НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ СІЗ ҮШІН НЕ ІСТЕЙДІ?
Құдай Патшалығы Иса үшін маңызды болған
Жердегі қызметі кезінде Иса пайғамбар дұға ету, Құдайға ұнамды болу, шынайы бақытты табу сияқты көп тақырыпты қозғаған (Матай 6:5—13; Марқа 12:17; Лұқа 11:28). Алайда бәрінен де жиі қозғаған ең сүйікті тақырыбы Құдай Патшалығы болатын (Лұқа 6:45).
Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Иса үшін ең басты іс “Құдай патшалығы туралы ізгі хабарды жариялау” болған (Лұқа 8:1). Ол адамдарға Құдай Патшалығы туралы үйрету үшін, бүкіл Исраил елін аралап, жүздеген шақырым жол жүріп, аянбай еңбек еткен. Бұл жайлы Інжілден оқуға болады. Інжілде Патшалыққа сілтеген жүзден аса жазба орны бар. Солардың көбісі — Исаның айтқан сөздері. Ал бұл сөздер Исаның Құдай Патшалығы туралы айтқандарының шамалысы ғана (Жохан 21:25).
Патшалық Иса пайғамбар үшін неліктен соншалықты маңызды болған? Себебі ол өзінің Құдай Патшалығының Патшасы етіп тағайындалғанын білген (Ишая 9:6; Лұқа 22:28—30). Бірақ Исаның көздегені атақ-даңқ пен билік емес еді (Матай 11:29; Марқа 10:17, 18). Патшалыққа айрықша мән беруіне өз мүддесінен әлдеқайда маңызды жайт себеп болды: Ол осы Патшалық арқылы сүйікті көктегі Әкесі мен адал ізбасарлары үшін не істейтінін жақсы білген. Ол мұны қазір де жақсы біледіa.
ПАТШАЛЫҚ ИСАНЫҢ ӘКЕСІ ҮШІН НЕ ІСТЕЙДІ?
Иса көктегі Әкесін қатты жақсы көреді (Нақыл сөздер 8:30; Жохан 14:31). Әкесінің сүйіспеншілік, жанашырлық, әділдік сияқты тартымды қасиеттеріне тамсанады (Заңды қайталау 32:4; Ишая 49:15; Жоханның 1-хаты 4:8). Сондықтан Әкесіне қатысты айтылып жатқан жалған сөздерді, мысалы “ол адамзаттың қайғы-қасіретіне немқұрайды қарайды”, “қайғы-қасірет оның бізге жіберген жазасы” деген өтіріктерді жаны жаратпайды. Ол Патшалықтың осындай өтіріктерді жоққа шығарып, Әкесінің есімін ақтайтынын біледі. Сондықтан да ол “Патшалық туралы ізгі хабарды” құлшына жариялаған (Матай 4:23; 6:9, 10). Патшалық Құдай есімін қалай ақтайды?
Патшалық арқылы Ехоба адамзаттың игілігі үшін түбегейлі өзгерістер жасайды. Ол әділ адамдардың “көздеріндегі әрбір жасты сүртіп тастайды”. Көз жасқа себеп болып отырған жайттарды жойғанда, “қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:3, 4). Иә, Құдай адамзаттың барлық қайғы-қасіретін біржолата құртадыb.
Иса Патшалық жайлы адамдарға бар ықыласымен уағыздағаны бізді таңғалдырмайды. Өйткені ол бұл хабар Әкесінің зор қамқорлығын және құдіретін көрсететінін білген (Жақып 5:11). Сондай-ақ Иса Құдай Патшалығы адал адамдарға игілік әкелетінін білген.
ПАТШАЛЫҚ АДАЛ АДАМДАР ҮШІН НЕ ІСТЕЙДІ?
Жерге келерінен ұзақ уақыт бұрын Иса көкте Әкесімен бірге өмір сүрген. Әкесі Ұлы арқылы тіршілік атаулыны — таңғажайып ғалам мен ондағы сансыз жұлдыздарды, көгілдір жер шары мен оны мекендейтін сан алуан тіршілік иелерін — жаратқан (Қолостықтарға 1:15, 16). Ал адам баласы жаратылғанда, Иса оны “ерекше жақсы көрген” (Нақыл сөздер 8:31 ЖД).
Исаның адамдарға деген сүйіспеншілігі жердегі қызметі кезінде қатты байқалған. Қызметінің басынан-ақ ол мұқтаж адамдарға “ізгі хабарды жариялауға” келгенін ашық айтқан болатын (Лұқа 4:18). Бірақ ол адамдарға көмектесу керектігін айтып қана қойған жоқ, іс-жүзінде сүйіспеншілік танытумен болды. Мысалы, сөзін тыңдау үшін қасына жиналған қалың жұртты көргенде, “оларды аяп кетіп, араларындағы ауруларды сауықтырды” (Матай 14:14). Ал жұқпалы дертінен қатты азап шеккен бір кісі Исаға келіп: “Ием, қаласаңыз болғаны, мені айықтырып тазарта аласыз”,— деп сенім білдіргенде, Исаның іші-бауыры елжіреп: “Қалаймын, айығып тазар!”— деді де, оны сауықтырып жіберді (Лұқа 5:12, 13). Ағасы Елазардың қазасына қатты қайғырған досы Мәриямды көргенде, Иса “іштей күңіреніп, толқып кетті”, тіпті “көзіне жас алды” (Жохан 11:32—36). Сосын өлгеніне төрт күн болған Елазарды өмірге қайтарып, сонда тұрған жұртты таңғалдырды (Жохан 11:38—44).
Әрине, Иса бұл кереметтердің әсері уақытша екенін түсінген. Өйткені сауыққан адамдар ертелі-кеш қайтадан ауыратын, ал қайта тірілгендер бәрібір өлетін еді. Алайда мұндай қиындықтарды Құдай Патшалығы ғана біржолата шешетінін ол жақсы білген. Сондықтан ол кереметтер жасап қана қоймай, “Патшалық туралы ізгі хабарды” ынты-шынтысымен жариялаған (Матай 9:35). Ал оның кереметтері Құдай Патшалығының болашақта бүкіл жержүзінде жасайтын істерінің шағын көрінісі ғана болды. Қазір болашақта орындалатын Киелі кітап уәделерін қарастырайық.
Ауру-сырқау болмайды.
“Соқырдың көзі ашылып, көре алады, саңыраудың құлағы ашылып, ести алады. Ақсақ адам енді бұғыдай секіріп, сөйлей алмаған мылқау қуана айқайлайды”. “Ешкім: — Мен науқаспын,— демейтін болады” (Ишая 33:24 ЖД; 35:5, 6).
Өлім болмайды.
“Әділдер жерді мұра етеді, Онда мәңгі бақи өмір сүреді” (Забур 37:29 ЖД).
“Өлімді біржола жоқ қылады, Әлемнің Әміршісі Ехоба барлық көз жасты сүртеді” (Ишая 25:8 ЖД).
Өлгендер өмірге қайта оралады.
“Қабірдегілердің бәрі оның даусын еститін уақыт келе жатыр, сонда олар қабірден шығады” (Жохан 5:28, 29).
“Өлген адамдарың қайтадан өмір сүреді” (Ишая 26:19).
Баспана мен жұмыс мәселесі шешіледі.
“Халқым үй салса, сонда өзі тұратын, жүзімдік отырғызса, соның жемісін өзі жейтін болады. Енді қайтып олардың үйлерін бөтен кісілер иемденіп тұрмайды, жүзімдіктерінің жемісін де жаулары жемейді... жұмыстарының өнімдерін ұзақ уақыт пайдаланып, бейнеттерінің зейнетін көреді” (Ишая 65:21, 22).
Соғыстар тоқтайды.
“Дүниедегі соғыстарды тоқтатады” (Забур 45:10).
“Халықтар енді қайтып ешқашан бір-біріне қарсы қару көтермейді, олар соғысуды тіптен үйренбейді” (Ишая 2:4).
Азық-түлік мол болады.
“Сонда жердің топырағы бізге өнімін сыйлар, Һәм Құдай, сиынған Құдайымыз, бізді жарылқар” (Забур 66:7).
“Жер бетіне астық мол шығады, таулардың басында да ағыл-тегіл болады (Забур 72:16 ЖД).
Ешкім таршылық көрмейді.
“Ал мұқтаж жан біржола ұмытылып кетпейді” (Забур 9:19).
“Патша құтқарады жалынған мұқтажды және қолдаушысы жоқ қаналғанды, ол әлсіз бен кедейді қамқорлайды, оларды ажалдан аман сақтайды” (Забур 71:12, 13).
Құдай Патшалығы жүзеге асыратын осы уәделерді оқи отырып, Иса үшін Патшалықтың неліктен сонша маңызды болғанын түсінген боларсыз. Жерде болғанда ол тыңдағысы келген адамдардың бәріне Құдай Патшалығы жайлы көп айтқан. Өйткені ол жанымызға батып жүрген қиындықтардың бәрін сол Патшалық шешетінін білген.
Киелі кітаптағы Патшалықпен байланысты Құдайдың уәделері сізді қызықтырды ма? Олай болса, осы Патшалық жайлы қалай көбірек білуге болады? Осы уәделердің орындалғанын өз көзіңізбен көретініңізге қандай негіз бар? Бұл сұрақтардың жауабын келесі мақаладан таба аласыз.
a Бұл мақалада Исаға қатысты осы шақ қолданылған. Себебі ол қазір тірі әрі көкке оралғаннан кейін де Патшалық ол үшін маңызды болып қалғаны сөзсіз (Лұқа 24:51).
b Құдайдың қайғы-қасіретке неге жол беріп жатқанына қатысты қосымша мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 11-тарауынан қараңыз. Бұл мәліметті www.jw.org. сайтынан да табуға болады.