Киелі кітапта жазылған кереметтерге сенуге бола ма?
ӘЛДЕКІМ сізге бір таңғаларлық оқиға айтып берсе, бұған сенетін-сенбейтініңіз сол адамның қаншалықты шыншыл екеніне байланысты болмас па еді? Оның сөздерінің растығын оқиғаны қалай айтып бергенінен ғана емес, осы уақытқа дейін қаншалықты шыншыл болып келгенінен де көруге болады. Расында да, ол адам сізге жылдар бойы шындықты айтып келсе және ешқашан әдейі өтірік айтпаса, оның қазіргі сөздеріне де еш күмәнданбайтыныңыз анық.
Киелі кітапта жазылған кереметтер туралы да осылай деуге болады. Әрине, ол кезде әлі ешқайсымыз да туылмаған едік. Алайда сол оқиғалардың шын мәнінде орын алғанына көз жеткізуімізге болады. Бұл үшін Киелі кітаптағы кереметтерді растайтын кейбір жайттарды қарастырайық.
Көп кереметтер жұрт алдында жасалды. Кейбір кереметтерге мыңдаған, тіпті миллиондаған адам куә болған (Мысырдан шығу 14:21—31; 19:16—19). Олар жұрт көзінен таса, жасырын жерде жасалған жоқ.
Кереметтер қарапайым болған. Киелі кітапта баяндалған кереметтер арнайы құралдар, әсерлі қимыл-әрекеттер мен көзбояушы жарықтардың көмегімен жасалған жоқ. Олар көбіне адамдардың жеке өтініші бойынша не кездейсоқ жағдайда жасалған еді (Марқа 5:25—29; Лұқа 7:11—16). Мұндайда оларды алдын ала ойластырып жасаудың мүмкін емес екені анық.
Керемет жасағандар атақ-даңқ не байлыққа ие болуды көздемеген. Керісінше, олар Құдайды даңқтауды қалады (Жохан 11:1—4, 15, 40). Ал керемет жасау арқылы байлыққа ие болуға тырысқандар жазаларын тартты (Патшалықтар 4-жазба 5:15, 16, 20, 25—27; Елшілердің істері 8:18—23).
Киелі кітаптағы кереметтердің әртүрлі болғаны соншалық, оларды адам баласы жасады деу қиын. Мысалы, буырқанған теңіз бен жел басылды, су шарапқа айналды, жаңбыр жаумай қалды, кейін қайта жауатын болды, аурулар сауықты және зағиптар көретін болды. Осы және басқа да кереметтер олардың артында адам баласының күшінен әлдеқайда асып түсетін және кез келген нәрсеге әсер ете алатын құдірет иесі тұрғанын көрсетеді (Патшалықтар 3-жазба 17:1—7; 18:41—45; Матай 8:24—27; Лұқа 17:11—19; Жохан 2:1—11; 9:1—7).
Кереметтерді көрген қарсыластар олардың шынымен болғанына шек келтірмеген. Мысалы, Иса пайғамбар досы Елазарды тірілткенде, оның қарсыластары мұның шынымен болғанына күмән келтірмеген. Расында да, Елазардың қабірде жатқанына төрт күн болған еді ғой! (Жохан 11:45—48; 12:9—11). Тіпті Исаның өлімінен кейінгі ғасырларда да яһуди Талмудының жазушылары Исаның кереметтер жасайтын күшін жоққа шығармаған. Олар тек мұндай күшті кім дарытқанын ғана дауға салған. Дәл сол сияқты Исаның шәкірттері сот алдында жауапқа тартылғанда, тергеушілер олардан: “Сендер керемет жасадыңдар ма?”— деп емес, “Мұны қандай билікпен не кімнің атынан істедіңдер?”— деп сұраған (Елшілердің істері 4:1—13).
Сонымен, Киелі кітапта жазылған кереметтерге сенуге бола ма? Осы қарастырған жайттардан олардың шын мәнінде орын алғанын анық көруге болады. Киелі кітаптағы кереметтердің шынайылығын растай түсетін басқа да жайттар бар. Мысалы, онда қандай да бір оқиға баяндалғанда, жиі оның орын алған жері, уақыты және соған қатысы бар адамдардың есімдері де келтіріледі. Тіпті Киелі кітап сыншыларының өздері сонда кездесетін тарихи деректердің туралығына таңғалады. Сондай-ақ Киелі кітаптағы жүздеген пайғамбарлықтар бүге-шігесіне дейін орындалған. Бұған қоса, ол жерде қарым-қатынасты жақсартуға қатысты көптеген кеңестер бар. Теңдесі жоқ бұл кеңестер жасы мен әлеуметтік жағдайы әртүрлі адамдарға зор көмек болуда.
Киелі кітапқа әлі де толық сенім артпасаңыз, неге біраз уақыт бөліп, оны тереңірек қарастырып көрмеске? Ол жерде не жазылғанын көбірек білген сайын, Киелі кітапқа деген сеніміңіз де арта түседі (Жохан 17:17). Нәтижесінде сол жерде жазылған кереметтерге деген сеніміңіз артады. Бұл сенім Киелі кітаптағы жақын болашаққа қатысты уәделердің де орындалатынына еш күмәнданбауға көмектеседі.
[7-беттегі сурет]
Исаның қарсыластары Елазардың қайта тірілгеніне күмән келтірмеген