ӨМІРБАЯН
Қаржы жағынан кедей болса да, рухани жағынан бай
Мен 1939 жылдың желтоқсанында қазіргі Молдованың солтүстігінде орналасқан Котюжаны ауылында дүниеге келдім. Атам мен әкем сол ауылдағы соғылып бітпеген үйде тұрды. 1930 жылдары олар Ехоба куәгерлері болды. Атамның Киелі кітапты ауылдағы дін қызметшісінен жақсы білетінін түсінгенде, анам да Куәгер болды.
Мен үш жаста болғанда әкем, әкемнің інісі және атам мәсіхшілік бейтараптықты сақтағандары үшін еңбекпен түзету лагеріне айдалған болатын. Тек әкем ғана аман қалды. Ол 1947 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, омыртқасы зақымдалып үйге оралды. Бірақ денсаулығының әлсіз болғанына қарамастан сенімі берік еді.
ӨМІРІМІЗДЕГІ ҮЛКЕН ӨЗГЕРІСТЕР
Тоғыз жасымда отбасым және жүздеген молдаван Куәгерлер Сібірге айдалды. 1946 жылдың 6 шілдесінде бізді сығылыстырып мал таситын вагондарға кіргізді. 6400-ден аса шақырымға созылған 12 күндік жолдан кейін, біз Лебяжье қаласындағы теміржол бекетіне тоқтадық. Онда бізді жергілікті милиция қызметкерлері күтіп тұрды. Олар бізді кішігірім топтарға бөліп, бірден жан-жаққа таратып жіберді. Біздің топты бос тұрған бір шағын мектепке орналастырды. Біз әбден қажыған едік әрі көңілімізді мұң басқан еді. Сонда арамыздағы бір қарт әйел бауырлас Куәгерлердің Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шығарған өлеңін ыңылдап айта бастады. Көп ұзамай барлығымыз оған қосылып, келесі өлең жолдарын шын жүректен шырқадық:
“Қаншама бауырлас айдалды алысқа,
Әкетілді солтүстік пен шығысқа.
Құдай ісі үшін төзіп қиындыққа,
Шыдады олар адам айтқысыз азаптарға”.
Уақыт өте келе біз үйімізден 13 шақырымдай жерде өтетін Киелі кітапты талқылау кездесулеріне жексенбі сайын баратын болдық. Қыстыгүні таң қараңғысында үйден шығып, 40 градус суықта белімізге дейін жететін қардың ішімен кездесу өтетін жерге жаяу жүріп баратынбыз. Кішкентай бөлмеде елу не одан көп болып жиналып, кездесуді бір, екі не тіпті үш ән айтып бастайтынбыз. Шын жүректен айтылған дұғадан кейін Киелі кітапқа негізделген сұрақтар талқыланатын. Бұл талқылау бір не одан да көп сағатқа созылатын. Содан соң біз тағы да ән шырқап, қайтадан Киелі кітап сұрақтарын қарастыратынбыз. Сол кездесулер біздің сенімімізді нығайтқаны сөзсіз.
ҚИЫНДЫҚТАРҒА КЕЗІГУІМІЗ
Шамамен 1974 жылы Джанкой қаласындағы темір жол бекетінде
Шамамен 1960 жылы жер аударылған Куәгерлерге көбірек бостандық берілді. Кедей болсақ та, менің Молдоваға баруға мүмкіндігім болды. Онда мен әке-шешесі және ата-әжесі Куәгер болған Нинамен таныстым. Көп ұзамай біз үйленіп, қайтадан Сібірге қоныс аудардық. Сөйтіп, 1964 жылы қызымыз Дина, ал 1966 жылы ұлымыз Виктор дүниеге келді. Екі жылдан кейін біз Украинаға көшіп, Қырым түбегіндегі Ялтадан 160 шақырымдай қашықтықта орналасқан Джанкой қаласында кішігірім үйде тұрдық.
