Өзара үйлесімді кітаптар жиынтығы
“Пайғамбарлық ешқашан адам баласының қалауымен айтылған емес, қайта, оны адамдар Құдайдың киелі рухының жетелеуімен айтқан” (ПЕТІРДІҢ 2-ХАТЫ 1:21).
КИЕЛІ КІТАП ҚАЙ ЖАҒЫНАН ЕРЕКШЕ? Тіпті бір уақытта жазылған көне жазбалардың өздері жиі бір-біріне қайшы келіп жатады. Әртүрлі адамның түрлі жерде және түрлі уақытта жазған кітаптары өзара үйлесімді болуы екіталай. Ал Киелі кітапқа келер болсақ, ондағы барлық 66 кітаптың Авторы бір екені Киелі кітаптың өзінде айтылған. Сондықтан да онда жазылған хабар өзара үйлесімді (Тімөтеге 2-хат 3:16).
КИЕЛІ КІТАПТАН МЫСАЛ: Б. з. б. XVI ғасырда шопан болған Мұса пайғамбар Киелі кітаптың алғашқы кітабында “ұрпақтың” келетіні және оның адамзатты құтқаратыны жайлы жазған. Кейінірек дәл осы кітапта бұл “ұрпақтың” Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың үрім-бұтағынан шығатыны алдын ала айтылды (Жаратылыс 3:15; 22:17, 18; 26:24; 28:14). Шамамен 500 жыл өткен соң, Натан пайғамбар “ұрпақтың” Дәуіт патшаның әулетінен келетінін ашты (Патшалықтар 2-жазба 7:12). Арада тағы да 1000 жыл өткен соң, елші Пауыл бұл “ұрпақты” Иса Мәсіх пен оның таңдаулы ізбасарларының тобы құрайтынын түсіндірді (Римдіктерге 1:1—4; Ғалаттықтарға 3:16, 29). Ал б. з. I ғасырының аяғына таман жазылған Киелі кітаптың соңғы кітабында “ұрпақтың” мүшелері жерде Иса туралы түбегейлі куәлік беретіні, көкте қайта тіріліп, онымен бірге 1000 жыл бойы билік ететіні жайлы пайғамбарлық айтылды. Осылайша құралған “ұрпақ” Шайтан Ібілісті жойып, адамзатты құтқарады (Аян 12:17; 20:6—10).
КИЕЛІ КІТАП ТҮСІНДІРУШІЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ? Киелі кітаптың 66 кітабын зерттей келе, Луи Госсен былай деп жазды: “1500 жыл бойы әртүрлі адамдардың қолымен жазылған бұл кітаптың өзара үйлесімділігіне қарап қайран қаласың... Бұл адамдардың барлығы бір мақсатты көздеп, тіпті жазғандарын өздері толықтай түсінбесе де, сол бағытта жылжи берді. Олардың жазғандарының бәрі Құдай Ұлының берген төлемінің арқасында адамзаттың құтқарылуына келіп тіреледі” (“Theopneusty—The Plenary Inspiration of the Holy Scriptures”).
СІЗ ҚАЛАЙ ОЙЛАЙСЫЗ? 1500 жылдан астам уақыт бойы әртүрлі 40 адам жазған кітап толығымен үйлесімді болуы мүмкін бе? Жоқ әлде бұл тек Киелі кітаптың ерекшелігі ме?
[7-беттегі сөздер]
“Бұл жазбаларды бір қатарға қояр болсақ, олар біртұтас кітапты құрайды... Дүниежүзіндегі ешбір әдеби кітап бұған тең келе алмайды”. (ДЖ. ОРР “THE PROBLEM OF THE OLD TESTAMENT”)