Сөз берген болсаң, “иә дей тұра, жоқ” дейсің бе?
Мынадай жағдайды мысалға алайық. Ауруханалармен байланыс комитетінің мүшесі болып табылатын ақсақал бір жас ер бауырласпен жексенбі күні таңертең қызмет етуге келіседі. Алайда сол күні таңертең ақсақалға бір бауырлас телефон шалады: оның әйелі жаңа ғана көлік апатына ұшырап, ауруханаға түскен екен. Ол әлгі ақсақалдан қан құймай емдей алатын дәрігер табуға көмектесуін сұрайды. Ақсақал аяқастынан қиын жағдайға тап болған осы отбасына қол ұшын беру үшін қызметке келіскен жас бауырласқа бара алмайтынын айтады.
Ал енді басқа жағдай: бір ерлі-зайыпты бауырластар екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ананы кешкі асқа шақырады. Мұны естіген балаларының жүзі жайнап қоя береді. Содан олар бұл кешті асыға күтеді. Алайда сол кешке бір күн қалғанда, әлгі ерлі-зайыпты бір күтпеген жағдай болып, қонақ қабылдай алмайтындары жайлы әйел бауырласты хабардар етеді. Кейінірек әйел бауырлас мұның себебін біледі. Сөйтсе, әлгі ерлі-зайыпты оны қонаққа шақырғаннан кейін, артынша достары хабарласып, оларды дәл сол күнге үйлеріне шақырған екен. Содан олар бұл шақыруды қабыл алыпты.
Әрине, мәсіхші болғандықтан айтқан сөзімізде тұруымыз керек. Ешқашан “иә дей тұра, жоқ” деп жүрмейік (Қор. 2-х. 1:18). Дегенмен жоғарыдағы екі мысалдан байқалғандай, әртүрлі жағдайлар болып тұрады. Кейде, амал нешік, жоспарымызды өзгертіп жатамыз. Бірде елші Пауылға да осылай етуге тура келді.
ПАУЫЛ “ЕКІ СӨЙЛЕЙТІН АДАМ” ДЕП АЙЫПТАЛДЫ
Б. з. 55 жылы Пауыл үшінші сапарымен Ефесте жүрген болатын. Ол Эгей теңізінен өтіп, Қорынт қаласына, одан кейін Македонияға бармақшы еді. Иерусалимге қайтар жолында Пауыл Қорынттағы қауымның Иерусалимдегі бауырластарға берген сыйларын алу үшін, сол қауымға тағы бір соғуды жоспарлаған болатын (Қор. 1-х. 16:3). Бұл оның Қорынттықтарға 2-хат 1:15, 16-да айтқан сөздерінен айқын: “Осыған сенімді болғандықтан, сендер тағы да қуансын деп, бұның алдында өздеріңе екінші рет баруға ниеттеніп, Македонияға бара жатқанда да, қайтқанда да соқпақ болдым. Бұдан кейін мені Яһудеяға шығарып салар едіңдер”.
Елші Пауыл осы жоспары жайлы қорынттықтарға жіберген алдыңғы хатында хабардар еткен көрінеді (Қор. 1-х. 5:9). Осы хатты жазғаннан көп ұзамай ол Хылойдың үйіндегілерден қауымда алауыздық бар екенін естиді (Қор. 1-х. 1:10, 11). Содан Пауыл бастапқы жоспарын өзгертіп, бүгінде біз білетін Қорынттықтарға арналған 1-хатты жазуды ұйғарады. Хатында оларды түзету үшін сүйіспеншілікпен кеңестер берді. Бұған қоса, өзінің сапарын өзгерткенін, яғни бірінші Македонияға, содан кейін Қорынтқа баратынын жазды (Қор. 1-х. 16:5, 6)a.
Пауылдың хаты Қорынттағы ер бауырластардың қолына тигенде, қауымдағы “керемет елшілер” оны айыптап, екі сөйлейтін тұрақсыз адам ретінде қарады. Сонда Пауыл өзін қорғап: “Осыған ниеттенгенімде, бұған жеңіл-желпі қарадым ба? Әлде алдымен “иә, иә”, ал артынан “жоқ, жоқ” деп, адами тұрғыдан жоспарлады дейсіңдер ме?”— деді (Қор. 2-х. 1:17; 11:5).
Бұл тармақтағы “жеңіл-желпі” деп аударылған сөз тұрақсыз, өз сөзінде тұрмайтын сенімсіз адамға қатысты қолданылады. Олай болса, осы жағдайда елші Пауыл шынымен де мәселеге “жеңіл-желпі қараған” ба? Олай емес, әрине. Пауылдың: “Адами тұрғыдан жоспарлады дейсіңдер ме?”— деген сұрағының жауабы Қорынттағы мәсіхшілер үшін анық еді. Сондықтан олар шешімін өзгертуіне Пауылдың жауапсыздығы себеп болмағанына сенімді болулары керек еді.
