Жеңілдетілген “Күзет мұнарасы” неліктен басып шығарылды?
ОНДАҒАН жылдар бойы, дүниежүзі бойынша адамдар Киелі кітапқа негізделген “Күзет мұнарасы” басылымын жоғары бағалап, ондағы мәліметтің көп пайдасын көріп келді. 2011 жылдың шілде айында зерттеуге арналған “Күзет мұнарасының” жеңілдетілген түрі алғаш рет ағылшын тілінде жарық көрді. Сол алғашқы санында: “Қаншалықты тиімді болатынын байқау үшін бұл журнал бір жыл бойы басылып шығарылмақ”,— делінген болатын.
Енді біз осы басылымды әрі қарай да басып шығара беретінімізді қуанышпен хабарлаймыз. Оған қоса, алдағы уақытта бұл басылым француз, португал және испан тілдерінде де шығатын болады.
НЕЛІКТЕН БАҒАЛЫ?
Жеңілдетілген басылымын алған соң, Тынық мұхитының оңтүстігіндегі кейбіреулер былай деді: “Қазір бауырластар “Күзет мұнарасын” толық түсінетін болды”. Басқа бір хатта былай делінген: “Енді сөздердің мағынасын іздеуге, қандай да бір тіркесті түсінуге кететін уақытты мақалада келтірілген тармақтарды қарастыруға және олардың тақырыппен қандай байланысы бар екенін түсінуге жұмсауға болады”.
Құрама Штаттарындағы бір университеттің түлегі былай дейді: “Мен 18 жыл бойы жоғары білімді адамдар ғана түсінетін сөздерді қолданып сөйледім. Маған күрделі жолмен сөйлеу және ойлау әдетке айналып кеткендіктен, қалай ой түзіп, сөйлейтініме қатысты үлкен өзгерістер жасау керектігін түсіндім”. “Күзет мұнарасының” жеңілдетілген түрі бұл бауырласқа жақсы Киелі кітап тәлімгері болуға көмектесті. Ол былай деп қосты: “Маған жеңілдетілген “Күзет мұнарасының” көмегі зор болды. Оның тілі маған көп нәрсені қарапайым етіп жеткізудің керемет үлгісі болды”.
1972 жылы шомылдыру рәсімінен өткен Англиядағы бір әйел бауырлас жеңілдетілген “Күзет мұнарасы” туралы былай дейді: “Алғашқы санын оқығанда, Ехоба қасыма отырып, иығымнан құшақтап, менімен бірге оқып отырғандай сезімде болдым. Бұл маған әкесі баласына ұйықтар алдында кітап оқып беріп жатқандай болды”.
Қырық жыл бұрын шомылдыру рәсімінен өткен Құрама Штаттарындағы бетелдік бір әйел бауырлас жеңілдетілген “Күзет мұнарасының” оған Киелі кітапты одан сайын анық түсінуіне көмектескенін айтады. Мысалы, 2011 жылдың 15 қыркүйегінде шыққан санындағы “Кейбір сөздердің түсіндірмесі” деген қоршауда Еврейлерге 12:1-дегі “бұлт іспетті көп куәгер” деген тіркес “олардың көп болғаны сонша, санау мүмкін емес еді” деп түсіндірілген. Бауырласымыз былай дейді: “Бұл маған осы тармақты жақсырақ түсінуге көмектесті”. Апта сайынғы кездесулер жайлы ол былай деп қосты: “Балалар жеңілдетілген басылымнан тікелей оқып берсе де, ондағы сөздер көпшіліктің қолында бар әдеттегі “Күзет мұнарасынан” өзгеше. Сондықтан балалардың берген жауаптары тыңдаушылар үшін жаңа болады”.
Басқа бір бетелдік әйел бауырлас былай дейді: “Мен қауымда кішкентай балалардың берген жауаптарын асыға күтемін. Жеңілдетілген “Күзет мұнарасы” оларға өз жауаптарын сенімділікпен айтуға көмектеседі. Балалардың берген жауаптары маған үлкен жігер береді”.
Шомылдыру рәсімінен 1984 жылы өткен әйел бауырлас ризашылығын білдіріп былай деді: “Жеңілдетілген басылым тура маған арналып жазылғандай. Ол шынымен де оқығандарымды оңай түсінуге көмектеседі. Енді мен “Күзет мұнарасын” талқылау барысында жауап бере алатыныма сенімдімін”.
АТА-АНАЛАР ҮШІН ҚҰНДЫ ҚҰРАЛ
Жеті жасар баланың анасы былай дейді: “Баламмен “Күзет мұнарасын” зерттеуге дайындалғанда, оған сөйлемдердің көбісін түсіндіру үшін ұзақ уақыт кететін әрі бұл шаршатып жіберетін”. Жеңілдетілген басылымның қандай көмегі тиді? Ол былай дейді: “Мені таңғалдырғаны — балам енді абзацтарды өзі оқып, олардың мағынасын түсіне алады. Сөздері қарапайым әрі сөйлемдері қысқа болғандықтан, ол мақаланы түсініп, одан қуаныш алады. Енді балам менің көмегімсіз-ақ кездесулерге түсініктеме дайындайтын болды. Сондай-ақ ол талқылаудың соңына дейін журналдан бас алмай отырады”.
Ал тоғыз жасар қыздың анасы былай деп жазды: “Осыған дейін біз оған түсініктеме дайындауға көмектесетінбіз. Ал қазір ол өз бетінше дайындалатын болды. Енді мәліметті тәптіштеп түсіндіруімізді қажет ететін жағдайлар сирек болып тұрады. Қызыма мақаланы түсіну оңай болғандықтан, енді ол өзін “Күзет мұнарасын” зерттеудің толыққанды қатысушысы ретінде сезінеді”.
БАЛАЛАРДЫҢ ЖЫЛЫ ЛЕБІЗДЕРІ
Балалардың көбісі жеңілдетілген “Күзет мұнарасы” арнайы өздері үшін басып шығарылғандай сезінеді. 12 жасар Ребекка: “Осы журнал әрі қарай да басыла берсінші!”— деп өтінішін білдірді. Ол тағы да былай деп қосты: “Маған “Кейбір сөздердің түсіндірмесі” деген қоршау қатты ұнайды. Ол балалар үшін түсінуге сондай жеңіл”.
Жеті жасар Николет деген қыз да өз сезімдерін білдірді: “Әдеттегі “Күзет мұнарасын” түсіну мен үшін қиын болатын. Ал қазір ешкімнің көмегінсіз өзім көбірек жауап бере аламын”. Тоғыз жасар Эмма былай деп жазды: “Бұл журнал алты жасар інім екеумізге көп көмектесті. Біз қазір әлдеқайда жақсы түсіне аламыз! Көп рақмет сіздерге!”
Қарапайым сөйлемдер мен түсінуге оңай сөздер қолданылған “Күзет мұнарасының” көп адамға пайдасын тигізіп жатқаны анық. Сондықтан бұл басылым 1879 жылдан бері басылып келе жатқан әдеттегі басылыммен қатар шыға беретін болады.