Сен заңсыздықты жек көресің бе?
“Сен [Иса] заңсыздықты жек көрдің” (ЕВР. 1:9).
1. Иса сүйіспеншілікке қатысты не айтты?
ИСА МӘСІХ сүйіспеншіліктің маңыздылығын көрсету үшін, шәкірттеріне былай деді: “Сендерге жаңа өсиет беріп отырмын: бір-біріңді сүйіңдер. Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер. Менің шәкіртім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (Жох. 13:34, 35). Осылайша ол ізбасарларына бір-бірін жанқиярлықпен сүюді өсиет еткен. Олар осындай сүйіспеншіліктерімен танымал болмақ еді. Бұған қоса, Иса оларды “жауларын жақсы көруге және өздерін қудалап жатқандар үшін дұға ете беруге” шақырды (Мат. 5:44).
2. Мәсіхтің ізбасарлары нені жек көруді үйренулері керек?
2 Иса шәкірттеріне сүю туралы ғана емес, жек көру туралы да айтқан. Исаның өзіне қатысты: “Сен әділдікті сүйіп, заңсыздықты жек көрдің”,— делінген (Евр. 1:9; Заб. 44:8). Бұдан бізге әділдікті сүюді ғана емес, күнәні, яғни заңсыздықты, жек көруді де үйрену керектігі көрінеді. Елші Жохан: “Адамның күнә жасай бергені — заңсыздық жасай бергені, сондықтан күнә — заңсыздық”,— деп анық айтқан (Жох. 1-х. 3:4).
3. Заңсыздықты жек көруге қатысты өмірдің қай салаларын қарастырамыз?
3 Олай болса, мәсіхші болғандықтан өзімізден: “Мен заңсыздықты жек көремін бе?”— деп сұрағанымыз жөн. Өмірдің келесі төрт саласында заңсыздықты жек көретінімізді қалай көрсетуге болатынын қарастырайық: ішімдікті шамадан тыс ішуге қатысты, оккультизмге, өнегесіздікке және заңсыздықты сүйетіндерге қатысты көзқарасымыз.
Ішімдікке құмар болма
4. Неге Иса мас бола ішпеуді ескерткенде, емін-еркін сөйлей алған?
4 Иса анда-санда шарап ішуді оғаш көрмеген, себебі оны Құдайдың сыйы деп білген (Заб. 103:14, 15). Алайда ол ешқашан шамадан тыс ішіп, мас болмаған (Нақ. с. 23:29—33). Сондықтан мұндай әдетке қатысты басқаларға емін-еркін кеңес бере алған (Лұқа 21:34 оқы). Мас бола ішетін адам басқа да ауыр күнәлар жасап қоюы мүмкін. Сол себепті елші Пауыл: “Шарап ішіп мас болмаңдар, бұл бейбастақтыққа апарады, қайта, киелі рухқа кенеле беріңдер”,— деп жазған (Ефес. 5:18). Ол қауымдағы жасы үлкен әйелдерді де “шарапқа құмар болмауға” шақырған (Тит. 2:3).
5. Ішімдік ішуді шешкен адамның өзіне қандай сұрақтар қоюына болады?
5 Егер сен спирттік ішімдік ішуді шешсең, өзіңе келесідей сұрақтар қойғаның жақсы: “Мас бола ішуге қатысты менің көзқарасым Исанікіндей ме? Біреуге ішімдікке қатысты кеңес беру керек болса, мұны еркін айта аламын ба? Уайымнан құтылу үшін не стресті басу үшін ішемін бе? Аптасына қанша ішемін? Біреу көп ішетініме меңзесе, қалай қабылдаймын? Ақталып шыға келемін бе? Бәлкім, ашуланатын шығармын?” Ішімдікті көбірек ішуге құмар болғанымыз дұрыс ойлау және шешім қабылдау қабілетімізге кері әсер етеді. Ал Мәсіхтің ізбасарлары болса ойлау қабілеттерін сақтауға тырысады (Нақ. с. 3:21, 22).
Оккультизмнен аулақ бол
6, 7. а) Иса Шайтан мен жын-перілерге қатысты қалай әрекет еткен? ә) Неге бүгінде оккультизм кең тараған?
6 Иса жерде болған кезінде Шайтан мен жындарға табандылықпен қарсы тұрған. Ол адалдығынан тайдыру үшін жасалған Шайтанның тікелей қарсылықтарына төтеп берген (Лұқа 4:1—13). Сондай-ақ ойы мен әрекеттеріне білдіртпей әсер ететін азғыруларды байқай білген, әрі оларға берілмеген (Мат. 16:21—23). Иса бойларын қатыгез жын-перілер билеп алған өзге адамдарға да олардан арылуға көмектескен (Мар. 5:2, 8, 12—15; 9:20, 25—27).
