Ехобаның ұлылығын паш етіп жүрсің бе?
“Бәріміз де... Ехобаның ұлылығын айна іспетті шағылыстырамыз” (ҚОР. 2-Х. 3:18).
ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?
Күнәкар болсақ та, неліктен біз Ехобаның ұлылығын паш ете аламыз?
Қалайша біздің дұғаларымыз бен кездесулерге қатысқанымыз Ехобаның ұлылығын паш етуге көмектеседі?
Ехобаны ұлықтай беру үшін не істей аламыз?
1, 2. Неге адамдар Ехобаның қасиеттеріне еліктей алады деп айтуға болады?
ӘДЕТТЕ балалар ата-анасына қатты ұқсайды. Ондай баланы көргенде үлкендер “тура әкесінің аузынан түсіп қалғандай” я болмаса “мамасынан аумай қалыпты” деп жатады. Сонымен қатар балалар әке-шешесінен көргенін қайталауға бейім келеді. Ал біз ше? Біз көктегі Әкеміз Ехобаға ұқсай аламыз ба? Құдайды көре алмасақ та, біз оның жаратылыстарын бақылау арқылы ол туралы көп нәрсе білеміз. Сондай-ақ оның Сөзін зерттеп, білгеніміз жайлы, әсіресе оның Ұлы Исаның сөздері мен істері жайлы, ой жүгірту арқылы Құдайдың тамаша қасиеттерін біле аламыз (Жох. 1:18; Рим. 1:20). Иә, Ехобаның қасиеттеріне еліктей отырып, біз оның ұлылығын паш ете аламыз.
2 Ехоба Адам ата мен Хауа ананы жаратпас бұрын, адам баласы оның еркін орындап, қасиеттеріне еліктеп, оны ұлықтай алатынын білген (Жаратылыс 1:26, 27 оқы). Жаратушымыздың қасиеттеріне еліктеу арқылы біз Құдайға шын берілгендігімізді көрсетеміз. Мәдениетіміз, біліміміз және ұлтымыз қандай болмасын, біз Құдайдың ұлылығын паш ету мәртебесіне ие бола аламыз. Неге бұлай дей аламыз? Өйткені “Құдай ешкімді алаламайды... Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Ел. іс. 10:34, 35).
3. Ехобаға деген қызметіміз бізді қандай сезімге бөлейді?
3 Майланған мәсіхшілер Құдайдың ұлылығын паш етуде. Солардың бірі елші Пауыл былай деген: “Бәріміз де бетімізді жаппай Ехобаның ұлылығын айна іспетті шағылыстырамыз. Осылай еткенде оның ұлылығы барған сайын бізден көбірек көрініс тауып... Ехоба қалай өзгертсе, тура солай өзгеріп, оның өзі іспетті боламыз” (Қор. 2-х. 3:18). Мұса пайғамбар Синай тауынан Он өсиетті алып түскенде, бет-жүзі нұр шашып жарқырап тұрды, өйткені ол Ехобамен тілдесті (Мыс. ш. 34:29, 30). Әрине, мәсіхшілердің басынан Мұсанікіндей жағдай өткен жоқ және беттері нұр шашып тұрмайды. Дегенмен олар адамдарға Ехоба мен оның қасиеттері және тамаша ниеті жайлы айтқанда, жүздері қуаныштан жайнайды. Осылайша майланғандар да, олардың жерде өмір сүретін серіктері де ежелдегі жылтыратылған металл айналардың жарықты шағылыстырғаны сияқты, Ехобаның ұлылығын өмірінде және қызметінде паш етіп жүр (Қор. 2-х. 4:1). Ал сен лайықты жүріс-тұрысыңмен және уағызға үнемі қатысуыңмен Ехобаның ұлылығын паш етіп жүрсің бе?
ЕХОБАНЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫН ПАШ ЕТУГЕ АСЫҚПЫЗ
4, 5. а) Пауыл сияқты біз немен күресеміз? ә) Күнә адамдарға қалай әсер етеді?
4 Ехобаның қызметшілері ретінде біз әрбір ісімізбен Жаратушымызды даңқтап, ұлықтағымыз келеді. Алайда көп жағдайда дұрыс нәрсені жасағымыз келсе де, бұрыс нәрсе істеп қоямыз. Пауыл да осындай қиындықты бастан кешкен (Римдіктерге 7:21—25 оқы). Адамдарға не себепті жаман қалаулармен күресуге тура келетінін түсіндіріп ол былай деді: “Барлығы да күнә жасады және Құдайдың ұлылығынан айырылды” (Рим. 3:23). Иә, күнә күллі адамзаттың үстінен “патшалық” етуде, өйткені бәріміз де күнәкар Адам атаның ұрпағымыз (Рим. 5:12; 6:12).
5 Күнә деген не? Ол — Ехобаның қасиеттеріне, талаптарына және еркіне қарама-қайшы келетін кез келген нәрсе. Күнә адамның Құдаймен қарым-қатынасын бұзады. Бізді жебені нысанаға тигізе алмайтын садақшыға ұқсатуға болады, өйткені күнәнің кесірінен Құдайдың ұлылығын ойдағыдай паш ете алмаймыз. Біз әдейі не абайсызда күнә жасаймыз (Ру. сан. 15:27—31). Күнә адам баласының бойында терең тамыр жайған және Жаратушысымен арасын ажыратып келеді (Заб. 50:7; Ишая 59:2; Қол. 1:21). Адамдардың басым көпшілігі Құдайдың талаптарына сай келмейді, сондықтан да олар Құдайдың ұлылығын паш ету мәртебесінен құр қалуда. Иә, күнә адамзаттың басына түскен ең ауыр кесапат екені шүбәсіз.
6. Неліктен біз күнәкар болсақ та, Құдайдың ұлылығын паш ете аламыз?
6 Күнәкар болсақ та, Ехоба — “үмітіміздің бастауы” (Рим. 15:13). Ол бізді күнәдан азат ету үшін Иса Мәсіхті төлем құрбандығы ретінде берді. Бұл құрбандыққа сенетіндіктен біз бұдан былай “күнәнің құлы” емеспіз, әрі Ехобаның ұлылығын паш ете аламыз (Рим. 5:19; 6:6; Жох. 3:16). Құдаймен тығыз қарым-қатынасымызды сақтасақ, қазірдің өзінде мол батаға кенелетініміз, ал болашақта кемелді әрі мәңгі өмір кешетініміз сөзсіз. Иә, әзірше біз кемелсізбіз. Әйтсе де Құдайдың бізді өзінің ұлылығын паш ете алады деп санайтыны біз үшін неткен мәртебе десеңші!
ҚҰДАЙДЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫН ПАШ ЕТУ
7. Құдайдың ұлылығын паш ете алуымыз үшін нені мойындағанымыз маңызды?
7 Күнәкар болғандықтан, бәріміз де күнәға бейімбіз (Шеж. 2-ж. 6:36). Құдайдың ұлылығын паш ете алу үшін әрқайсымыз өз әлсіздігімізді мойындап, соған берілмеуге күш салуымыз керек. Мысалы, порнография көріп, күнә жасап жүрген болсақ, ақсақалдардың көмегіне мұқтаж екенімізді мойындап, тиісінше әрекет етуіміз қажет (Жақ. 5:14, 15). Бұл — Құдайдың ұлылығын барынша паш ету үшін жасауымыз керек алғашқы қадам. Біз Құдайдың әділ талаптарына сай өмір сүріп жатқанымызға әрдайым көз жеткізіп отыруымыз керек (Нақ. с. 28:18; Қор. 1-х. 10:12). Құдайдың ұлылығын паш ете алуымыз үшін кез келген әлсіздіктерімізді жүгендеп отырғанымыз абзал.
8. Кемелді болмасақ та, не істеуіміз керек?
8 Құдайдың көзінде мінсіз өмір сүріп, әрдайым оның ұлылығын паш еткен жалғыз адам Иса болатын. Иса сияқты кемелді болмасақ та, оған барынша еліктеуге тырысуымыз қажет (Пет. 1-х. 2:21). Есіңде болсын, Ехоба біздің рухани жетістіктерімізді ғана емес, оған даңқ әкелу үшін қаншалықты күш салып жүргенімізді де байқайды, әрі мол батасын береді.
9. Киелі кітап Құдайдың ұлылығын жақсырақ паш етуімізге қалай көмектеседі?
9 Киелі кітаптың көмегімен Құдайдың ұлылығын қалай жақсырақ паш ете алатынымызды түсіне аламыз. Ол үшін Жазбаларды терең зерттеп, оқығанымыздың үстінен ой жүгірткеніміз өте маңызды (Заб. 1:1—3). Киелі кітапты күнделікті оқысақ, мәсіхші ретінде жақсара түсеміз (Жақып 1:22—25 оқы). Құдай Сөзінен алатын біліміміз сенімімізді нығайтады әрі ауыр күнәдан аулақ болып, Ехобаға ұнамды өмір сүруге деген шешімімізді берік етеді (Заб. 118:11, 47, 48).
10. Дұға еткеніміз Ехобаға молынан қызмет етуге қалай көмектеседі?
