Кереметтер бізді не үшін қызықтыру керек?
“Керемет сөзінің анықтамасына қарасақ, оның ғылымның қағидаларына қайшы келетінін көреміз”. РИЧАРД ДОКИНЗ, ҒЫЛЫМДЫ КӨПШІЛІККЕ ТАНЫСТЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ ПРОФЕССОР
“Кереметтерге сенудің еш ағаттығы жоқ. Олар діннің беделін түсірмейді. Қайта, Құдайдың өз жаратылыстарын жақсы көретінін және олардың тіршілігіне араласып отыратынын көрсетеді”. РОБЕРТ ЛАРМЕР, ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ
СІЗ кереметтерге сенесіз бе? Жоғарыда келтірілген пікірлерден көрінетіндей, бұған қатысты әркімнің ойы әртүрлі. Ал сіз не ойлайсыз?
Өзгелер сізді ырымшыл не білімсіз деп ойлап қалмас үшін: “Мен кереметтерге сенемін”,— деп айтудан тартынатын шығарсыз. Көп адам солай етеді.
Я болмаса, сіз кереметтердің бар екеніне сенетіндердің қатарында боларсыз. Мысалы, Мұса пайғамбардың Қызыл теңізді қақ жарғаны сияқты Киелі кітапта жазылған кереметтерге сенетін шығарсыз. Сондай-ақ біздің күнімізде де кереметтер болып тұрады деп ойлауыңыз мүмкін. Жақында жүргізілген есепке сай, “Батыс елдерінде тұратын адамдардың біраз бөлігі, мысалы Құрама Штаттарындағы халықтың 75 пайызы және британдықтардың 38 пайызы кереметтерге сенеді” (“The Cambridge Companion to Miracles”). Алайда кереметтерге осы елдердегі мәсіхшілер ғана сенбейді. Әлем діндері жөніндегі Британ энциклопедиясында кереметтерге сену “барлық дерлік діннің ажырамас бөлігі екені” айтылған.
Мүмкін сіз: “Маған бәрібір. Менің өмірімде ешқандай керемет болған емес”,— дейтіндердің қатарында шығарсыз. Шынымен де, кереметтер бізді не үшін қызықтыру керек?
Мынадай жағдайды елестетіп көріңізші: сіз ешбір ем қонбайтын ауруға шалдықтыңыз делік. Бірде беделді медициналық журналдан дертіңізге шипа болатын жаңа дәрінің шыққанын білдіңіз. Сонда сол дәрі жайлы мәліметті қарастыру үшін аз да болса уақыт пен күш жұмсамас па едіңіз? Дәл сол сияқты Киелі кітапта жақында таңғажайып кереметтердің орын алатыны уәде етілген. Бұл кереметтер әрбір адамның өмірін жақсы жаққа қарай өзгертеді. Осы керемет уәделердің шынымен болатынына көз жеткізу үшін біраз уақыт пен күш жұмсасаңыз, бұл соған тұрмас па еді?
Жер бетінде қандай кереметтердің болатынын сөз етпес бұрын, кереметтерге қатысты жиі айтылатын үш қарсы пікірді қарастырайық.
[3-беттегі қоршау]
КЕРЕМЕТ ДЕГЕН НЕ?
Бұл — адам мен табиғаттың күштерінен асып түсетін құбылыс. Әдетте оны бейне бір тылсым күшке жатқызады.