Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 15.5. 17—21 бет.
  • Уақыттың Әміршісі Ехобаға сенім арт

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Уақыттың Әміршісі Ехобаға сенім арт
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЖАРАТЫЛЫСТАР УАҚЫТ ӘМІРШІСІНЕ ДЕГЕН СЕНІМІМІЗДІ НЫҒАЙТАДЫ
  • УАҚЫТЫНДА ОРЫНДАЛҒАН ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАР СЕНІМДІ НЫҒАЙТАДЫ
  • “УАҚЫТЫҢДЫ БАРЫНША ТИІМДІ ПАЙДАЛАН”
  • ЕХОБАНЫҢ НИЕТІ БЕЛГІЛЕГЕН УАҚЫТЫНДА ОРЫНДАЛАТЫНЫНА СЕНІМДІ БОЛ
  • “ҚҰДАЙДЫҢ КӨМЕК КӨРСЕТУІН КҮТЕЙІК”
  • Құдай Патшалығы билік етуде!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Пайғамбарлықтарға ден қойыңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 15.5. 17—21 бет.

Уақыттың Әміршісі Ехобаға сенім арт

“Заман мен дәуір атаулыны өзгертетін — Сол. Патшаларды тағайындайтын да, орнынан алатын да — Құдай” (ДАН. 2:21).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

Қалайша жаратылыстар мен орындалған пайғамбарлықтар Ехобаның уақыт Әміршісі екенін паш етеді?

Ехоба уақыт Әміршісі екенін білгеніміз бізді не істеуге талпындырады?

Дүниедегі жағдай мен адамдардың жоспарлары Құдай ниетінің уақытында орындалуына неліктен әсер ете алмайды?

1, 2. Неліктен Ехоба уақыттың не екенін жақсы біледі деп айта аламыз?

АДАМДЫ жаратпастан ұзақ уақыт бұрын Ехоба Құдай уақыт өлшеуді мүмкін етті. Жаратылыстың төртінші күні Құдай: “Аспанда күндіз бен түнді бір-бірінен ажырататын, күндер мен жылдарды белгілейтін жарықтар орнасын!”— деді (Жар. 1:14, 19, 26). Ехобаның еркіне сай солай болды да.

2 Ғалымдар күні бүгінге дейін уақыттың не екенін түсіндіре алмай келеді. Бір энциклопедияда былай делінген: “Уақыт — ғаламның ең қиын жұмбақтарының бірі. Уақыттың не екенін ешкім нақты айта алмайды”. Ал Ехоба болса уақыттың не екенін жақсы біледі, өйткені ол “Аспанды жасаған... жерді де қалыптастырып, нығайтқан” Жаратушы. Сондай-ақ Ехоба: “Мен ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ және әлі істелмеген істерді баяғыдан-ақ алдын ала білдіріп келемін”,— дейді (Ишая 45:18; 46:10). Ехобаға және Киелі кітапқа деген сенімімізді нығайту үшін, жаратылыс атаулы мен орындалған пайғамбарлықтардан ол уақыттың Әміршісі екені қалай көрінетінін қарастырайық.

ЖАРАТЫЛЫСТАР УАҚЫТ ӘМІРШІСІНЕ ДЕГЕН СЕНІМІМІЗДІ НЫҒАЙТАДЫ

3. Жаратылыс әлемінде уақыт қандай рөл атқарады?

3 Ехобаның сан алуан үлкенді-кішілі жаратылыстары уақытқа бағынады. Мысалы, атомдар еш өзгермейтін ырғақтылықпен қозғалады. Уақытты дәлме-дәл өлшеу үшін қолданылатын арнайы атомдық сағат тіпті 80 миллион жылдан кейін де бір секундқа қалмайды. Ғаламшарлар мен жұлдыздар да дәл белгіленген уақытымен қозғалады. Олардың орналасуына қарап, адамдар жыл мезгілдерін және бағытты анықтайды. Атомды және жұлдыздарды “құдіреті зор” Ехоба жаратты. Расында да, ол мадаққа лайық (Ишая 40:26 оқы).