Сол кезде Кеңес Одағының барлық басқа жерлеріндегідей, Қырымда да Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынған еді. Десе де бізді қатты қудаламады, ісімізге қатаң шектеу қоймады да. Содан кейбір Куәгерлер босаңсып, шындыққа деген құлшыныстарын жоғалта бастады. Сібірде көп қиыншылық көрген олар материалдық жағдайларын жақсарту үшін енді көп еңбек етуде тұрған ештеңе жоқ деп ойлады.
КӨҢІЛ ТОЛҚЫТАРЛЫҚ ОҚИҒАЛАР
1991 жылдың 27 наурызында бүкіл Кеңес Одағында біздің ісіміз заңды деп мойындалды. Сол кездері ел бойынша екі күндік жеті конгресс өткізу жоспарланды. Біз 24 тамызда Одесса қаласында өтетін конгреске шақырылдық. Үлкен стадионда өтетін конгреске дайындық жұмыстарына қатысу үшін ол жерге бір ай бұрын бардым.
Біз жиі күн ұзағына дейін жұмыс істеп, стадионның орындықтарында түнеп шығатынбыз. Ал топ-топ Куәгер әйелдер стадионның айналасындағы саябақты тазалап шықты. Шамамен 70 тонна қоқыс шығарылды. Пәтер бөлімі болса конгреске келетін 15 000 адамға үй-жай іздестірумен болды. Бірақ күтпеген жерден жаман хабар естідік.
19 тамызда, конгресіміздің өтуіне бес күн қалғанда, Ялтаға жақын жерде демалыста болған КСРО-ның Елбасшысы Михаил Горбачев үй тұтқынына алынды. Конгресімізді өткізуге берілген рұқсаттың күші жойылды. Сонда конгреске келушілер: “Автобус пен пойызға алып қойған билеттерімізбен не істейік?”— деп конгресс бөліміне хабарласа бастады. Ыстық-ыстық дұға еткеннен кейін конгреске жауапты адамдар оларға: “Не болса да, келе беріңдер!”— деп жауап берді.
Конгреске дайындық жұмыстарын жалғастырып жаттық, дұға етуді де доғармадық. Жолаушыларды тасымалдау бөлімі Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен конгреске келген адамдарды қарсы алып, тұратын орындарына жайғастырды. Күніге таңертең конгресс комитетінің мүшелері қаланың басшыларымен кездесуге кететін. Бірақ кешке жақсы хабармен оралмайтын.
ДҰҒАЛАРЫМЫЗҒА ЖАУАП
Бейсенбі күні, 22 тамызда — конгрестің басталуына екі күн қалғанда — конгресс комитетінің мүшелері конгрестің өткізілуіне рұқсат берілгені жайлы жақсы хабар әкелді. Конгресіміз әнмен және дұғамен басталғанда, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Сенбі күнгі конгрестің бағдарламасы аяқталғаннан кейін, біз бұрынғы достарымызбен қайта қауышып, арқа-жарқа болып кешке дейін араластық. Олардың арасында сенімдері мықты әрі өте ауыр сынақтарда табанды болып қалған мәсіхшілер болды.
1991 жылы Одессадағы конгресс
Сол конгрестен кейінгі 22 жылдан астам уақыт бойы ұйымдастыру ісі едәуір алға басты. Украинаның жер-жерінде Патшалық сарайлары соғылды. Ал 1991 жылы елдегі Патшалықтың жариялаушыларының саны 25 000 болған болса, қазір 150 000-нан асып отыр.
ӘЛІ ДЕ РУХАНИ ЖАҒЫНАН БАЙ
Менің отбасым 40 000-дай тұрғыны бар Джанкой қаласындағы сол кішігірім үйде әлі де тұрып жатыр. Біз 1968 жылы Сібірден көшіп келгенде, бұл жерде бірнеше ғана Куәгер отбасылары болатын, ал қазір Джанкойда алты қауым бар.
Тап солай, отбасым да саны жағынан көбейді. Қазір әулетіміздің төрт ұрпағы — әйелім екеуміз, балаларымыз, немерелеріміз бен шөберелеріміз — Ехобаға қызмет етуде.