жыртқыш аң” Біріккен Ұлттар Ұйымы ретінде пайда болды. Ехоба куәгерлері дүниежүзілік уағыздау ісінің аясын кеңейтті. Содан бері зор өсім болуда.
Ғалақад дипломым
Осы пайғамбарлықтың орындалуы маған алдағы уақытты көруге көмектесті. Келесі жылы Ғалақад мектебі ашылатынын хабарлағанда, миссионерлік қызметті армандай бастадым. 1943 жылы мен Портленд қаласына (Орегон штаты) ізашар ретінде қызмет етуге тағайындалдым. Ол кездері біз үй иесіне фонографтан уағыз тыңдатып, соңынан Құдай Патшалығы жайлы әдебиет беретінбіз. Менің миссионерлік қызмет жайлы ойламаған бірде-бір күнім болған жоқ.
Зор қуанышымызға орай, 1944 жылы құрбым Евелин Траберт екеуміз Ғалақад мектебіне шақырылдық. Бес ай бойы оқытушылар бізге Киелі кітапты ықыласпен зерттеуді үйретті. Олардың кішіпейілділігі бізге қатты әсер етті. Сол бауырластар кейде ас ішу кезінде бізге даяшы ретінде қызмет көрсететін. Мектепті 1945 жылы 22 қаңтарда бітіріп шықтық.
МИССИОНЕРЛІК ҚЫЗМЕТІМ
Евелин екеуміз және Лео мен Естер Маан Ел-Сальвадорға 1946 жылдың маусым айында келдік. “Егіндік пісіп, жинауға дайын тұр” еді (Жох. 4:35). Бірнеше айдан кейін біз Санта-Анада аудандық конгресті өткіздік. Алғашқы конгресімізге жергілікті тұрғындарды шақырып едік, қуанышымызға орай 500-ге жуық адам келді. Уағыз ісіміз дінбасыларының ашуына тигені сонша, олар жоғарыда айтылғандай, адамдарды бізге қарсы арандатты. Біз қорқып, қаладан кетіп қалған жоқпыз. Қайта, сонда қалып, ақжүректі адамдарға бұрынғыдан да зор құлшыныспен көмектесе бердік. Дінбасылары жұртты Киелі кітапты оқымауға үгіттеп жүрді. Сол кездері Киелі кітапты сатып алуға көпшіліктің қалтасы көтермейтін. Соған қарамастан көп адам шындықты білгісі келді. Олар біздің испан тілін үйреніп, Ехоба Құдай жайлы, оның жер бетін жұмаққа айналдыру уәдесі жайлы айтып жүргенімізге дән риза еді.
Ғалақадты бітіріп, Ел-Сальвадорға тағайындалған бесеуміз. Солдан оңға қарай: Евелин Траберт, Милли Брашер, Естер Маан, мен, Лео Маан
Роса Асенсио — Киелі кітапты зерттеген алғашқы адамдарымның бірі. Ол зерттеу сабағын бастағаннан көп ұзамай-ақ некесіз тұрып жатқан ер адамнан бөлек тұратын болды. Артынша ол кісі де Киелі кітапты зерттей бастады. Кейінірек олар некеге тұрып, шомылдыру рәсімінен өтіп, құлшынысты Ехоба куәгерлері болды. Роса — Санта-Анадағы ең бірінші ізашарb.
Росаның шағын азық-түлік дүкені бар болатын. Ол Ехобаның қажетті нәрселерді беретініне сенімді болғандықтан, дүкенін жауып, қызметке кететін. Бірнеше сағаттан кейін қайтып келіп, дүкенін ашқанда, сатып алушылар жапырылып келетін. Роса — Матай 6:33-тегі сөздердің растығына көз жеткізген адам. Ол өмірінің соңына дейін адалдығын сақтады.
Бірде жергілікті діни қызметкер алты миссионер болып тұрып жатқан пәтеріміздің иесіне келіп, бізді үйден шығаруын талап етті. Олай істемесе, әйелі екеуін шіркеуден аластатамыз деп қорқытпақ болды. Қожайын беделді іскер адам болатын. Ол онсыз да дінбасылардың істерінен жеркеніп жүрген еді. Сондықтан қоқан-лоқыдан қорықпағаны былай тұрсын, ол тіпті шіркеуден аластатылуға қарсы болмады. Содан соң бізге өз ниетін білдіріп, пәтерде қалаған уақытымызға дейін тұра алатынымызды айтты.
ЕЛДІҢ СЫЙЛЫ АЗАМАТЫ КУӘГЕР БОЛДЫ
1955 жылы филиалдың соғылуы
Елдің астанасы Сан-Сальвадорда басқа миссионер Балтасар Перла есімді бір инженердің әйелімен Киелі кітапты зерттеп жүрді. Оның күйеуі жақсы адам болатын. Бірақ ол дінбасылардың екіжүзділігін көріп, Құдайға сенуден қалған екен. Шындықта болмаса да, Балтасар Перла филиал ғимаратының дизайнын жасауға және құрылыс жұмыстарына тегін көмегін ұсынды.