4. Тіршілік әлемінің уақытқа бағынатыны Құдайдың даналығын қалай паш етеді?

4 Барлық тірі жаратылыстар уақытқа бағынады. Көптеген өсімдіктер мен жануарларда биологиялық сағат, яғни уақыт өлшемін бағдарлау қасиеті бар. Мысалы, түйсік сезімінің арқасында құстар қоныс аударатын мезгілдерін біледі (Ерм. 8:7). Биологиялық сағат адамдарда да бар. Соның арқасында ағзамыз күн мен түнді ажырата алады. Мысалы, адам жердің бір шетінен екінші шетіне ұшақпен ұшып барса, ол жақтағы уақытқа үйренгенше бірнеше күн өтеді. Иә, көптеген жаратылыстары көрсететіндей, Ехоба — уақыттың Әміршісі (Забур 103:24 оқы). Құдайдың даналығы мен құдіреті шексіз болғандықтан, ниеті сөзсіз орындалатынына күмәнданбасақ та болады.

УАҚЫТЫНДА ОРЫНДАЛҒАН ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАР СЕНІМДІ НЫҒАЙТАДЫ

5. а) Адамзаттың болашағын білудің жалғыз жолы қандай? ә) Неліктен Ехоба болашақта не болатынын әрі қай уақытта болатынын алдын ала айта алады?

5 Ехобаның жаратылыстарына қарап, оның “көзге көрінбейтін қасиеттері” жайлы көп біле аламыз. Алайда олар “Адамзаттың келешегі қандай болмақ?” деген сияқты маңызды сұрақтарға жауап бере алмайды (Рим. 1:20). Мұндай сұрақтардың жауабын тек Құдай Сөзі Киелі кітаптың беттерінен табуға болады. Онда дәл уақытында орындалған пайғамбарлықтар жайында айтылады. Ехоба болашақты нақты біле алатындықтан, бізге алдымызда не күтіп тұрғанын аша алады. Киелі кітап пайғамбарлықтарының әрдайым уақытында орындалуының тағы бір себебі — Ехоба оқиғалардың өз ниетіне сай әрі белгілеген уақытында орын алуына жағдай жасауға құдіретті.

6. Ехоба Киелі кітап пайғамбарлықтарын түсінгенімізді қалайтыны неден көрінеді?

6 Ехоба оның қызметшілері Жазбалардағы пайғамбарлықтарды түсініп, олардың пайдасын көрсін дейді. Әрине Құдайдың уақыт туралы түсінігі біздікіндей шектеулі емес. Десе де ол пайғамбарлықтарының қай уақытта орындалатынын бізге түсінікті тілде айтады (Забур 89:5 оқы). Мәселен, Аян кітабында адамдардың үштен бір бөлігін қырып салатын “сағатқа, күнге, айға және жылға даярланған төрт періште” туралы айтылады. Бізге сағат, күн, ай және жыл дегеннің не екені түсінікті (Аян 9:14, 15). Құдай алдын ала айтқан жайттардың дәл уақытында орын алғанын білгеніміз уақыт Әміршісіне деген сенімімізді нығайтатыны сөзсіз. Бірнеше мысалды қарастырайық.

7. Еремияның Иерусалим мен яһудилерге қатысты пайғамбарлығының орындалғаны Ехоба уақыттың Әміршісі екенін қалайша көрсетеді?

7 Алдымен, б. з. б. VII ғасырда қандай оқиға орын алғанын қарастырайық. “Яһудаға Жосия ұлы Ехойәкімнің патшалық құрған төртінші жылы Жаратқан Ие Еремияға бүкіл Яһуда халқы туралы сөзін арнап хабарын жіберді” (Ерм. 25:1). Ехоба Иерусалимнің жойылатынын және яһудилердің Бабылға жер аударылатынын айтты. Олар “Бабыл патшасына жетпіс жыл бойы басыбайлы қызмет ететін болады”. Б. з.б. 607 жылы Бабыл әскері Иерусалимнің күл-талқанын шығарып, яһудилерді Бабылға жер аударды. Алайда 70 жыл өткен соң олармен не болмақ еді? Еремия пайғамбар былай деді: “Жаратқан Ие былай деп сөз береді: Сендер Бабылда жетпіс жыл болғаннан кейін Мен сендерді қамқорлауға келіп, өздеріңді осы жерге қайтып әкелемін деген ізгі уәдемді орындаймын” (Ерм. 25:11, 12; 29:10). Бұл пайғамбарлық дәл белгіленген уақытында — б. з. б. 537 жылы — Мидия мен Парсы патшалығы яһудилерді тұтқыннан босатқанда жүзеге асты.

