Ақсақалдар, сендер “шаршаған жанды” сергітесіңдер ме?
Айзадаa есімді жасы 30-дардағы салтбасты бауырлас кішкене қобалжулы. Ол ақсақалдарды күтіп отыр. Айзада бірнеше кездесуге бармай қалды, өйткені күні бойы қарт адамдарға қарап, үйге діңкесі құрып келеді. Бұл аздай, ол анасының нашарлап бара жатқан денсаулығын уайымдайды. Қазір ол “ақсақалдар маған не айтар екен?” деп ойлап отыр.
Егер сен Айзадаға бара жатқан ақсақалдардың бірі болсаң, бұл “шаршаған жанды” қалай сергітер едің? (Ерм. 31:25). Сапарың жігер беру үшін, алдымен оған қалай дайындалар едің?
БАУЫРЛАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ТУРАЛЫ ОЙЛАН
Бәріміздің де жұмысымызды не теократиялық міндеттерімізді атқара жүріп шаршайтын кездеріміз болады. Мысалы, Даниял пайғамбар көрген аянын түсіне алмай “қалжырап-шаршаған” (Дан. 8:27). Бірақ кейін оған Жәбірейіл періште келіп, түсінік берді және Құдай оның дұғаларын естігенін жеткізді. Сондай-ақ ол Даниялдың әлі де Құдайға “айрықша қымбат” екенін айтты (Дан. 9:21—23 сілт.). Ал басқа жолы өзге бір періште қажыған пайғамбарды жақсы таңдалған сөздермен қуаттады (Дан. 10:19).
Бауырластарға бақташылық сапармен бармас бұрын, олардың жағдайы туралы ойлануға уақыт бөл
Сол сияқты сен де шаршап-шалдығып жүрген бауырласқа барар алдында оның жағдайы туралы ойлануға уақыт бөл. Бауырлас қандай қиыншылықтарды бастан кешіріп жүр? Неге бұл қиыншылықтар оны күш-жігерінен айыруда? Ол қандай жақсы қасиеттер танытады? “Мен бауырластардың күшті жақтарына баса назар аударамын,— дейді ақсақал болғанына 20 жылдан асқан Ричард.— Оларға бармас бұрын жағдайлары туралы мұқият ойланып алсам, қажеттіліктерін ескеріп, жақсы жігер бере аламын”. Егер бауырласқа екі ақсақал баратын болса, екеуінің бірге дайындалып алғаны жөн.
БАУЫРЛАСТАР ӨЗДЕРІН ЕРКІН СЕЗІНЕ АЛСЫН
Бауырлас ақсақалға ішіндегісін ақтарып айтуға ыңғайсыздануы мүмкін. Олай болса, оған өзін еркін сезінуге қалай көмектесе аласың? Бауырласқа күлімсірей қарап, әңгімені бір-екі ауыз жылы сөзбен бастауға болады. 40 жыл бойы ақсақал болып келген Майкл әңгімені жиі былай деп бастайды: “Білесің бе, ақсақалға қызметінің ең ұнайтын жақтарының бірі — бауырластардың үйлеріне барып, олармен жақсырақ танысу. Сондықтан мен бүгінгі кездесуімізді асыға күттім”.
Кездесудің басында бірге дұға етуді ұсынуға болады. Шын жүректен айтқан дұғаңда бауырластың сенімі, сүйіспеншілігі және табандылығы сияқты қасиеттерін атап кетсең болады. Елші Пауыл бауырластар туралы солай дұға еткен (Сал. 1-х. 1:2, 3). Мұндай дұға оған да, саған да жүректі дайындауға көмектеседі және әңгіменің жақсы болуына септігін тигізеді. Сондай-ақ дұғаң бауырластың көңіліне шипа бола алады. “Бәріміз де кейде қандай жақсы істер атқарып жүргенімізді естен шығарып аламыз,— дейді Рэй есімді тәжірибелі ақсақал.— Сол себепті біреу мұны есімізге салса, бір марқайып қаламыз”.
РУХАНИ СЫЙМЕН БӨЛІС
Сен тіпті бір ғана жазба орнын пайдаланып, елші Пауыл сияқты “рухани сыймен” бөлісе аласың (Рим. 1:11). Мәселен, ұнжырғасы түскен ер бауырлас өзін түкке тұрғысыз сезініп жүруі мүмкін. Сен оған өзін “түтінге қақталған торсықтай” сезінген забур жыршысының сөздерін оқып бере аласың (Заб. 118:83, 176). Бұл сөз тіркесін қысқаша түсіндірген соң, бауырласыңның Құдайдың “жарлықтарын есінен шығармағанына” сенімді екеніңді білдірсең болады.
Ал қауымнан алшақтап кеткен не құлшынысын жоғалтып алған әйел бауырласқа жоғалған күміс теңге туралы мысал көмектесуі мүмкін (Лұқа 15:8—10). Бәлкім, әлгі күміс теңге қымбат алқаны құраған көптеген күміс теңгелердің бірі болған шығар. Бұл мысалды талқылаудың арқасында бауырласқа қауымның бағалы мүшесі екенін түсінуге көмектесе аласың. Содан соң Ехобаның оған қошақанындай қарап, қамқорлайтынын айтсаң болады.
Бауырластарымыз әдетте Киелі кітаптан оқығандарымен бөліскенді жақсы көреді. Сондықтан тек өзің ғана сөйлей берме. Бір жазба орнын оқып берген соң, белгілі бір сөзді не сөз тіркесін таңдап алып, бауырласты соған қатысты өз ойын айтуға шақыр. Мысалы, Қорынттықтарға 2-хат 4:16-ны оқыған соң, ақсақал былай деп сұраса болады: “Ехобаның өзіңді жаңартып не күш беріп жатқанын неден байқап жүрсің?” Осылай еткенің “өзара жігерленулеріңе” көмектеседі (Рим. 1:12).
Бауырластарымыз әдетте Киелі кітаптан оқығандарымен бөліскенді жақсы көреді
Бауырласты жігерлендірудің тағы бір жолы — онікіндей жағдайда болған Киелі кітап кейіпкері туралы талқылау. Өзін дәрменсіз сезініп жүрген бауырласпен Ханна мен Епафродиттің мысалын қарастырсаң болады. Екеуі де жан күйзелісіне ұшырағанымен, Құдайдың көзінде бағалы болған (Пат. 1-ж. 1:9—11, 20; Філіп. 2:25—30). Киелі кітапта осылайша қолдануға болатын мысалдар жетіп артылады.
ӘРІ ҚАРАЙ ДА КӨҢІЛ БӨЛ
Бақташылық сапардан соң, бауырласқа әрі қарай да шын жүректен қызығушылық білдіргенің жөн (Ел. іс. 15:36). Мысалы, әңгіменің соңында уағызға шығуға келіссең болады. Бернард есімді тәжірибесі мол ақсақал жақында әңгімелескен бауырласқа қайта жолығады да, берген кеңесі жайлы ілтипатпен: “Қалай, көмектесті ме?”— деп сұрайды. Осылай жеке көңіл бөлсең, қосымша көмек қажет пе, жоқ па, соны анықтай аласың.
Бүгінде бауырластарымыз қамқорлыққа, түсінікке және сүйіспеншілікке бұрын-соңды болмағандай мұқтаж (Сал. 1-х. 5:11). Ендеше бауырластарға бақташылық сапармен бармас бұрын, олардың жағдайы туралы ойлануға уақыт бөл. Бұл туралы дұға айт. Қолданатын жазба орындарын жақсылап таңда. Сонда “шаршаған жанды” сергітетін сөздер табатыныңа күмән жоқ!
a Есімдер өзгертілген.