Алғашқы пікір әрдайым дұрыс бола ма?
БІРДЕ теледидардан ток-шоу қарап отырған дәрігер бағдарламаға қонақ ретінде келген бір ирландиялық шенеунікке назар аударады. Дәрігер оның бет-әлпетіне мұқият қарап, ісіктің пайда болғанын көрсететін белгіні байқайды. Ол бірден шенеунікпен хабарласып, оған дәрігерге көрінуге кеңес береді.
Кейіннен бұл кісінің шынымен де ісігі бар екені анықталады. Әлгі дәрігердің науқас адамның бет-әлпетіне қарап, дұрыс нақтама қоя алатын қабілеті бар екен. Кейбір адамдар осы дәрігер сияқты адамға бір қарағаннан-ақ мінез-құлқын, болмысын және оған қаншалықты сенім артуға болатынын дөп басып айта аламыз деп ойлайды.
Ғасырлар бұрын әлдебіреулер адамның сырт келбетіне қарап, оның мінез-құлқын анықтау мүмкіндігін ғылыми тұрғыдан қарастыруға тырысқан. Осы саланы олар физиогномика деп атады. “Британ энциклопедиясындағы” анықтамаға сай, “физиогномика — адамның бет-әлпеті мен дене бітіміндегі ерекшеліктері бойынша оның мінез-құлқын анықтайтын псевдоғылым”. Осыған ұқсас теориялар мен әдістерді ХІХ ғасырдың антропологтары мен криминалистері, мысалы Чарлз Дарвиннің бөлесі Фрэнсис Гальтон мен итальяндық Чезаре Ломбросо, ұсынған еді. Бірақ олардың көптеген ұсыныстары ұмыт болды.
Десе де адамның болмысын сырт келбетіне қарап дәл анықтауға болады дегенге сенетіндер бүгінде аз емес. Алайда алғашқы пікірге қаншалықты сенім артуға болады?
Қаншалықты тура?
Алғашқы пікірдің әрдайым дұрыс бола бермейтіндігінің айқын мысалы Киелі жазбалардағы Патшалықтар кітабының 1-жазбасында бар. Ехоба Құдай Самуил пайғамбарға Есей деген кісінің бір ұлын Исраилдің патшасы етіп тағайындауды тапсырған болатын. Бұл жайлы былай деп оқимыз: “Бұлар келгенде Самуилдің көзі Есейдің тұңғышы Елияпқа түсіп: — Сірә, Жаратқан Ие тағайындайтын патша осы шығар!— деп ойлады. Бірақ Тәңір оған былай деді: — Сен оның бет-жүзіне, бойшаңдығына қарамай-ақ қой. Оны мақұл көрмеймін. Мен пенденің көзімен қарамаймын ғой. Пенде адамның тек бет-әлпетіне қараса, Жаратқан Ие жан дүниесіне қарайды” (Патшалықтар 1-жазба 16:6—12).
Бүгінгі таңда да адамдар алғашқы пікірге сүйеніп, жиі қателесіп жатады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Германияда криминология пәнінен сабақ беретін бір профессор 500 студент пен 12 бейтаныс адамның қатысуымен тәжірибе жүргізді. Бұл бейтаныс адамдардың арасында полиция бастығы, прокурор, университет бухгалтері, ақпарат құралдарында істейтін қызметкер, бірнеше заңгер мен сот қызметкерлері және үш сотталған қылмыскер болды. Студенттер оларды түр-тұрпаттары мен әуестенетін нәрселері бойынша ғана бағалап, әрбірінің мамандығын және жазаға тартылған қылмыскерлер мен олардың жасаған қылмысын табу керек еді.
Мұның нәтижесі қандай болды? Студенттердің 75 пайызы үш қылмыскерді дәл тапты. Алайда 60 пайызы ешқашан қылмыс жасамаған басқа тоғызына да күйе жақты. Студенттердің жетіден бірі прокурорды есірткі сататын адам деп, ал үштен бірі полиция бастығын ұры деп ойлапты! Алғашқы сезімге сүйеніп, тұжырым жасау қаншалықты қауіпті десеңіздерші. Неге бұлай дейміз?
Сырттан тон пішудің қаупі
Адамды алғаш кездестіргенде, ол жайлы пікірімізге жиі оған тікелей қатысы жоқ көрген-білген нәрселеріміз әсер етіп жатады. Мұндайда біз оны белгілі бір адамдар қатарына жатқыза салуға не қандай да бір стереотиптердің негізінде бағалауға бейімбіз. Бұған қоса, кейбіреулер әлдекімнің ұлтына, нәсіліне, әл-ауқатына және дініне қарап, тұжырым жасайды.
Жасаған тұжырымымыз дұрыс болып шыққандай көрінгенде, өз қабілетімізге риза болып, алғашқы пікірімізге көбірек сенім арта бастаймыз. Алайда көп жағдайда адамды жақынырақ таныған соң, ол жайлы мүлдем қате пікірде болғанымызды байқаймыз. Мұндайда не істеуіміз керек? Шындыққа тура қарай білсек, жаңсақ пікірімізден бас тартуға дайын боламыз. Ал адамды бағалау қабілетімізге тым сенімді болып кетсек, оған көп зиян келтіруіміз не тіпті үлкен қателікке жол беріп қоюымыз мүмкін.
