Жастар, құрбы-құрдастарыңның қысымына төтеп беріңдер!
“Сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенін біліңдер” (ҚОЛ. 4:6).
1, 2. Құрбы-құрдастарынан ерекшеленгені жастардың бойында қандай сезім тудырады және неге?
“ҚҰРБЫ-ҚҰРДАСТАРДЫҢ қысымы” дегенді естіп қана қоймай, оның не екенін өз тәжірибеңнен білетінің сөзсіз. Бірде болмаса бірде, біреу сені дұрыс емес деп есептеген іске итермелеген шығар. Сондай кездерде не сезіндің? Осындай жағдайға тап болған он төрт жасар Кристофер былай дейді: “Кейде мен сол жерден жоқ болып кетіп, немесе ешкімнен ерекшеленбей, сыныптастарым сияқты бола салғым келеді”.
2 Құрбы-құрдастарың саған қатты әсер ете ме? Неліктен әсер етеді деп ойлайсың? Олардың сені өз адамымыз деп есептегенін қалағандықтан емес пе екен? Мұндай қалаудың өзінде тұрған ештеңе жоқ. Ересектер де өз қатарлы адамдардың арасында сыйлы болғысы келеді. Ешкім — жас болсын, кәрі болсын — басқалардың өзін бөлектеткенін қаламайды. Бірақ бәрібір де дұрыс нәрсе істегенімізді адамдардың бәрі бірдей жақтыра бермейді. Исаның өзі де осындай жағдайға кезіккен. Сонда да ол дұрыс нәрсе істеуден еш тайған емес. Кейбір адамдар шәкірт ретінде Исаның соңынан ерсе, басқалары оның Құдай Ұлы екенін елемей, одан өз беттерін бұрып әкеткен, тіпті оны мүлдем “бағаламаған” (Ишая 53:3).
Құрбы-құрдастарының ықпалы қаншалықты күшті?
3. Құрбы-құрдастарыңның нормаларына көну неліктен қателік болар еді?
3 Құрбы-құрдастарыңа жақпай қалудан қорқып, кейде олардың дегеніне көне салғың келер. Бірақ бұлай етсең, қателік жасайсың. Өйткені мәсіхшілер “әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай” болмау керек (Ефес. 4:14). Әдетте балалар біреудің ырқына көнгіш келеді. Алайда сен — кішкентай бала емес, есейіп келе жатқан жасөспірімсің. Сондықтан Ехобаның нормалары өзіңе пайдалы екеніне сенсең, сол сеніміңе сай өмір сүргенің абзал (Заң. қ. 10:12, 13). Олай етпесең, өз өміріңді қадағалай алмай қаласың. Шынында да, басқалардың ықпалына төтеп беруге тырыспасаң, олардың қолындағы қуыршаққа айналасың (Петірдің 2-хаты 2:19 оқы).
4, 5. а) Қысым Һаронға қалай әсер етті, бұдан біз қандай сабақ аламыз? ә) Құрбы-құрдастарың саған қандай жолдармен қысым көрсетуі мүмкін?
4 Бірде Мұсаның ағасы Һарон замандастарының қысымына төтеп бере алмай қалды. Исраилдіктер одан тәңір мүсінін жасап беруін талап еткенде, ол айтқандарын істеді. Негізінде, Һарон қорқақ адам емес еді. Бұдан бұрын ол Мұсамен бірге Мысырдың ең құдіретті адамы — перғауынға қарсы келген болатын. Сонда Һарон оған Құдайдың хабарын батыл айтқан еді. Бірақ өз халқы исраилдіктердің қысымына ол беріліп қалды. Демек, құрбы-құрдастардың ықпалы күшті болуы мүмкін! Һаронға замандастарынан гөрі Мысырдың билеушісіне қарсы тұру оңайырақ болған (Мыс. ш. 7:1, 2; 32:1—4).
5 Һаронның оқиғасынан көрінетіндей, құрдастарының қысымына жастар немесе жамандық жасауға бейім адамдар ғана кезікпейді. Олар сен сияқты ниеті түзу адамдарға да қатты қысым көрсетуі мүмкін. Өзің қатарлы жастар сені намысыңа тию, қорлау, мазақ ету арқылы жамандыққа итермелегісі келер. Қандай қысым болмасын, оған кезіккенде, қиналарың сөзсіз. Бірақ төтеп бере алуың үшін, нанымдарыңның дұрыстығына сенімді болуың қажет.
“Жеке бастарыңды сынаңдар”
6, 7. а) Нанымдарыңның дұрыстығына көз жеткізу неліктен маңызды және мұны қалай істей аласың? ә) Сеніміңді нығайту үшін қандай сұрақтардың үстінен ой жүгірткен дұрыс?
