“Мен жайлы куәлік етесіңдер”
“[Иса] былай деп жауап берді: “Жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер” (ЕЛ. ІС. 1:7, 8).
1, 2. а) Ехобаның тарихтағы ең ұлы куәгері кім? ә) Исаның есімі нені білдіреді және ол өз есіміне сай не істеген?
“МЕН шындық туралы куәлік ету үшін туылдым, сол үшін осы дүниеге келдім” (Жохан 18:33—37 оқы). Бұл Исаның Яһудеяның римдік әміршісіне берген жауабы еді. Иса оған патша екенін ашық айтқан болатын. Жылдар өте келе, елші Пауыл “Понти Пилатқа керемет куәлік берген” Исаның сол бір батылдығын атап өткен (Тім. 1-х. 6:13). Иә, Шайтанның жеккөрушілік жайлаған дүниесінде “адал да шынайы куәгер” болу үшін кей кездері үлкен батылдық қажет (Аян 3:14).
2 Яһудилердің отбасында дүниеге келгендіктен, Иса туылғаннан Ехобаның куәгері болған (Ишая 43:10). Бірақ ол Ехобаның атынан сөйлеген тарихтағы ең ұлы куәгер болу керек еді. Ол дүние есігін ашпас бұрын, бір періште оның өгей әкесі Жүсіпке келіп былай деген: “Сен оның атын Иса деп қой. Себебі ол өз халқын күнәларынан құтқаратын болады” (Мат. 1:20, 21 сілт.). Киелі кітапты зерттейтін ғалымдар Исаның есімі еврейдің “Ешуа” есімінен шыққанымен және құрамында Құдай есімінің қысқа түрі бар екенімен келіседі. Оның есімі “Ехоба — Құтқарушы” дегенді білдіреді. Иса өз есімінің мағынасын жете түсініп, оған үлкен мән берген. Сондықтан өз есімінің мағынасына сай, ол “Исраил үйінің жоғалған қойларына” күнәларына өкініп, Құдайдың ықыласына қайта ие болуға көмектесті (Мат. 10:6; 15:24; Лұқа 19:10). Бұл үшін ол Құдай Патшалығы жайлы хабарды жариялады. Інжіл жазушыларының бірі Марқа былай деп жазған: “Иса Ғалилеяға барып, Құдайдың ізгі хабарын уағыздап: “Белгіленген уақыт жетті. Құдай патшалығы жақындап қалды. Күнәларыңа өкініп, ізгі хабарға сеніңдер,— деп жүрді” (Мар. 1:14, 15). Иә, Иса асқан құлшыныспен әрі батылдықпен уағыздаған. Ол тіпті яһудилердің діни жетекшілерін де қорықпай айыптаған. Кейіннен олардың Исаны бағанаға шегелеп өлтірулеріне осы жайт та себеп болған (Мар. 11:17, 18; 15:1—15).
“ҚҰДАЙДЫҢ ҒАЖАЙЫП ІСТЕРІ”
3. Исаның өлімінен үш күн өткен соң қандай оқиға болды?
3 Исаның азапты өлімінен үш күн өткен соң, бір таңғажайып оқиға орын алды. Ехоба өз Ұлын адами емес, рухани денеде қайта тірілтіп алды (Пет. 1-х. 3:18). Содан кейін Иса шәкірттеріне адам кейпінде көрініп, өмірге қайта оралғанын паш етті. Қайта тірілген күні-ақ ол ізбасарларымен кем дегенде бес рет жүздесті (Мат. 28:8—10; Лұқа 24:13—16, 30—36; Жох. 20:11—18).
4. Шәкірттеріне бесінші рет көрінгенде, Иса не істеді және ол шәкірттеріне қандай жауапкершілік жүктеді?
4 Елшілер мен басқа адамдар бір үйде жиналып отырғанда, Иса бесінші рет көрінді. Сол маңызды кездесуде ол шәкірттерімен бірге Құдай Сөзін зерттеді. Жазбалардың мәнін түсінулері үшін Иса “олардың саналарын толығымен оятты”. Сонда олар Мәсіх жауларының қолынан өлетіні, ал кейіннен керемет түрде қайта тірілетіні жайлы алдын ала пайғамбарлық етіліп қойғанын түсінді. Ал кездесудің соңында Иса оларға қандай жауапты іс жүктелетінін айтты. Ол Иерусалимнен бастап “оның атынан күллі халықтарға уағыз айтылып, өкінгендердің бәрінің күнәлары кешірілетіні” жайлы жарияланатынын айтты. Сосын ол былай деп қосты: “Сендер осылар туралы куәлік етесіңдер” (Лұқа 24:44—48).
