Құдай рухының жетелеуімен жүрген ертедегі адал адамдар
“Құдай Ие және Оның Рухы мені мына хабармен жіберіп отыр” (ИШАЯ 48:16).
1, 2. Берік сенімге ие болу үшін бізге не қажет және ежелдегі адал қызметшілердің мысалын қарастырғанымыздың қандай пайдасы бар?
“ЖҰРТТЫҢ бәрі бірдей сенуші емес” (Сал. 2-х. 3:2). Бұл сөздердің растығы Әбілдің заманынан бері өмір сүріп жатқан адамдардың мысалынан көрінеді. Олай болса, адамға сенімге ие болып, адалдық сақтауға не көмектеседі? Сенім Құдай сөзінен білім алудан келеді (Рим. 10:17). Ол — киелі рух жемісінің құрамдас бөлігі (Ғал. 5:22, 23). Демек, берік сенімге ие болу үшін бізге Құдай рухы қажет.
2 Адам бұл дүниеге сенуші болып келмейді. Мысалы, Құдайдың ертедегі адал қызметшілері “біздікіндей сезімі бар адам[дар] болған” (Жақ. 5:17). Олар да уайымдаған, әлсіздіктерімен күрескен, ал кейде өздерін Құдайдың тапсырмасын орындауға дәрменсіз сезінген. Дегенмен олар Құдай рухының арқасында “әлсіз кезінде құдіретке ие болды” (Евр. 11:34). Ехобаның рухы оларға қалай әсер еткенін қарастырғанымыз бізге адал қызметімізді жалғастыра беруге және жан-жақтан төнген қиыншылықтарға қарамастан сенімімізде берік болып қалуға көмектеседі.
Құдай рухы Мұсаға күш берді
3—5. а) Мұса Құдай рухының көмегімен әрекет еткенін біз қайдан білеміз? ә) Ехоба бізге киелі рухын беретіні Мұсаның жағдайынан қалай көрінеді?
3 Б. з. б. 1513 жылы өмір сүрген адамдардың арасында Мұса ең “момын” жан болған (Ру. сан. 12:3). Қой аузынан шөп алмайтын Мұсаға Исраил халқын алып жүру жауапкершілігі жүктелген еді. Ол Құдай рухының көмегімен пайғамбарлық етті, халықтың төрешісі әрі көсемі болды, Киелі кітаптың кейбір бөліктерін жазды және кереметтер жасады (Ишая 63:11—14 оқы). Сөйтсе де бірде Мұса халыққа басшылық ету оңай емес екенін айтып, мұңын шақты (Ру. сан. 11:14, 15). Сонда Ехоба Мұсаның “бойындағы рухтан алып”, оған көмекші ретінде тағайындалған 70 адамға қондырды (Ру. сан. 11:16, 17). Мойнындағы жауапкершілікті алып жүру тым қиын болып көрінгенімен, Мұса да, таңдалған 70 көмекші де оны өз күштерімен атқарған жоқ.
4 Жауапкершіліктерін атқару үшін Құдай Мұсаға киелі рухын жеткілікті мөлшерде берген еді. Көмекшілер тағайындалғаннан кейін де Мұса киелі рухқа кенде болып қалған жоқ. Оның бойындағы киелі рух тым аз, ал әлгі 70 адамда тым көп болмады. Ехоба жағдайымызға қарай, бізге қанша киелі рух қажет болса, сонша береді. Иә, Құдай “киелі рухын молынан береді” (Жох. 1:16; 3:34).
5 Сен де қиыншылықтармен күресіп жүрсің бе? Жауапкершіліктерің күннен күнге көбейіп, бар уақытыңды алып жатыр ма? Қымбатшылық не денсаулықтың нашарлауы отбасыңды тәндік және рухани жағынан қамсыздандыруды қиындатып жатқан шығар? Қауымда ауыр міндеттер атқарып жүрген боларсың? Жағдайың қандай болмасын, Құдай киелі рухы арқылы төзуге күш беретіндігіне сенімді бол (Рим. 15:13).
Киелі рух Беселиелге қабілет берді
6—8. а) Құдай рухы Беселиел мен Аһолияпты қандай іске жарамды етті? ә) Оларға киелі рухтың басшылық бергені неден көрінеді? б) Неге Беселиелдің мысалы бізге жігер береді?
6 Мұсаның замандасы Беселиелдің мысалынан киелі рухтың әсері жайлы көп нәрсе білеміз (Мысырдан шығу 35:30—35 оқы). Беселиел ғибадатханаға керек-жарақ заттар жасауға тағайындалған болатын. Оның мұндай істен хабары болды ма? Бәлкім, болған шығар. Алайда оның соңғы жұмысы мысырлықтар үшін кірпіш құю болғанға ұқсайды (Мыс. ш. 1:13, 14). Ендеше, Беселиел өзіне тапсырылған қиын істі қалай орындады екен? Ехоба “оны Өзінің Рухына кенелтіп, оған ақыл-парасат пен қабілет дарытып, барлық өнерден хабардар етіп қойды: ...керемет көркем өрнектер жасауға... және кез келген көркем өнер жұмыстарын жасауға да қабілет берді”. Оның бойындағы бар қабілетті киелі рух шыңдай түсті. Аһолияп туралы да солай деуге болады. Беселиел мен Аһолияп бұл істі жақсылап меңгеріп, оны атқарып қана қоймай, өзге жұмысшыларды да соған үйретті. Иә, Құдай оларға тәлім беру дарынын да сыйлаған.
7 Беселиел мен Аһолияптың бұл істі киелі рухтың көмегімен атқарғандары жұмыстарының сапасынан да көрінеді. Олардың қолдарынан шыққан заттар шамамен 500 жылдан кейін де қолданыста болған (Шеж. 2-ж. 1:2—6). Беселиел мен Аһолияп бүгіндегі он саусағынан өнер тамған шеберлер сияқты өз есімдерін шығаруға тырыспаған. Олардың бар ойы Ехобаға мадақ әкелу еді (Мыс. ш. 36:1, 2).
8 Бүгінде Құдай ұйымында арнайы қабілетті талап ететін істер бар. Мысалы, құрылысқа қатысу, әдебиеттерді басып шығару, конгрестерді ұйымдастыру, табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету, дәрігерлерге қанға қатысты Жазбаларға негізделген көзқарасымызды түсіндіру. Көбінесе мұндай істерді мамандар емес, тәжірибесі жоқ ерікті қызметшілер атқарады. Құдай рухының арқасында олардың істері алға басуда. Басқалар сенен анағұрлым қабілетті деп ойлап, қызметте міндеттер алудан тартынып жүрген жоқсың ба? Есіңде болсын, Ехобаның рухы білімің мен қабілеттеріңді арттырып, саған жүктелген кез келген жауапкершілікті алып жүруге көмектесе алады!
Ешуа Құдай рухының көмегімен жетістікке жетті
9. Мысырдан шыққан соң исраилдіктер қандай жағдайға тап болды және қандай сұрақ туындады?
9 Құдай рухы Мұсаның тағы бір замандасына басшылық берген. Исраилдіктер Мысыр құлдығынан босап шыққан соң көп ұзамай оларға амалектіктер шабуыл жасайды. Соғыс жүргізуден еш тәжірибесі болмаған исраилдіктерге алғаш рет дербес халық ретінде дұшпандарымен соғысу керек еді (Мыс. ш. 13:17; 17:8). Оларды кім бастап жүре алар екен?
10. Ешуа бастаған Исраил әскері ненің арқасында жеңіске жетті?
10 Халықты бастап жүруге Ешуа тағайындалды. Егер одан тәжірибесі туралы сұраса, ол не айтар еді? Мысырда құл болып сабан кірпіш илегенін, ал кейін манна жинап күн көргенін бе? Ал оның атасы Әлишама болса, Ефрем руының және 108 100 әскердің басшысы болған (Ру. сан. 2:18, 24; Шеж. 1-ж. 7:26, 27). Десе де Исраил әскерін жауға қарсы бастап алып жүруді Ехоба Әлишамаға да, оның ұлы Нұнға да емес, Ешуаға тапсырды. Ұрыс бір күнге созылды. Ешуа Ехобаның сөзін екі етпей орындағандықтан және Құдай рухының басшылығына мойынсұнғандықтан, Исраил халқын жеңіске жеткізді (Мыс. ш. 17:9—13).
11. Қасиетті қызметімізде Ешуа сияқты жетістікке жетуге не көмектеседі?
11 “Кемеңгерлік рух танытқан” Ешуа кейін Мұсаның орнын басты (Заң. қ. 34:9). Киелі рух оған Мұса сияқты пайғамбарлық ету немесе кереметтер жасау қабілетін дарытпағанымен, Қанахан жерін жаулап алу үшін исраилдіктерге басшылық беруге қабілетті етті. Бүгінде біз өзімізді қасиетті қызметіміздің қандай да бір саласында тәжірибесіз немесе қабілетсіз сезінетін шығармыз. Бірақ Ешуа сияқты Құдайдың басшылығын нық ұстанар болсақ, жетістікке жететінімізге сенімді бола аламыз (Ешуа 1:7—9).
Гедеонға Ехобаның рухы қонды
12—14. а) 300 сарбаздың мадияндықтардың қалың қолын ойсырата жеңгенінен не білеміз? ә) Ехоба Гедеонды қалай жігерлендірді? б) Ехоба бізге нені уәде етеді?
12 Ешуаның өлімінен кейін Ехоба адал адамдарға өз күшін дарытуды тоқтатпады. Билер кітабында “әлсіз кезінде құдіретке ие болған” адамдардың мысалдары көп (Евр. 11:34). Мысалы, Құдай рухы Гедеонды өз халқының мүддесі үшін соғысуға талпындырды (Би. 6:34). Мадияндықтардың саны Гедеон жинаған әскерден төрт есе көп еді. Алайда Ехоба Гедеонның әскерін тым көп деп есептеді. Сонда ол Гедеонның адамдарын екі рет қысқартып, әр исраилдік сарбазға 450 мадияндықтан келетін болды (Би. 7:2—8; 8:10). Бұл Ехобаның еркіне сай еді. Осылайша жеңіске жеткен исраилдіктер бұған өз күшіміз бен біліктілігіміздің арқасында жеттік деп мақтана алмас еді.
13 Гедеон мен оның әскері соғысуға дайын тұрды. Мына жайтты елестетіп көрші: сен сол шағын әскердің қатарындасың. Қорқынышқа бой алдырып, сергек болмаған сарбаздардың үйге қайтарылғанын біле тұра өзіңді қауіпсіз сезінер ме едің? Я болмаса, соғыстың немен бітетінін ойлап, үрейге бой алдырар ма ең? Гедеонның осындай жағдайда Ехобаға толықтай арқа сүйегенін білеміз. Ол Құдайдың айтқанын бұлжытпай орындады (Би. 7:9—14). Гедеон өзін қолдайтынына дәлел ретінде белгі көрсетуін сұрағанда, Ехоба оны еш жазғырмады (Би. 6:36—40). Қайта, сенімін нығайтты.
14 Ехобаның құдіреті шексіз. Ол халқын, тіпті ең дәрменсіз деген адам арқылы, кез келген қиыншылықтан құтқара алады. Кейде біз өзімізді тығырыққа тірелгендей сезінуіміз мүмкін. Әрине, ондай кезде Ехоба бізге де Гедеонға сияқты қандай да бір керемет жасап, белгі көрсетеді деп күтпейміз. Бірақ Құдай Сөзі мен оның қауымы арқылы басшылық пен жұбаныш ала аламыз (Рим. 8:31, 32). Ехобаның сүйіспеншілікпен берген уәделері сенімімізді нығайтады және қиын кезде қасымыздан табылатынына күмәнданбауға көмектеседі.
Ефтаға Ехобаның рухы қонды
15, 16. Неге Ефтаның қызы құрбандыққа баруға дайын болды және бұл ата-аналарды қалай жігерлендіреді?
15 Тағы бір мысалды қарастырып көрейік. Аммондықтар исраилдіктерге қарсы соғыс ашқанда, Ехобаның рухы “Ефтаға қонды”. Ехобаға даңқ әкелу үшін жеңіске жетуді аңсаған Ефта Құдайға ант берді. Сөзінде тұру үшін оған ең жақын адамынан айырылуға тура келді. Егер Құдай аммондықтарды аяғына жығып берсе, Ефта үйіне қайта оралғанда, алдынан шығатын адамды Ехобаға бағыштайтынын уәде еткен еді. Ал жорықтан жеңімпаз болып оралғанда, Ефтаның алдынан оның қызы шықты (Би. 11:29—31, 34). Бұл Ефта үшін тосын жағдай болды ма? Олай болмаса керек, себебі қызы оның жар дегенде жалғызы еді. Ефта сөзінде тұрып, қызын Ехобаның Шилодағы киелі шатырында өмірлік қызметке бағыштады. Ехобаның адал қызметшісі болған Ефтаның қызы әкесінің уәдесі орындалуы тиіс екенін түсінді (Билер 11:36 оқыa). Ехобаның рухы екеуіне де қажетті күш дарытты.
16 Ефтаның қызы осындай жанқиярлық рухты қалай дамытты? Әкесінің құлшынысы мен Құдайға шын берілгендігі оның сенімін нығайтқаны сөзсіз. Ата-аналар, сендердің іс-әрекеттерің балаларыңның назарынан тыс қалмайды. Ендеше сөздерің мен әрекеттерің бір-біріне сай болсын. Балалар ыстық дұғаларың мен тәлімдеріңді естиді, әрі Ехобаға шын жүректен қызмет етуге тырысып жатқандарыңды көреді. Осының бәрі олардың бойында Ехобаға қызмет етуге деген ықылас оятуы әбден мүмкін. Ал ата-ана үшін бұдан артық қуаныш бар ма?!
“Самсонға Ехобаның рухы түсті”
17. Самсон Құдай рухының көмегімен не істеді?
17 Енді басқа бір мысалға назар аударайық. Исраилдіктер філістірлердің езгісінде болған кезде, өз халқын құтқару үшін “Жаратушы Иенің рухы” Самсонға әсер ете бастады (Би. 13:24, 25). Құдай Самсонға теңдессіз ғажап күш дарытты. Філістірлердің бұйрығымен исраилдіктер Самсонды ұстап бергенде, оған “Ехобаның рухы қонды да, қолын байлаған арқандар от шарпыған зығыр жіп сияқты үзіліп түсіп қалды” (Би. 15:14). Кейін ол бұрыс шешімінің салдарынан күшінен айырылып қалады. Алайда тәні әлсіреген болса да, “сенімінің арқасында” Самсон құдіретке ие болды (Евр. 11:32—34; Би. 16:18—21, 28—30). Ехобаның рухы Самсонға ерекше түрде көмек берді. Ертедегі осы оқиға бізге зор жігер береді. Қалайша?
18, 19. а) Самсонның мысалы не нәрсеге сенімді болуымызға көмектеседі? ә) Осы мақалада қарастырылған адал адамдардың мысалдарынан не нәрсеге үйрендің?
18 Біз Самсонға күш дарытқан киелі рухқа сенім артамыз. Мұны Исаның ізбасарларына берген жұмысты атқару арқылы, атап айтқанда, “жұртқа уағыздау және осы жайлы түбегейлі куәлік беру” арқылы істейміз (Ел. іс. 10:42). Алайда бізде бұл тапсырманы орындау үшін туа біткен қабілеттер болмауы мүмкін. Өзінің рухы арқылы сан алуан істерді атқаруға қабілетті етіп жатқаны үшін Ехобаға қаншалықты ризамыз десеңші! Осы тапсырманы орындай жүріп біз: “Құдай Ие және Оның Рухы мені мына хабармен жіберіп отыр”,— деп, Ишая пайғамбар сияқты айта аламыз (Ишая 48:16). Иә, бізді Құдай рухы жіберіп отыр! Біз бұл істі шын жүректен атқарамыз әрі Мұса, Беселиел және Ешуаның жағдайындағыдай, Ехоба біздің де қабілеттерімізді шыңдай түсетініне сенімдіміз. Гедеон, Ефта және Самсонға сияқты бізге де күш дарытатынына сенім арта отырып, қолымызға “рухтың семсерін, яғни Құдай сөзін” аламыз (Ефес. 6:17, 18). Қиыншылықтарға тап болғанда, Ехобаға арқа сүйейтін болсақ, ол Самсонға тәндік күш бергеніндей, бізге рухани күш дарытады.
19 Ехоба шынайы ғибадаттың жағында нық тұрған адамдарды жарылқайтыны айдан анық. Киелі рухтың басшылығына мойынсұнған сайын, біздің сеніміміз де нығая түседі. Інжіл кітабында да Құдай рухының жетелеуімен жүрген адамдардың мысалдары жазылған. Келесі мақалада киелі рух б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамына дейін және кейін Ехобаның адал қызметшілеріне қалай әсер еткенін қарастырамыз.
[Сілтеме]
a Билер 11:36: “Қызы айтты: — Әкежаным! Сен Жаратушы Иенің алдында аузыңа мені алған екенсің — Жаратушы Ие сен арқылы өзіңнің жауларың аммондықтардан кегіңді әперіп тұрғанда, қалай серт етсең маған соны істе”.
Құдай рухының мына адал адамдарға әсер еткені сені не себепті жігерлендіреді?
• Мұса
• Беселиел
• Ешуа
• Гедеон
• Ефта
• Самсон
[22-беттегі сөздер]
Құдай рухы Самсонға тәндік күш бергендей, бізге рухани күш дарытады
[21-беттегі сурет]
Ата-аналар, сендердің құлшыныстарың балаларыңа әсер етеді