6 Құрбы-құрдастарыңның қысымына төтеп беру үшін, ең алдымен, нанымдарың мен ұстанып жүрген нормаларыңның дұрыстығына көз жеткізуің керек (Қорынттықтарға 2-хат 13:5 оқы). Бұл табиғатыңнан ұялшақ болсаң да, саған батыл болуға көмектеседі (Тім. 2-х. 1:7, 8). Алайда адам батыл бола тұра, нанымдарына толық сенбесе, оларды қорғау әлдеқайда қиынға соғуы мүмкін. Олай болса, Киелі кітаптан білгендеріңнің шын мәнінде ақиқат екенін өз-өзіңе неге дәлелдеп көрмеске?! Алдымен, негізгі ілімдерді қарастырудан баста. Мысалы, сен Құдайға сенесің және басқа адамдардың оған неліктен сенетінін білесің. Ал енді, өзіңнен “Құдайдың бар екеніне не нәрсе менің көзімді жеткізеді?” деп сұрап көр. Бұл сұрақтың мақсаты — көңіліңе күмән ұялату емес, сеніміңді нығайту. Келесі сұрақтардың үстінен де ой жүгірт: Киелі кітаптың Құдай рухының жетелеуімен жазылғанына қандай дәлелдер келтіре аламын? (Тім. 2-х. 3:16). Соңғы күндерде өмір сүріп жатқаныма неліктен сенімдімін? (Тім. 2-х. 3:1—5). Ехобаның нормаларын ұстану неліктен өзім үшін пайдалы деп есептеймін? (Ишая 48:17, 18).
7 Бұл сұрақтарға жауап таба алмаймын деп қорқып, олардың үстінен ой жүгірткің келмеуі мүмкін. Егер солай болса, бұл келесі жағдайға ұқсар еді: көлік жүргізуші көрсеткіштің тілі жанармайдың таусылғанына нұсқап тұрған шығар деген оймен оған қарағысы келмейді. Егер жанармай шаны бос болса, жүргізушіге бір шара қолдану керек. Сол сияқты, сенде де қандай да бір күмән пайда болса, жүргізушіге ұқсап, оған көз жұмбай, сейілтудің амалын қарастырғаның жөн (Ел. іс. 17:11).
8. Азғындықтан аулақ бол деген Құдайдың бұйрығын орындау даналыққа жататынына неге сенімді екеніңді түсіндір.
8 Мысалы, Киелі кітап бізді “азғындықтан аулақ болуға” шақырады. “Бұл бұйрықты орындау неліктен даналыққа жатады?” деп ойлап көрші. Құрбы-құрдастарыңды азғындыққа не итермелейді? “Адам азғындық арқылы өз денесіне күнә жасайды” деуге қандай дәлелдер бар? (Қор. 1-х. 6:18). Енді осыларды қарастырып, келесі сұрақтардың үстінен ой жүгірт: Ең дұрыс жол қайсысы? Азғындық айналысуға тұрарлықтай іс пе? Бұл мәселеге тереңірек үңіліп, өзіңнен “Азғындыққа беріліп қалсам, қандай күй кешемін?” деп сұрап көр. Бәлкім, кейбір құрбы-құрдастарың арқаңнан қағар. Алайда, кейінірек, ата-анаңның алдында немесе Патшалық сарайындағы мәсіхші бауырластарыңның арасында өзіңді қалай сезінесің? Құдайға дұға еткің келгенде ше? Сыныптастарыңның көңілінен шығу үшін ғана Құдай алдындағы мінсіздігіңнен айырылғың келе ме?
9, 10. Ұстанымдарыңның дұрыстығына сенімді болғаның құрбы-құрдастарыңның алдында олардан таймауға қалай көмектеседі?
9 Жастық шақ — ақыл-парасатқа ие болу үшін барынша күш салатын кезең (Римдіктерге 12:1, 2 оқы). Осы уақытты дұрыс қолданып, Ехоба куәгері болу сен үшін нені білдіретінін жан-жақты ойлан. Осылайша нанымдарыңның дұрыстығына деген сеніміңді нығайтасың. Сонда сен құрбы-құрдастарыңның қысымына кезіккенде, оларға іркілместен, сенімділікпен жауап бере аласың. Бұған қоса, ниетің бір жас қыз бауырластың ниетіндей болады. Ол былай дейді: “Өзімді қорғау керек болғанда, әрекетіммен жай ғана қандай адам екенімді көрсетемін. Мұны қандай да бір діннің мүшесімін деп емес, менің көзқарасым, мақсаттарым, құлықтылық нормаларым және бүкіл өмірімнің мәні осы болғандықтан істеймін”.
10 Дұрыс деп есептейтінді істеуге, әрине, күш салу керек (Лұқа 13:24). Алайда бұл күш салуға тұра ма деп ойларсың. Онда мынаны есіңде ұста: Құдайдың нормаларын ұстануға ұялсаң немесе ақталуға тырыссаң, басқалар мұны аңғарып қояды да, саған одан бетер қысым көрсетеді. Ал егер сенімділікпен сөйлесең, көп ұзамай-ақ олар сені жайыңа қалдырғанын көріп, бұған таңғаларсың (Лұқа 4:12, 13 салыстыр).
“Жауабын ойлап бер”
11. Құрбы-құрдастардың қысымына дайындалудың қандай пайдасы бар?
11 Құрбы-құрдастарыңның қысымына төтеп берудің тағы бір маңызды жолы — дайындық (Нақыл сөздер 15:28 оқы). Дайындық деген туындауы мүмкін қиындық жайлы алдын ала ойлануды білдіреді. Кейде шамалы ғана ойланып алып әрекет еткеннің өзі үлкен қиындықтың алдын алады. Мысалы, көшеде келе жатып, алдыңда бір топ сыныптастарыңның темекі шегіп тұрғанын көрдің делік. Олар саған да темекі шегуді ұсынуы мүмкін бе? Олай болса, қиындықтың алдын алу үшін не істей аласың? Нақыл сөздер 22:3-те былай делінген: “Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар, Аңғал адам жүре беріп, зиян табар”. Басқа жолға бұрылып кетсең, алдыңдағы қатерден бас сауғалайсың. Мұндай әрекет — қорқақтықтың емес, даналықтың белгісі.
12. Құрбы-құрдастарың әдейі тиісіп, орынсыз сұрақ қойса, қалай жауап бере аласың?
12 Ал күтпеген жағдайға тап болсаң ше? Бәлкім, біреу саған: “Жүретін қызың (не жігітің) шынымен жоқ па?”— дер. Мұндайда Қолостықтарға 4:6-дағы келесі кеңеске сай әрекет ету маңызды: “Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенін біліңдер”. Осы сөздерден қалай жауап қайтару керектігі туындаған жағдайға байланысты екені көрінеді. Бәлкім, саған Киелі кітапты қолданып ұзақ түсіндіріп жатпай, қысқа әрі нақты жауап берген жөн шығар. Мысалы, жоғарыдағыдай сұраққа “Жоқ” немесе “Бұл — жеке шаруам” деп жауап беруге болады.
13. Әдейі тиіскісі келіп тұрғандарға жауап беру үшін неге байқампаз болу қажет?
13 Иса көп сөз айтудың пайдасы жоқ жағдайларда жиі қысқа ғана жауап берген. Ирод көп сұрақ қойғанда, ол тіпті үн қатпады (Лұқа 23:8, 9). Үндемеу — жиі орынсыз сұрақ қойылған жағдайдан шығудың жақсы жолы болып жатады (Нақ. с. 26:4; Екк. 3:1, 7). Бірақ сені жамандаған адам ұстанымдарыңды, мысалы құлықтылық жағынан әдептілігіңді, шынымен түсінбей тұрғанын байқасаң ше? (Пет. 1-х. 4:4). Мұндайда еш тартынбай, Киелі кітапқа негізделген ұстанымыңды толығырақ түсіндірген дұрыс шығар. Бірақ қорқудың қажеті жоқ. “Жауап беруге әрдайым дайын болыңдар”,— дейді Киелі кітап (Пет. 1-х. 3:15).
14. Кей жағдайда қысым көрсетпек болғандардың бетін әдептілікпен қалай қайтарып тастауға болады?
14 Кей жағдайда қысым көрсетушінің бетін қайтарып тастау қажет болар. Алайда мұны әдептілікпен істеуге тырыс. Мысалы, сыныптасың саған тиісіп, шылым шеккізбек болса, оған жай ғана “Жоқ, шекпеймін” деп, соңынан “Ақылды адамға мұндай іс жараспайды екен!” деп айт. Енді, ол емес, сен оны қысымға алдың. Сондықтан темекі шекпеуіңнің себебін сен емес, неліктен шегетінін оның өзі түсіндіру керек боладыa.
15. Құрбы-құрдастарыңның қасынан қай кезде және неліктен кетіп қалған жөн?
15 Бірақ құрдасың саған тиісуді бәрібір қоймаса ше? Онда кетіп қалғаның жөн. Сол жерде кідірген сайын, қысымға беріліп қалу қаупі де арта түседі. Олай болса, мәселені шешіп кетем деп ойлама. Бұл сенің жеңілгеніңді емес, жағдайға дұрыс баға бере алғаныңды білдіреді. Себебі құрбы-құрдастарыңның қуыршағына айналмай, Ехобаны қуанта алдың (Нақ. с. 27:11).
Қалай әрекет ететініңді алдын ала ойластыр
16. Өзін мәсіхшіміз дейтін кейбіреулердің тарапынан қандай қысым көрсетілуі мүмкін?