10 Құдайдың ұлылығын паш ете алуымыз үшін “ұдайы дұға еткеніміз” де маңызды (Рим. 12:12). Дұғада Ехобадан өзіне ұнамды түрде қызмет етуге қолғабыс етуін сұрағанымыз жөн. Олай болса, Ехобадан киелі рухын, сенімімізді нығайтуын, азғырылуға қарсы тұруға қажетті күш, сондай-ақ “шындық сөзін дұрыс үйретуге” қабілет беруін сұрайық (Тім. 2-х. 2:15; Мат. 6:13; Лұқа 11:13; 17:5). Біз баланың әкесіне арқа сүйейтіні сияқты, көктегі Әкемізге сенім артуымыз керек. Оған молынан қызмет етуге көмектесуін сұрасақ, көмегін аямайтынына сенімді болсақ болады. Оны босқа мазалап жатырмыз деп ойламайық. Қайта, оған еркін дұға етіп, оны мадақтайық, ризашылығымызды білдірейік, сынақ кезінде басшылық беруін және киелі есімін даңқтайтындай қызмет етуге көмектесуін сұрайық (Заб. 85:12; Жақ. 1:5—7).
11. Қауым кездесулері Құдайдың ұлылығын паш етуге қалай көмектеседі?
11 Ехоба “адал да ақылды құлға” аяулы қойларын бағуды тапсырды (Мат. 24:45—47; Заб. 99:3). Құл табы бәрімізге Ехобаның ұлылығын паш етуге көмектескісі келеді. Мұны олар қауым кездесулері арқылы жасайды. Киіміміз жарасымды болу үшін оны тігіншіге жөндететініміз сияқты, Құдай қызметшілері ретінде жақсара түсуіміз үшін қауым кездесулеріне баруымыз керек (Евр. 10:24, 25). Кездесулерге уақтылы барғанымыздың да маңызы зор. Егерде кездесулерге кешігіп келу әдетімізге айналып кетсе, біз олардың толық пайдасын көрмейміз.
ҚҰДАЙҒА ЕЛІКТЕЙІК
12. Құдайға қалай еліктей аламыз?
12 Ехобаның ұлылығын паш ету үшін оған еліктеуіміз қажет (Ефес. 5:1). Мұның бір жолы — барлық нәрсеге Ехобаның көзімен қарауды үйрену. Өз бетінше әрекет етуге тырысатын адам Құдайдың атына кір келтіреді әрі өз басына пәле тілеп алады. Біз өмір сүріп жатқан дүние Шайтанның қол астында болғандықтан, бізге Ехоба жек көретін нәрселерді жек көріп, ол жақсы көретінді жақсы көру үшін көп күш салу керек (Заб. 96:10; Жох. 1-х. 5:19). Қызметіміз Құдайға ұнамды болсын десек, бәрін де оны дәріптеу үшін істеуіміз керек екенін естен шығармайық (Қорынттықтарға 1-хат 10:31 оқы).
13. Күнәні не себепті жек көруіміз керек және бұл бізді не істеуге талпындырады?
13 Ехоба күнәні жек көреді, біз де солай етуіміз керек. Егер біз күнәні жек көрсек, оған бір елі де жақындамайтын боламыз. Мысалы, жолдан таюшылық күнә болып табылады. Бұл бізді Құдайды даңқтауға жарамсыз етеді (Заң. қ. 13:6—9). Сондықтан жолдан таюшылармен немесе бауырласпын дей тұра, Құдайдың атына кір келтіретін адамдармен ешқандай байланыста болмайық. Олар тіпті отбасымыздың мүшелері болса да осылай істеуіміз керек (Қор. 1-х. 5:11). Жолдан таюшылар мен Ехобаның ұйымын сынап-мінейтін басқа да адамдардың сөздерін жоққа шығаруға тырысқаннан бізге келіп-кетер пайда жоқ. Олардың мәліметтерін әдебиет беттерінен не Интернеттен оқудың өзі Ехобамен қарым-қатынасымызға кері әсер етуі ықтимал (Ишая 5:20; Матай 7:6 оқы).
14. Ехобаға еліктеудің ең басты жолы қандай? Түсіндір.
14 Сүйіспеншілік таныту — көктегі Әкемізге еліктеудің бірден-бір жолы (Жох. 1-х. 4:16—19). Бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз Исаның шәкірттері және Ехобаның қызметшілері екеніміздің белгісі (Жох. 13:34, 35). Әрине, кемелсіз болғандықтан, сүйіспеншілік таныту біз үшін оңай болмауы мүмкін. Дегенмен біз әрдайым сүйіспеншілікпен әрекет етуге тырысуымыз керек. Сүйіспеншілік сияқты ізгі қасиеттерді дамытуға күш салатын болсақ, күнә жасаудан және мейірімсіз іс-әрекеттерден аулақ боламыз (Пет. 2-х. 1:5—7).
15. Сүйіспеншілік өзгелермен қарым-қатынасымызға қалай ықпал етеді?