5, 6. а) Не себепті Иса: “Мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деп айтқан? ә) Исаның шәкірттері нені жариялау керек еді?
5 40 күн өткеннен кейін, шәкірттеріне соңғы рет көрінген Иса: “Иерусалимде, бүкіл Яһудеяда, Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деп нұсқау берді. Шәкірттері Исаның қарапайым, бірақ осы бір салмақты сөздерімен не айтқысы келгенін анық түсінген (Ел. іс. 1:8). Алайда не себепті Иса Ехоба жайлы емес, “мен жайлы куәлік етесіңдер” деп айтты? Әрине, Исаның “Ехоба жайлы куәлік етесіңдер” деуіне болар еді, алайда оның исраилдік болған шәкірттері онсыз да Ехобаның куәгерлері еді. Онда бұл сөздер нені білдіреді?
Исаның шәкірттері сияқты біз де Ехобаның болашаққа қатысты ниетін жариялап жүрміз (5, 6-абзацты қара)
6 Шәкірттерге сол уақыттан бастап Ехоба адамзатты құтқару үшін Исаны қолданып жатқанын жариялау керек еді. Бұл құтқарылу исраилдіктердің Мысыр құлдығынан да, Бабыл тұтқынынан да азат етілгендерінен әлдеқайда ғаламат болмақ еді. Себебі Иса Мәсіхтің өлімі мен қайта тірілуі күнә мен өлім атты құлдықтың ең сорақы түрінен азат болуға жол ашты. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында киелі рухпен майланған соң, Исаның шәкірттері адамдарға “Құдайдың ғажайып істері жайлы” айта бастады. Нәтижесінде көп адам өкініп, Исаның төлем құрбандығына сенім білдірді. Қайта тіріліп, көкте жаңа билікке ие болған Иса Мәсіхті Ехоба енді жердегі мыңдаған адамның өмірін құтқару үшін қолданып жатты (Ел. іс. 2:5, 11, 37—41).
“КӨПТЕГЕН АДАМДАР ҮШІН ЖАНЫН ТӨЛЕМ РЕТІНДЕ БЕРДІ”
7. Елуінші күн мейрамында орын алған жайттар ненің дәлелі болды?
7 Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында орын алған оқиғалар Ехоба Исаның кемелді құрбандығын күнәларды өтейтін құнды төлем ретінде қабыл алғанының дәлелі болды (Евр. 9:11, 12, 24). Ол “өзіне қызмет еткізуге емес, өзі қызмет етіп, көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беру” үшін келді (Мат. 20:28). Осы “көптеген адамдардың” ішіне тек яһудилер ғана кірді ме? Жоқ, себебі төлем құрбандығы күллі “дүниені күнәдан” арылтады. Ехоба “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын қалайды” (Жох. 1:29; Тім. 1-х. 2:4—6).
8. Исаның шәкірттері қандай көлемде уағыздады және бұл ненің арқасында мүмкін болды?
8 Ертедегі Исаның шәкірттері ол жайлы батылдықпен уағыздауды жалғастыра берген. Бұл ненің арқасында мүмкін болды? Бұны олар өздерінің күші емес, Ехобаның құдіретті киелі рухы қуаттап, куәлік беруге қозғау салғанның арқасында істей алды (Елшілердің істері 5:30—32 оқы). Шәкірттердің б. з. 33 жылы куәлік ете бастағанынан 27 жылдай уақыт өткен соң, “ізгі хабардың шынайы сөздері” яһудилер мен басқа ұлттарға “барлық жерде уағыздалды” деп айта аламыз (Қол. 1:5, 23).
9. Пайғамбарлыққа сай, алғашқы мәсіхшілердің қауымында қандай жайттар орын алды?