16 Кейде бұрыс әрекетке итермелейтін қысым Ехобаға қызмет етеміз дейтін жастардың да тарапынан көрсетілуі мүмкін. Мысалы, сен шақырылған отырысқа келгенде, онда бас-көз болатын ересек бауырлас жоқ екенін байқасаң, не істейсің? Я болмаса мәсіхшімін дейтін жас бауырлас отырысқа ішімдік алып келсе, бірақ жиналғандар, соның ішінде сен де барсың, ішімдік ішуге рұқсат берілген жасқа жетпеген болса ше? Көп жағдайда Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданыңа сай әрекет ету керек болып жатады. Мысалы, бір жасөспірім қыз бауырлас былай дейді: “Бірде бауырластармен кинотеатрға бардық. Фильмде бейпіл сөз көп айтылатынын байқап, сіңлім екеуміз шығып кеттік, басқалары қалды. Осылай еткеніміз үшін ата-анамыз бізді мақтады. Бірақ әрі қарай көруді шешкен бауырластар бізге ашуланды, өйткені біздің әрекетіміз олардың ісін айыптағандай болды”.
17. Отырысқа барғанда, Құдайдың нормаларын бұзбау үшін қандай шара қолданған тиімді?
17 Жоғарыда айтылған оқиғадан көрінетіндей, Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданға сай әрекет еткенде, қолайсыз жағдайға тап болуың мүмкін. Алайда дұрыс деп есептейтін бағытыңнан тайма. Шұғыл әрекет етуге дайын бол. Мысалы, қандай да бір отырыста күтпеген жайттар орын алса, сол жерден кету үшін алдын ала ойластырған жоспар бойынша әрекет ет. Кейбір жастар үйге ертерек қайту керек деп есептеген жағдайда, әке-шешесіне қоңырау шалады, сонда олар келіп балаларын алып кетеді (Заб. 25:4, 5). Сонымен, мұндай шараны алдын ала келісіп, яғни “жоспарлап” (ЖД), алған жөн (Нақ. с. 21:5).
“Жас шағында көңіл көтер”
18, 19. а) Ехоба бақытты болғаныңды қалайтынына неліктен сенімді бола аласың? ә) Құрбы-құрдастарының қысымына төтеп бергендерге Ехоба қалай қарайды?
18 Ехоба сенің бақытты болғаныңды қалайды, әрі сені өмірдің бар қуанышын көре алатындай етіп жаратты (Екклесиаст 11:9 оқыb). Бірақ есіңде болсын, құрбы-құрдастарыңның қазіргі өмір салты — “күнәкар өмірдің өткінші рақаты” ғана (Евр. 11:25). Ал Құдай сенің бұдан әлдеқайда рақат өмірге, яғни мәңгілік әрі бақытты өмірге ие болғаныңды қалайды. Сондықтан Құдайдың көзінде дұрыс емес екенін білетін іске азғырылсаң, мынаны есіңде ұста: Ехоба не талап етсе де, тек сенің игілігің үшін талап етеді.
19 Сен әлі жассың, сондықтан келесі маңызды жайтты түсінуге тырыс: Өзің қатарлы жастардың көңілінен шыққан күнде де, жылдар өте келе олардың көбісі сенің есіміңді де ұмытып кетеді. Ал егер қарсы тұрсаң, Ехоба міндетті түрде мұны байқайды әрі ешқашан сені де, танытқан адалдығыңды да, ұмытпайды. Ол “сен үшін аспанның тесігін ашып, төбеңнен жеткенінше игілік төгеді” (Малх. 3:10). Бұған қоса, күресіп жүрген кез келген әлсіздігіңді жеңу үшін саған киелі рухын молынан төгеді. Олай болса, Ехоба саған құрбы-құрдастарыңның қысымына төтеп беруге көмектеседі!
[Сілтемелер]
a “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.) кітабындағы “Қысым көргендегі әрекеттерім” деген кестені қара (2-том, 132, 133 беттер).
b Екклесиаст 11:9: “Жеткіншек, өзіңнің жас шағында көңіл көтер, әрі өзіңнің жас шағында сенің жүрегің қуанышқа толы болсын және де өз жүрегінің әмірімен және өз жанарыңның нұсқаған жолымен жүр, тек осының барлығы үшін Құдайдың сені сот алдына тартарын есіңнен шығарма”.
Қайталауға арналған сұрақтар:
• Құрбы-құрдастарыңның ықпалы қаншалықты күшті?
• Қысымға төтеп беруге сенімділік қалай көмектеседі?
• Қысымға қарсы тұру үшін қалай алдын ала дайындалуға болады?
• Ехоба адалдығыңды бағалайтынын қайдан білесің?
[8-беттегі сурет]
Неліктен Һарон алтын бұзау жасауға келісті?
[10-беттегі сурет]
Айтатын сөзіңді алдын ала ойластырып ал