7 1914 жылы Иса патша тағына отырған соң, Шайтан мен жындардың азғындататын әсерінен көкті тазартты. Содан бері Шайтан “бүкіл жержүзін адастыруға” бел шешіп кіріскен (Аян 12:9, 10). Сондықтан бүгінде оккультизмге деген қызығушылықтың барған сайын артып бара жатқаны бізді таңғалдырмауы керек. Өзімізді одан қорғау үшін не істеуге болады?
8. Көңіл сергіту түрін таңдауға келгенде, өзімізді қалай тексергеніміз абзал?
8 Киелі кітаптан спиритизмнің қауіпті екені анық көрінеді (Заңды қайталау 18:10—12 оқыa). Бүгінде Шайтан мен жын-перілер оккультизммен байланысы бар фильмдер, кітаптар мен бейнеойындар арқылы адамдардың ойларына әсер етеді. Сондықтан көңіл сергіту түрін таңдағанда, әрқайсысымыз өзімізден былай деп сұрағанымыз абзал: “Соңғы айларда көңіл көтеру үшін мен таңдаған фильмдер, телебағдарламалар, бейнеойындар не кітаптардың ішінде тылсым күштермен байланысы бар жайттар болды ма? Оккультизмнен аулақ болудың маңыздылығын түсінемін бе, әлде оның қауіпті екенін ескермеймін бе? Бәлкім, мен таңдаған көңіл сергіту түріне Ехобаның қалай қарайтыны жайлы ойланбайтын да шығармын? Шайтанның маған осылай әсер етуіне жол ашып берген болсам, Ехобаға және оның әділ принциптеріне деген сүйіспеншілігім мені сол жолға қайта бөгет орнатуға талпындыра ма?” (Ел. іс. 19:19, 20).
Исаның өнегесіздікке қатысты ескертуіне ден қой
9. Қалайша адам заңсыздыққа деген сүйіспеншілік дамытуы мүмкін?
9 Иса Ехобаның өнегелік тазалыққа қатысты талабын қолдаған. Ол былай деді: “Жаратушының о бастан адам баласын бірін еркек, бірін әйел етіп жаратқанын оқымап па едіңдер? Жоқ әлде оның былай дегенін оқыған жоқсыңдар ма: “Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады. Енді олар екеу емес, біртұтас. Олай болса, Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (Мат. 19:4—6). Иса көзбен көрген нәрселеріміздің жүрегімізге әсер ететінін білген. Сондықтан Таудағы уағызында былай деген: “Сендер “Неке адалдығын бұзба!” дегенді естігенсіңдер. Ал мен сендерге былай деймін: кімде-кім бір әйелге құмарта қарап тұра берсе, өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны” (Мат. 5:27, 28). Осы ескертуге ден қоймайтын адам, сайып келгенде, заңсыздыққа деген сүйіспеншілік дамытады.
10. Порнографиядан арылуға болатынын көрсететін мысал айтып бер.
10 Шайтан порнография арқылы жыныстық өнегесіздіктің тарауына ықпал етеді. Қазір мұндай нәрсе жер-дүниені жайлап кеткен. Порнография қараған адамға санасынан өнегесіз бейнелерді өшіру оңай болмайды. Ол тіпті порнография қарауға құнығып кетуі мүмкін. Бір мәсіхшімен болған жағдайды қарастырайық. Ол былай дейді: “Өзгелерден жасырынып, порнография көретінмін. Мен өзіме бір қияли әлем жасап алдым, әрі оның Ехобаға деген қызметіммен еш байланысы жоқ деген ойда болдым. Істеп жүргенімнің дұрыс емес екенін білетінмін, бірақ өзімді Құдайға деген қызметімнің әлі де болса оған ұнамды екеніне сендірдім”. Бұл бауырластың көзқарасын не өзгертті? Ол: “Қаншалықты қиын болғанына қарамастан, ақсақалдарға барып, проблемамды айтуды шештім”,— деді. Ақыры бұл бауырлас адамды азғындататын осы әдетінен арылды. “Осы күнәдан арылғаннан кейін ғана, мен шынымен таза ар-ұжданға ие болдым”,— деп қосты ол. Заңсыздықты жек көретіндер порнографияны да жек көруді үйренулері керек.
11, 12. Музыка таңдағанда, заңсыздықты жек көретінімізді қалай көрсете аламыз?
