Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 15.12. 14—17 бет.
  • Оқырман сауалдары

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Оқырман сауалдары
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ұқсас мәлімет
  • Ақ некені қастерлеңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 15.12. 14—17 бет.

Оқырман сауалдары

Шындықты білгенге дейін әйелім екеуіміз бала сүю мақсатымен экстракорпоральді (жасанды) ұрықтандыру әдісіне жүгінген болатынбыз. Ұрықтанған жасушалардың (эмбриондар) бәрі қолданылмады. Олардың кейбірі мұздатып қатырылды. Оларды сақтап қою керек пе, әлде тастауға бола ма?

Бұл — экстракорпоральді ұрықтандыру әдісіне жүгінген жұбайлардың көкейінде жүрген моральдық мәні бар көптеген сұрақтың бірі ғана. Әрине, бұл орайда әрбір ерлі-зайыпты қабылдаған шешімдері үшін Ехобаның алдында өздері жауап береді. Десе де аталмыш әдіс жайлы біраз мағлұмат алғанымыздың пайдасы зор болар.

1978 жылы Англиядағы бір әйел ең алғашқы болып жасанды жолмен бала сүйген еді. Содан бері осындай әдіспен туылған сәбилерді “түтікшеден шыққан балалар” деп атайтын болды. Әйелдің Фалопий түтіктері бітеулі болғандықтан, аналық жасушалардың аталық ұрықпен қосылуы мүмкін емес еді. Сондықтан ол құрсақ көтере алмады. Дәрігерлер оның жетілген аналық жасушасын ота жасау арқылы алып, шыны ыдысқа салды да, күйеуінің аталық ұрығымен ұрықтандырды. Сосын алынған эмбрионды құнарлы ортада өсіріп, әйелдің жатырына салды. Сол жерде эмбрион дамып, нәтижесінде әйел қыз туды. Кейіннен бұл әдісті және оның басқа да түрлерін экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКҰ) деп атайтын болды.

Кей елдерде өз ерекшеліктері болғанмен, жалпы алғанда ЭКҰ әдісі былай жүргізіледі: әйелге бірнеше апта бойы күшті гормонды дәрілер береді. Нәтижесінде оның аналық безі көптеген аналық жасушаны бөліп шығарады. Күйеуінің мастурбация жасау арқылы берген ұрығы тазартылып, зертханада аналық жасушалармен біріктіріледі. Содан көптеген жасушалар ұрықтанып, бөліне бастайды да, олардан эмбриондар пайда болады. Бір не бірер күннен кейін жаңадан пайда болған эмбриондар мұқият тексеріледі де, ананың құрсағына бекіп, өсіп жетілуге жарамдылары анықталады. Құрсақ көтеру ықтималдылығын арттыру мақсатымен әдетте үшінші күні әйелдің жатырына ең жақсы эмбриондардың екі-үшеуін бірден салады. Олардың бірі не бірнешеуі бекіген жағдайда әйел жүкті болып, мерзімі жеткенде босанады.

Ал әлсіздері мен ауытқулары барларын қоса алғанда, ана құрсағына салынбаған эмбриондар жайлы не деуге болады? Арнайы күтім жасалмаса, олар көп ұзамай жарамсыз болып қалады. Осыны болдырмау үшін артық эмбриондарды азот сұйықтығына салып, қатырып қоюға болады. Қандай мақсатпен? Алғашқы ЭКҰ сәтсіз болған жағдайда, сақталған эмбриондардың кейбірін келесі ЭКҰ-ға қолдануға болады әрі бұл арзанға түседі. Алайда бұл мәселенің моральдық жағы бар. Жоғарыда өз уайымдарымен бөліскен жұбайлар сияқты, көбісі мұздатып қатырылған эмбриондармен не істейтіндерін білмей дал болады. Мысалы, ата-аналар тағы да бала сүюді қаламауы мүмкін. Бұған жастарының келіп қалғаны не қаржыларының болмағаны себеп болып жатады. Я болмаса ерлі-зайыптылар көп ұрықты жүктілікпенa байланысты қиындықтардан қорқатын шығар. Сондай-ақ жұбайлардың біреуінің не екеуінің де қайтыс болуы я басқа некеге тұруы жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін. Иә, бұл мәселеде көп сұрақ туындайды, сондықтан кейбір жұптар ақша төлеп, эмбриондарды жылдар бойы сақтауды жөн көреді.