Құрылыс жұмыстарына қатысқанда, Балтасар Перла Куәгерлермен араласып, шынайы дінді тапқанына көзі жетті. Содан 1955 жылдың 22 шілдесінде өзі де, көп ұзамай әйелі Паулина да шомылдыру рәсімінен өтті. Олардың екі баласы да Ехобаға адал қызмет етуді таңдады. Ұлдары Балтасар 49 жыл бойы Бруклиндегі Бетелде қызмет етіп, қарқындап жатқан дүниежүзілік уағыздау ісін қолдауда. Қазір ол — Құрама Штаттарындағы филиал комитетінің мүшесіc.
Сан-Сальвадор қаласында конгрестер өткізілетін болғанда, Балтасар Перла бауырлас спорт кешенінің үлкен бір залын жалға алуымызға көмектесті. Алғашында біз залдың бірнеше секторында ғана отыратынбыз. Ехобаның батасымен жыл сайын санымыз көбейіп, бүкіл зал лық толып, тіпті сыймай да қалатын болдық. Сол жиындарда мен Киелі кітапты зерттеген адамдарыммен кездесетінмін. Сонда олар өздері Киелі кітапты зерттеген адамдармен, яғни шомылдыру рәсімінен өткен рухани немерелеріммен таныстырғанда, көңілім толқып кететін.
Френц бауырластың конгресте миссионерлермен кездесуі
Бірде конгресте қасыма бір ер бауырлас келіп, кешірім сұрағысы келетінін айтты. Бірақ мен оны танымағандықтан, неліктен кешірім сұрағалы жатқанын түсінбедім. Сонда ол маған: “Санта-Анада тас лақтырған балалардың бірі мен едім”,— деді. Қазір ол Ехобаға қызмет етіп жүр екен. Мұны естіп, риза болдым. Осы жағдайдан толық уақытты қызметтің таңдауға тұратын теңдесі жоқ іс екеніне көзім жетті.
Ел-Сальвадорда өткен алғашқы аудандық конгресс
ШЕШІМДЕРІМЕ ЕШ ӨКІНБЕЙМІН
Мен 29 жылдай Ел-Сальвадордың түрлі қаласында миссионер ретінде қызмет еттім. Алғашында Санта-Ана қаласында, кейін Сонсонатеде, Санта-Теклада, ал соңында Сан-Сальвадорда қызмет еттім. Көп дұға етіп, бәрін салмақтап-саралаған соң, 1975 жылы қызметімді тоқтатып, қарт ата-анама күтім жасау үшін Спокан қаласына оралдым.
1979 жылы әкем қайтыс болған соң, күннен-күнге әлсіреп жатқан анама қарадым. Ол сегіз жылдан соң, 94 жасында көз жұмды. Осынау қиын уақыттарда мен тәндік жағынан да, эмоциялық жағынан да қатты қалжыраған едім. Содан белдемшелік теміреткі ауруына шалдығып, қатты қиналдым. Дұға етудің және Ехобаның сүйіспеншілікпен қолдау көрсеткенінің арқасында осы қиын кезеңде табанды болып қалдым. Иә, Ехоба: “Қартайған кездеріңде де,.. көтеріп жүремін, құтқарамын”,— деген уәдесіне сай әрекет етті (Ишая 46:4 ЖД).
1990 жылы Вашингтондағы Омак қаласына көштім. Сол жерде испан тіліндегі танапқа көмегім тиді, Киелі кітапты зерттеген адамдарымның бірнешеуі шомылдыру рәсімінен өтті. Сол қаладағы жер үйіме күтім жасай алмағандықтан, 2007 жылдың қарашасында Челанға (Вашингтон) жақын маңдағы бір пәтерге көштім. Ондағы испан тіліндегі қауым маған қамқорлық жасап келеді. Бұл үшін мен оларға дән ризамын. Қауымда жалғыз қария болғандықтан, бауырластар мені өздерінің әжесі етіп алған.
Толық уақытты қызметті алаңсыз атқару үшін, тұрмыс құрмауды шешсем де, көптеген рухани балам бар (Қор. 1-х. 7:34, 35). Қазіргі өмірде қалаған нәрселердің бәріне ие болу мүмкін емес деп ойлаймын. Сондықтан ең маңызды нәрсені — Ехобаға бар жүрегіммен қызмет етуді — бірінші орынға қоюды шештім. Ал жаңа дүниеде қалаған істердің бәрімен айналысуға уақыт жетіп-артылатын болады. Менің ең жақсы көретін тармағым Забур 144:16, онда Ехобаның “мархабатпен барлығын тойындыратыны” айтылған.
Ізашарлық қызмет маған белсенді болып қалуға көмектесуде
Қазір жасым 91-де. Денсаулығым біршама жақсы болғандықтан, ізашарлық қызметімді жалғастырудамын. Бұл қызмет маған белсенді әрі мағыналы өмір сүруге көмектеседі. Ел-Сальвадорға алғаш келгенімде, онда уағыз ісі енді басталған болатын. Шайтанның қатты қарсылығына қарамастан қазір елде 39 000-нан аса жариялаушы бар. Бұл менің сенімімді одан бетер нығайтады. Ехоба өз халқының іс-әрекетін киелі рухымен қолдап жатқаны анық!
a 1981 жылғы “Ехоба куәгерлерінің жылнамасының” (ағ.) 45,46 -беттерін қара.
b 1981 жылғы “Жылнама” (ағ.), 41, 42-беттер.
c 1981 жылғы “Жылнама” (ағ.) 66, 67, 74, 75-беттер.