11 Әннің сөзі мен әуені біздің сезімімізге, демек бейнелі жүрегімізге де, қатты әсер етуі мүмкін. Музыка Құдай берген сый болып табылады, әрі ерте заманнан бері шынайы ғибадатта қолданылып келеді (Мыс. ш. 15:20, 21; Ефес. 5:19). Бірақ Шайтанның зұлым дүниесі оны өнегесіздікті дәріптеу үшін қолданады (Жох. 1-х. 5:19). Тыңдап жүрген музыкаңның саған кері әсер ететін-етпейтінін қалай білуіңе болады?
12 Өзіңе келесі сұрақтарды қойып көр: “Мен тыңдап жүрген әндерде кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық дәріптеле ме, немесе қорлық сөздер айтыла ма? Әлдебіреуге әндерімнің сөздерін оқып берсем, ол не байқайды, заңсыздықты жек көретінімді ме, әлде жүрегімнің бүлінгенін бе?” Заңсыздық дәріптелетін әндерді тыңдар болсақ, заңсыздықты жек көремін дей алмаймыз. Иса былай деген: “Адамның аузынан шығатындары жүректен шығады. Адамды арамдайтын, міне, солар! Мысалы, жүректен жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, жалған куәлік, қорлық сөздер шығады” (Мат. 15:18, 19; Жақып 3:10, 11 салыстыр).
Заңсыздықты сүйетіндерге Иса сияқты қара
13. Иса күнә жасауын қоймайтындарға қалай қараған?
13 Иса күнәкарларды, яғни заңсыздық жасаушыларды, өкінуге шақыру үшін келгенін айтқан (Лұқа 5:30—32). Ал күнә жасауын қоймайтындарға ол қалай қараған? Сондай адамдардың ықпалына берілгендерге Иса қатаң ескерту жасаған (Мат. 23:15, 23—26). Ол тағы былай деген: “Маған: “Ием! Ием!” дейтіндердің бәрі емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Көк патшалығына кіреді. Сол күні маған көп адам: “Ием, Ием, біз сенің атыңнан пайғамбарлық етпедік пе? Сенің атыңнан жындарды қуып шығып, сенің атыңнан көптеген құдіретті істер жасамап па едік?”— дейтін болады”. Алайда Иса: “Менен аулақ кетіңдер!”— деп, өкінбестен заңсыздық жасай беретіндерден бас тартады (Мат. 7:21—23). Неге оларға мұндай қатаң үкім шығарылады? Себебі олар заңсыз әрекеттерімен Құдайды қорлайды және өзгелерге зиян келтіреді.
14. Неге күнәсіна өкінбейтін адам қауымнан шығарылады?
14 Құдай Сөзінде күнәсіна өкінбейтін адамды қауымнан шығару керектігі айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 5:9—13 оқы). Бұлай етуге, кем дегенде, үш себеп бар: 1) Ехобаның есіміне кір келтірмеу, 2) қауымды арамдалудан қорғау, 3) мүмкін болса, күнәкарды ісіне өкіндіру.
15. Ехобаға адал болғымыз келсе, өзімізге қандай маңызды сұрақтар қоюымыз керек?
15 Заңсыздық жолында табан тіресіп тұратындарға қатысты біздің көзқарасымыз Исанікіндей ме? Келесі сұрақтар жөнінде ой жүгіртіп көрейік: “Мен қауымнан шығарылған не одан бас тартқан адаммен бұрынғыдай араласа берер ме едім? Ол енді менімен бір үйде тұрмайтын жақын туысым болса ше?” Мұндай жағдайда әділдікке деген сүйіспеншілігіміз бен Құдайға деген адалдығымыз қатты сыналуы мүмкінb.
16, 17. Бір мәсіхші ана қандай қиындыққа кезікті және қауымнан шығарылғандарға қатысты шараны қолдауға оған не көмектесті?
16 Бір әйел бауырластың жағдайын қарастырып көрейікші. Оның ересек баласы кезінде Ехобаны жақсы көрген еді. Бірақ кейіннен заңсыздық жолымен жүруді шешеді, әрі мұнысына өкінбейді. Сондықтан ол қауымнан шығарылады. Бауырласымыз Ехобаны жақсы көретін, алайда ол ұлын да сүйетін, сол себепті қауымнан шығарылғандарға қатысты Жазбалардағы өсиетті ұстану оған аса қиынға соғады.
17 Бұл бауырласқа сен қандай кеңес берер едің? Бір ақсақал оның қандай сезімде екенін Ехобаның жақсы білетінін түсінуіне көмектесті. Ақсақал оны мына жайлы ойлануға шақырды: рухани ұлдарының кейбірі бүлік шығарғанда, бұл Ехобаның жанына қатты батқан болса керек. Ақсақал онымен бірге ой жүгірте отырып, Ехоба мұндай жағдайдың қаншалықты ауыр тиетінін білсе де, күнәсіна өкінбейтіндерді қауымнан шығаруды талап ететінін түсіндірді. Бауырлас оның айтқандарын ескеріп, қауымнан шығарылғандарға қатысты шараны адалдықпен қолдадыc. Мұндай адалдық Ехобаны қуантады (Нақ. с. 27:11).
18, 19. а) Заңсыздық жасаушымен араласуды доғару арқылы нені жек көретінімізді көрсетеміз? ә) Құдайға және оның шарасына деген адалдығымыздың нәтижесі қандай болуы мүмкін?
18 Сен де осындай жағдайда болсаң, Ехобаның қайғыңа ортақ екенін ұмытпа. Қауымнан шығарылған не одан бас тартқан адаммен араласуды доғаруыңмен сен осындай жағдайға апаратын көзқарастар мен әрекеттерді жек көретініңді, сөйтсе де адамның өзін жақсы көретініңді, әрі оған тек жақсылық тілейтініңді көрсетесің. Сенің Ехобаға деген адалдығың жөнге салынған адамның өкініп, Ехобаға қайта оралу ықтималдығын арттыруы мүмкін.
19 Кезінде қауымнан шығарылып, кейін қайта қабылданған бір бауырлас былай деп жазды: “Ехоба халқын сүйгендіктен ұйымы таза болу үшін қам жасайтынына қуаныштымын. Сырт көзге қатаң болып көрінгенмен, бұл — қажетті әрі шынымен де сүйіспеншілікке негізделген шара”. Қалай ойлайсың, қауымнан шығарылған кезінде қауым мен отбасы мүшелері онымен үнемі араласып тұрса, бұл оның осындай тоқтамға келуіне септігін тигізер ме еді? Қауымнан шығарылғандарға қатысты Жазбаларға негізделген шараны ұстану арқылы әділдікті сүйетінімізді және жүріс-тұрысқа қатысты талап қоюға Ехобаның құқылы екенін мойындайтынымызды көрсетеміз.
“Зұлымдықты жек көр”
20, 21. Заңсыздықты жек көруді үйрену неге маңызды?
20 Елші Петір: “Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар!”— деп ескерткен. Неге? “Өйткені жауларың Ібіліс ақырған арыстандай айналаны шарлап, кімді жалмасам деп жүр” (Пет. 1-х. 5:8). Ол сені жалмайын деп жүрген болуы мүмкін бе? Көп нәрсе сенің заңсыздықты жек көруді қаншалықты жақсы үйренгеніңе байланысты.
21 Заңсыздықты жек көруді үйрену оңай емес. Біз күнәкар болып туылдық, оның үстіне, тәннің қалауы бойынша жүруге талпындыратын дүниеде өмір сүрудеміз (Жох. 1-х. 2:15—17). Алайда Иса Мәсіхке еліктеу әрі Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді арттыру арқылы заңсыздықты барынша жек көруді үйрене аламыз. Олай болса, Ехобаның “Өзіне бағышталғандарды қорғайтынына, Зұлымдардың қолынан арашалайтынына” еш күмәнданбай, “зұлымдықты жек көруге” бел буалық! (Заб. 96:10).
[Сілтемелер]
a Заңды қайталау 18:10—12: “Өзінің ұлын немесе өз қызын от ортасымен өткізетін көріпкел, көзбайлаушы, балгер, сәуегей сенімен бірге тұрмауы керек, Аруақтарды шақыратын бақсы, сиқыршы мен өлгендерді қайта тірілтетіндер [сенің жаныңда] болмауы керек; Өйткені осыларды жасайтын кез келген адам Жаратушы Иенің, сенің Құдайыңның, алдында жексұрын болады, сөйтіп, осы жексұрындықтары үшін Жаратушы Ие, сенің Құдайың, оларды сенің маңыңнан қуып тастайды”.
b “Құдайдың сүйіспеншілігі” кітабының 207—209 беттерінде осы тақырыпқа қатысты қосымша мәлімет бар.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ішімдікке қалай қарайтынымызды тексеруге не көмектеседі?
• Оккультизмнен сақтану үшін не істеуге болады?
• Порнография неліктен қауіпті?
• Сүйікті адамымыз қауымнан шығарылса, заңсыздықты жек көретінімізді қалай көрсетеміз?
[29-беттегі сурет]
Ішімдік ішуді шешсең, нені ескергенің жөн?
[30-беттегі сурет]
Көңіл көтергенде жын-перілердің әсерінен сақтан
[31-беттегі сурет]
Порнография көретін адам не нәрсеге сүйіспеншілік дамытады?