2008 жылы бір тәжірибелі эмбриолог “Нью-Йорк таймста” жарияланған мақаласында көп адамның қалған эмбриондармен не істейтіндерін білмей, қатты уайымдайтындарын сөз етті. Мақалада бұл жөнінде былай делінген: “Елдегі емханаларда кем дегенде 400 000 эмбрион сақталған және бұған күн сайын жаңалары қосылуда... Дұрыс жолмен мұздатып қатырылса, эмбриондар ондаған не одан да көп жыл бойы жарамды бола алады, алайда оларды еріткен жағдайда, бәрінің бірдей аман қалуы екіталай” (көлбеу ред.). Осы жайт кейбір мәсіхшілерді бір сәтке тоқтап, ойлануға талпындырады. Не себепті?

ЭКҰ-ға қатысты қиындықтарға кезіккен мәсіхші жұбайларға медицинада кездесетін өзге бір жағдайдың үстінен ой жүгірткендері көмек болар. Мысалы, мәсіхшінің ешқандай ем қонбаған жақыны өлім аузында жатыр делік. Ол тыныс алу аппараты сияқты жасанды құрылғының арқасында ғана жан сақтауда. Шынайы мәсіхшілер денсаулықты сақтауға салғырт қарамайды. Мысырдан шығу 20:13 пен Забур 35:10-ға сай, олар өмірді жоғары бағалайды. 1974 жылдың 8 мамыр айында шыққан “Ояныңдар!” (ағ.) журналында былай делінген еді: “Киелі кітап принциптері бойынша өмір сүргісі келетіндер Құдайдың өмірдің қасиеттілігіне қатысты көзқарасын құрметтейді, өз ар-ұждандарынан аттап өтпейді әрі мемлекеттің заңдарына бағынады. Сондықтан олар белсенді эвтаназияғаb ешқашан келісім бермес еді”, өйткені бұл адамның өмірін әдейі үзумен тең. Алайда кей жағдайларда жақынымыздың өмірі тек медициналық құрылғыға ғана тәуелді болып жатады. Осындай жағдайда отбасы мүшелеріне жасанды құрылғыны әрі қарай қолдануды не тоқтатуды шешу керек болады.

Әрине, ЭКҰ әдісіне жүгініп, эмбриондарды сақтап қойған жұбайлардың жағдайы аталмыш жағдайға тура ұқсайды дей алмаймыз. Десе де дәрігерлер жұбайларға эмбриондарды азот сұйықтығынан шығарып, ерітуді ұсынуы мүмкін. Жасанды ортадан, яғни мұздатқыштан, шығарылған эмбриондар көп ұзамай бұзылып, мүлдем жарамсыз болып қалады. Ерлі-зайыптылар осыған жол бере ме, жоқ па, соны шешулері керек (Ғал. 6:7).

Бала сүю мақсатымен ЭКҰ әдісіне жүгінген жұбайлар ақысын төлеп, қалған эмбриондарды қатырып қоюды не болашақта оларды тағы қолдану үшін сақтап қоюды жөн көрер. Алайда басқа жұбайлар осылай сақталған эмбриондар тек жасанды әдістің арқасында ғана жарамды болып тұр деген оймен олардың тіршілігін тоқтатуды шешуі мүмкін. Бұл мәселеде мәсіхшілер Киелі кітап бойынша үйретілген ар-ұждандарын қалай қолданатындары үшін Құдай алдында жауапты болады. Олар өз ар-ұждандарының мазалағанын қаламайды әрі өзгелердің де ар-ұжданына немкетті қарамайды (Тім. 1-х. 1:19).

Бұл мәселеде мәсіхшілер Киелі кітап бойынша үйретілген ар-ұждандарын қалай қолданатындары үшін Құдай алдында жауапты болады

Репродуктивті эндокринология саласындағы бір маман көп жұбайлардың “[мұздатылған] эмбриондарға жауапты болғандары үшін қатты уайымдайтындарын әрі өздерін тығырыққа тірелгендей сезінетіндерін” айтады. Ол сөзін қорытындылап: “Көп жұбайларға мұның дұрыс шешімі жоқ сияқты көрінеді”,— деді.

Шынайы мәсіхшілер тіпті ЭКҰ әдісі жайлы ойланып жүргеннің өзінде оның қандай үлкен қиындықтар тудыруы мүмкін екенін қарастырып, бәрін саралап, салмақтап алғандары дұрыс. Киелі кітапта: “Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар, Аңғал адам жүре беріп, зиян табар”,— делінген (Нақ. с. 22:3).

