Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 15.1. 16—20 бет.
  • Мұса заңынан тәлім алайық

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Мұса заңынан тәлім алайық
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ИСАНЫҢ ҚҰРБАНДЫҒЫНЫҢ КӨЛЕҢКЕСІ
  • ҚҰРБАНДЫҚТЫ ШЫН НИЕТПЕН БЕРУ
  • ҚҰДАЙ ҚАБЫЛДАМАҒАН ҚҰРБАНДЫҚТАР
  • ИСАНЫҢ ҚҰРБАНДЫҒЫНА СЕН!
  • Ехобаға ұнамды мадақтау құрбандықтары
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Патшалықтың мүддесі үшін құрбандықтарға барасың ба?
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Құдайға ұнамды болған құрбандықтар
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ехобаға құрбандықтарды жан-тәнімізбен ұсынайық
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 15.1. 16—20 бет.

Мұса заңынан тәлім алайық

“Мұса заңындағы білім мен шындықтан хабарың бар” (РИМ. 2:20).

МЫНА СҰРАҚТАРДЫҢ ЖАУАБЫН ТАУЫП КӨР:

  • Мұса заңы талап еткен құрбандықтар ненің бейнесі болды?

  • Исраилдіктер ұсынған құрбандықтар мен бүгіндегі мәсіхшілер әкелетін құрбандықтардың қандай ұқсастығы бар?

  • Ехоба қандай құрбандықтарды қабылдайды?

1. Неліктен Мұса заңының мәнін түсіну біз үшін маңызды?

ЕЛШІ ПАУЫЛДЫҢ рухтың жетелеуімен жазған хаттары Мұса заңының көптеген тұстарын түсінуге көмектеседі. Мысалы, Еврейлерге арналған хатында ол Исаның “адал бас діни қызметкер” ретінде “татуластыратын құрбандықты” біржола ұсынып, оған сенім артатындардың “мәңгілікке азат етілуіне” қалай жол ашқанын айтқан (Евр. 2:17; 9:11, 12). Пауыл киелі шатыр “көктегінің көлеңкесі” ғана болғанын, ал Иса Мұсаға қарағанда “әлдеқайда жақсы келісімнің” Келістірушісі екенін түсіндірген (Евр. 7:22; 8:1—5). Пауылдың Мұса заңына берген түсіндірмелері бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге сияқты біз үшін де өте маңызды. Себебі Мұса заңының мәнін түсінгеніміз Құдайдың біз үшін жасаған шараларын бағалай түсуімізге көмектеседі.

2. Яһуди мәсіхшілерінің басқа ұлт адамдарынан қандай артықшылығы болған?

2 Пауыл римдіктерге жазған хатындағы кейбір сөздерді Мұса заңын жақсы білген яһуди мәсіхшілеріне арнаған болатын. Пауыл олардың Ехобаның әділ принциптері жайлы “шындықтан хабардар” болу мәртебесіне ие екендерін айтқан. Осындай білімі болған әрі оған деген терең құрмет көрсеткен бұл мәсіхшілер, олардан бұрын өмір сүрген адал яһудилер іспетті, Таурат заңынан бейхабар болған басқа ұлт адамдарына басшылық пен тәлім бере алатын (Римдіктерге 2:17—20 оқы).

ИСАНЫҢ ҚҰРБАНДЫҒЫНЫҢ КӨЛЕҢКЕСІ

3. Неліктен Мұса заңының құрбандықтарға қатысты талаптарын қарастырғанымыз пайдалы?

3 “Мұса заңындағы білім мен шындықтың” арқасында біз Ехобаның ниетін жақсырақ түсіне аламыз. Таурат заңының астарында жатқан принциптер әлі де өз күшінде. Осыны есте ұстай отырып, кішіпейіл яһудилерді Мәсіхке жетелеген және Құдайдың өздерінен не талап ететінін түсінуге көмектескен құрбандықтар мен тартуларға қатысты заңдарды қарастырайық. Құдайдың қызметшілеріне қоятын талаптары өзгермейтіндіктен, бұл заңдарды қарастырғанымыз бізге де қасиетті қызметіміздің сапасын тексеруге көмектесетіні шүбәсіз (Малх. 3:6).

4, 5. а) Мұса заңы яһудилердің естеріне нені салып отырды? ә) Құрбандықтар ненің бейнесі болды?

4 Мұса заңының көптеген тұстары яһудилердің күнәкар екендерін естеріне салып отырған. Мысалы, кімде-кім мәйітке қол тигізетін болса, ол заңға сай, тазару рәсімінен өту керек болатын. Ол үшін діни қызметкер әлгі адам әкелген еш кемістігі жоқ қызыл сиырды сойып, өртейтін. Ал оның күлін “күнәдан тазартқыш су” дайындау үшін сақтап, арамдалып қалған адамның үстіне үшінші және жетінші күні бүркейтін (Ру. сан. 19:1—13). Сондай-ақ дүниеге бала әкелген әйел белгілі бір уақыт таза емес саналатын. Ал мерзімі аяқталғанда осының төлемі ретінде ол құрбандық шалу керек-тін. Бұл шара адамдардың дүниеге кемелсіз әрі күнәкар болып келетіндерін естеріне салып отырған (Леу. 12:1—8).

5 Яһудилер басқа жағдайларда да күнәні өтеу үшін құрбандыққа мал шалатын. Олар мұны түсінсе де, түсінбесе де, киелі шатырда, ал кейін Ехобаның ғибадатханасында шалынған құрбандықтар Исаның кемелді құрбандығының “көлеңкесі” болды (Евр. 10:1—10).

ҚҰРБАНДЫҚТЫ ШЫН НИЕТПЕН БЕРУ

6, 7. а) Исраилдіктер құрбандыққа шалатын малды таңдағанда, нені есте ұстаулары керек еді және бұл ненің бейнесі болған? ә) Біз өзімізге қандай сұрақтар қойғанымыз абзал?

6 Ехобаға құрбандық ретінде шалынатын мал атаулы соқыр, жарақаттанған, кеміс не ауру емес, қайта, барлық жағынан мүлтіксіз болу керек-тін (Леу. 22:20—22). Сондай-ақ жемістер мен астықтың “алғашқы өнімін” әрі тек “ең жақсысын” ғана ұсыну қажет болатын (Ру. сан. 18:12, 29). Ехобаға сапасы төмен тартуларды әкелуге болмайтын. Құдайдың құрбандыққа шалынатын малға қатысты талабы Исаның төлем құрбандығы мүлтіксіз болатынының және адамзатты күнә мен өлімнен азат ету үшін Ехоба өзіндегі ең жақсысын, ең аяулысын беретінінің бейнесі болды (Пет. 1-х. 1:18, 19).

7 Ехобаның бар жақсылығы үшін риза болған адам оған қолындағының ең жақсысын таңдап беруге қуанышты болатын. Адам қандай құрбандық ұсынатынын өзі шешетін. Алайда ол Құдайға тек ең жақсы тартулар ұнамды екенін білген. Ал бойында кемістігі бар мал әкелсе, бұл оның құрбандық шалуды маңызды санамайтынын не тіпті ауыртпалық деп қарастыратынын көрсетер еді (Малахи 1:13 оқыa). Бұл бізді қызметіміз туралы ой жүгіртіп, өзімізге келесідей сұрақтар қоюға талпындыру керек: “Мен Ехобаға не үшін қызмет етіп жүрмін? Маған көзқарасымды өзгерту керек емес пе екен? Оған қолымдағының ең жақсысын беріп жүрмін бе?”

8, 9. Исраилдіктердің құрбандықты қандай ниетпен бергендерін қарастыру неліктен маңызды?

8 Ехобаға шын жүректен шыққан ризашылығын білдіру үшін ерікті құрбандық, я болмаса рақымына ие болу үшін тұтас өртелетін құрбандық әкелмекші болған исраилдікке лайықты малды таңдап алу қиынға соқпаған болса керек. Ол Ехобаға ең жақсысын беруге қуанышты болатын. Бүгінде мәсіхшілер Мұса заңы талап еткен кәдімгі құрбандықтар шалмағанымен, уақытын, күш-қуатын және дүние-мүлкін қызметке жұмсайды. Елші Пауыл “Құдайды ұдайы мадақтауды” және “жақсылық істеп, өзгелермен қолда бармен бөлісуді” Ехобаның көңілінен шығатын құрбандықтарға жатқызған (Евр. 13:15, 16). Құдай қызметшілерінің мұндай істерге қалай атсалысатындарынан олардың Ехобаға деген ризашылықтарының тереңдігін көруге болады. Ендеше, Құдайға қандай ниетпен қызмет етіп жүргенімізге біздің де мұқият болғанымыз қаншалықты маңызды десеңші!

9 Қателік жасағаны үшін, Мұса заңы бойынша, исраилдіктен күнәнің төлемін өтеу құрбандығы талап етілетін. Оған осындай құрбандықты шын жүректен әкелу қиынға соққан ба? (Леу. 4:27, 28). Ехобамен қарым-қатынасын бағалайтын адам үшін бұның еш қиындығы болмаған.

10. Құдаймен не бауырласымен қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін мәсіхшіге қандай “құрбандық” әкелу қажет?

10 Бүгінде мәсіхші өз бауырласын ойланбастан не аңдаусыз ренжітіп алуы мүмкін. Сонда оның ар-ұжданы бұрыс қылығы үшін айыптай бастайды. Мұндай жағдайда Ехобамен қарым-қатынасын бағалайтын мәсіхші бұл қиындықты шешу үшін қолынан келгеннің бәрін істейді. Ол ренжітіп алған бауырласынан шын жүректен кешірім сұрайды. Ал мәселе тым күрделі болса, сүйіспеншілікпен әрекет ететін ақсақалдардан көмек іздейді (Мат. 5:23, 24; Жақ. 5:14, 15). Демек, бауырласына не Құдайға қарсы жасаған күнәсін өтеу үшін адам қандай да бір әрекет жасау керек. Оның қиындықты шешуге әрекеттенгенін құрбандық әкелумен салыстыруға болады. Мұндай “құрбандық” әкелген кезде мәсіхші Ехобамен және бауырласымен қарым-қатынасын қалпына келтіреді, сондай-ақ ар-ұжданы таза болады. Ал бұл, өз кезегінде, Ехоба оған тек жақсылық тілейтініне көзін жеткізе түседі.

11, 12. а) Татулық құрбандықтары деген не? ә) Ежелдегі татулық құрбандықтары не нәрсеге нұсқаған?

11 Мұса заңы талап еткен кейбір құрбандықтар татулық құрбандықтары деп аталатын. Бұл тартулар адамның Ехобамен татулықта екенін көрсететін. Құрбандық әкелген адам мен оның отбасы құрбандық етін ғибадатханадағы ас бөлмелерінің бірінде асып жеген көрінеді. Олар үшін қызмет атқарған діни қызметкер мен ғибадатханадағы басқа да діни қызметкерлер бұл еттің бір бөлігін алатын (Леу. 3:1; 7:31—33). Мұндай құрбандықты адам Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болуды қалайтындықтан әкелетін. Ол, оның отбасы, діни қызметкер және Ехоба, былайша айтқанда, бірге тату-тәтті отырып тамақтанатын.

12 Ехобамен бірге дастарқандас болудан асқан қандай мәртебе болуы мүмкін?! Үй иесі мұндай мәртебелі қонаққа астың ең жақсысын бергісі келетіні шүбәсіз. “Мұса заңындағы шындыққа” жататын татулық құрбандықтары Исаның керемет құрбандығының арқасында кез келген адамның Жаратушымен тату-тәтті бола алатынына нұсқаған. Бүгінде біз де қаржымыз бен күш-қуатымызды дайындықпен қызметке арнай жүріп, Ехобамен достық қарым-қатынаста бола аламыз.

ҚҰДАЙ ҚАБЫЛДАМАҒАН ҚҰРБАНДЫҚТАР

13, 14. Саул патшаның құрбандығын Ехоба не себепті қабылдамады?

13 Ехобаның ықыласына ие болу үшін адам Мұса заңы талап еткен құрбандықтарды шын жүректен әрі таза ниетпен беруі керек еді. Алайда Киелі кітаптан білетініміздей, Құдай кейбір құрбандықтарды қабылдамаған. Не себепті? Қазір сондай оқиғаның екеуін қарастырайық.

14 Самуил пайғамбар Ехобаның амалектіктерге шығарған үкімін жүзеге асыратын уақыттың келгенін Саул патшаға хабарлайды. Саул амалек халқының және малының көзін құрту керек еді. Алайда жеңіске жеткеннен кейін Саул амалектіктердің патшасы Агагты тірі қалдырады. Сондай-ақ ол ең жақсы малдарын Ехобаға құрбандық етуге жарамды деп аман алып қалады (Пат. 1-ж. 15:2, 3, 21). Ехоба бұған қалай қарады? Ол мойынсұнбаушылық танытқаны үшін Саулдан бас тартты (Патшалықтар 1-жазба 15:22, 23 оқы). Бұдан шығатын қорытынды мынау: Құдай құрбандықтарымызды қабылдасын десек, оның өсиеттеріне мойынсұнуымыз керек.

15. Ехобаға құрбандықтар әкеле жүріп, зұлым істер жасаған исраилдіктер туралы не деуге болады?