Пауыл: “Құдайға сенім артуларыңа болатынындай, бізге де сенім артуларыңа болады. Біз де “иә” дей тұра, “жоқ” демейміз”,— деп жазуымен өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды (Қор. 2-х. 1:18). Ол қорынттық бауырластардың мүдделері үшін жоспарын өзгерткен еді. Қорынттықтарға 2-хат 1:23-те жазылғандай, ол: “Сендерді аяғандықтан осы уақытқа дейін Қорынтқа бармадым”,— деген. Иә, Пауыл бауырластарға өзімен жүздеспес бұрын мәселелерін шешіп алуларына мүмкіндік берген болатын әрі олар солай етті де. Македонияда жүргенде Пауыл Титтен бауырластардың оның хатын оқығанда, олардың қайғырғандарын және өкінгендерін естіп, қатты қуанды (Қор. 2-х. 6:11; 7:5—7).
ИСА — КЕПІЛДІК
Пауылды сөзінде тұрмайтын адам деп айыптауымен “керемет елшілер” оған уағыздау ісінде де сенім артуға болмайтынына нұсқаған болса керек. Алайда қорынттықтарға Иса Мәсіхтің хабарын уағыздағанын естеріне салып, Пауыл оларға: “Араларыңда Силуан, Тімөте үшеуміз уағыздаған Құдай Ұлы Мәсіх Иса да “иә” бола тұра, “жоқ” болған емес. Қайта, оның жағдайында “иә” деген “иә” болды”,— деді (Қор. 2-х. 1:19). Сонда елшінің өзі үлгі тұтқан Иса Мәсіхтің сенімсіз болғаны ма? Әрине, жоқ! Иса әрқашан да шындықты айтқан (Жох. 14:6; 18:37). Егер Исаның айтқан хабары нағыз шындық әрі сенім артуға тұрарлық болса, Пауыл да сол хабарды жеткізді ғой. Демек, оның сөздеріне де сенім артуға болатын.
Ехоба — “сөзіне адал Құдай” (Заб. 30:6 сілт.). Пауылдың мына сөздері мұны растайды: “Құдайдың уәделері қаншама көп болмасын, бәрі ол [яғни Мәсіх] арқылы “иә” болды”. Иса жерде қызмет еткенде толықтай мінсіздік сақтауымен Ехобаның уәделерінің орындалуына қатысты кез келген күмәнді жоққа шығарды. Пауыл былай деп жалғастырды: “Сондықтан да Құдайды мадақтап, сол [Иса] арқылы оған “Аумин” дейміз” (Қор. 2-х. 1:20). Бұл нені білдіреді? Ехобаның барлық уәдесі жүзеге асатынына Исаның өзі кепілдік, былайша айтқанда, “Аумин” болып табылады!
Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх әрдайым шындықты айтатыны сияқты, Пауыл да берген сөзінде тұрған (Қор. 2-х. 1:19). Ол “адами тұрғыдан” уәде беретін сенімсіз адам болмаған (Қор. 2-х. 1:17). Ол “киелі рухтың жетекшілігімен өмір сүрген” (Ғал. 5:16). Пауыл не істесе де, өзгелердің игілігі үшін істеген. Оның “иә” дегені “иә” болған!
СЕНІҢ “ИӘ” ДЕГЕНІҢ “ИӘ” МА?
Бүгінде Киелі кітап принциптерін ұстанбайтын адамдардың уәдені беріп алып, артынан кішкене проблемаға не өздеріне ұнайтын басқа нәрсеге бола уәделерінен тайып кетуі ғажап емес. Бизнес мәселесінде келісімшарт қағаз жүзінде бекітілгенімен, адамдардың “иә” дегендері жиі олай болмай жатады. Көбісі некені, яғни екі адамның арасындағы келісімді, өмірлік серт деп қарастырмайды. Ажырасулардың саны күннен күнге өсіп бара жатқанына қарағанда, басым көпшілік некені оп-оңай үзе салуға болатын уақытша байланыс деп санайтындай (Тім. 2-х. 3:1, 2).
Ал сен жайында не деуге болады? Сенің “иә” дегенің “иә” ма? Осы мақаланың басында айтылған жағдайдағы сияқты, өзің ықпал ете алмайтын жайттар орын алуы мүмкін. Жауапсыз болғандықтан емес, кейде осындай себептермен сөзімізде тұра алмауымыз мүмкін. Мәсіхші болғандықтан, уәде берсең не қандай да бір келісім жасассаң, оны орындау үшін аянбағаның дұрыс (Заб. 14:4; Мат. 5:37). Сонда басқалар сені жауапты, өз сөзінде тұратын, үнемі шындықты айтатын адам деп білетін болады (Ефес. 4:15, 25; Жақ. 5:12). Күнделікті істерде саған сенім артуға болатынын байқаса, адамдар сенің Құдай Патшалығы жайында айтар шындығыңды тыңдауға әлдеқайда ықыласты болады. Сондықтан “иә” дегенің шынымен де “иә” болсын!
a Қорынттықтарға арналған 1-хатты жазғаннан көп ұзамай Пауыл Троя арқылы өтіп, Македонияға жол тартты. Сол жерде Қорынттықтарға арналған 2-хатын жазды (Қор. 2-х. 2:12; 7:5). Ал кейінірек өзі де сонда барды.