ЭКҰ-НЫҢ ӨЗГЕ ТӘСІЛДЕРІ

ЭКҰ әдісінің дамуы нәтижесінде бүгінде оның басқа да тәсілдері пайда болды. Алайда олардың Киелі кітапта көрсетілген Құдайдың көзқарасына қайшы келетіні анық. Мысалы, әйелдің аналық жасушасы күйеуі болып табылмайтын ер адамның ұрығымен ұрықтандырылуы мүмкін. Сосын пайда болған эмбриондар сол әйелдің жатырына салынады (Кейде лесбиян жұптар осы тәсілге жүгінеді). Басқа бір жағдайда күйеуінің аталық ұрығы басқа әйелдің аналық жасушасын ұрықтандыру үшін қолданылып, алынған эмбриондар әйелінің жатырына салынады.

Сондай-ақ “эмбрионды асырап алу” деген де тәсіл бар. Мұндайда әйелінің жатырына салынатын эмбриондарды алуға оның аналық жасушасы да, күйеуінің ұрығы да қолданылмайды. Басқа бір тәсілге сай, күйеуінің ұрығы мен әйелінің аналық жасушасы ЭКҰ әдісі арқылы ұрықтандырылады. Сосын алынған эмбриондар құрсақ ананың, яғни жүкті болып, сол жұбайлар үшін бала туып беретін әйелдің, жатырына салынадыc.

Бала сүюдің мұндай тәсілдері Құдайдың қызметшілері үшін лайықсыз, өйткені Құдай мынадай нұсқау берген болатын: “Ұрығыңды төгіп және сонымен бірге харамданбас үшін өзіңе жақын адамның жұбайымен бірге жатушы болма” (Леу. 18:20, 29 Тт; Нақ. с. 6:29). Эмбрионды алу үшін жұбайлардың емес, басқа біреудің ұрығы не аналық жасушасы (не екеуі де) қолданылса, бұл Киелі кітапта айтылған порниамен, яғни азғындықпен, пара-пар болады. Жоғарыда аталған тәсілдерге жүгінгендер жыныс мүшелерін бұрыс қолданып, өрескел әрекет жасайды (Мат. 5:32; Қор. 1-х. 5:11; 6:9, 18; Евр. 13:4).

c Құрсақ ана (суррогат ана) жайлы көбірек мәліметті 1993 жылдың 8 сәуірінде шыққан “Ояныңдар!” (ор.) журналының 26, 27-беттерінен көруге болады.

Бірге тұрып жатқан ер адам мен әйел Киелі кітапты зерттеп, шомылдыру рәсімінен өткісі келеді. Алайда ер адам елде заңсыз тұрып жатқандықтан, олар заңды некеге тұра алмайды. Өйткені сол елдің үкіметі тіркеуден өтпеген шетелдіктерге рұқсат етпейді. Осындай жағдайда олар адалдық сақтау жөніндегі құжатқа қол қойып, шомылдыру рәсімінен өте ала ма?

Ехоба куәгерлері құрастырған аталмыш құжаттың бар екені рас. Бір қарағанда мәселенің шешімі сол болып көрінуі мүмкін, алайда олардың жағдайында осылай ету Жазбаларға сай келмейді. Мұны түсіну үшін алдымен адалдық сақтау жөніндегі құжаттың мақсатын, оны қалай және қандай жағдайда қолдануға болатынын қарастырайық.

Некеге бастау берген — Ехоба Құдайдың өзі. Ол бұл құрылымға құрметпен қарайды. Ал оның Ұлы: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”— деген болатын (Мат. 19:5, 6; Жар. 2:22—24). Сосын ол: “Кім әйелімен азғындықтан басқа себеппен ажырасып, басқаға үйленсе, неке адалдығын бұзады”,— деп қосты (Мат. 19:9). Демек, Жазбаларға сай, ажырасуға құқық беретін жалғыз себеп — азғындық. Мәселен, күйеуі әйелінің көзіне шөп салса, әйелі онымен ажырасуды не ажыраспауды шеше алады. Егер ол ажырасуды шешсе, басқа біреумен неке құруына болады.

Десе де кей елдердегі шіркеулер, әсіресе өткен ғасырларда, Құдайдың осы анық көзқарасын елеусіз қалдырып келді. Олар ешқандай себеппен ажырасуға болмайды деп үйретті. Бұл шіркеулердің ықпалы кей елдердің мемлекет заңынан көрініс тапты. Мұндай елдерде жұбайларға мүлдем ажырасуға болмайды. Олардың тіпті Иса айтып кеткен келелі себеппен де ажырасуға құқылары жоқ. Ал басқа елдерде бұған рұқсат берілгенмен, ажырасу процесі тым ұзақ, күрделі және көп күш салуды талап етеді. Оған қол жеткізу үшін талай жыл қажет болуы мүмкін. Осылайша шіркеу не үкімет Құдай рұқсат еткен нәрсеге “тосқауыл болып” отыр (Ел. іс. 11:17).