8, 9. Даниялдың пайғамбарлығы Ехоба уақыттың Әміршісі екенін қалай көрсетеді?

8 Құдайдың ежелдегі халқына қатысты тағы бір пайғамбарлыққа назар аударайық. Яһудилердің Бабылдан шығуына екі жыл қалғанда, Ехоба Даниял пайғамбар арқылы Иерусалимді қайта қалпына келтіру туралы жарлық шыққаннан бастап 483 жыл өткен соң, Мәсіхтің келетінін айтты. Мидия мен Парсы патшасы бұл жарлықты б. з. б. 455 жылы шығарды. Содан тура 483 жыл өткен соң, б. з. 29 жылы назареттік Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, киелі рухпен майланғанда, Мәсіх болдыa (Нех. 2:1, 5—8; Дан. 9:24, 25; Лұқа 3:1, 2, 21, 22).

9 Ал енді Киелі кітапта Құдай Патшалығы туралы алдын ала не айтылғанына көңіл бөлейік. Жазбалар 1914 жылы көкте Мәсіхтің Патшалығы орнайтынына нұсқаған. Киелі кітаптың пайғамбарлықтарына сай сол жылы “басқа ұлттарға берілген уақыт аяқталып”, Құдай Патшалығының көкте билік етуін бастау керек еді (Лұқа 21:24; Дан. 4:10—17)b. Солай болды да. Дәл 1914 жылдан бастап Исаның осында болуының “белгісі” көріне бастады және Шайтан көктен жерге лақтырылатындықтан, жер бетінде үлкен қасірет болды (Мат. 24:3—14; Аян 12:9, 12).

10. Болашақта қандай оқиғалардың өз уақытында орын алатынына еш күмәнданбасақ болады?

10 Иса алдын ала айтқандай, жақын болашақта “зор алапат” болады. Одан кейін Иса мың жыл бойы билік етеді. Осы оқиғалар дәл уақытында орындалатыны сөзсіз. Ехоба “сол күн мен сағатты” Иса жерде болған кезден бұрын белгілеп қойған (Мат. 24:21, 36; Аян 20:6).

“УАҚЫТЫҢДЫ БАРЫНША ТИІМДІ ПАЙДАЛАН”

11. Соңғы күндерде өмір сүріп жатқанымызды білгеніміз бізге қалай әсер ету керек?

11 Патшалық билік етіп жатқанын және “заманның соңында” өмір сүріп жатқанымызды білгеніміз бізге қалай әсер ету керек? (Дан. 12:4). Көп адам дүниедегі жағдайдың нашарлап бара жатқанын байқайды, бірақ мұның бәрі Киелі кітаптың соңғы күндерге қатысты пайғамбарлықтарының орындалуы екенін түсінбейді. Кейбірі бұл дүние бір күні болмаса бір күні құрдымға кетеді деп ойласа, басқалары адамзат “бейбітшілік пен қауіпсіздікке” қол жеткізеді деп сенеді (Сал. 1-х. 5:3). Ал біз Шайтан дүниесінің ақырғы күндерінде өмір кешіп жатқанымызды түсінеміз бе? Егер солай болса, қалған аз уақытта Ехобаға қызмет етіп, басқаларға ол жайлы білуге көмектесетін боламыз (Тім. 2-х. 3:1). Иә, уақытымызды қалай пайдаланатынымызды шешкенде, даналық танытқанымыз өте маңызды (Ефестіктерге 5:15—17 оқы).

