Иса және оның шәкірттері уағыз айтқан мәжілісхана
“Иса бүкіл Ғалилея аймағын аралап жүріп, мәжілісханаларында тәлім берді. Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды уағыздады” (МАТАЙ 4:23).
ІНЖІЛДЕН Исаның мәжілісханаларда Құдай Патшалығын уағыздап, тәлім бергені жайлы оқимыз. Ол қандай қалаға не ауылға бармасын, тіпті өскен қаласы Назарет немесе кейін тұрған жері Қапарнаумға келсе де, жергілікті мәжілісханаға кірмей кетпейтін. Үш жарым жылға созылған қызметін есіне алып, Иса: “Әрдайым барлық яһудилер жиналатын мәжілісханалар мен ғибадатханада тәлім беріп жүрдім”,— деген (Жохан 18:20).
Исаның елшілері мен алғашқы мәсіхшілер де жиі мәжілісханаларда тәлім берген. Мәжілісханаларда ежелгі еврейлер қай кезден бастап ғибадат ететін болды? Бұл ғимараттар Иса пайғамбардың кезінде қандай болған? Осы жайттарды қарастырып көрейік.
Маңызды қызмет атқарған ғимарат. Ежелде Палестина аймағында немесе шетелде тұрған еврейлердің ер кісілері жылына үш рет мерекелерді атап өту үшін Иерусалимдегі ғибадатханаға баратын. Ал жай күндері олар ғибадатқа қатысты істерін жергілікті мәжілісханаларда атқарған.
Мәжілісханалар қай кезде пайда болған? Кейбіреулердің пайымдауынша, бабылдықтар Иерусалимдегі ғибадатхананы жойып, еврейлерді тұтқынға алып кеткен соң (б. з. б. 607—537), яки діни қызметкер Езра тұтқыннан босаған халықты Құдай заңын оқып, түсінуге талпындырғаннан кейін көп ұзамай пайда болған (Езра 7:10; 8:1—8; 10:3).
“Мәжілісхана” деп аударылған “синагога” сөзі о баста “қауым” немесе “жиналыс” дегенді білдірген. Бұл сөз Еврей жазбаларының грек тіліндегі аудармасы — Септуагинтте осы мағынада қолданылған. Уақыт өте келе адамдар синагога деп қауымның ғибадат етуге жиналатын ғимаратын атап кеткен. I ғасырда Иса барған шағын қалалардың барлығында дерлік өз синагогасы, яғни мәжілісханасы, бар еді. Ал үлкен қалаларда бірнеше мәжілісхана болса, Иерусалимде бұдан да көп болған. Бұл қандай ғимараттар еді?
Ғибадат етуге арналған қарапайым ғимарат. Еврейлер мәжілісхананы көбінше биік жерлерге, ал кіреберісін (1) Иерусалимге қаратып соғатын. Алайда бұндай жобамен соғу барлық уақытта мүмкін бола бермесе керек.
Мәжілісханалардың көбісі қарапайым, ішінде аз ғана жиһазы бар ғимараттар болған. Оның ішіндегі ең негізгі зат — сандық (2) еді. Сандықта бүкіл қауымның ең құнды қазынасы, яғни Киелі жазбалардың шиыршықтары, сақталатын. Қауым кездесуі біткен соң, оны қауіпсіз бөлмеге (3) апарып қоятын.
Сандықтың екі жағында тыңдаушылар жаққа қараған орындықтар (4) тұрған. Оларға мәжілісхана жетекшілері мен қадірлі қонақтар отыратын (Матай 23:5, 6). Залдың ортасында қауым алдына шығып сөйлейтіндер үшін мінбе (5) орнатылған. Осы мінбенің үш жағында жиналған көпшілікке арналған орындар (6) болған.
Әдетте мәжілісханалардағы қызмет жергілікті қауымның қолдауымен атқарылатын. Байлардың да, кедейлердің де жасаған ерікті садақалары ғимаратты күтіп ұстау мен жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Енді, ондағы кездесулердің қалай өткізілгенін қарастырып көрейік.
Мәжілісханадағы ғибадат. Ғибадат ету бағдарламасына мадақ айту, сиыну, жазбаларды оқу, сонымен қатар тәлім беру мен уағыз айту кіретін. Қауым кездесуінің басында жиналғандар сенімді паш ету дұғасы — Шманы дауыстап айтатын. “Шма” деген еврей сөзі “тыңда” дегенді білдіреді. Бұл атау Таураттағы келесі үзіндіге негізделген: “Исраил, тыңда: Жаратушы Ие, өзіміздің Құдайымыз, Жаратушы Ие жалғыз” (Заңды қайталау 6:4).
Сосын, Мұса пайғамбар жазған Таураттан үзінді оқылып, түсіндірілетін (Елшілердің істері 15:21). Бұдан кейін басқа пайғамбарлардың жазбаларынан да үзінділер (хафтара) оқылып, іс жүзінде қалай қолдануға болатынына қатысты түсініктеме берілетін. Бағдарламаның бұл бөлігін кейде келген қонақ өткізетін. Мысалы, Лұқа 4:16—21 тармақтардан Исаның осы бағдарлама бөлігіне қатысқаны жайлы оқимыз.
Сол кездесуде Иса қолданған шиыршықтағы мәтін, қазіргі Киелі кітаптағыдай, тарау мен тармаққа бөлінбеген еді. Сондықтан қажетті жазба орнын табу үшін, Исаға шиыршықты сол қолымен ұстап, оң қолымен ашып, орап отыруға тура келген. Оқып болған соң, шиыршықты қайтадан бас жағына келтіріп орап қойған.
Киелі жазбалар жиі көне еврей тілінде оқылып, арамей тіліне аударылатын. Ал грекше сөйлейтін қауымдарда Септуагинт аудармасы қолданылатын.
Күнделікті өмірдің маңызды бөлігі. Еврейлердің күнделікті өмірінде маңызды қызмет атқарған мәжілісханалар үлкен бір кешеннің бөлігі болған. Кейде мәжілісхананың жанына түрлі мақсатта қолданылатын ғимараттар соғылатын. Онда сот мәселелері қарастырылатын, қоғамдық кездесулер өткізілетін, тіпті қонақасы берілетін жиындар ұйымдастырылатын. Кейде жолаушылар мәжілісхана кешенінің ішіндегі бөлмелердің біріне тоқтай алатын.
Мәжілісхана ғимараттарының көбісінде балаларды оқытатын мектеп болған. Ондағы сабақтарда мұғалім тақтайша бетіне әріптер жазып, оқушыларына хат тануды үйретсе керек. Ежелгі еврейлер осындай мектептердің арқасында сауатты болған, тіпті қарапайым адамдар да Киелі жазбаларды жақсы білген.
Дегенмен мәжілісхана ең алдымен жүйелі түрде Құдайға ғибадат етуге арналған орын еді. Сондықтан да І ғасырдағы мәсіхшілердің кездесулері мәжілісханадағы кездесуге ұқсас болғаны бізді таңғалдырмайды. Мәсіхшілер де дұға айту, мадақтау әндерін шырқау және Құдай Сөзін оқып, талқылау арқылы Ехоба Құдайға ғибадат ету үшін жиналатын. Бұдан басқа да ұқсастықтар бар: екі жағдайда да ғибадат орнының қажеттіліктері мен шығындары ерікті садақаның арқасында өтелетін; екеуінде де Құдай Сөзін оқу мен талқылау діни қызметкерлердің ғана үлесі болмаған және кездесуді ұйымдастыру мен өткізу жауапкершілігі ақсақалдарға жүктелген.
Ехоба куәгерлері бүгінде Иса мен оның І ғасырдағы ізбасарларының үлгісін ұстанады. Сондықтан олардың Патшалық сарайында өтетін кездесулері ежелгі мәжілісханадағы кездесулерге ұқсас. Ал ең бастысы, барлық кезде шындықты жақсы көрген адамдар сияқты, Ехоба куәгерлері де Құдайға жақындау үшін бас қосып тұрады (Жақып 4:8).
[16, 17-беттердегі сурет]
Бұл сурет І ғасырдағы Гамла мәжілісханасының жоспары бойынша салынған
[18-беттегі сурет]
Мәжілісхана мектебінде 6—13 жас аралығындағы ұл балаларды оқытқан