15 Сүйіспеншілік адамды өзгелерге игілік жасауға талпындырады (Рим. 13:8—10). Мысалы, жұбайымызды жақсы көрсек, жар төсегін былғамаймыз. Ақсақалдарды жақсы көретін әрі ерен еңбектері үшін сыйлайтын болсақ, басшылықтарына мойынсұнамыз әрі бағынамыз. Ата-анасын сүйетін балалар олардың айтқанын тыңдап, құрметтейді әрі олар туралы жаман сөз айтпайды. Сүйіспеншілігіміз бар болса, өзімізді өзгелерден артық санамаймыз әрі барлық адамға құрмет көрсетіп сөйлейміз (Жақ. 3:9). Ал Құдайдың отарын сүйетін ақсақалдар қауым мүшелеріне мейіріммен қарайды (Ел. іс. 20:28, 29).
16. Сүйіспеншілік қызметімізге қалай әсер етеді?
16 Сүйіспеншілік қасиетін қызметімізде де танытуымыз керек. Ехобаны қатты жақсы көретіндіктен, біз адамдардың немқұрайдылығы мен қарсылықтарына бола ұнжырғамызды түсірмейміз. Қайта, ізгі хабарды әрі қарай да айта береміз. Сүйіспеншілік бізді уағызға жақсылап дайындалуға әрі тәлім беру шеберлігін дамытуға талпындырады. Құдай мен жақынымызды шын сүйсек, уағыз ісін борыш деп қана қарастырмаймыз, қайта бұл істі зор мәртебе санап, қуана атқаратын боламыз (Мат. 10:7).
ЕХОБАНЫ ҰЛЫҚТАЙ БЕР
17. Күнәнің кесірінен Құдайдың ұлылығынан құр алақан қалғанымызды түсінгеніміз неліктен маңызды?
17 Адамдардың басым көпшілігі күнә жасағанда тұрған ештеңе жоқ деп санайды. Ал біз олай ойламаймыз. Сол себепті күнә жасауға деген бейімділігімізбен жан сала күресеміз. Сондай-ақ күнәкар екенімізді мойындайтындықтан, ар-ұжданымызды тәрбиелеу қажет екенін түсінеміз. Сонда санамыз бен жүрегіміз бұрыс нәрсе істеуді қалай бастаған кезде ар-ұжданымыз бізді дұрыс нәрсені істеуге талпындыратын болады (Рим. 7:22, 23). Рас, пенде болғандықтан біз кейде әлсіз боламыз, алайда Құдай кез келген жағдайда дұрыс әрекет етуімізге қажетті күш бере алады (Қор. 2-х. 12:10).
18, 19. а) Зұлым рухани жаратылыстарға қарсы тұруымызға не көмектеседі? ә) Біз не істеуге белімізді бекем бууымыз керек?
18 Ехобаны ұлықтау үшін зұлым рухани жаратылыстарға да қарсы тұруымыз керек. Құдай берген рухани қару-жарақтың көмегімен олардың шабуылдарына төтеп бере аламыз (Ефес. 6:11—13). Шайтан жалғыз Ехобаға тиесілі ұлылықты тартып алуға тыным таппай тырысуда. Сондай-ақ Ібіліс біздің Ехобамен достығымызды бұзғысы келеді. Ендеше біздің және басқа да миллиондаған кемелсіз ерлер, әйелдер, тіпті балалардың да мінсіздіктерін сақтап, Ехобаны даңқтағаны Шайтанға неткен ауыр соққы болып тиеді десеңші! Лайым бәріміз де Ехобаны оның көктегі жаратылыстары іспетті былай деп мадақтай берейік: “Құдіретті Құдайымыз Ехоба, сен даңқ пен құрметке лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің, бәрі де сенің еркіңмен бар болды әрі жаратылды” (Аян 4:11).
19 Басымызға қандай күн тумасын, Ехобаны ұлықтай беруге деген шешіміміз берік болсын. Өзіне еліктеп, ұлылығын паш етуге барын салып жүрген адал қызметшілерінің қалың қолын көргенде, Ехоба қатты қуанады (Нақ. с. 27:11). Олай болса, Ехобаға: “Құдай Ием, Өзіңді шын жүректен мақтаймын, әрі Сенің есіміңді мәңгі бақи даңқтаймын”,— деп жырлаған Дәуіттен үлгі алайық (Заб. 85:12). Біз Ехобаның ұлылығын кемелді түрде әрі мәңгі-бақи паш ете алатын кезді қалай аңсаймыз десеңші! Ал сен қазірдің өзінде Ехобаның ұлылығын паш етіп жүрсің бе?
[27-беттегі суреттер]
Сен Ехобаның ұлылығын осылайша паш етіп жүрсің бе?