Киелі кітаптағы шындықтың әсері күшті екенін көрдім!
Айтып берген: Вито Фрейзе
БӘЛКІМ, Трентинара деген жерді сіз білмейтін де шығарсыз. Бұл — Италиядағы Неаполь қаласының маңында орналасқан қалашық. Менің ата-анам және ағам Анджело сол жерде туылған. Олар Анджело туылғаннан кейін Құрама Штаттарына көшіп, Рочестер қаласына (Нью-Йорк) қоныстанды. Мен сол жерде 1926 жылы дүниеге келдім. Әкем Киелі кітап зерттеушілерімен, ол кезде Ехоба куәгерлері солай аталатын, алғаш рет 1922 жылы кездесті. Көп кешікпей әкем мен анам Киелі кітап зерттеушілердің қатарына қосылды.
Әкем салмақты да сабырлы адам еді, бірақ әділетсіздік оны ашуландыратын. Дінбасыларының қарапайым адамдарға рухани білім бермейтініне наразы болатын, сол себептен Киелі кітаптағы шындықпен бөлісудің мүмкіндігін жібермейтін. Зейнетке шығып, толық уақытты қызметті бастаған ол денсаулығы нашарлағандықтан және қақаған қыстың суығына төзе алмағандықтан, 74 жасқа келгенде қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Сонда да 90 жасқа дейін уағыз қызметіне ай сайын 40—60 сағат жұмсайтын. Әкемнің үлгісі маған қатты әсер етті. Ара-тұра қалжыңдаса да, негізінен салиқалы адам еді. Ол: “Шындық жеңіл-желпі қарайтын нәрсе емес”,— деп айтатын.
Ата-анам бес баласына да Құдай Сөзін үйретуге тырысатын. Мен 1943 жылдың 23 тамызында шомылдыру рәсімінен өтіп, 1944 жылдың маусым айында ізашарлық қызметті бастадым. Кармела есімді әпкем Ферн деген еті тірі, пысық қызбен бірге Дженива (Нью-Йорк) қаласында ізашар болып қызмет ететін. Қалған өмірімді Фернмен бірге өткізгім келетінін тез арада түсіндім. Сөйтіп, 1946 жылдың тамызында екеуіміз отау құрдық.
Миссионерлік қызметіміз
Біздің арнайы ізашар ретінде алғаш тағайындалған жеріміз Дженива мен Норуич (Нью-Йорк) қалалары болды. Ал 1948 жылдың тамыз айында Ғалақад мектебінің 12-сыныбында оқу мәртебесіне ие болдық. Мектепті бітірген соң, ерлі-зайыпты Карл мен Джоанн Риджуэйлермен бірге Италиядағы Неаполь қаласына тағайындалдық. Ол кезде Неаполь қаласы сұрапыл соғыстың салдарынан қайта қалпына келуде еді. Тұратын жер табу қиын болғандықтан, бірнеше ай бойы екі бөлмелі шағын пәтерде тұрдық.
Кішкентай кезімнен ата-анамның италия тілінің неаполитандық диалектінде сөйлегенін естіп өстім. Сол себепті америкалық акцентіме қарамастан, менің италия тілінде сөйлегенім айтарлықтай түсінікті еді. Ал Фернге тілді меңгеру қиынға соқты. Алайда көп ұзамай ол менімен бірдей сөйлеп, тіпті тілді менен де жақсы меңгеріп алды.
Алғашында бір отбасынан шыққан төрт адам ғана қызығушылық танытты. Олар темекі сатудың заңсыз түрімен айналысатын. Отбасыларының Тереза есімді мүшесі күніге бір таңғаларлық өзгеріске ұшырайтын. Таңертең белдемшесінің көптеген қалталарына темекіні тыққан ол өте толық болып көрінетін. Ал кешке шидей арық болып қайтатын. Шындықтың арқасында бұл отбасы мүлдем өзгерді. Нәтижесінде отбасыларының 16 мүшесі Куәгер болды. Қазір Неаполь қаласында шамамен 3 700 Куәгер бар.