9 Өкінішке қарай, алғашқы мәсіхшілердің қауымына бірте-бірте шындыққа жанаспайтын ілімдер еніп, қауым бүліне бастады (Ел. іс. 20:29, 30; Пет. 2-х. 2:2, 3; Яһд. 3, 4). “Зұлым” Шайтан себепші болған мұндай жолдан таюшылық, Исаның пайғамбарлығы бойынша, шынайы мәсіхшілікке көлеңке түсіріп, “осы заманның ақырына” дейін жалғасын табады (Мат. 13:37—43). 1914 жылы қазан айында Ехоба Исаны барша адамзатқа билік жүргізетін Патша етіп тағайындады. Сол уақыттан бастап Шайтанның зұлым дүниесінің “соңғы күндері” басталды (Тім. 2-х. 3:1).
10. а) Майланған мәсіхшілер қандай ерекше жыл жайлы уағыздаған? ә) 1914 жылы қазан айында қандай жағдай орын алды және бұл қалайша айқын болды?
10 Майланған мәсіхшілер 1914 жылдың қазанында Исаның таққа отыратынын 30 жылдан астам уақыт бұрын уағыздай бастаған. Олар бұл ерекше жылды Даниял кітабындағы кесіліп тасталатын, бірақ “жеті кезең өткеннен кейін” қайта өсіп шығатын үлкен ағаш жайлы пайғамбарлығынан есептеп шығарды (Дан. 4:16). Иса шәкірттеріне өзінің Патша болғанын және соңғы күндердің басталғанын көрсететін белгілерді сипаттап кеткен. 1914 жылдан басталған дүниедегі жағдайлар Мәсіхтің Патша болғанын дәлелдей түсті (Мат. 24:3, 7, 14; Лұқа 21:24). Содан бастап “Құдайдың ғажайып істеріне” Исаның Патша етіп тағайындалғаны да кіретін болды.
11, 12. а) Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1919 жылы жердің жаңа Патшасы не істей бастады? ә) 1935 жылы не нәрсе анық болды?
11 Жердің жаңа Патшасы Иса Мәсіх майланған ізбасарларын “Ұлы Бабылдың” құлдығынан азат етуді бастады (Аян 18:2, 4). Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1919 жылы майланған бауырластарға кең көлемде уағыздауға мүмкіндік ашылды. Олар осы мүмкіндікті қалт жібермей, төлем құрбандығы мен Құдай Патшалығы жайлы куәлік бере бастады. Нәтижесінде Мәсіхпен бірге билік ететіндердің қатарына мыңдаған адам қосылды.
12 Ал 1935 жылдан бастап Иса Мәсіхтің әртүрлі ұлттан миллиондаған “басқа қойларды” жинай бастағаны анық болды. Майланған мәсіхшілермен бірге осы “ұлы жамағат” Исаның батылдығына еліктеп, құтқарылулары үшін Құдай мен Исаға борыштар екенін адамдарға айтып жүр. Олар осы істе табанды болса, әрі Мәсіхтің төлем құрбандығына деген сенімдерін жоғалтып алмаса, “зор алапаттан” аман өтіп, Құдайдың жаңа дүниесінде өмір сүру мәртебесіне ие болады (Жох. 10:16; Аян 7:9, 10, 14).
“ІЗГІ ХАБАРДЫ АЯНБАЙ КҮРЕСЕ ЖҮРІП АЙТАМЫЗ”
13. Ехоба куәгері болғандықтан, біз не істеуге белімізді будық және неліктен бұл қолымыздан келеді деп айта аламыз?
13 Ехоба Құдайдың жүзеге асырған “ғажайып істері” мен оның уәделері жайлы куәлік ету мәртебесін жоғары бағалайық. Бұл істі атқару әрдайым оңай емес екенімен бәріміз келісетін шығармыз. Бауырластарымыздың көбісі адамдар селқостық танытатын, келеке-мазақ ететін, тіпті қудалайтын жерлерде қызмет етіп жатыр. Біздің жағдайымызда да осылай болса, елші Пауыл мен оның серіктестерінің сеніміне еліктейік. Пауыл: “Ізгі хабарды аянбай күресе жүріп айту үшін Құдай бізге батылдық берді”,— деген (Сал. 1-х. 2:2). Олай болса, ешқашан берілмейік. Шайтанның дүниесі қирап жатқанда, бағышталу кезінде берген уәдемізге сай өмір сүруге бекінейік (Ишая 6:11). Әрине, мұны өз күшімізбен істеу мүмкін емес. Сондықтан ертедегі мәсіхшілер сияқты дұғада Ехобадан киелі рух сұрайық, сонда біз “адам күшінен асқан күшке” ие боламыз (Қорынттықтарға 2-хат 4:1, 7 оқы; Лұқа 11:13).
14, 15. а) Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге замандастары қалай қараған және бұл жайлы елші Петір не айтқан? ә) Ехоба куәгері болғанымыз үшін бізге қарсылық көрсетілсе, бұл ненің белгісі?
14 Бүгінде миллиондаған адам мәсіхшіміз деп жар салады. Алайда олар “іс-әрекеттерімен одан [Құдайдан] бас тартады. Себебі олар жексұрын, тілазар әрі ешқандай игі іс жасауға жарамсыз адамдар” (Тит. 1:16). Бірінші ғасырда да көп адам Құдайға ұнамды түрде ғибадат етпеген. Олардың көбісі шынайы мәсіхшілерді жек көрген. Сол себепті елші Петір былай деп жазды: “Егер Мәсіхтің есімі үшін қорлық сөздер естіп жүрсеңдер, бақыттысыңдар, өйткені бұл сендерде... Құдай рухының бар екенін көрсетеді” (Пет. 1-х. 4:14).
15 Бүгіндегі Ехоба куәгерлері де “Мәсіхтің есімі үшін қорлық сөздер” естіп жүр ме? Иә, себебі олар Исаның билігі жайлы куәлік етіп жүр. Кезінде Иса қудалаушыларына: “Әкемнің атынан келсем де, мені қабылдамайсыңдар”,— деп айтқан болатын. Демек, “Мәсіхтің есімі үшін қорлық сөздер” есту Ехобаның есімі үшін жеккөрінішті болумен бірдей (Жох. 5:43). Олай болса, келесі жолы уағыздағанда саған қарсылық көрсетілсе, мойыма, батыл бол. Олардың мұндай әрекеттері Құдайдың сені мақұлдайтынын, сондай-ақ оның рухы сенде “бар екенін” дәлелдейді.
16, 17. а) Дүниенің әр түкпіріндегі Куәгерлерді уағыз ісі қандай сезімдерге бөлейді? ә) Не істеуге беліңді бекем будың?
16 Жалпақ дүниенің әр түкпірінде көп адамның шындыққа келіп жатқанын да есіңнен шығарма. Тіпті жақсы уағыздалған жерлердің өзінде құтқарылу жайлы хабарымызды тыңдағысы келетін адамдар табылып жатыр. Сондай адамдарды қалдырмай, олармен Киелі кітапты зерттеп, бағышталуға және шомылдыру рәсімінен өтуге дайын болуға көмектесейік. Осындай істерді атқарған кезде Оңтүстік Африкада тұратын Сари бауырластың сезімдеріне ортақтасатынымыз сөзсіз. Бұл әйел бауырласымыз 60 жылдан астам уақыт бойы белсенді түрде куәлік етіп жүр. Ол былай дейді: “Исаның төлем құрбандығының арқасында күллі ғаламның Әміршісі Ехобамен жақсы қарым-қатынаста бола алатыныма алғысым шексіз. Мен өзімді бақытты сезінемін, өйткені Ехобаның ұлы есімін жариялап жүрмін”. Сари жолдасы Мартинеспен бірге үш баласына және басқа да көптеген адамға Ехобаның қызметшісі болуға көмектесті. Әрі қарай Сари былай дейді: “Ешбір іс маған осыншалықты қанағат әкелген емес. Адамдардың өмірін құтқаратын істі атқару үшін Ехоба маған киелі рухы арқылы күш беріп, демеп келеді”.
17 Шомылдыру рәсімінен өтіп қойсақ та немесе осы мақсатты көздеп жүрсек те, бәріміз Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік қауымында жүргенімізді мақтан тұтайық. Олай болса, Ехобаның халқымен бірге куәлік беруді жалғастырып, киеліліктен жұрдай Шайтанның дүниесінен бойымызды аулақ ұстайық. Осылайша ұлы есімімен аталу мәртебесін сыйлаған сүюші Әкемізге мадақ әкеле берейік!