12. Исаның Нұхтың заманы жайлы айтқан сөздерінен біз не нәрсеге үйренеміз?

12 Алаңдататын нәрселері көп дүниеде “уақытты барынша тиімді пайдалану” оңай емес. Иса былай деп ескерткен: “Нұх пайғамбардың заманында жағдай қандай болған болса, Адам Ұлы осында болған кезде де сондай болады”. Ал Нұхтың заманы қандай болды? Құдай Нұхқа сол кездегі дүниені жоятынын айтты. Ол зұлым адамзатты Топан суда қырып салмақшы болды. Ал “әділдікті уағыздаушы” Нұх болса, замандастарына Құдай хабарын жариялады (Мат. 24:37; Пет. 2-х. 2:5). Бірақ “адамдар ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір кешіп жатты. Топан су басып, бәрін алып кеткенше, олар еш ойланбады”. Сол себепті Иса ізбасарларын: “Дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді”,— деп ескертті (Мат. 24:38, 39, 44). Біз Нұхтан үлгі алып, оның замандастары сияқты болмауымыз керек. Олай болса, дайын болу үшін біз не істей аламыз?

13, 14. Адам Ұлы келгенше адал қызмет ете беру үшін Ехоба жайында нені есте ұстағанымыз жөн?

13 Адам Ұлы біз ойламаған сағатта келсе де, бізге Ехоба уақыттың Әміршісі екенін естен шығармау маңызды. Дүниедегі жағдай мен адамдардың жоспарлары қандай болмасын, ниеті орындалу үшін Ехоба кез келген оқиғаның уақыты мен нәтижесін қадағалай алады (Даниял 2:21 оқы). Нақыл сөздер 21:1-де былай делінген: “Патшаның жүрегі Жаратқанның қолында Ұқсайды аққан суға өзен салаларында, Жаратқан бағыттайды оны қалаған жағына”.

14 Ниеті уақтылы жүзеге асу үшін Ехоба оқиғалардың қалай өрбитініне ықпал етуге құдіретті. Дүниеде орын алған елеулі оқиғалардың көбісі Киелі кітап пайғамбарлықтарының орындалуына әкеп соқты. Бұл әсіресе Патшалық туралы ізгі хабардың жер-жаһанға жарияланатыны туралы пайғамбарлықтарға қатысты. Мысалы, Кеңес Одағы құлдыраған соң не болғаны туралы ойлашы. Осыншама үлкен саяси өзгерістердің әп-сәтте орын алатыны адамдардың ойына да кіріп шықпаған еді. Дегенмен біз сол оқиғалардың оң нәтижесін көріп отырмыз: бұрын ісімізге тыйым салынған көптеген мемлекеттерде ізгі хабар кеңінен жариялануда. Олай болса, уақытымызды барынша тиімді пайдаланып, уақыттың Әміршісі Ехобаға адал қызмет етуге бел буалық.

ЕХОБАНЫҢ НИЕТІ БЕЛГІЛЕГЕН УАҚЫТЫНДА ОРЫНДАЛАТЫНЫНА СЕНІМДІ БОЛ

15. Ұйымда өзгерістер болғанда, Ехобаға деген сенімімізді қалай көрсете аламыз?

15 Осы дүниенің соңғы күндері уағыз ісін табандылықпен атқара бере алуымыз үшін Ехобаның ниеті белгілеген уақытында орындалатынына сенімді болғанымыз маңызды. Дүниедегі жағдай өзгеріп жататындықтан, бізге де шәкірт дайындау ісіндегі тәсілдерімізді өзгерту керек болып жатады. Мысалы, қызметімізді барынша тиімді атқара алуымыз үшін Ехобаның ұйымы қажетті өзгерістер енгізуі мүмкін. Ұйымның нұсқауларын екі етпей орындайтын және “қауымның басы” Исаның қол астында адал қызмет ететін болсақ, уақыттың Әміршісі Ехобаға деген сенімімізді көрсетеміз (Ефес. 5:23).

16. Көмекке мұқтаж кезімізде Ехоба қасымыздан табылатынына неліктен сенімді бола аламыз?