Ісімізге көрсетілген қарсылық
Неапольге келгенімізге тоғыз ай болғанда, үкімет басшылары төртеумізді қаладан кетуге мәжбүрледі. Біз Швейцарияға бір айға барып, туристік визамен Италияға қайтып келдік. Ферн екеуіміз Туринге тағайындалдық. Алғашында бір әйелдің үйінде бөлме жалдап, ас бөлмеміз бен ваннамыз ортақ болды. Ерлі-зайыпты Риджуэйлер Туринге келгенде, біз бірігіп пәтер жалдадық. Бір үйде бес ерлі-зайыпты миссионерлер тұрған кез де болды.
1955 жылға таман үкімет басшылары бізді Туриннен кетуге мәжбүрлегенде, төрт жаңа қауымның негізі қаланып үлгерген еді. Сол қауымдардың қамын жасай алатын жергілікті ер бауырластар бар болатын. Үкімет басшылары бізге: “Америкалықтар, сендер кеткеннен кейін бұл іс алға баспайтынына сенімдіміз!”— деді. Алайда кейін орын алған өсім істің сәтті болу-болмауы Құдайдың қолында екенін көрсетті. Қазір Туринде 4 600-ден астам Куәгер және 56 қауым бар.
Керемет қала — Флоренция
Біздің келесі тағайындалған жеріміз Флоренция қаласы болды. Біз бұл қала жайында көп естігенбіз, өйткені әпкем Кармела мен күйеуі Мерлин Харцлер сол қалада миссионер ретінде қызмет еткен. Сол жерде тұрған қандай керемет десеңші! Пьяцца делла Синьория ғимараты, Понте-Веккьо көпірі, Пьяццалэ Микеланджело алаңы, Палаццо Питти сарайы сияқты жерлер бұл қаланың сәнін келтіріп тұрады. Сондай-ақ қаланың кейбір тұрғындарының ізгі хабарды қалай қабылдағанын көру де бір ғанибет еді.
Біз бір отбасымен зерттеу сабағын өткіздік, сөйтіп, ата-анасы шомылдыру рәсімінен өтті. Алайда отағасы шылым шегетін. 1973 жылы “Күзет мұнарасында” шылым шегу арам әдет екені айтылып, оқырмандарды бұл әдетті тастауға талпындырған. Үлкен балалары әкесінен темекіні тастауын өтінді. Ол тастаймын деп уәде еткенімен, сөзінде тұрған жоқ. Бір күні анасы тоғыз жасар егіз ұлдарымен жатар алдында бірге дұға етпестен ұйықтауға жібереді. Кейіннен өзін біртүрлі сезініп, балаларының бөлмесіне барады. Ал балалары дұға айтып қойған екен. Анасы олардан не туралы дұға еткендерін сұрағанда: “Ехоба, әкемізге темекіні тастауға көмектесші”,— деп өтінгендерін айтады. Балалары не туралы дұға айтқанын тыңдауы үшін әйелі күйеуін шақырады. Әкелері олардың не туралы дұға еткендерін естігеннен кейін көзіне жас алып, енді ешқашан темекі шекпейтінін уәде етеді. Ол сөзінде тұрды және қазір сол отбасының 15 мүшесі Куәгер болды.
Африкадағы қызметіміз
1959 жылы біз екі миссионер Артуро Леверис пен ағам Анджеломен бірге Сомалидің астанасы Могадишо қаласына тағайындалдық. Ол кезде елдің саяси жағдайы қиын болатын. Біріккен Ұлттар Ұйымының қабылдаған қаулысы бойынша, Италия Сомалиді тәуелсіздікке жеткізбек болды. Алайда жағдай ушығып кетті. Бізбен Киелі кітапты зерттеп жүрген кейбір италиялықтар ол жерден көшіп кеткендіктен, онда қауым ұйымдастыру мүмкін болмады.
Сол кезде филиалдарды аралаушы бақылаушы маған өзіне көмекші болуды ұсынды. Сонымен, біз көршілес жатқан елдерді аралай бастадық. Рухани қадамдар жасай бастаған кейбір қызығушылар саяси жағдай ушығып кеткендіктен туған елдерін тастап көшіп кетті. Ал қалуды шешкен өзгелеріне көптеген азапқа төзуге тура келдіa. Олардың Ехобаға деген сүйіспеншіліктері мен адал болып қалу үшін нені бастан кешіргендері жайлы ойласақ, көзіміз жасқа толады.
Сомали мен Эритреяның аптабы мен ылғалдылығына төзу мүмкін емес еді. Оған қоса, кейбір тағамдары біз үшін өте ащы болатын. Бір қызуғышының үйінде алғаш рет бұл тағамдардан дәм татқанда, әйелім тағамның ащылығынан құлақтарының қызарып кеткенін айтып қалжыңдады.
Анджело мен Артуро басқа жерге тағайындалғанда, біз әйелім екеуміз-ақ қалдық. Жігерлендіретін адамның болмағаны біз үшін қиын болды. Алайда бұл жағдай Ехобаға жақындай түсуге және оған толығымен сенім артуға көмектесті. Уағыз ісіне тыйым салынған елдерді аралау біз үшін жігердің нағыз көзі болды.
Сомалиде де түрлі қиындықтарға кезіктік. Тоңазытқышымыз болмағандықтан, акуланың еті, манго, папайя, грейпфрут, кокос жаңғағы, банан сияқты азық-түлікті күндегісін күнде сатып алатын едік. Оның үстіне, кейде зерттеу жүргізіп отырғанда шыбын-шіркейлер мойынымызға қонып, мазамызды алатын. Кейіннен мотороллер алдық, бұдан былай шыжып тұрған күннің астында сағаттап жаяу жүрмейтін болдық.
Италияға қайта оралдық
Достарымыздың жомарттығының арқасында біз банан таситын кемемен 1961 жылы Италияның Турин қаласында өткен халықаралық конгреске бара алдық. Сонда жаңа жерге тағайындалатынымызды білдік. 1962 жылдың қыркүйегінде Италияға оралдық. Сол жерде мен аудандық бақылаушы ретінде қызмет етуді бастадым. Кішкентай көлік сатып алып, бес жыл бойы екі ауданды аралап жүрдік.
Африкада бізге ыстыққа төзуге тура келсе, бұл жерде суыққа төзуге мәжбүр болдық. Алғашқы қыста Альпі тауларының етегінде орналасқан бір қауымға келгенде, шөп жинайтын қораның төбесінде орналасқан еш жылуы жоқ бөлмеде түнедік. Суық болғаны сонша, сырт киімдерімізді киіп жаттық. Сол түні төрт тауық пен екі ит үсіп өлді.
Кейінірек мен облыстық бақылаушы болып та қызмет еттім. Сол жылдары біз бүкіл Италияны аралап шықтық. Калабрия мен Сицилия сияқты аумақтарға көп рет бардық. Жастарды рухани өсіп, қауым бақылаушысы, аралаушы бақылаушы болуға немесе бетелдік қызметке ұмтылуға талпындырдық.
Біз Ехобаға жан-тәнімен қызмет еткен адал бауырластардан көп нәрсе үйрендік. Олардың Ехобаға толықтай берілгендік, жомарттық, бауырластарға деген сүйіспеншілік, жанқиярлық және бейімделе білу сияқты қасиеттерін бағалай түстік. Ресми рұқсат алған Куәгерлердің Патшалық сарайында өткізген неке қию рәсімін тамашаладық. Кезінде Италияда бұл мүмкін емес еді. Туриндегі бауырластар енді кездесулерді біреудің ас бөлмесінде немесе тақтайларға отырып өткізбейді. Қазір ондағы қауымдардың барлығы Ехобаға даңқ әкелетін әдемі Патшалық сарайларда жиналады. Енді конгрестерімізді ыңғайсыз театрларда емес, кең Конгресс сарайларында өткіземіз. Сондай-ақ жариялаушылардың саны 243 000-ға дейін жеткенін көру қаншалықты қуанышты болды десеңші! Біз Италияға алғаш келгенде, мұнда небәрі 490 жариялаушы бар еді.
Біз дұрыс шешімдер қабылдадық
Біз кейбір қиыншылықтарды бастан кешірдік. Мысалы, үйді сағынатынбыз, Ферн теңізге қараған сайын үйін есіне алатын. Бұған қоса, кейде науқастанып та қалатынбыз. Фернге үш күрделі ота жасалды. Бірде Киелі кітап зерттеу сабағына бара жатқанда шындыққа қарсы бір кісі оны айырмен жарақаттады. Осы жайттан кейін де ол ауруханаға түсті.
Кейде ұнжырғамыз түссе де, Еремияның зары 3:24-те жазылғандай, “Ехобаны күтетін” (ЖД) едік. Шынында да, ол — жұбаныштың Құдайы. Бірде еңсеміз түсіп жүргенде, Нейтан Норр бауырластан Фернге тамаша хат келді. Ол бауырлас Ферн ізашарлық қызметін бастаған Пенсильвания штатындағы Бетлехем қаласының қасында туылған екен. Сөйтіп, ол Ферн сияқты пенсильваниялық неміс әйелдерінің мықты әрі табанды болатынын жақсы білетінін айтты. Мұнысы рас еді. Жылдар бойы әртүрлі адамдар түрлі жолдармен бізді жігерлендіріп тұрды.
Қиыншылықтарға қарамастан құлшынысымызды жоғалтпауға тырыстық. Бір жолы Ферн құлшынысты Ламбруско деп аталатын италиялық шымырланған шарапқа теңеп: “Біздің рухымыз да осылай “шымырлап” тұру керек”,— деп қалжыңдады. Қырық жылдан аса уақыт бойы аралаушы бақылаушы болып қызмет еткен соң, біз италия тілінен өзге тілдерде топтар мен қауымдар ұйымдастыруға тағайындалдық. Бұл топтардағы жариялаушылар Бангладеш, Қытай, Эритрея, Эфиопия, Гана, Үндістан, Нигерия, Филиппин аралдары, Шри-Ланка және тағы басқа елдерден келген адамдарға уағыздайды. Киелі кітап Ехобаның рақымына бөленген адамдардың өмірін өзгерте алатынына талай рет көзіміз жетті. Айта берсек, ешқандай кітап мұның бәрін сыйдыра алмас (Миха 7:18, 19).
Күнделікті дұғамызда Ехобадан қызметімізді атқаруға қажетті күш беріп, эмоциялық және тәндік жағынан нығайтуын сұраймыз. Иемізден келетін қуаныш бізге күш береді және рухымызды жандандырады. Сондай-ақ Киелі кітаптағы шындықты адамдармен бөліскенде, өмірімізде дұрыс шешімдер қабылдағанымызға көзіміз жете түседі (Ефес. 3:7; Қол. 1:29).
[Сілтеме]
a 1992 жылғы “Ехоба куәгерлерінің жылнамасының” (ағ.) 95—184 беттерін қараңдар.
[27—29 беттердегі кесте/суреттер]
(Толық мәліметті басылымнан қараңдар)
Ата-анам. Рочестерде тұрған кезде (Нью-Йорк штаты)
1948
Саут-Лансингте өткен Ғалақад мектебінің 12-сыныбында
1949
Ферн екеуміз. Италиядан кетер кезде
Италиядағы Капри қаласы
1952
Турин мен Неапольда. Өзге миссионерлермен
1963
Ферн және онымен Киелі кітап зерттегендердің кейбірі
Біздің рухымыз “шымырлап” тұру керек