Мүмкіндікті қалт жібермегеннің жемісі
КҮТПЕГЕН жерден уағыздауға мүмкіндік туа қалса, оны қалт жібермеуге дайынсың ба? Финляндияның Турку деп аталатын тарихи, портты қаласында тұратын бауырластар бұлай еткеннің жемісін көрді.
Туркудегі бауырластар Азиядан жергілікті зауытқа үлкен саяхат кемесін соғу жұмыстарын аяқтау үшін жұмысшылар келгені жайлы естиді. Сосын, бір бауырлас олардың қай қонақ үйлерде тұратынын және ертеңгісін арнайы автобустар келіп, оларды зауытқа алып кететінін біледі. Ол бұл туралы бірден Турку қаласындағы ағылшын тілді қауымдағы бауырластарға хабарлайды.
Ол қауымның ақсақалдары шетелдіктердің келгенін Патшалық хабарымен бөлісудің жақсы мүмкіндігі деп қарастырып, арнайы науқан ұйымдастырады. Сол аптаның жексенбісінде он жариялаушы таңғы сағат жетіде автобус аялдамасына келеді. Алғашында жұмысшылар көрінбейді. Сонда бауырластар: “Біз үлгермей қалдық-ау. Олар қаладан кетіп қалса керек”,— деседі. Алайда біраздан кейін жұмысшы киімін киген бір ер кісі көшенің бір бұрышынан шыға келеді. Сонан соң тағы біреуі көрінеді. Көп ұзамай аялдама жұмысшыларға толып кетеді. Сонда жариялаушылар ағылшын тіліндегі әдебиеттерді қолданып, уағыздай бастайды. Қуанышқа орай, жұмысшылардың бәрі автобустарға мініп кеткенше, бір сағаттай уақыт өтеді де, осы аралықта бауырластар олардың көбісіне куәлік бере алады. Сол күні 126 кітапша мен 329 журнал таратылды!
Тамаша нәтижеге қол жеткізген бауырластар аудандық бақылаушы келетін келесі аптада да науқанды қайталауды шешеді. Жаңбырлы күні таңғы сағат алты жарымда аудандық бақылаушы уағыздауға арналған кездесу өткізеді де, 24 жариялаушы аялдамаға бет алады. Осы жолы олар тагаль тіліндегі әдебиеттерді де өздерімен алады, өйткені жұмысшылардың көбісі филиппиндіктер болып шықты. Сол таңда жұмысшылар автобустарға мініп кеткенше 7 кітап, 69 кітапша және 479 журнал таратылды. Науқанға қатысқан бауырластардың қуаныштарын көз алдыңа елестетші!
Жұмысшылар өз елдеріне қайтпас бұрын, бауырластар кейбіреулерінің тұратын қонақ үйлеріне барып, Патшалықтың хабары жайлы көбірек мәліметпен бөлісе алды. Олардың кейбірі басқа елдерде де Куәгерлерді кездестіргенін айтты. Финляндияда болған кездерінде бауырластардың өздерімен танысуға күш салғандары үшін ризашылық білдірді.
Қауымыңның аумағында әрбір мүмкіндікті жібермей куәлік беруге дайынсың ба? Мәдениеті әртүрлі адамдарға куәлік ету үшін қолдан келгеннің бәрін істейсің бе? Солай етсең, Туркудегі бауырластардың қуанышын сен де сезіне аласың.
[32-беттегі сурет/карта]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
ФИНЛЯНДИЯ
ХЕЛЬСИНКИ
Турку
[Түпдерек]
STX Europe