Сырт келбетке қарап ой түйгеніміз өзіміз үшін де зиян болуы мүмкін. Мысалы, бірінші ғасырда өмір сүрген көптеген яһудилер Исаның уәде етілген Мәсіх бола алмайтынына толық сенімді еді. Неге? Пікірлерін сырт көзге көрінетін нәрселерге ғана негіздегендіктен, Иса олар үшін бар болғаны ағаш ұстасының баласы еді. Олар Исаның дана сөздері мен зор құдіретіне таңғалғанмен, ол туралы қалыптастырып қойған пікірлерінен бас тарта алмады. Олардың мұндай тар көзқарасы Исаның: “Ешбір пайғамбар өз елінде қабылданбайды”,— деп, назарын басқа адамдарға аударуына себеп болды (Лұқа 4:24).
Әлгі яһудилер Мәсіхтің келуін ғасырлар бойы күтіп жүрген халықтың мүшелері еді. Алайда Мәсіх ақырында дүниеге келгенде, олардың қатып ұстанған алғашқы пікірлері оны қабылдамауларына түрткі болып, Құдайдың ықыласынан айырды (Матай 23:37—39). Адамдар Исаның шәкірттері туралы да осылай сырттан тон пішкен еді. Көбісі халық жетекшілеріне жеккөрінішті қарабайыр балықшылардан құралған осы кішігірім топтың халыққа айтар маңызды ештеңесі жоқ деп ойлады. Ақырында, өздерінің алғашқы пікірлерлерінен қайтпағандар Құдай Ұлының ізбасары болу мүмкіндігінен айырылып қалды (Жохан 1:10—12).
Өз пікірін өзгерткендер
Алайда Исаның замандастарының арасында оның ғаламат істерін көріп, кішіпейілділікпен пікірлерін өзгерткендер де болды (Жохан 7:45—52). Олардың арасында Исаның туыстары бар еді. Алғашында олар араларынан Мәсіхтің шығуы мүмкін екендігіне сенбеген болатын (Жохан 7:5). Алайда уақыт өте келе ойларын өзгертіп, Исаның Мәсіх екендігіне сене бастады (Елшілердің істері 1:14; Қорынттықтарға 1-хат 9:5; Ғалаттықтарға 1:19). Сондай-ақ бірнеше жылдан кейін, Рим қаласындағы кейбір яһуди жетекшілері мәсіхшілердің қарсыластары таратқан өсек-аяңға құлақ аспай, елші Пауылдың өзімен сөйлесуді жөн көрді. Нәтижесінде, оны тыңдағандардың кейбірі сенушілердің қатарына қосылды (Елшілердің істері 28:22—24).
Бүгінде көп адам Ехоба куәгерлері туралы теріс пікірде. Неліктен? Көп жағдайда олар айғақтарды қарастырғандықтан не Куәгерлердің нанымдары мен іс-әрекеттерінің дұрыс-бұрыстығын Киелі жазбалар бойынша тексергендіктен осындай ойға келген жоқ. Көп адамның Ехоба куәгерлерінің діні ақиқат емес деп ойлауына әлемдегі негізгі діндердің үстемдігі әсер етсе керек. Өзіңіз жоғарыда көргендей, бірінші ғасырда да көп адам Исаның алғашқы ізбасарлары туралы осындай пікірде болған.
Ал басқалары болса қарсыластардың айғақтарға негізделмеген жаласына не ұзын құлақтан естігендеріне сүйеніп, Ехоба куәгерлері туралы бірден теріс ой түзіп жатады. Алайда Исаның ізбасары болуға тырысып жүрген бұл адамдардың жұртқа жеккөрінішті болуы — таңғаларлық жайт емес. Не себепті? Өйткені Иса өзінің шынайы ізбасарларына: “Менің атыма бола жұрттың бәрі сендерді жек көретін болады”,— деп ескерткен. Сондай-ақ: “Бірақ соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады”,— деп те жігерлендірген (Матай 10:22).
Бүгінде Ехоба куәгерлері Исаның нұсқауына мойынсұнып, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды барлық халықтарға тарату үшін көп күш салуда (Матай 28:19, 20). Ал осы хабарға құлақ асудан үзілді-кесілді бас тартқандар мәңгілік өмірге ие болу мүмкіндігінен айырылады (Жохан 17:3). Ал сіз жайлы не деуге болады? Басқалар сияқты сырттан тон пішіп жүре бересіз бе, жоқ әлде айғақтарды қарастырып, шындыққа тура қарауға тырысасыз ба? Мынаны еш ұмытпаңыз: сырт келбет алдамшы, алғашқы пікір де бұрыс болып жатады, ал айғақтарды шыншылдықпен қарастырғаныңыз таңғаларлық нәтиже әкелуі мүмкін (Елшілердің істері 17:10—12).
[10-беттегі сурет]
Яһудилердің Иса жайлы алғашқы пікірлері оны Мәсіх екенін мойындамауларына түрткі болды
[11-беттегі сурет]
Сіз Ехоба куәгерлері жайлы алғаш түйген ойыңызға сенесіз бе, жоқ әлде айғақтарға жүгінесіз бе?