Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w11 15.2. 21—23 бет.
  • “Мойынсұну артық сый-тарту атаулыдан”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Мойынсұну артық сый-тарту атаулыдан”
  • 2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Ехоба таңдаған патшасын жария етті
  • Ұрыс алаңында
  • “Үлкен ақымақтық жасадың”
  • Ехоба Саулдан бас тартты
  • Саул — Исраилдің алғашқы патшасы
    Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым
  • Исраилдің алғашқы патшасы
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Иса Саулды таңдады
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Дәуіт пен Саул
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
Көбірек мәлімет
2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w11 15.2. 21—23 бет.

“Мойынсұну артық сый-тарту атаулыдан”

ЕЖЕЛГІ Исраилдің алғашқы патшасы Саул болған. Оны шынайы Құдайдың өзі таңдады. Бірақ уақыт өте келе ол мойынсұнбаушылық танытты.

Саул қандай бұрыс әрекеттер жасады? Ол бұдан аулақ жүре алар ма еді? Оның мысалын қарастырғаннан қандай сабақ ала аламыз?

Ехоба таңдаған патшасын жария етті

Саул патша болғанға дейін, Исраилде Құдайдың өкілі ретінде Самуил қызмет еткен. Қартайған шағында оның ұлдарының ешқайсысы Құдайдың жолымен жүрмеді. Оның үстіне жаулары жан-жақтан халыққа қауіп төндірді. Сол себепті Исраилдің рубасылары Самуилге келіп, өздеріне билік айтатын және соғысқа бастап баратын патша тағайындауын сұрады. Сонда Ехоба Самуил пайғамбарға Саулды басшы ету үшін оған май жағу рәсімін жасауды тапсырып: “Ол халқымды філістірлердің қол астынан азат етеді”,— деді (Пат. 1-ж. 8:4—7, 20; 9:16).

Саул “келбетті жігіт” болатын. Бірақ оны патша болуға лайықты еткен сырт көрінісі ғана емес. Мысалы, Саулдың Самуилдан: “Мен шыққан Бунямин руы Исраил руларының ішіндегі ең кішісі, әулетім де сол рудың ішіндегі ең шағыны. Маған мұны неліктен айтып тұрсыз?”— деп сұрағанынан оның кішіпейілділігін көреміз. Әкесі Қиш “өте бай, асқан беделді” болса да, Саул өзі және отбасы туралы жоғары ойламаған (Пат. 1-ж. 9:1, 2, 21).

Ехобаның Исраил патшасы етіп таңдаған адамын Самуил елге жариялағанда, Саулдың қалай әрекет еткеніне көңіл бөлейік. Алғаш рет Самуил Саулды патша етіп оңашада майлап, оған: “Дұрыс дегеннің бәрін істей бер. Себебі Құдай саған жар болады”,— деген. Ал кейін пайғамбар халықты жинап, оларға Ехоба таңдаған патша Саул екенін айтпақ болғанда, ол ұяңдығынан жасырынып қалады. Ехоба оның қай жерде екенін көрсеткеннен соң, ол патша ретінде жарияланды (Пат. 1-ж. 10:7, 20—24).

Ұрыс алаңында

Саул өзінің қабілетіне қатысты кез келген күмәннің негізсіз екенін көп ұзамай-ақ дәлелдеді. Аммондықтар исраилдіктердің қаласын шабуылдамақ болғанда, оған “Құдайдың Рухы қонды”. Ол халықтан әскер жинап, оларды ұйымдасқан түрде бастап шығады да, жеңіске жетеді. Бірақ ол: “Осы күні Жаратқан Ие Исраилді құтқарды!”— деуімен бұл жеңіс Құдайдың арқасында екенін мойындады (Пат. 1-ж. 11:1—13).

Саулдың бойында жақсы қасиеттер болды, әрі оған Құдайдың батасы қонды. Сондай-ақ ол Ехобаның құдіретін мойындады. Алайда халықтың да, патшаның да үнемі жетістікке жетіп отыруы маңызды бір нәрсеге байланысты еді. Мұны Самуил Исраил халқына былай деп түсіндірді: “Лайым Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған қызмет етіңдер, Оның айтқандарына құлақ асып, берген өсиеттеріне қарсы бас көтермеңдер! Осылайша өздерің де, басқаратын патшаларың да Құдай Иенің тура жолымен жүріңдер!” Егер исраилдіктер Құдайға адалдық сақтаса, не нәрсеге сенімді бола алар еді? “Жаратқан Ие сендерді өз халқы етіп таңдап алған болатын. Енді Ол Өзінің ұлы даңқына [“есіміне” ЖД] бола меншікті халқын тастамақ емес”,— деді Самуил (Пат. 1-ж. 12:14, 22).

Мойынсұну Құдайға ұнамды болудың басты шарты болған, қазір де солай. Қызметшілері бұйрықтарына мойынсұнса, Ехоба оларға батасын төгеді. Ал мойынсұнбаса ше?

“Үлкен ақымақтық жасадың”

Саул філістірлерге қарсы бір әрекет жасап, оларды қатты ашуландырды. Сонда філістірлер “теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз жаяу жасақ” жинап, Саулға қарсы аттанады. “Жау жан-жақтан тықсырып, өз сарбаздарының жағдайының қиындағанын көрген Исраил халқы қашып кетіп, үңгірлер мен шатқалдарды, жартастардың қуыстарын, шұңқырлар мен жер астындағы су қоймаларын паналады” (Пат. 1-ж. 13:5, 6). Сонда Саул не істеді?

Самуил Саулға Ғылғалда өзін күтуді бұйырды. Ол жерде пайғамбар құрбандық шалмақ болатын. Саул айтылған жерге барып, пайғамбарды күтті, бірақ ол ұзақ келмеген соң, сарбаздары бытырап кете бастады. Сондықтан Саул құрбандық шалуды өз қолына алды. Құрбандық шалып болғаны сол еді, Самуил да келіп қалады. Ол болған жайды білген кезде, Саулға былай деді: “Құдай Иеңнің берген бұйрығын орындамай үлкен ақымақтық жасадың! Осы бұйрықты орындағанда Жаратқан Ие сенің патшалығыңды мәңгілікке бекітер еді. Ал сен Тәңір Иенің саған бұйырғанын жүзеге асырмадың. Енді патшалық етуің берік болмайды! Жаратқан Ие көңілінен шыққан біреуді тауып алады. Сол адам Оның меншікті халқын басқаратын болады” (Пат. 1-ж. 10:8; 13:8, 13, 14).

Саул құрбандық шалуға келетін Самуилді күтуге қатысты Құдайдың бұйрығына мойынсұнбай менмендік танытуымен сенімінің жоқтығын көрсетті. Оның бұл әрекеті бұрындары Исраил әскерін басқарған Гедеондікінен мүлдем өзгеше еді. Ехоба Гедеонға 32 000 әскерін 300-ге дейін қысқартуды бұйырғанда, ол мойынсұнған. Неліктен? Себебі ол Ехобаға сенген. Сонда Гедеон Құдайдың көмегімен 135 000 жау әскерінің тас-талқанын шығарған болатын (Би. 7:1—7, 17—22; 8:10). Ехоба Саулға да осылай көмектесер еді. Алайда Саулдың Құдайға мойынсұнбауының кесірінен філістірлер исраилдіктерді талан-тараж етті (Пат. 1-ж. 13:17, 18).

Қиын жағдайға кезіккенде, қалай шешім қабылдауымыз керек? Сенімін жоғалтқан адамдардың тұрғысынан Құдайдың принциптерін елемеу дұрыс болып көрінер. Самуил қасында болмағанда, Саул өзінің әрекетін дұрыс деп есептеген шығар. Алайда Құдайға ұнамды болуға бел буған адамдар үшін әр жағдайда Жазбалардағы принциптерді ұстанып шешім қабылдау дұрыс болып табылады.

Ехоба Саулдан бас тартты

Амалектіктермен соғысқанда, Саул тағы бір ауыр күнә жасады. Мысырдан шығып келе жатқан исраилдіктерге себепсіз тиісіп, көп адамды қырып кеткендіктен, Құдай Амалек халқын жазаға кескен болатын (Мыс. ш. 17:8; Заң. қ. 25:17, 18). Бұған қоса, олар билер заманында Құдайдың таңдаған халқына шабуыл жасағандарға қосылған (Би. 3:12, 13; 6:1—3, 33). Сондықтан Ехоба амалектіктерді сол қылмыстары үшін жауапқа тартып, Саулға үкімін жүзеге асыруды бұйырды (Пат. 1-ж. 15:1—3).

Ехобаның бұйрығына мойынсұнып, жауыз амалектіктер мен олардың мал-мүлкін жоюдың орнына, Саул олардың патшасы мен ең жақсы малдарын сақтап қалды. Бұл үшін Самуил оны айыптағанда, Саул не істеді? Бар кінәні басқаға жауып, ол: “Жасақшылар қойлар мен мүйізді ірі қаралардың ең қоңдыларын аяп, Құдай Иеңізге құрбандыққа шалу үшін сақтап қалыпты”,— деді. Саулдың малдарды шынымен құрбандыққа шалғысы келді ме, жоқ па, бәрібір бұл әрекеті мойынсұнбаушылық болып табылды. Ол енді “өзін кішімін деп санамады”. Сондықтан Құдайдың пайғамбары Саулдың Құдайға мойынсұнбағанын нақты көрсетіп, оған: “Жаратқан Иеге шын ұнайтын — Құрбандық пен басқа сый-тарту ма, Әлде Оған мойынсұнып, тілін алу ма?! Мойынсұну Оған артық сый-тарту атаулыдан... Сен Жаратқан Иенің сөзінен бас тарттың, енді Ол да сені патша етуден бас тартты”,— деді (Пат. 1-ж. 15:15, 17, 22, 23).

Ехоба Исраилдің бірінші патшасынан өзінің киелі рухы мен батасын алып қойғаннан кейін, оны “қинайтын рух” билеп алды. Саулдың ниеті бұзылғаны оның Дәуітке күмәнмен әрі қызғанышпен қарағанынан байқалды. Өйткені Ехоба патшалықты Дәуітке бермек еді. Сондықтан Саул Дәуітті бірнеше рет өлтіруге тырысты. “Саул Жаратқан Иенің Дәуітке жар болғанын түсініп,— дейді Киелі кітап,— Оны өле-өлгенше өзінің қас жауы көрді”. Саул Дәуітті ұстап алуға тырысып, тіпті оны қолдаған 85 діни қызметкерді және басқаларды өлтіруді бұйырды. Олай болса, Ехобаның Саулдан бас тартқаны таңғалдырмайды! (Пат. 1-ж. 16:14; 18:11, 25, 28, 29; 19:10, 11; 20:32, 33; 22:16—19).

Філістірлер тағы да Исраилге қарсы аттанғанда, Саул бақсы әйелден көмек іздеді, бірақ бұнысы бос әурешілік болды. Келесі күні шайқаста қатты жарақат алып, ол өзіне қол жұмсады (Пат. 1-ж. 28:4—8; 31:3, 4). Исраилдің тілазар осы патшасы жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Саул Жаратушының алдында өзінің жөнсіздік жасағаны үшін, Жаратушының сөзін орындамағаны және сиқыршыға сеніп, Жаратушыға сенбегені үшін осылай қаза тапты” (Шеж. 1-ж. 10:13, 14).

Саулдың қайғылы мысалынан Ехобаға мойынсұну кез келген сый-тарту ұсынудан артық екенін анық көреміз. “Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау. Ал оның өсиеттерін орындау ауыр емес”,— деп жазды елші Жохан (Жох. 1-х. 5:3). Олай болса, Құдаймен дос болып қалу үшін, оған мойынсұну қажет. Бұл маңызды шындықты ешқашан елеусіз қалдырмайық.

[21-беттегі сурет]

Саул басында кішіпейіл патша еді

[23-беттегі сурет]

Неге Самуил Саулға “мойынсұну артық сый-тарту атаулыдан” деп айтқан?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу