Бетелге қош келдіңдер!
СІЗДІ Бетел деп аталатын Ехоба куәгерлерінің филиалын көруге шын жүректен шақырамыз. Дүниежүзі бойынша жалпы 118 филиал бар. Бетелді және сонда атқарылып жатқан істі көріп қайтқандар жиі жылы лебіздерін білдіріп жатады.
Киелі кітапты зерттеп жүрген бір жас жігіт Мексикадағы филиалды көруге барған еді. Ол жан-тәндерімен қызмет етіп жүрген бауырластардың қуанышты жүздерін көріп, қайран қалғаны соншалық: “Осында қалу үшін не істеуім керек?”— деп сұрады. Бауырластар оған: “Ең алдымен, шомылдыру рәсімінен өтуің қажет. Сосын, ізашар ретінде қызмет еткенің жақсы”,— деп жауап берді. Әлгі жігіт осы сөздерге құлақ асып, екі жылдан кейін Мексикадағы Бетелде қызмет ете бастады. Содан бері 20 жыл қызмет етіп келеді.
Бетел жайлы бірер сөз
Еврей тілінде “Бетел” сөзі “Құдай үйі” дегенді білдіреді (Жар. 28:19). Филиалдардағы құрал-жабдықтар Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді басып шығару үшін және дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлерінің 100 000-нан аса қауымын рухани ас-сумен қамтамасыз ету үшін қолданылады. Бетелде әртүрлі ұлт пен түрлі әлеуметтік ортадан шыққан 20 000-ға жуық адам Ехобаға және бауырластарына жанқиярлықпен қызмет етеді. Осы толық уақытты қызметшілердің арасында ондаған жыл бойы қызмет етіп жатқандар да, жігерлі жас бауырластар да бар. Кешке және демалыс күндері бетелдіктер жақын маңдағы қауым кездесулеріне қатысып, уағызға шығады. Сондай-ақ Киелі кітапты зерттейді, демалады не жеке істерімен айналысады.
Бетелдіктер ай сайын жеке қажеттіліктеріне жұмсалатын азын-аулақ қаржы алып отырады. Оларға дәмді де пайдалы тамақ әзірленеді. Бетел үйлері қарапайым әрі сапалы етіп соғылады. Бөлмелері таза әрі жайлы. Келген қонақтарға жақсы күтілетін ғимараттар мен айналасындағы бақтар және жұмыстың тәртіппен атқарылатыны ғана емес, Бетел отбасының мейірімділігі мен бірлігі де қатты әсер етеді. Барлығы да көп еңбек еткенмен, келгендерге қуанышпен көңіл бөледі. Бетелдіктер шыққан орталарына не қай бөлімде қызмет ететіндеріне қарап, өздерін үстем санаудан аулақ. Асханада, бақта, тазалық бөлімінде, баспаханада не офисте болсын, қызметтің барлық түрі өте бағалы. Бетелдіктер Құдай халқы атқаратын қызметке қолдау көрсету үшін бір кісідей еңбек етеді (Қол. 3:23).
Кейбір бетелдіктермен танысайық
Халықаралық Бетел отбасының кейбір мүшелерімен жақынырақ танысайық. Бетелде қызмет етуге оларды не талпындырды екен? Мысалы, Марио Ехоба куәгері болған уақытта Германияның бір әйгілі көлік кәсіпорнында жақсы табыс табатын әрі жоғарылауға мүмкіндігі бар еді. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін көп ұзамай, ол жергілікті Бетелдегі баспаханада бір апта жұмыс істеді. Марио бетелдік бауырластар мен жұмысындағы адамдардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін байқады. Бұл оны Бетелде толық уақыт қызмет етуге өтініш жазуға талпындырды. Туысқандары мен әріптестерінің көбісі оның бұл шешімін түсінбей таң болды. Ал Марио Бетелдегі қызметін қуанышпен бастап кетті.
Бетелге қызмет етуге келген көп бауырластардың жиі жоғары білімі мен тәжірибесі бола бермейді. Мексикадағы Бетелде 15 жыл қызмет еткен Абелдің жағдайында да солай болды. Ол былай дейді: “Мен Бетелде көп нәрсеге үйрендім. Мысалы, үздік үлгідегі баспа станогында жұмыс істеуді игердім. Алған білімімнің арқасында қыруар ақша таба алатынымды білемін, бірақ ондай жағдайда Бетелдегідей қуанышқа бөлене алмас едім. Мұнда көңілім тыныш, өмірім осы дүниелік кәсіпкерлерге тән бақталастық пен уайымнан ада. Бетелде жүріп ең керемет білімге ие болдым дей аламын: рухани жағынан нығайдым әрі кәсіби білімім де артты. Мұндай тәлімді тіпті ең жақсы оқу орнында да ала алмас едім”.
Рухты көтеретін сапар
Бетелге келіп-кеткеннің өзі адамды рухани нығайтады. Мексикада тұратын Омардың жағдайында осылай болды. Анасы оған кішкентайынан Киелі кітаптан тәлім беретін. Алайда 17 жасқа келгенде Омар кездесулерге баруды және уағызға шығуды доғарды. Ол жаман әдеттерге бой ұрып, ақшаның соңына түсті. Кейінірек өзі жұмыс істейтін мекеменің адамдарымен бірге құрылғыларын көрсетуге Бетелге барды. Омар былай дейді: “Құрылғыларды көрсеткен соң, бізді қарсы алған бауырлас филиалды аралатты. Көрген нәрселерім және сондағы адамдардың мейірімділігі маған қатты әсер етіп, Ехобасыз кешіп жатқан өмір салтым жайлы ойлануға талпындырды. Сол кезден бастап қауым кездесулеріне барып, Киелі кітапты қайта зерттейтін болдым. Ал алты айдан соң шомылдыру рәсімінен өттім. Бетелге барғаным шындыққа қайта бет бұруға талпындырғаны үшін Ехобаға мың да бір рақмет айтамын”.
Жапонияда тұратын Масахико да Куәгерлердің отбасында өскен. Уақыт өте келе мәсіхшілердің өмір салты оған тым қатал болып көріне бастады. Сөйтіп, ол кездесулерге баруды және уағыздауды доғарып, мектептің істеріне белсене атсалысатын болды. Әрі қарай не болғанын Масахико былай әңгімелейді: “Бір күні отбасым мен бірнеше мәсіхші достарым Бетелге баратын болды. Үйдегілер мені де көндірді. Бетелді аралағаным рухымды көтеріп, қанат бітірді. Сондағы бауырластармен араласудан көп қуаныш алдым. Куәгер емес достарыммен өзімді ешқашан бұлай сезінген емеспін. Мәсіхші болуға деген ықыласым артып, зерттеу сабағын бастауды шештім”. Қазір Масахико — толық уақытты қызметші.
Бір әйел бауырлас жұмыс іздеп, Франциядан Мәскеуге көшті. Ол Ехобаның ұйымынан қол үзіп, рухани әлсірей бастады. Әдепсіз істерге араласып, ақырында Куәгер емес адамға тұрмысқа шықты. Кейіннен Франциядағы бір әйел бауырлас оны көруге келіп, екеуі бірге Санкт-Петербургтегі Бетелге барды. Өзі жайлы әлгі бауырлас былай дейді: “Бетелдіктердің бізді жылы қарсы алғаны маған қатты әсер етті. Мен Ехобаның рухын сезіндім әрі сондағы тыныштық пен татулыққа қайран қалдым. Ехобаның ұйымынан алыстап, қалай ғана қателестім екен? Бетелге барып келгеннен кейін, Ехобадан көмек сұрап дұға еттім. Содан жаңа серпіліспен балаларыма Киелі кітаптан тәлім бере бастадым”. Қауымдағылардың көмегі және Бетелді аралағаны оны қатты нығайтып, рухани алға басуына септігін тигізді.
Бетелді көріп қайтқаны Ехоба куәгерлерін онша танымайтын адамдарға қалай әсер етеді? Белсенді саясаткер Альберто 1988 жылы Бразилиядағы Бетелге барған еді. Ондағы тазалық пен тәртіп, әсіресе істердің ашық атқарылуы оны таңғалдырды. Осының алдында ғана Альберто діни қызмет атқаратын қайын інісінің семинариясына барған еді. Осы екі жердің айырмашылығын байқаған ол: “Семинарияда барлық істер құпия жүргізіледі екен”,— деді. Бетелге барып келгеннен кейін көп ұзамай, Альберто зерттеу сабағын бастап, саясатқа араласпайтын болды. Қазір ол қауымда ақсақал ретінде қызмет етеді.
Барлығына есік ашық!
Көп адам өз еліндегі Бетелге бару үшін жанқиярлық танытқан. Мысалы, Бразилияда тұратын Пауло мен Евгения 3 000 шақырым қашықтықтағы Бетелге екі күнде автобуспен жету үшін төрт жыл бойы ақша жинады. Олар былай дейді: “Бетелге жеткен соң біз бейнетіміздің зейнетін көрдік. Ехобаның ұйымы жайлы түсінігіміз кеңейді. Киелі кітапты зерттеп жүргендерге Бетел жайлы айтқанда, кейде олар: “Өздерің сонда болдыңдар ма?”— деп сұрап жатады. Енді біз қуанышпен: “Иә, болдық”,— деп айта аламыз.
Сен тұратын елде не көрші елде Бетел бар ма? Бар болса, оны көріп қайтуға шын жүректен шақырамыз. Бауырластар сені құшақ жая қарсы алады. Бетелді аралағаның сені рухани нығайтатыны шүбәсіз.
[18-беттегі сурет]
Марио
[18-беттегі сурет]
Абел
[18-беттегі сурет]
Германия
[18-беттегі сурет]
Жапония
[18-беттегі сурет]
Бразилия