КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ
“Мен дін қызметкері болуды армандадым”
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1957
ЕЛІ: МЕКСИКА
БҰРЫНДА: ДІНИ МЕКТЕПТЕ ОҚЫҒАН ЖӘНЕ АШУШАҢ МІНЕЗДІ БОЛҒАН
ӨМІРБАЯНЫМ:
Мен Тескоко деген кішігірім қалада дүниеге келдім. Ол кезде көшелердің көбісі тас төселмеген әрі шаң болатын. Сатуға арналған заттарын есек арбаларына тиеп, жақын ауылдардан қалаға келе жатқан адамдарды жиі көруге болатын. Біздің отбасымыз кедей еді. Мен тоғыз ағайындының ішіндегі жетіншісі едім. Әкем отбасымызды асырау үшін гуарачес (сандал) жөндейтін. Бірақ жеті жаста болғанымда ол дүниеден өтті. Сол кезден бастап анам бізді асырау үшін талмай жұмыс істейтін болды.
Атам скрипкада ойнайтын және классикалық діни әуен орындайтын оркестр дирижёрі болатын. Отбасы мүшелерімнің барлығы дерлік музыкалық аспаптарда ойнайтын. Анам шіркеу хорында ән айтатын. Ал ағам опера әншісі еді әрі пианинода ойнайтын. Отбасымызда бәріміз діндар адам болдық. Мен шіркеуде дін қызметкерінің көмекшісі болдым әрі өзім де дін қызметкері болуды армандадым. Ол кездері мен каратэ туралы фильмдерге әуес болатынмын. Сол фильмдерді көп көрген сайын ашушаң бола түстім.
Кейін мен Пуэбла қаласындағы діни мектепте оқитын болдым. Менің мақсатым дін қызметкері болу еді. Бірақ оқуымның соңғы жылында католик шіркеуінен көңілім қала бастады. Бір монах қыз бірге болуды ұсынып, маған тиісті. Мен бұл азғыруға қарсы тұрдым, бірақ осыдан кейін үйленуге деген құштарлығым оянды. Оның үстіне, кейбір дін қызметкерлері екіжүзді өмір кешетінін көрдім. Ақырында дін қызметкері болу туралы ойымнан айныдым.
Мен дін қызметкерінің көмекшісі болдым әрі дін қызметкері болуды армандадым. Бірақ каратэ туралы фильмдерге әуес болғандықтан, ашушаң бола түстім
Кейін Мексика қаласындағы Ұлттық консерваторияда музыкалық білім алуды шештім. Оқуымды бітірген соң үйлендім. Уақыт өте келе біздің төрт баламыз болды. Мен отбасымды асырау үшін католик шіркеуінде месса рәсімі кезінде ән айтып жүрдім.
Әуел бастан-ақ некеміз бақытты емес еді. Әйелім екеуміз көбінесе қызғаныш сезіміне бой алдырғандықтан ұрысып қалатынбыз. Алғашында ренжітетін сөздер ғана айтсақ, кейін бір-бірімізге қол көтере бастадық. Ақырында, неке құрғанымызға 13 жыл болғанда бөлек тұруды шештік, ал кейіннен ажырасып кеттік.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:
Алғаш рет Ехоба куәгерлерін әйеліммен ажыраспай тұрғанда кездестіргенмін. Екі Куәгер есігімізді қағып, Киелі кітап жайлы әңгімелесуді ұсынды. Мен дін туралы көп білемін деп ойлап, олардың адасып жүргендерін дәлелдемек болдым. Оларға жауабы жоқ деп ойлаған қиын сұрақтар қойдым. Бірақ Куәгерлердің сұрақтарыма Киелі кітапқа негіздеп жауап бергендері мені қатты таңғалдырды. Сол кезде өзімнің шын мәнінде көп нәрсені білмейтінімді аңғардым. Алайда әйелім Ехоба куәгерлеріне қатты дөрекілік көрсеткендіктен әрі менің қолым бос болмағандықтан, олармен әңгімелесу мүмкін болмады.
Арада бес жыл өткенде, мен қайтадан Ехоба куәгерлерін кездестірдім. Ол кезде Эльвира деген әйелмен бірге тұратынмын. Эльвира Ехоба куәгерлеріне қарсы емес еді, сондықтан мен Киелі кітапты жүйелі түрде зерттей алатын болдым. Десе де өмір салтымды өзгерту үшін бірнеше жыл қажет болды.
Ехоба Құдайға шын жүректен қызмет еткім келсе, өмірімде үлкен өзгерістер жасау керектігін түсіндім. Алдымен католик шіркеуіндегі мессада ән айту жұмысынан шығып, нан табу үшін басқа жұмыс іздеуге тура келді (Аян 18:4). Сондай-ақ маған Эльвирамен некемді заңдастыру қажет болды.
Алайда ең қиын болғаны қызба мінезімді жүгендеу еді. Маған әсіресе Киелі кітаптағы Забур 10:5-тегі және Петірдің 1-хаты 3:7-дегі сөздер көмектесті. Бұл жазба орындарында Ехобаның қатыгездікті жек көретіні және ол менің дұғаларымды тыңдауы үшін әйелімді құрметтеуім керек екені жазылған. Осы тармақтардың үстінен ой жүгірткенім және Ехобаға дұға айтқаным мінезімді жүгендеуге көмектесті.
Киелі кітаптан Ехоба менің дұғаларымды тыңдауы үшін әйелімді құрметтеуім керек екенін үйрендім
ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:
Бүгінде менің отбасым бақытты. Қазір мен бірінші некедегі балаларыммен қарым-қатынасымды жақсартуға тырысып жүрмін. Сондай-ақ қазіргі отбасымның сенімін нығайтуға күш салудамын.
Кішкентай кезімде өмірімнің мәні дін қызметкері болып, адамдарға көмектесу еді. Алайда қазір өмірім нағыз мән-мағынаға толы. Мен отбасымды асырау үшін музыкадан сабақ беремін. Ехобаның маған шыдамдылық танытып, жақсы адам болып өзгеруіме мүмкіндік бергені үшін сондай ризамын.