Мәсіхшілер қауымында осындай елдерде қолдануға болатын сүйіспеншілікке негізделген шара қарастырылған. Егер мемлекетте ажырасуға рұқсат берілмесе не оған қол жеткізу өте қиын болса, бәлкім, бұған бірнеше жыл кететін шығар, жұбайымен ажырасу үшін қолдан келгеннің бәрін істеген және Жазбаларға сай қайта неке құруға ерікті ер мен әйел адалдық сақтау жөніндегі құжатты қолдана алады. Олар бұл құжатқа куәгерлердің алдында қол қояды. Осылайша олар бір-біріне адал болуды және мүмкіндік туған жағдайда одақтарын заңдастыруды уәде етеді. Олар Құдай мен куәгерлердің алдында уәде беретіндіктен, қауымдағы бауырластар олардың одақтарын заңды неке деп қарастырады. Алайда бұл шара ажырасуға рұқсат берілген елдерге арналмаған. Тіпті мұндай елдерде ажырасу процесі қандай да бір шамада қымбат не күрделі болса да, ол құжатқа жүгінуге болмайды.

Алайда ажырасуға рұқсат берілетін мемлекетте тұратын кейбіреулер адалдық сақтау жөніндегі құжаттың мақсатын түсінбегендіктен, ажырасу процесімен байланысты қиындықтарды шешудің орнына, аталмыш құжатқа қол қоюға өтініш білдірген.

Жоғарыда көтерілген оқырман сұрағына келсек, азаматтық некеде тұрып жатқан ер кісі мен әйел қарым-қатынастарын заңдастырғысы келеді. Жазбаларға сай, олардың екеуі де некеге тұруға ерікті, өйткені екеуі де басқа біреумен некеде тұрған жоқ. Алайда бұл ер адам елде заңсыз тұрып жатыр, сол себепті мемлекет оған заңды некеге тұруға рұқсат бермейді. (Көп елдерде біреуі я екеуі де мемлекетте заңсыз тұрып жатқанмен, үкімет оларға некеге тұруға рұқсат беретінін де айта кету керек.) Бұл мемлекетте ажырасуға рұқсат беретін заң бар болғандықтан, адалдық сақтау жөніндегі құжатты бұл жағдайда қолдануға болмайды. Сондай-ақ бұл жұптың Жазбаларға сай неке құруға ерікті екенін ескерген жөн. Олардың мәселесі ажырасуға еш қатысы жоқ. Мәселе олардың заңды некеге тұруға рұқсат ала алмай жүргенінде. Олай болса, осы жағдайда олар не істей алады? Бәлкім, оларға елде заңсыз тұрғандарға некелесуге рұқсат беретін басқа мемлекетке бару керек болатын шығар. Я болмаса ер кісі тұрып жатқан елінде тіркелу үшін қам жасаса, сол елде-ақ некелесуге мүмкіндік болар.

Иә, бұл ер кісі мен әйел Құдайдың талаптары мен үкімет заңдарына сай қажетті өзгерістер жасай алады (Мар. 12:17; Рим. 13:1). Олар солай етеді деп үміттенеміз. Осыдан кейін олардың шомылдыру рәсімінен өте берулеріне болады (Евр. 13:4).

a Жетіліп келе жатқан шаранада ауытқулар байқалса не жатырға бірнеше эмбрион бекісе ше? Мұндайда жүктілікті әдейі үзу түсік жасаумен тең болар еді. ЭКҰ әдісімен емделу кезінде көп ұрықты жүктілік (егіз, үшем не одан көп) жиі болып тұрады. Мұның нәтижесінде мерзімінен бұрын босану не қан кету сияқты қиындықтардың қаупі артады. Сондықтан дәрігерлер бойына бірнеше бала біткен әйелді солардың бірінен не бірнешеуінен арылуға көндіруі мүмкін. Ал бұл әдейі түсік жасаумен, яғни адам өлтірумен, тең болар еді (Мыс. ш. 21:22, 23; Заб. 138:16).

b Белсенді эвтаназияға жазылмайтын ауруға шалдыққан адамның ағзасына улы сұйықтықты енгізу арқылы не қандай да бір басқа жолмен оның өмірін үзу жатады.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу