Зор өсімге куә болу — неткен қуаныш!
Айтып берген: Харли Харрис
Кеннет (АҚШ, Миссури штаты) қаласында 1952 жылдың 2 қыркүйегінде аудандық конгресс өтіп жатқан болатын. Бір кезде наразылық білдірген бір топ адам бізді қоршауға алды. Алайда қала әкімінің бұйрығымен тәртіп сақшылары келіп қалғандықтан, олар бізге ештеңе істей алмады. Біз көлігімізге отырып, Кейп-Джирардо қаласына конгрестің қалған бөлігін өткізуге кетіп қалдық. Ал ашулы тобыр қорлық сөздерін айтып қала берді. Мен сол конгресте 14 жасымда шомылдыру рәсімінен өттім. Сол бір аласапыран заманда атқарған қызметім жайлы басынан айтып беруге рұқсат етіңдер.
АТАМ мен әжем сегіз баласымен бірге 1930 жылдардың басында Рутерфорд бауырластың баяндамасын тыңдап, шындықты тапқандарын түсінді. Ал 1935 жылы ата-анам Бей мен Милдред Вашингтондағы конгресте шомылдыру рәсімінен өтті. Олар сол конгресте хабарланған “өте үлкен тобырдың” қатарында болғанына қатты қуанды (Аян 7:9, 14).
Келесі жылы мен дүниеге келдім. Бір жыл өткен соң, біз Миссисипидің шалғай жатқан аумағына көшіп бардық. Ол жерде бауырластар жоқ еді, тіпті аралаушы бақылаушы да келмейтін. Бетелмен хат жазысып, конгрестерге барып тұратынбыз. Осылайша бауырластармен араласатын осы мезеттерді біразға дейін қанағат тұтып жүрдік.
Қуғын кезінде
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ехоба куәгерлері бейтараптық сақтағандары үшін көп қуғын көрді. Біз Арканзас штатындағы Маунтин-Хом қаласына көшіп бардық. Бірде әкем екеуіміз көшеде уағыздап жүргенде, бір ер кісі кенеттен журналдарымызды тартып алып, сол жерде өртеп жіберді. Сосын, соғысқа қатыспағанымыз үшін бізді “қорқақсыңдар” деп сөкті. Сол уақытта бес-ақ жаста болған мен жылап жібердім. Ал әкем сабырлық сақтап, әлгі кісі кетіп қалғанша тіс жармады.
Алайда бізге жақтасқан адамдар да жоқ емес-тін. Бірде көлігімізді бір топ адам қоршап алғанда, мұны көріп қалған жергілікті прокурор: “Мына жақта не болып жатыр?”— деп сұрады. Бір кісі: “Бұлар Ехоба куәгерлері. Олар отан үшін соғыспайды!”— деді. Сонда прокурор көліктің аяқ қойғышына тұрып алды да, қатты дауыстап: “Мен Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқанмын. Бұл жолы да шет қалмаспын! Ал мына кісілерді жібере салыңдар! Олардың ешкімге зияны жоқ”,— деді. Осы сөздерден кейін бәрі біртіндеп тарап кетті. Бізге мейірімділік танытқан осындай адамдардың болғанына біз шексіз риза едік (Ел. іс. 27:3).
Жігер берген конгрестер
Сент-Луис қаласында (Миссури штаты) 1941 жылы өткен конгресс бізге көп жігер берді. Оған 115 000-нан аса адам қатысып, 3 903 адам шомылдыру рәсімінен өтті! Рутерфорд бауырластың “Патшаның балалары” деп аталатын баяндамасы есімде жақсы сақталыпты. Ол баяндамасын жастарға арнап айтты. Кейіннен бәріміз “Балалар” деп аталатын әдемі көк кітаптың бір-бір данасын алдық. Сол жылғы конгресс мені алдағы қиындықтарға дайындады.
Келесі жылы алғаш рет мектеп табалдырығын аттадым. Туды дәріптемегеніміз үшін мені әпкелеріммен бірге мектептен шығарып жіберді. Директор шешімін өзгертеді деген үмітпен күніге орманнан өтіп, мектепке барып жүрдік. Бірақ үмітіміз ақталмай, құр босқа қайтатынбыз. Десе де бұл Құдай Патшалығына адалдық танытудың бірден бір жолы екенін түсінетінбіз.
Көп ұзамай Құрама Штаттарының Жоғарғы соты туды дәріптеу міндетті емес екенін хабарлады. Сөйтіп, біз мектепке қайта қабылдандық. Мұғалім бізге мейірімділік танытып, мектеп бағдарламасын қуып жетуге көмектесті. Сыныптастарымыз да бізге жақсы қарады.
1942 жылы Кливленд қаласында (Огайо штаты) өткен конгресс те есімде қалыпты. Нейтан Норр Аян кітабының 17-тарауына негізделген “Тыныштық ұзаққа созыла ма?” деп аталатын баяндама айтты. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін біршама тыныштық орнайтынына назар аударды. Демек алда зор өсім болу керек еді. Бұған дайын болу үшін 1943 жылы Ғалақад мектебі ұйымдастырылды. Ол уақытта мұның маған да қатысы болары қаперіме де кірмепті. Соғыстан кейін, расында да, тыныштық орнап, қуғын саябырлады. Алайда 1950 жылы Корей соғысы бұрқ етіп, уағыз ісіне қайтадан тыйым салынды. Басында сипатталған жағдай осы кезде орын алған еді.
Өсімге көбірек үлес қосқан кездерім
Мектепті 1954 жылы бітіріп, бір айдан соң ізашарлық қызметті бастадым. Ал 1955 жылдың наурызында Кеннет қаласында қызмет етіп жүргенімде, Бетелге шақырылдым. Мен баратын қауымның аумағына Нью-Йорктың орталығындағы Таймс Сквер де кіретін. Қалада өмір мүлдем басқа еді. Әйтсе де үнемі асығып жүретін Нью-Йорк тұрғындарына уағыздай алдым. Оларға қызықты мақаланы көрсетіп: “Мына жайлы ойланғансыз ба?”— деп сұрайтынмын. Осылай көп журнал тараттым.
Бетелде маған Норр бауырластың таңғы ғибадатты жүргізгені қатты ұнайтын. Ол Киелі кітаптағы тармақтарға жан бітіріп, өмірде қалай қолдануға болатынын көрсетіп беретін. Біз сияқты жас бойдақтарға ол туған әкеміздей қарап, қыз бауырластармен өзімізді қалай ұстауымыз керектігін үйретіп отыратын.
1960 жылы үйленбек болып, Бетелден 30 күннен кейін кететінім жайлы өтініш жаздым. Алайда мерзім аяқталғанша, еш жауап алмадым. Ақырында, ұялшақ болсам да, жауапты бауырластарға өзім телефон шалдым. Тұтқаны Роберт Уоллен бауырлас алып, менімен жұмыс орныма келіп сөйлесетінін айтты. Ол арнайы ізашар не аудандық бақылаушы болуға қатысты не ойлайтынымды сұрады. Ал мен оған: “Роберт бауырлас, мен небары жиырма төрттемін ғой. Тәжірибем де көп емес”,— дедім.
Аудандық қызметім
Кешке үйге келіп, үлкен конвертке көзім түсті. Ішінде арнайы ізашар және аудандық бақылаушы болуға қатысты екі өтініш қағазы бар екен. Мәссаған, қандай керемет! Мен аудандық бақылаушы болуды шешіп, Миссуридің оңтүстік батысындағы және Канзастың шығысындағы қауымдарды аралау мәртебесіне ие болдым. Қызметіме кіріспес бұрын, аралаушы бақылаушыларға арналған кездесуге қатыстым. Кездесуде Норр бауырлас мынадай кеңес берген еді: “Сендердің аудандық не облыстық бақылаушы болғандарың жергілікті бауырластардан көп білетіндеріңді білдірмейді. Кейбіреулері сендерден әлдеқайда тәжірибелі болуы мүмкін. Алайда мұндай қызметті атқаруға олардың жағдайы келмейді. Сендер олардан көп нәрсеге үйрене аласыңдар”.
Бұл, расында да, солай болып шықты. Мысалы, Канзас штатындағы Парсонс қаласынан келген Фред Малахен, оның әйелі және ағасы Чарли мен үшін керемет үлгі болды. Олар шындықты 1900 жылдары естіген екен. Содан бері талай оқиғаларды бастан өткеріпті. Ол кезде әлі дүниеге келмеген мен үшін бұл оқиғаларды тыңдау бір ғанибет еді! Миссури штатындағы Джоплин қаласынан келген Джон Ристен де тәжірибелі бауырластардың бірі болатын. Егде тартқан бұл бауырлас ондаған жылдар бойы ізашар ретінде қызмет еткен. Осы адал бауырластар теократиялық тәртіпке зор құрметпен қарайтын. Олар менің жас болғаныма қарамай, қызметіме көп қолдау көрсетті.
1962 жылы Кларис есімді қызғылт шашты пысық ізашарға үйлендім. Сосын, екеуіміз бірге аудандық қызметті жалғастырдық. Бауырластардың үйінде тұрып, олармен жақынырақ танысуға мүмкіндік болды. Жастарды Ехобаға толық уақыт қызмет етуге талпындырдық. Джей Коусински мен Джоан Кресман есімді екі жасөспірім осыны күтіп жүргендей-ақ, бірден ықылас білдірді. Бірге қызметке шығып, беруден келетін қуанышпен бөліскеніміз оларға қатты әсер етіп, рухани мақсаттар қоюға талпындырды. Джоан арнайы ізашар болды, ал Джей Бетелге шақырылды. Кейін екеуі қосылып, отау құрды. Бүгінде олардың аудандық қызмет атқарып жүргеніне 30 жыл болды.
Миссионерлік қызметім
Норр бауырлас 1966 жылы шетелде қызмет етуге қалай қарайтынымызды сұрады. Біз оған: “Қазіргі қызметімізге ризамыз. Бірақ басқа жерде қажеттілік болып жатса, қарсы емеспіз”,— дедік. Содан, бір аптадан соң Ғалақад мектебіне шақырылдық. Мектепте оқып жүргенімде құрмет тұтып, жақсы көріп кеткен бетелдік бауырластармен қайта қауышқаныма қатты қуандым. Бізбен бірге оқыған бауырластарға да бауыр басып кеттік. Олар әлі күнге дейін Ехобаға адалдықпен қызмет етіп келеді.
Бізбен бірге Эквадорда (Оңтүстік Америка) қызмет етуге Деннис пен Едвина Крист, Анна Родригес пен Делья Санчес тағайындалды. Крист отбасы елдің астанасы Китоға кетті. Ал Делья мен Анна бізбен бірге Эквадордың үлкен қалаларының бірі Куэнкада қызмет етті. Бізге берілген аймаққа екі облыс кірді. Ең алғашқы кездесу біздің үйде өтті. Оған алты адам қатысты. Шынымды айтсам, осы үлкен аймақты қашан аралап бітеміз деп уайымдағанымыз да бар еді.
Куэнкада шіркеулер көп. Діни мейрамдарды тойлауға бүкіл қала шығатын. Сөйтсе де көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алғысы келгендер көптеп кездесетін. Мысалы, Куэнкадағы велосипед жарысының жеңімпазы Марио Поло бізді қатты таңғалдырды. Алғаш рет әңгімелескенімізде-ақ ол: “Аян кітабындағы опасыз әйел кім?”— деп сұраған еді.
Бір күні кешке Марио біздің үйге келді. Түрі бұзылып кеткен. Евангелистердің дінбасы оған Куәгерлерді қаралайтын әдебиет беріпті. Мен адамды айыптамас бұрын, оны тыңдап алған дұрыс болатынын айтып түсіндірдім. Келесі күні Марио діни қызметкер екеумізді үйіне шақырды. Мен үштік құдай жайлы әңгімелесуді ұсындым. Сонда әлгі кісі Жохан 1:1-ді оқыды, ал Марио тармақтың мәнін өзі түсіндіріп берді. Оқылған тармақтарды осылайша біртіндеп қарастырып шықтық. Діни қызметкер үштік ілімін сол күйі дәлелдей алмай кетті. Ал Марио мен оның әйелі Куәгерлердің шындықты үйрететініне көздері жетті. Кейіннен олар да Киелі кітап ілімдерін қызғыштай қорғайтын болды. Бізге алғаш тағайындалған аумақта қауымдардың саны өсіп, Куэнканың өзінде 33-ке дейін, ал жалпы саны 63-ке дейін жетті. Не деген зор өсім!
Бетелдегі қызметім
Эл Шулло екеуіміз 1970 жылы Гуаякильдегі Бетелге шақырылдық. Екі адам болып Бетелдегі істермен айналыстық, ал Джо Секерак елдегі 46 жиналысқа арнап әдебиеттерді орап, жөнелтетін. Бетелде жүрген кезімде, Кларис біраз уақыт миссионер болып қызмет етті. Ол 55 адамға шындықты білуге көмектесті. Конгрестерде 3—5 зерттеушіден шомылдыру рәсімінен өтіп отырды.
Солардың бірі Лукреция есімді әйел болды. Ол күйеуінің қарсы болғанына қарамастан, жалпы ізашар ретінде қызмет ете бастады. Балаларына да Ехобаның тәлімін берді. Оның екі ұлы қазір ақсақал болып қызмет етеді. Біреуі — арнайы ізашар, ал қызы — жалпы ізашар. Немересі тамаша бауырласқа тұрмысқа шығып, қазір екеуі арнайы ізашар болып қызмет етеді. Бұл отбасы көп адамға шындықты білуге көмектесті.
1980 жылдары Эквадордағы жариялаушылардың саны 5 000-ға жетті. Бетел отбасы өсіп, шағын үйге сыймайтын болдық. Сонда бір бауырлас Гуаякильдің шетіндегі 32 гектар жерін берді. 1984 жылы сол жерге жаңа филиал мен конгресс сарайы соғыла бастады, ал 1987 жылы бағышталу өтті.
Өсімге үлес қосушылардың көбеюі
Бірнеше жыл қатарынан басқа елде тұратын жариялаушылар мен ізашарлар Эквадорға ағылып келіп жатты. Солардың бірі канадалық Энди Кид есіме түсіп отыр. Ол зейнеткерлікке шыққан мұғалім еді. Эквадорға 1985 жылы көшіп барды. Сол уақытта Энди бауырлас 70 жаста болатын. 2008 жылы 93 жасында көз жұмғанша Ехобаға адал қызмет атқарып өтті. Оны алғаш көргенімде, шағын қауымда бақылаушы болып қызмет ететін. Испан тілінде сөйлеу қиынға соқса да, баяндама айтып, артынан “Күзет мұнарасын” өткізетін. Сондай-ақ теократиялық қызмет мектебі мен қызмет кездесуінің көп бөлігін жүргізетін. Қазір бұл аумақта екі өркендеп тұрған қауым бар. Онда 200-ге жуық жариялаушы және көп ақсақал қызмет етеді.
Эрнесто Диас есімді бауырлас бүкіл отбасымен Құрама Штаттарынан көшіп барды. Эквадорда сегіз ай қызмет еткеннен кейін, ол былай деді: “Балаларымыздың үшеуі де жергілікті тілді меңгеріп, шебер тәлімгер болып алды. Ал мен көп отағаларына мына заманда мүмкін еместей көрінетін мақсатқа қол жеткіздім: жалпы ізашарлық алып, отбасыммен бірге толық уақыт қызмет ететін болдым. Жалпы алғанда, барлығымыз 25 зерттеу сабағын өткіземіз. Осының барлығы отбасымызды қатты нығайтты. Ал ең бастысы, маған Ехоба Құдайға жақындай түсуіме көмектесті”. Бауырластардың осылай аянбай еңбек еткені қандай керемет!
1994 жылы Бетел ғимараттарының көлемі екі есеге ұлғайтылды. 2005 жылы жариялаушылардың саны 50 000-ға жеткендіктен, Бетелді тағы да кеңейту керек болды. Содан жаңа тұрғын ғимараттары мен аударма офистері салынып, Конгресс сарайы кеңейтілді. Бұл жаңа нысандар 2009 жылдың 31 қазанында бағышталды.
Мені мектептен шығарып жіберген 1942 жылы Құрама Штаттарында 60 000 жариялаушы болатын. Ал қазір онда миллионнан аса Куәгер бар. 1966 жылы біз Эквадорға көшіп барғанда, сол жердегі жариялаушылардың саны 1 400-ге жуық еді. Бүгінде олардың саны 68 000-нан асады. Киелі кітапты зерттеп жатқан 120 000 адам мен 2009 жылдың Еске алу кешіне қатысқан 232 000 адамның арасынан келетіндер әлі қаншама! Расында да, Ехоба өз халқын біз күтпеген көл-көсір батаға кенелтті. Зор өсімге куә болған қандай керемет!a
[Сілтеме]
a Ехобаға адалдығын сақтаған Харли Харрис бауырлас осы мақала дайындалып жатқанда көз жұмды.
[5-беттегі суреттер]
Гуаякильде ашық аспан астында өткен конгресс (1981) және кейіннен сол жерде салынған Конгресс сарайы (2009)