16 Ехоба “көмекке мұқтаж кезімізде” қасымыздан табылатынына еш күмәнданбай әрі еркін дұға еткенімізді қалайды (Евр. 4:16). Бұл оның әрқайсымызды жеке сүйіп, қамымызды ойлайтынын дәлелдейді (Мат. 6:8; 10:29—31). Көмегін сұрап үнемі дұға еткеніміз және айтқан дұғаларымыз бен оның басшылығына сай әрекет еткеніміз Ехобаға сенетінімізді көрсетеді. Сонымен қатар біз бауырластарымыз үшін дұға етуді ұмытпаймыз.

17, 18. а) Жуырда Ехоба өз дұшпандарына қарсы не істейді? ә) Біз қандай ойдан сақ болуымыз керек?

17 Қазір “күмәнданатын” уақыт емес. Бізде Құдай еркін батыл атқаруға көмектесетін берік сенім болу керек (Рим. 4:20). Шайтан мен оның қол шоқпарлары Исаның бізге тапсырған ісін тоқтатуға тырысып бағуда (Мат. 28:19, 20). Ібіліс бізді үнемі шабуылдағанмен, біз “әртүрлі адамдардың, әсіресе адал адамдардың Құтқарушысы тірі Құдайға үміт артамыз”. Ехоба “өзіне шын берілгендерді сынақтан қалай құтқаруды біледі” (Тім. 1-х. 4:10; Пет. 2-х. 2:9).

18 Жуырда Ехоба осы зұлым дүниені жояды. Бұл нақты қашан және қалай болатынын білмесек те, Мәсіх Құдайдың дұшпандарын дәл уақытында жеңетінін әрі Ехобаның бүкіләлемдік билігі ақталатынын білеміз. Ендеше қандай “уақыттар мен мезгілдерде” өмір сүріп жатқанымызды есімізден шығармағанымыз қаншалықты маңызды десеңші! Олай болса, “жаратылыс басталғалы бері бәрі де сол күйі жалғасып келеді” деген ойдың санамызға ұялауына ешқашан жол бермейік (Сал. 1-х. 5:1; Пет. 2-х. 3:3, 4).

“ҚҰДАЙДЫҢ КӨМЕК КӨРСЕТУІН КҮТЕЙІК”

19, 20. Неге біз Ехобаны күтуіміз керек?

19 Ехоба әуел баста адамзатты жаратқанда, олардың өзі жайлы және әдемі жаратылыстары жайлы мәңгі бақи білім ала бергендерін қалаған. Екклесиаст 3:11-де (ЖД) Ехоба туралы былай делінген: “Барлық нәрсені ол өз уақытында әсем етіп жаратқан. Тіпті адамдардың жүрегіне мәңгілікті салса да, олар шын Құдайдың бастапқыдан аяғына дейін жасап келген істерін ешқашан түсіне алмайды”.

20 Ехоба адам баласына қатысты ниетін өзгертпегеніне біз қалай қуанамыз десеңші! (Малх. 3:6). Киелі кітапта айтылғандай, Құдай “көлеңке іспетті емес, еш өзгермейді” (Жақ. 1:17). Жердің айналуына байланысты көлеңке бір орында тұрмайды, алайда Ехобаға уақыт билігін жүргізбейді. Ол — “Мәңгілік Патша” (Тім. 1-х. 1:17). Олай болса, “[бізді] құтқаратын Құдайдың көмек көрсетуін күтейік” (Миха 7:7). Иә, “Жаратқанға сенім артқандардың бәрі, Қайратқа кенеліп, батыл болайық!” (Заб. 30:25).

[Сілтемелер]

a “Даниялдың пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” кітабының (ор.) 186—195 беттерін қара.

b “Даниялдың пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” кітабының (ор.) 94—97 беттерін қара.

[19-беттегі сурет]

Даниял Құдай айтқан пайғамбарлықтың орындалатынына сенген

[21-беттегі сурет]

Ехобаның еркін орындау үшін уақытыңды тиімді пайдаланып жүрсің бе?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу