Ехобаның нақты ескертулеріне құлақ асасың ба?
“Жол, міне, мынау, сонымен жүріңдер” (ИШАЯ 30:21).
1, 2. Шайтан нені көздейді және Құдай Сөзі бізге қалай көмектеседі?
ЖОЛ БЕЛГІСІ бұрыс бағытты көрсетіп тұрса, сол жолмен жүрген адамның адасып кетуі, тіпті басына қауіп төнуі мүмкін. Досың саған бір зұлым адамның аңғал жолаушыларға зиян келтіру үшін белгіні әдейі бұрып қойғанын айтты делік. Оның ескертуіне құлақ асарың сөзсіз.
2 Қас жауымыз Шайтанның бізді адастыруды көздейтінінде күмән жоқ (Аян 12:9). Алдыңғы мақалада бізге жаман жағынан ықпал етіп, мәңгілік өмірге апаратын жолдан ауытқыту үшін Шайтанның қолданатын тәсілдерін қарастырдық (Мат. 7:13, 14). Сонымен қатар Досымыз Ехоба Құдайдың бізге Шайтанның айла-амалдары жайлы ескертіп отыратынын да білдік. Ал енді Шайтанның айла-амалының тағы үшеуін қарастырайық. Алданып қалмауымызға Құдай Сөзінің қалай көмектесетінін қарастыру барысында, Ехобаның ту сыртымыздан: “Жол, міне, мынау, сонымен жүріңдер”,— деп, бағыт көрсетіп келе жатқанын елестетейік (Ишая 30:21). Ехобаның нақты ескертулері жайында ой жүгірткеніміз оларға құлақ асуға деген шешімімізді нығайтады.
“Жалған ұстаздарға” ерме
3, 4. а) Қай мағынада жалған ұстаздар суы тартылған құдыққа ұқсайды? ә) Жалған ұстаздар әдетте қайдан шығады және олардың мақсаты қандай?
3 Шөлейт жермен келе жатқаныңды елестетші: көз ұшында бір құдық тұр. Шөліңді қандырғың келіп, соған қарай беттедің. Ал құдықтың басына келсең, оның суы тартылып қалған екен. Қатты көңілің қалары сөзсіз! Жалған ұстаздар осындай құдыққа ұқсайды. Шындық суына сусап оларға келгендердің барлығының қатты көңілі қалады. Ехоба елші Пауыл мен Петір арқылы жалған ұстаздардың шығатынын ескерткен (Елшілердің істері 20:29, 30; Петірдің 2-хаты 2:1—3 оқы). Осы екі елшінің рухтың жетелеуімен айтқан сөздері бізге сол жалған ұстаздардың қайдан келетінін және олардың қалай әрекет ететінін анықтауға көмектеседі.
4 Пауыл Ефестегі қауымның ақсақалдарына былай деген: “Шәкірттерді өздерімен әкету үшін өз іштеріңнен де жалған ілімдерді үйрететіндер шықпақ”. Ал елші Петір бауырластарына: “Сендердің араларыңнан да жалған ұстаздар шығады”,— деп жазған. Осы сөздерге сай, жалған ұстаздар бауырластардың арасынан шығуы мүмкін. Мұндайлар жолдан тайғандарa. Олардың мақсаты қандай? Жолдан таюшылар кезінде өздері жақсы көрген болуы мүмкін ұйымнан кетіп қана қоймайды. Пауыл түсіндіргендей, олардың мақсаты — “шәкірттерді өздерімен әкету”. Олар өздеріне қауым сыртынан шәкірт іздемейді, қайта, Мәсіхтің шәкірті болып жүргендерді еліктіріп әкеткісі келеді. Жолдан таюшылар қойларды жалмағысы келетін “аш қасқырлар” іспетті. Олардың бар есіл-дерті — қауымның мүшелерін сенімінен айырып, шындық жолынан тайдыру (Мат. 7:15; Тім. 2-х. 2:18).
5. Жалған ұстаздар қандай тәсілдерді қолданады?
5 Жалған ұстаздар қалай әрекет етеді? Олардың тәсілдері қулық-сұмдыққа толы. Шегарадан қандай да бір затты жасырын өткізетін контрабандашылар сияқты, жолдан таюшылар да өз ойларын “білдіртпей” қауымға ендіруге тырысады. Сондай-ақ жолдан таюшылардың әрекетін жалған құжат жасайтын қылмыскерлердікіне теңеуге болады: олар өз идеяларын шындық етіп көрсетуге тырысады. Бұл үшін олар “жалған ілімдер” таратады, “Жазбаларды бұрмалайды” және “қитұрқы сөздер” айтып, өтірік дәлелдер келтіреді (Пет. 2-х. 2:1, 3, 13; 3:16). Иә, жолдан таюшылардың біздің қамымызды ойламайтыны айдан анық. Олардың соңынан ерген адам мәңгілік өмірге апаратын жолдан ауытқып кетеді.
6. Киелі кітапта жалған ұстаздарға қатысты қандай нақты кеңес берілген?
6 Жалған ұстаздардан өзімізді қалай қорғай аламыз? Бұған қатысты Киелі кітапта нақты нұсқаулар берілген (Римдіктерге 16:17; Жоханның 2-хаты 9—11 оқы). Онда: “Олардан аулақ жүріңдер”,— деп жазылған. Бұл кеңестің мәні ап-айқын: жолдан таюшыларға мүлдем жоламау керек. Мысалы, дәрігер саған өте қауіпті де жұқпалы аурумен ауыратын адамға жоламау керектігін айтты делік. Сен оның не айтқысы келгенін жақсы түсініп, ескертуіне құлақ асасың ғой. Жолдан таюшылардың есіл-дерті — жалған ілімдерін тарату арқылы өзгелерге “ауруларын” жұқтыру (Тім. 1-х. 6:3, 4). Ехоба әлгі дәрігерге ұқсайды, ол бізге жолдан таюшылардан аулақ болу керектігін ескертіп отыр. Біз оның ескертуінің мәнін жақсы түсінеміз, алайда соған сай әрекет етуге тырысамыз ба?
7, 8. а) Жалған ұстаздардан қалай аулақ бола аламыз? ә) Жалған ұстаздарға ермеуге деген шешімімізге неге берікпіз?
7 Жалған ұстаздардан қалай аулақ бола аламыз? Біз оларды үйге шақырмаймыз, тіпті сәлемдеспейміз. Сондай-ақ әдебиеттерін оқымаймыз, олар туралы теледидар бағдарламаларын көрмейміз, Интернет сайттарына кірмейміз және жазған мәліметтеріне қатысты өз пікірлерімізді жазбаймыз. Бұлай әрекет етуге сүйіспеншілік талпындырады. Біз “ақиқаттың Құдайы” Ехобаны сүйеміз, сондықтан шындыққа қайшы келетін ілімдерге ден қоймаймыз (Заб. 30:6 Тт; Жох. 17:17). Сонымен қатар Ехобаның ұйымын да жақсы көреміз. Осы ұйымның арқасында біз Құдайдың есімімен, оның мағынасымен және жерге қатысты ниетімен таныстық, сондай-ақ өлілердің күйі мен қайта тірілуге деген үміт сияқты керемет шындықтарды білдік. Осы және басқа да көңіл толқытатын шындықтарды алғаш естігенде не сезінгенің есіңде ме? Олай болса, осындай шындықтарды үйреткен ұйымды қаралайтын бәз біреулердің тұнығыңды лайлауына жол берудің керегі не? (Жох. 6:66—69).
8 Жалған ұстаздардың не айтқанына қарамастан, біз оларға ермейміз! Суы тартылған құдыққа барып, босқа көңіліңді қалдырудың не қажеті бар? Қайта, Ехобаға және оның осыншама уақыттан бері Құдай Сөзінің таза да жан сергітетін суымен шөлімізді қандырып отырған ұйымына адалдық сақтауға деген шешімімізге берік болайық (Ишая 55:1—3; Мат. 24:45—47).
“Аңыздарға” құлақ түрме
9, 10. Пауыл “аңыздарға” қатысты Тімөтеге нені ескертті және ол нені ойда тұтқан болу керек? (Сілтемені де қара.)
9 Біреудің жол белгісін бұрып, бағытын өзгертіп қойғанын байқау кейде оңай, ал кейде оңай бола бермейді. Шайтанның кейбір айла-амалдарына қатысты да солай деуге болады. Елші Пауыл Шайтанның бірден байқала бермейтін айласы — “аңыздар” туралы ескерткен (Тімөтеге 1-хат 1:3, 4 оқы). Мәңгілік өмірге апаратын жолдан ауытқып кетпеу үшін, аңыздарға не жататынын және оларға елігіп кетпеуге не көмектесетінін біліп алуымыз керек.
10 Бұл ескерту Пауылдың ақсақал болып қызмет етіп жүрген Тімөтеге арналған бірінші хатында жазылған. Пауыл оған қауымның тазалығын сақтауға және бауырластардың адал болып қалуына көмектесуді тапсырды (Тім. 1-х. 1:18, 19). “Аңыздар” дегенде, ол гректің өтірік, ойдан шығарылған әңгіме дегенді білдіретін сөзін қолданған. Бір энциклопедияда бұл сөздің “шындыққа еш жанаспайтын (діни) әңгімеге” нұсқайтыны жазылған (“The International Standard Bible Encyclopaedia”). Демек, Пауыл мұнда ойдан шығарылған әрі адамдар қызыға тыңдайтын әңгімелерден туған діни аңыздарды ойда тұтқан болса керекb. Мұндай аңыздар “еш пайдасы жоқ зерттеуді талап ететін сұрақтар ғана тудырады”. Бас суайт Шайтан ойдан шығарылған мұндай аңыздар мен шындыққа жанаспайтын діни әңгімелерді адамдардың көңілін маңызды нәрселерден алаңдату үшін қолданады. Сонымен, Пауылдың кеңесі анық: аңыздарға құлақ түрмеңдер!
11. Шайтан адамдарды адастыру үшін жалған дінді қалай шебер қолданады және қандай ескертуге құлақ асуымыз керек?
11 Сақ болмасақ, қандай аңыздарға алданып қалуымыз мүмкін? Негізінде, тура жолдан ауытқытатын әрі шындыққа жанаспайтын кез келген діни әңгімені “аңыз” деуге болады (Тім. 2-х. 4:3, 4). “Өзін жарық періштесі етіп көрсететін” Шайтан адамдарды адастыру үшін жалған дінді шебер қолданады (Қор. 2-х. 11:14). Мысалы, өздерін мәсіхшімін дейтіндер үштік, тозақ оты, жанның өлмейтіні сияқты, аңыздар мен өтірікке негізделген ілімдерге үйретеді. Сондай-ақ мәсіхшілер әлемі еш зияны жоқ болып көрінетін Исаның туылған күні мен Пасха сияқты, аңыздар мен пұтқа табынушылықтан бастау алған мейрамдарды тойлайды. Құдайдың жалған діннен аулақ болып, “арам нәрсеге қол тигізбеңдер” деген ескертуіне құлақ асар болсақ, аңыздарға алданып қалмаймыз (Қор. 2-х. 6:14—17).
12, 13. а) Шайтан таратып отырған үш жаңсақ пікірді ата және оларға қатысты шындық қандай? ә) Шайтанның аңыздарына алданып қалмау үшін не істеу керек?
12 Абай болмасақ, Шайтан басқа да аңыздарымен адастыруы мүмкін. Кейбір мысалдарды қарастырайық. Қалағаныңды істе, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзің шеш. Мұндай идеяның белең алуына бұқаралық ақпарат құралдары мен көңіл көтеру индустриясы себепші болуда. Осындай бұрмаланған көзқарастарды үнемі ести бергендіктен, біз де осы дүниедегілер сияқты ойлай бастауымыз оп-оңай. Ал шындығына келгенде, бұндай мәселеде Құдайдың басшылығына аса мұқтажбыз (Ерм. 10:23). Құдай жер бетінде болып жатқан жайттарға ешқашан араласпайды. Бұндай ой іс-әрекетіміздің артын ойламауға талпындырып, Құдайға деген қызметімізде “әрекетсіз, жеміссіз” етуі мүмкін (Пет. 2-х. 1:8). Ал шындығына келгенде, Ехобаның күні жылдам жақындап келеді, сондықтан біз оны үнемі күтіп өмір сүруіміз керек (Мат. 24:44). Сен Құдайды қызықтырмайсың. Шайтанның бұл өтірігі Құдайдың сүйіспеншілігіне ешқашан лайық бола алмаймыз деген ой тудырып, ұнжырғамызды түсіреді. Ал шындығына келгенде, Ехоба әрбір қызметшісін жақсы көреді әрі бағалайды (Мат. 10:29—31).
13 Біз үнемі сақ жүруіміз керек, өйткені Шайтанның дүниесіндегілердің ойлары мен көзқарастары тартымды болып көрінеді. Алайда Шайтанның алдауға ұста екенін ұмытпайық. Құдай Сөзіндегі кеңестер мен ескертулерге құлақ асқанымыздың арқасында ғана біз Шайтанның “шебер қиюластырылған аңыз-әңгімелерінен” аулақ жүре аламыз (Пет. 2-х. 1:16).
“Шайтанның жетегіне еріп кетпе”
14. Пауыл жас жесірлерге қандай ескерту берген және оның сөздеріне неге бәріміз де ден қоюымыз керек?
14 Көз алдыңа “Мынау — Шайтанға апаратын жол” деген белгі қойылған жолды елестетіп көрші. Бұл жолмен кім жүрер еді дейсің?! Сөйтсе де Пауыл Құдайға бағышталған мәсіхшілердің “Шайтанның жетегіне еріп кетуі” мүмкін екенін ескерткен (Тімөтеге 1-хат 5:11—15 оқы). Ол мұны “жас жесірлерге” қатысты айтқан, бірақ бұл сөздердегі принципті бізге қатысты да қолдануға болады. Бірінші ғасырда өмір сүрген сол мәсіхші әйелдер Шайтанның жетегінде жүрміз деп ойламаған шығар, алайда іс-әрекеттерінен солай екені көрінетін. Өзіміз байқамай Шайтанның жетегіне еріп кетуден қалай сақ бола аламыз? Пауылдың зиянды өсекке қатысты айтқан ескертуін қарастырайық.
15. Шайтанның мақсаты қандай және Пауыл оның қандай тәсілдерін сипаттады?
15 Шайтанның мақсаты — сеніміміз туралы өзгелерге айтуды доғарту (Аян 12:17). Бұған қол жеткізу үшін ол уақытты босқа кетіретін не арамызда алауыздық тудыратын істермен айналысуымызға түрткі болады. Шайтанның әдістерін Пауылдың қалай сипаттағанын қарастырып көрейік. “Уақытты бос өткізіп, үй-үйді аралау”. Қазіргі технология ғасырында электронды поштамен аса мағынасы жоқ хаттар, тіпті алыпқашпа сөздер жазу сияқты, өзіміздің де, өзгелердің де уақытын босқа кетірудің жолы көп. “Өсек тасу”. Зиянды өсек жиі дау-дамай тудыратын жалаға ұласып жатады (Нақ. с. 26:20). Өздері мұны түсіне ме, жоқ па — залым жалақорлар Шайтан Ібіліске еліктейдіc. “Өзгелердің жұмысына араласу”. Біреуге жеке шаруасын қалай жайғастыру керектігіне қатысты нұсқау беруге біздің қақымыз жоқ. Осындай еш пайдасыз іс-әрекеттердің бәрі уағыздау ісінен алаңдатады. Ал Ехобаның ісіне белсенді атсалыспасақ, Шайтанның жетегіне еріп кетеміз. Ендеше әрқайсысымыз кімнің жағында болатынымызды шешіп алуымыз керек (Мат. 12:30).
16. Қандай кеңестерге құлақ асқанымыз “Шайтанның жетегіне еріп кетпеуімізге” көмектеседі?
16 Киелі кітаптағы кеңестерге құлақ асқанымыз “Шайтанның жетегіне еріп кетпеуімізге” көмектеседі. Пауылдың дана кеңестерінің кейбірін қарастырып көрейік. “Иеміздің ісінде көп еңбектен” (Қор. 1-х. 15:58). Патшалықтың ісіне белсене қатыссақ, еш пайдасыз, уақытты босқа кетіретін істерден аулақ боламыз (Мат. 6:33). Өзгелерді нығайтатын сөздер айт (Ефес. 4:29). Зиянды өсекке құлақ аспауға және оны таратпауға бел буd. Бауырластарға сенім артуды, оларды сыйлауды үйрен. Сонда олар жайында тек жағымды сөздер айтасың. “Өзгенің ісіне араласпауды мақсат ет” (Сал. 1-х. 4:11). Бауырластарға көңіл бөл, бірақ мұны құрметпен істе. Олардың өзгелерге айтқысы келмейтін, әрі білгендерін қаламайтын жеке істері болуы мүмкін екенін ұмытпа. Сондай-ақ өздері шешім қабылдауы қажет істерде өз ойымызды тықпаламауымыз керек екенін де есте ұстаған жөн (Ғал. 6:5).
17. а) Не себепті Ехоба ненің соңынан ермеуіміз керектігін көрсетіп отыр? ә) Ехобаның көрсетіп отырған жолымен жүруге қатысты не нәрсеге бел будың?
17 Ехобаның ненің соңынан ермеуіміз керектігін нақты көрсетіп отырғанына қалайша ризамыз десеңші! Сондықтан осы және алдыңғы мақаладағы ескертулерді Ехобаның бізді сүйгендіктен беріп отырғанын ешқашан ұмытпа. Ол біздің Шайтанның адастыратын “жол белгілеріне” еріп, қиындыққа ұшырағанымызды қаламайды. Ехобаның көрсетіп отырған жолымен жүру қиын болуы мүмкін, бірақ ол діттеген жерімізге, мәңгілік өмірге жеткізеді (Мат. 7:14). Оның: “Жол, міне, мынау, сонымен жүріңдер” деген сөздеріне құлақ асуға деген шешімімізге әрқашан берік болайық! (Ишая 30:21).
[Сілтемелер]
a “Жолдан таюшылық” деген шынайы ғибадатқа қарсы шығу, одан бас тарту не бүлік шығаруды білдіреді.
b Мысалы, шамамен б. з. б. III ғасырда жазылған әрі кейбіреулер Киелі кітаптың құрамына кіреді деп есептейтін Тобиттің кітабында ырым мен сиқырлыққа толы әңгімелер көптеп кездеседі. Ол Пауылдың заманына дейін сақталған болса керек. “Киелі жазбаларды түсіну” (ағ.) энциклопедиясының 1-том, 122-бетін қара.
c Гректің “Ібіліс” дегенді білдіретін диаболос сөзінің мағынасы — “жалақор”. Бұл сөз ең алғашқы жалақор Шайтанның лауазымдарының бірі ретінде қолданылады (Жох. 8:44; Аян 12:9, 10).
d “Құс жастықтың жүнін желге ұшырма” деген қоршауды қара.
Қалай жауап берер едің?
Келесі жазба орындарындағы ескертулерді қалай қолданар едің?
[19-беттегі қоршау/суреттер]
Құс жастықтың жүнін желге ұшырма
Яһудилердің ежелгі ғибратты әңгімесі зиянды өсек таратудың арты қандай болатынын жақсы көрсетеді. Бұл әңгіменің мазмұны мынадай:
Бір залым өсекші дана кісіге жала жауып, бүкіл ауылға сөз таратыпты. Кейінірек, ол қателігін түсініп, әлгі кісіден кешірім сұрап келеді де, кешірімін алу үшін оның кез келген талабын орындауға дайын екенін айтады. Сонда дана кісі мынадай талап қояды: құс жастық ал да, тысын жыртып, жүнін желге ұшыр. Өсекші бұған аң-таң болса да, оның айтқанын істейді.
Сосын: “Енді мені кешірдіңіз бе?”— деп сұрайды.
Ал дана кісі: “Алдымен, құс жастықтың жүнін қайтып жинап әкел”,— деп жауап береді.
Өсекші: “Мұны қалай істеймін, жел оны шартарапқа шашып жіберді ғой?”— дегенде, дана кісінің жауабы мынау болды:
“Шартарапқа шашылған жүнді жинау қаншалықты қиын болса, маған келтірілген залалдың орнын толтыру да соншалықты қиын”.
Бұдан алар сабағымыз анық: айтылған сөз — атылған оқ. Оны қайтара алмайсың. Алыпқашпа сөз таратпас бұрын, былайша айтқанда, жүнді желге ұшырайын деп жатқанымызды есте ұстаған абзал.
[16-беттегі сурет]
Қалай кейбіреулер жолдан таюшыларды үйлеріне шақыруы мүмкін?