Оқырман сауалдары
Бақытты болу неке құруға байланысты ма?
Киелі кітап мағыналы да бақытты өмір кешу үшін адам неке құру керек деп үйрете ме? Бір қарағанда, Киелі кітап осы көзқарасты құптайтын да сияқты. Неліктен?
Жаратылыс кітабында айтылғандай, Құдай Адам атаның жалғыз болғаны “жақсы болмас” деп, оған “көмекші” етіп Хауаны жаратып берген (Жаратылыс 2:18). “Көмекші” деп аударылған сөз түпнұсқа тілде “толықтырушы” дегенді білдіреді. Сондықтан әйелі не күйеуі болмаса, адам толық, яғни бір бүтін болмайды деп тұжырымдауымыз мүмкін. Бұған қоса Киелі кітаптың біраз жерінде неке баталар мен қуаныштың көзі ретінде суреттелген. Бұған бір мысал — Руттың оқиғасы.
Алайда осы жайттарға қарап, бүгінде мәсіхшілер отау құрып, балалы-шағалы болмаса, бақытты, мағыналы, толыққанды өмір кеше алмайды деуге бола ма? Жоқ, бұлай деуге болмайды. Бәрінен де ең бақытты әрі мағыналы өмір кешкен Иса Мәсіх ешқашан үйленбеген. Сондай-ақ дүниеде ең дана адам болған ол өзінің өмірімен “бақытты Құдай” Ехобаны кемелді түрде танытқан (Тімөтеге 1-хат 1:11; Жохан 14:9). Иса осы дүниеде адамды не нәрселердің бақытты ететінін айтқан болатын (Матай 5:1—12). Бірақ бұл тізімде неке аталмаған.
Олай болса, бұл мәселеде Киелі кітап өз-өзіне қайшы келе ме? Жоқ, олай емес. Неке мәселесін Ехобаның ниеті тұрғысынан қарастырғанымыз жөн. Құдай некені қуаныштың, жақын қарым-қатынас пен жұбаныштың көзі етіп жаратқанымен, оны кейде өз ниетін жүзеге асырудың маңызды бөлігі етіп қолданған. Мысалы, Құдай Адам ата мен Хауа анаға өз еркін білдіріп: “Өсіп-өніп көбейіңдер! Жер бетін толтырыңдар”,— деген (Жаратылыс 1:28). Құдайдың бұл ниетін Адам ата да, Хауа ана да жеке-жеке орындай алмас еді, бұл үшін олар бір-біріне қажет болды. Осылай олар ерекше мағынада бір-бірін толықтырар еді.
Исраил халқының жағдайында да Ехобаның неке мен отбасы өміріне қатысты ерекше ниеті болған. Ол өз халқының жаулары басып ала алмайтындай көп болғанын қалады. Сондай-ақ Құдай Яһуда руынан адамзатты күнә мен өлімнен құтқаратын Мәсіхті шығаруды ниет еткен еді (Жаратылыс 49:10). Сондықтан да исраилдік адал әйелдер үшін неке құрып, балалы болу зор құрмет, ал бала сүймеу масқара әрі қасірет болған.
Бүгінгі күн жайлы не деуге болады? Құдайдың “жер бетін толтырыңдар” деген ежелдегі тапсырмасын мәсіхшілер орындауға міндетті ме? Басқаша айтқанда, онсыз да адамға толы жер шарында тұрып жатқан мәсіхшілер үйленіп, балалы-шағалы болу керек пе? Жоқ (Матай 19:10—12). Оның үстіне, Құдайға бұдан былай Құтқарушы Мәсіх шығатын халықты қорғаудың қажеті жоқ. Ендеше, мәсіхшілер неке құруға және салтбасты болуға қалай қараулары керек?
Шын мәнінде бұл екеуін де Құдайдың сыйы деп қарастырғанымыз жөн. Әдетте біреуді бақытты ететін сый, басқа біреуді бақытты етпеуі мүмкін. Неке сүйіспеншілікке бөлейтін, жақын қарым-қатынаста болатын және отбасын нығайтатын қасиетті құрылым екені рас. Әйтсе де осы жалған дүниеде некеге тұрғандар “қиындықтарға кезігетінін” Киелі кітап ашық айтады. Ал салтбастылықты Ехоба адамды масқара ететін немесе қасіретке қалдыратын жағдай деп қарастырмайды. Қайта, Құдай Сөзінде некемен салыстырғанда салтбастылықтың белгілі бір артықшылықтары бар екені айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 7:28, 32—35).
Осылайша Киелі кітап неке мен салтбастылыққа дұрыс көзқарас танытуға шақырады. Неке мен отбасына бастау берген Ехоба Құдай өз қызметшілерінің бәрі — неке құрғаны немесе салтбастысы болсын — бақытты да мағыналы өмір кешкенін қалайды.