Иса қалай өмір сүрді?
“Менің тамағым — өзімді жібергеннің еркін орындау және оның тапсырған ісін аяқтау” (ЖОХАН 4:34).
БҰЛ сөзінен Исаның өз өмірін не нәрсеге арнағанын көреміз. Бірде Иса шәкірттерімен бірге Самарияның таулы аймағымен келе жатқан болатын (Жохан 4:6 сілтемені қараңыз). Таң атқалы нәр татпағандықтан, Иса аш шығар деген оймен шәкірттері оған тамақ ұсынады (Жохан 4:31—33). Сонда Иса өмірдегі мақсатын жоғарыда келтірілген бір ауыз сөзбен түсіндіреді. Оған Құдайдың ісін атқару тамақтан да маңызды болатын. Иса сөзімен де, ісімен де Құдайдың өзіне қатысты еркін орындады. Бұған не жатады?
Құдай Патшалығы туралы уағыз айту және тәлім беру.
Киелі кітапта Исаның немен айналысқаны былай деп түсіндіріледі: “Ол бүкіл Ғалилея аймағын аралап,.. тәлім беріп, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздап... жүрді” (Матай 4:23). Иса Құдай Патшалығын жариялап қана қоймай, адамдарға тәлім беру арқылы көп нәрсені үйретті, түсіндірді, салмақты дәлел келтіру арқылы көздерін жеткізді. Патшалық Иса айтқан хабардың басты тақырыбы еді.
Қызметінің басынан аяғына дейін Иса тыңдаушыларына Құдай Патшалығының не екенін, әрі ол болашақта не істейтінін түсіндірді. Төменде Патшалық жайлы кейбір шындықтар мен соған қатысты айтқан Исаның сөздеріне сілтемелер берілген.
Құдай Патшалығы — көктегі үкімет және Ехоба Құдай Исаны сол үкіметтің Патшасы етіп тағайындады (МАТАЙ 4:17; ЖОХАН 18:36).
Осы Патшалық Құдай есімі киелі тұтылу үшін шара қолданады және оның еркін көктегідей жер бетінде де орындайды (МАТАЙ 6:9, 10).
Құдай Патшалығы билік жүргізгенде, жер беті жұмақ бағына айналады (ЛҰҚА 23:42, 43).
Жақында Құдай Патшалығы оның жерге қатысты еркін жүзеге асырадыa (МАТАЙ 24:3, 7—12).
Құдіретті істер жасау.
Иса негізінен Ұстаз ретінде белгілі болған (Жохан 13:13). Алайда үш жарым жылға созылған қызметі кезінде ол көптеген құдіретті істер де жасады. Бұл істердің кемінде екі мақсаты болды. Біріншіден, олар Исаны шынымен Құдай жібергенін дәлелдеді (Матай 11:2—6). Екіншіден, болашақта Құдай Патшалығының Патшасы ретінде әлдеқайда үлкен көлемде істейтін істерінің шағын көрінісі болды. Сол керемет істердің кейбіріне көңіл бөлейік.
Қатты желді басып, буырқанған теңізді тыныштандырды (МАРҚА 4:39—41).
Соқыр, керең, ақсақ сияқты ауру адамдарды сауықтырды (ЛҰҚА 7:21, 22).
Шамалы тамақты көбейтіп, ашыққан дүйім жұртты тойдырды (МАТАЙ 14:17—21; 15:34—38).
Кемінде үш адамды қайта тірілтті (ЛҰҚА 7:11—15; 8:41—55; ЖОХАН 11:38—44).
Осындай құдіреті бар Патшаның қол астындағы өміріміз қандай болатынын елестетіп көріңізші!
Ехоба Құдайдың қасиеттерін паш ету.
Құдай туралы білім беруде Иса Мәсіхтен артық қабілетті ешкім жоқ. Өйткені “жаратылыс атаулының тұңғышы”, әрі рухани Ұлы ретінде ол Құдайдың қасында басқа рухани жаратылыстардың бәрінен де ұзақ уақыт болған (Қолостықтарға 1:15). Ойлап көрсек, ол миллиардтаған жылдар бойы Құдайдың ой-қалпын бойына сіңірген, оның еркімен жақсы таныса алған, әрі нормалары мен жолдарына үйренген.
Олай болса, Исаның: “Ұлының кім екенін Әкеден басқа ешкім білмейді. Әкенің кім екенін Ұлынан және Ұлы ашқысы келген адамнан басқа ешкім білмейді”,— деуіне негіз бар еді (Лұқа 10:22). Иса жерге адам болып келгенде, рухани Әкесінің қандай екенін адамдарға таныту үшін ынта-ықыласпен әрі құлшыныспен қызмет еткен. Бұған қоса, оның адамдарға айтып жеткізе алатын және үйрете алатын мүмкіндігі зор болған. Өйткені көктегі рухани ортада, Құдіреті шексіз Құдайдың қасында өз көзімен көріп-білген жайттар оның жадында сақтаулы еді (Жохан 8:28).
Исаның адамдарға Құдайдың қандай екенін ашқаны электр трансформаторының әрекетіне ұқсайды. Трансформатор жоғары вольтты электр тогын төменгі вольтқа алмастырып, оны адамдар күнделікті тұрмыста қолдана алатындай етеді. Иса да Құдай жайлы көкте білгендерін жерге келгенде, жұмыр басты пенде қиналмай түсініп, оңай қолдана алатындай етіп жеткізді.
Иса Құдай туралы шындықты маңызды екі жолмен ашты:
Иса тәлім беру арқылы Құдайдың есімін, ниетін және жолдарын ашты (ЖОХАН 3:16; 17:6, 26).
Ал іс-әрекетімен Иса Құдай болмысының түрлі қырларын көрсетті. Әкесінің қасиеттерін айна-қатесіз танытқаны сонша, ол: “Әкемнің қандай екенін білгілерің келсе, менің іс-әрекетіме қараңдар”,— дегендей болды (ЖОХАН 5:19; 14:9).
Исаның өмірі мен қызметі — біз үшін керемет үлгі. Сонымен қатар оның не үшін өлгенін мұқият қарастырып білудің және білгенімізге сай өмір сүрудің де зор пайдасы бар.
a Құдай Патшалығы мен оның жақында жер бетінде орнайтыны жайлы көбірек білу үшін, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабындағы “Құдай Патшалығы деген не?” атты 8-тарауды және “Біз соңғы күндері өмір сүріп жатырмыз ба?” атты 9-тарауды қараңыз.