15 Ишая кітабында да осыған ұқсас жағдай сипатталған. Пайғамбардың заманында исраилдіктер күнәларын өтеу үшін Ехобаға құрбандық шалған. Сөйте тұра олар көптеген сұмдық істерді де жасаған. Сондықтан олардың құрбандықтары Ехобаның көзінде жарамсыз болды. Ехоба оларға: “Көптеп құрбандық шалуларыңның Мен үшін қандай мәні бар? Ұсынған қошқарларыңа, бордақыланған малдарыңның майына әбден тойдым. Құрбандыққа шалған бұқаларың мен қой-ешкілеріңнің төгілген қанына да риза емеспін”,— деп, наразылығын білдірді. Сосын ол сөзін жалғап былай деді: “Пайдасыз сый-тартуларыңды Маған бұдан былай ұсынбаңдар! Хош иісті зат түтетулеріңді де ұнатпаймын”. Неге Ехоба исраилдіктердің тартуларынан бас тартты? Ол былай деп түсіндірді: “Қаншама көп мінажат етсеңдер де, Мен құлақ салмаймын. Себебі қолдарың қанға малынған. Күнәларыңнан арылып, тазарыңдар! Көз алдымда жасап келген зұлым істеріңді тоқтатып, жамандық атаулыдан бас тартыңдар!” (Ишая 1:11—16).

16. Құдайға қандай құрбандықтар ұнайды?

16 Ехоба күнәсіна өкінбеген адамдардың құрбандықтарын қабылдамаған. Алайда Құдай өсиеттеріне сай өмір сүруге шын жүректен тырысқан жандардың дұғалары мен тартуларын қабыл алған. Мұса заңы сондай адамдар Ехобаның кешіріміне мұқтаж екендіктерін айқын көрсеткен (Ғал. 3:19). Осыны түсінген исраилдік күнәларына өкініп, Ехобаның кешіріміне үміттенген. Сол сияқты біз де күнәмізді біржола өтей алатын Мәсіхтің құрбандығына мұқтаж екенімізді естен шығармауымыз қажет. Егер мұны ризашылықпен мойындайтын болсақ, қызметте жасап жатқан құрбандықтарымыз Ехобаға “ұнамды” болады (Забур 50:19, 21 оқы).

ИСАНЫҢ ҚҰРБАНДЫҒЫНА СЕН!

17-19. а) Исаның төлем құрбандығы үшін Ехобаға ризашылығымызды қалай білдіре аламыз? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?

17 Құдайдың ежелгі қызметшілері оның ниетінің тек “көлеңкесін” көрген, ал біз оны толық түсіне аламыз (Евр. 10:1). Құрбандықтарға қатысты заңдар яһудилерді шын жүректен шыққан ризашылықтарын танытуға, ең жақсысын беруге және төлемге мұқтаж екендерін сезінуге көмектескен. Осының арқасында олар Құдаймен жақсы қарым-қатынаста бола алатын. Грек жазбаларының көмегімен біз Ехобаның төлем құрбандығы арқылы күнәнің салдарын біржола жоятынын және қазірдің өзінде таза ар-ұжданмен өмір сүруге мүмкіндік беретінін білеміз. Расында да, Исаның төлем құрбандығы — баға жетпес сый! (Ғал. 3:13; Евр. 9:9, 14).

18 Әрине, төлем құрбандығының игілігін көру үшін ол туралы біліп қана қою жеткіліксіз. “Сенім арқылы әділ деп жариялануымыз үшін, Мұса заңы бізді Мәсіхке әкелетін қамқоршы болды”,— деп жазды елші Пауыл (Ғал. 3:24). Ал сенімді іс-әрекетпен дәлелдеу қажет (Жақ. 2:26). Сол себепті Пауыл Мұса заңындағы шындықтан хабары болған бірінші ғасырдағы мәсіхшілерді білімдерін іске қосуға талпындырған. Сонда олардың жүріс-тұрыстары өздері үйретіп жүрген Құдай принциптеріне сай болар еді (Римдіктерге 2:21—23 оқы).

19 Бүгінде мәсіхшілер Мұса заңына бағынышты болмаса да, Ехобаға ұнамды құрбандықтар әкелуге тиіс. Мұны қалай істей алатынымыз келесі мақалада қарастырылады.

[Сілтеме]

a Малахи 1:13: “Бұл деген қаншама еңбек!” дейсіңдер де оны жаратпайсыңдар,— дейді Жаратушы Ие Саваоф,— ал өздерің ұрланған, ақсақ әрі ауру малды әкелесіңдер, құрбан нандарың да сондай. Сендердің қолдарыңнан соларды мархабатпен қалай алмақпын?”

[17-беттегі сөздер]

Ехобаның қызметшілеріне қоятын талаптары ешқашан өзгермейді

[18-беттегі сурет]

Ехобаға осылардың қайсысын ұсынар едің?

[19-беттегі сурет]

Лайықты құрбандықтар ұсынатындарға Ехоба оң көзбен қарайды

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу