Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w13 15.7. 27—31 бет.
  • Ехобаға кез келген жерде қызмет етуге әзірміз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаға кез келген жерде қызмет етуге әзірміз
  • 2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • АУЫЛДАН ҚАЛАҒА
  • БІРГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІМІЗ
  • ҮЛКЕН ҚИЫНДЫҚ ПЕН НАҒЫЗ БАТА
  • КЕЗ КЕЛГЕН МӘРТЕБЕЛІ ҚЫЗМЕТКЕ РИЗАМЫЗ
  • ЕХОБА БІЗГЕ НЕ ҚАЖЕТ ЕКЕНІН БІЛЕДІ
  • Ехоба мені жастайымнан үйретіп келеді
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Ехоба маған өз еркін орындауды үйретті
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Әртүрлі адамдар үшін қолдан келгеннің бәрін істеудемін
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
  • “Ехоба — менің күш-қуатым”
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w13 15.7. 27—31 бет.

ӨМІРБАЯН

Ехобаға кез келген жерде қызмет етуге әзірміз

Айтып берген: Маркус пен Яни Хартлиф

Оған дейін мен ешқашан жалғыз өзім уағыздамағанмын. Сондықтан қызметке шыққан сайын қатты қобалжитыным сонша, аяғым қалтырап-дірілдейтін. Бұған қоса, уағыздайтын аумағымдағы адамдар мүлдем тыңдамайтын. Кейбір адамдар өте дөрекі болатын және мені ұрып тастаймыз деп қорқытатын. Ізашарлық қызметімнің бірінші айында мен бар-жоғы бір-ақ кітапша тараттым! (Маркус).

БҰЛ жағдай осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын, 1949 жылы болған еді. Бірақ, алдымен, шындықты қалай білгенімді айтып берейін. Менің әкем Хендрик Нидерландының Дренте облысының солтүстігінде орналасқан Дондерен ауылында етікші және бағбан болып жұмыс істейтін. Мен 1927 жылы дүние келдім, үйдегі жеті баланың төртіншісімін. Біздің үйіміз ауылда топырақты жолдың жиегінде орналасқан еді. Көршілеріміздің көбісі ауылшаруашылығымен айналысатын. Ауылдағы өмір маған ұнайтын. 1947 жылы 19 жасымда Теунис Бейн деген көршімізден шындықты естідім. Бұрын ол кісіні онша жақтырмайтынмын. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп ұзамай ол Ехоба куәгері болды. Сонда мен оның бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жылы шырайлы болып кеткенін байқадым. Бұлай өзгеруіне не себеп болғанын білгім келді, сондықтан ол маған жердегі жұмақ жөніндегі Құдайдың уәдесі жайында айтқанда, бірден шындықты қабыл алдым. Содан екеуміз өмірлік дос болып кеттікa.

Мен 1948 жылдың мамырында уағыздай бастадым, ал келесі айда, маусымның 20 жұлдызында, Утрехтте өткен конгресте шомылдыру рәсімінен өттім. Ал 1949 жылдың 1 қаңтарында ізашарлық қызметті бастап, Нидерландының шығысында орналасқан Боркуло ауылына тағайындалдым. Онда кішкентай қауым болатын. Ол ауыл 130 шақырымдай қашықтықта болғандықтан, мен велосипедіммен баруды ұйғардым. Басында бұл сапарға 6 сағаттай уақыт кетеді деп ойладым, бірақ жаңбыр шелектеп құйып, қатты жел тұрғандықтан, жолға 12 сағат кетті. Бұл тіпті қалған 90 шақырымды пойызбен жүргенімнің өзінде! Мен діттеген жеріме — Куәгерлер отбасының үйіне — қараңғы батқанда бір-ақ жеттім. Сөйтіп, сол аумақта ізашар болып қызмет еткен уақыт аралығында солардың үйінде тұрдым.

Соғыстан кейінгі жылдары адамдардың дүние-мүлкі аз болатын. Менде бір костюм мен жалғыз шалбар ғана бар еді. Костюмім тым үлкен болса, шалбарым тым келте болатын! Басында айтып кеткенімдей, Боркулода өткен бірінші айымда қатты қиналдым, бірақ кейінірек Ехоба мені бірнеше зерттеу сабағымен жарылқады. Ал тоғыз айдан соң, мен Амстердамға тағайындалдым.

АУЫЛДАН ҚАЛАҒА

Ауылда өскен мен Нидерландының ең үлкен қаласы Амстердамға тап болдым. Ондағы қызмет жемісті еді. Алғашқы айда-ақ мен алдыңғы тоғыз айдағыдан көбірек әдебиет тараттым. Содан көп кешікпей, кем дегенде сегіз Киелі кітап зерттеу сабағын өткізетін болдым. Қауым қызметшісі (қазір ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі) ретінде тағайындалған соң, қауымда алғаш рет көпшілікке арналған баяндамамен шығуға тапсырма алдым. Мен үшін бұл қиынның қиыны еді. Бірақ тура баяндама айтатын уақытым таяғанда, басқа қауымға ауыстырылдым. Сол кезде мойнымнан бір ауыр жүк түскендей болды. Алайда кейінгі жылдары 5000-нан аса рет баяндамамен шығатынымды кім білген?!

Жоғарыда: Маркус (оң жақ шетте) 1950 жылы Амстердамның маңында көшеде куәлік етіп жүр

1950 жылдың мамыр айында Харлем қаласына тағайындалдым. Сол кезде аудандық қызметке шақыру қағазын алғанымда, үш күн бойы дұрыс ұйықтай алмай жүрдім. Филиалда қызмет еткен Роберт Винклер бауырласқа өзімді лайықсыз санайтынымды айтқанда, ол маған: “Бар болғаны — қағазды толтырып шық. Әлі-ақ үйреніп кетесің”,— деді. Көп ұзамай бір айлық оқудан өтіп, аудандық қызметші (бақылаушы) ретіндегі қызметті бастадым. Бір қауымға сапармен барғанымда, Ехобаны қатты жақсы көретін, жанқияр әрі жайдары жас ізашар қыз бауырласпен таныстым. Бұл Яни Татхен еді. 1955 жылы біз шаңырақ көтердік. Өмірбаянымды жалғастырмас бұрын, Яни өзінің қалай ізашар болғанын және екеуміздің қалай танысқанымыз жайлы айтып берсін.

БІРГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІМІЗ

Яни: Менің анам 1945 жылы Куәгер болды. Ол кезде мен 11-де едім. Анам үш баласымен Киелі кітапты зерттеу керектігін бірден түсінді. Алайда әкем шындыққа қарсы болғандықтан, анам бізді әкеміз үйде болмаған кезде оқытатын.

Мен алғаш рет қатысқан кездесу 1950 жылы Гаага қаласындағы конгресс болды. Бір жетіден соң, Дренте облысының Ассен қаласындағы Патшалық сарайында өткен алғашқы қауым кездесуіме қатыстым. Әкемнің бұған ашуы қайнап, мені үйден қуып жіберді. Сонда анам: “Қайда бару керектігін өзің білесің ғой”,— деді. Ол рухани бауырластарым туралы айтқанын білдім. Басында мен жақын жерде тұратын Куәгерлер отбасымен тұрдым, алайда әкем сонда да маған тыныштық бермегендіктен, 95 шақырымдай жердегі Девентер қаласындағы (Оверэйсел облысы) қауымға ауысып кеттім. Бірақ жергілікті әкімшілік әкемді әлі кәмелетке толмаған қызын үйден қуып жібергені үшін жауапқа тартпақ болды. Нәтижесінде ол үйге қайтып келуіме болатынын айтты. Әкем сол бойы шындықты қабылдамағанмен, ақырында ол маған барлық кездесулерге қатысуға және уағызға шығуға рұқсат етті.

Төменде: Яни (оң жақ шетте) 1952 жылы қосалқы ізашар болған кезі

Үйге қайтып оралған соң, көп ұзамай анам қатты сырқаттанып қалғандықтан, үйдің бар тірлігін мен істеуім керек болды. Осыған қарамастан рухани өсе бердім де, 1951 жылы 17 жасымда шомылдыру рәсімінен өттім. Келесі жылы анам ауруынан сауығып кеткен соң, мен үш ізашар қыз бауырласпен екі ай бойы қосалқы ізашар ретінде қызмет еттім. Біз ішінде бөлмесі бар кішігірім қайықта тұрдық және Дренте облысындағы екі қалада уағыздадық. 1953 жылы жалпы ізашарлық қызметті бастадым. Бір жылдан соң, біздің қауымға бір жас аудандық бақылаушы сапармен келді. Ол Маркус болатын. Екеуміз ерлі-зайыптылар ретінде Ехобаға жақсырақ қызмет ете аламыз деп ойлағандықтан, 1955 жылдың мамырында үйлендік (Уағ. 4:9—12).

Оң жақта: Некелескен күніміз, 1955 жыл

Маркус: Үйленген соң, алдымен ізашарлар ретінде Виндамға (Гронинген облысы) тағайындалдық. Онда біз көлемі 2х3 метр кішкентай бөлмеде тұрдық. Бірақ Яни бөлмемізді әдемілеп, жайлы етіп қоятын. Күніге жатар алдында қабырғаға тігінен тұрғызылатын кереуетімізді жатқызуға орын болу үшін, үстел мен екі орындықты жылжытуымызға тура келетін.

Алты айдан соң, Бельгияға аудандық қызметке шақырылдық. 1955 жылы сол елде небәрі 4000 жариялаушы болатын. Бүгінде олардың саны алты есеге көбейді! Бельгияның солтүстігінде орналасқан Фландрия облысы тұрғындарының тілі нидерланд халқының тілімен бірдей. Алайда бельгиялықтардың акценті мүлдем басқаша болғандықтан, басында олармен түсінісу үшін көп күш салу керек болды.

Яни: Аралаушылық қызмет нағыз жанқиярлықты талап етеді. Біз қауымдарға велосипедпен баратынбыз және бауырластардың үйінде тоқтайтынбыз. Сапарлар арасында тоқтайтын өз үйіміз болмағандықтан, олардың үйінде дүйсенбіге дейін қалып, келесі қауымға сейсенбі таңертең шығып кететін едік. Десе де біз әрқашан қызметімізге Ехобаның батасы деп қарайтынбыз.

Маркус: Алғашқыда қауымдардағы бауырластардың ешқайсысын танымасақ та, олар бізге кеңпейілділік пен қонақжайлылық танытатын (Евр. 13:2). Біраз жылдың ішінде біз Бельгиядағы нидерланд тілінде сөйлейтін қауымдардың бәріне бірнеше рет сапармен бардық. Бұл бізге көп бата әкелді. Мысалы, нидерланд тілді облыста қызмет ететін бауырластардың барлығымен дерлік танысып шықтық әрі оларға бауыр басып кеттік. Сондай-ақ жүздеген жастар біздің көз алдымызда өсіп, рухани толысты және Ехобаға бағышталып, Патшалықтың мүддесін өмірлерінде басты орынға қойды. Олардың көбісі Ехобаға адалдықпен толық уақытты қызмет атқарып жүргенін көру бір ғанибет! (Жох. 3-х. 4). Осылайша “өзара жігерленгеніміз” қызметімізді шын жүректен атқара беруге көмектесті (Рим. 1:12).

ҮЛКЕН ҚИЫНДЫҚ ПЕН НАҒЫЗ БАТА

Маркус: Отау тіккен күнімізден бастап біз Ғалақад мектебінде оқуды армандадық. Сондықтан күнбе-күн кемінде бір сағат бойы ағылшын тілін үйренетінбіз. Алайда ағылшын тілін кітаптардан үйрену оңай болмағандықтан, біз демалыс алған күндерімізде Англияға баруға және сонда уағыздай жүріп, тілімізді жаттықтыруға бел будық. Содан, 1963 жылы Бруклиндегі дүниежүзілік бас басқармадан екі хат алдық. Бірі маған, ал екіншісі Яниге арналған болатын. Менікінің ішінде Ғалақадтың он айлық арнайы мектебіне шақыру қағазы болды. Онда көбінесе ер бауырластарға тәлім және ұйымға байланысты басшылықтар берілетін. Сондықтан шақырылған 100 оқушының 82-сі ер бауырластар еді.

Яни: Сол күні алған хатымда бауырластар Маркус Ғалақадта болған кезде Бельгияда қала аламын ба, жоқ па, соны дұға ете отырып қарастыруды сұрады. Басында көңілім түскені рас. Ехоба қызмет аясын кеңейтуге деген талпынысыма батасын бермегендей көрінді. Бірақ мен Ғалақад мектебінің мақсаты онда оқитындарға ізгі хабарды дүниежүзіне жариялау ісін атқаруға көмектесу екенін есіме алдым. Сол себепті мен Бельгияда қалуға келістім және Анна мен Мария (Колпэрттер) есімді тәжірибелі арнайы ізашарлармен бірге Гент қаласына арнайы ізашар болып тағайындалдым.

Маркус: Ағылшынымды жетілдіруім керек болғандықтан, мені Бруклинге мектептің басталуынан бес ай бұрын шақырды. Мен әдебиетті жөнелту және қызмет бөлімінде жұмыс істедім. Бас басқармада қызмет етіп, Азия, Еуропа мен Оңтүстік Америкаға әдебиет жөнелтуге атсалысқанымның арқасында, халықаралық бауырластықтың мүшесі екенімді көбірек сезінетін болдым. Расселл бауырластың кезінде пилигрим (аралаушы бақылаушы) болған Макмиллан бауырлас әсіресе есімде. Мен онымен танысқанда, ол қартайып, құлағы естімей қалғанымен, бірде-бір қауым кездесуінен қалмайтын. Бұл маған қатты әсер етті және бауырластармен араласу мүмкіндігіне ешқашан немқұрайды қарамауды үйретті (Евр. 10:24, 25).

Яни: Маркус екеуміз аптасына бірнеше мәрте хат жазысып тұратынбыз. Біз бір-бірімізді қатты сағындық! Дегенмен Маркусқа Ғалақад мектебінен үйренгендері қатты ұнайтын, ал мен қызметімнен зор қуаныш алып жүрдім. Ол Құрама Штаттардан қайтып келгенде, мен 17 адаммен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізіп жүрдім! Әрине, бір-бірімізден 15 айға ажырап қалу қиын болды, бірақ Ехоба осындай құрбандыққа барғанымыз үшін батасын бергенін көрдім. Маркус қайтып келгенде, оның ұшағы бірнеше сағатқа кешігіп қалды. Сөйтіп, ол ақыры жеткенде, екеуміз құшақтасып, жылап жібердік. Содан бері жұбымыз жазылған емес.

КЕЗ КЕЛГЕН МӘРТЕБЕЛІ ҚЫЗМЕТКЕ РИЗАМЫЗ

Маркус: 1964 жылдың желтоқсан айында Ғалақадтан қайтып келгенімде, біз Бетелге тағайындалдық. Ол кезде Бетелде уақытша ғана қызмет ететінімізді білмедік. Үш ай өтер-өтпес біз Фландрияға облыстық бақылаушылық қызметке тағайындалдық. Ал Алзен мен Элс Викерсмалар Бельгияға миссионер болып келіп, сосын облыстық қызметке тағайындалғанда, біз қайтадан Бетелге шақырылдық та, мен қызмет бөліміне тағайындалдым. 1968 жылдан 1980 жылға дейін біз алма-кезек Бетелге және аралаушылық қызметке тағайындалып отырдық. Ал ақырында, 1980 жылдан 2005 жылға дейін мен қайтадан облыстық бақылаушы болып қызмет еттім.

Біз жиі әртүрлі қызметке тағайындалып отырғанымызбен, өмірімізді Ехобаға қызмет етуге арнағанымызды естен шығарған емеспіз. Өзімізге тапсырылған кез келген қызметті жақсы көретінбіз, себебі әрбір өзгеріс Патшалықтың мүддесін алға жылжыту мақсатымен орын алғанына сенімді болдық.

Яни: Мен Маркуспен бірге 1977 жылы Бруклинге бару мәртебесіне ие болдым. Сондай-ақ 1997 жылы Маркус филиал комитетінің мүшесі ретінде дайындықтан өткенде, Паттерсонға барғанымызға қатты қуандым.

ЕХОБА БІЗГЕ НЕ ҚАЖЕТ ЕКЕНІН БІЛЕДІ

Маркус: 1982 жылы Яниге ота жасалып, денсаулығы тәуір болып кетті. Үш жылдан кейін Лёвендегі қауым бізге Патшалық сарайларының үстіндегі пәтерді ұсынды. Отыз жылда бірінші рет кішкентай болса да, өз үйіміз болды. Сейсенбі күндері қауымға сапармен баруға жиналғанда заттарымызды төменге түсіру үшін, елу төрт баспалдақпен бірнеше рет шығып-түсуіме тура келетін! Қуанышымызға орай, 2002 жылы біз бірінші қабатта тұратын болдық. Жасым жетпіс сегізге келгенде, біз Локерен қаласына арнайы ізашарлар ретінде тағайындалдық. Осы қызметті атқаруға және әлі де күн сайын уағызға шығуға әліміз келетініне қуанамыз.

“Қай жерде не кім болып қызмет ететініміз емес, кімге қызмет ететініміз маңызды екеніне берік сенеміз”

Яни: Екеуміздікін қосқанда, толық уақытты қызметте өткізген жылдарымыз 120-дан асады! Біз Ехобаның “сені ешқашан қалдырмаймын” және оған адал қызмет ететіндер еш нәрседен таршылық көрмейді деген уәдесінің растығына көз жеткіздік (Евр. 13:5; Заң. қ. 2:7).

Маркус: Біз жас кезімізде Ехобаға бағышталдық. Ешқашан өзімізге ұлы нәрселер іздеген емеспіз. Сондай-ақ қай жерде не кім болып қызмет ететініміз емес, кімге қызмет ететініміз маңызды екеніне берік сенгендіктен, кез келген қызметті атқаруға әзір болдық.

a Жылдар өте ата-анам, әпкем мен екі інім Ехоба куәгерлері болды.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу