Құдайға жақында
‘Жаратқан Ие адамның жан дүниесіне қарайды’
СЫРТ көрініс алдамшы болып келеді. Адамның сырт пішіні оның ішкі жан дүниесі, яғни жүрек түкпірі жайында еш нәрсе айтпайды. Пенде сыртқы көрініске қарап тон пішеді. Ал Ехоба Құдайымыз, қуанышқа орай, сырттан көрінбейтін нәрселерді де көреді. Бұны Патшалықтар 1-жазба 16:1—12 тармақтардан анық көруге болады.
Көз алдыңа елестетші. Ехоба Исраил халқына жаңа патша тағайындағалы жатыр. Ол Самуил пайғамбарға былай дейді: “Бетлехемдік Есейге бар. Оның ұлдарының біреуін патша етуге таңдап алдым” (1-тармақ). Ехоба Есей ұлдарының бірін таңдағанын айтты, бірақ оның есімін атаған жоқ. Бетлехемге бара жатқан Самуил: “Ехоба Есейдің ұлдарының қайсысын таңдағанын мен қалай білмекпін?”,— деп ойлаған шығар.
Бетлехемге келген соң, Самуил құрбандыққа мал шалады да, Есейді ұлдарымен бірге асқа шақырады. Тұңғыш ұлы Елиаб үйге кіргенде, Самуилдың көзі бірден оның келісті келбетіне түседі. Самуил оның бойшаңдығына қарап, патша осындай болу керек деп түйеді де: “Сірә, Жаратқан Ие тағайындайтын патша осы шығар!”— деген тұжырым жасайды (6-тармақ).
Алайда Ехобаның көзқарасы өзгеше еді. Ол Самуилге: “Сен оның бет-жүзіне, бойшаңдығына қарамай-ақ қой. Оны мақұл көрмеймін”,— дейді (7-тармақ). Иә, Елиабтың бойшаңдығы мен сымбаттылығы Ехобаға еш әсер етпеді. Ехоба адам туралы бәрін біледі және ол адамның жан дүниесіне қарайды.
Ехоба Самуилге былай деп түсіндірді: “Пенде адамның тек бет-әлпетіне қараса, Жаратқан Ие жан дүниесіне қарайды” (7-тармақ). Иә, Ехоба үшін маңызды болып табылатын нәрсе — біздің жан дүниеміз, яғни ішкі болмысымыз, ой-ниетіміз бен сезімдеріміз. ‘Жүректі сынайтын’ Құдай Елиабты және Самуилдың алдына шақырылған Есейдің қалған алты ұлын да патша болуға таңдамады (Нақыл сөздер 17:3).
Осы уақытта Есейдің кенже ұлы Дәуіт “қой бағып жүр” еді (11-тармақ). Есей оны шақыртып, Самуилдың алдына әкеледі. Сосын, Ехоба пайғамбарға былай дейді: “Тұр, бұл сол, оған май жағу рәсімін жаса” (12-тармақ). Дәуіт “көздері жайнап тұрған, келбетті жігіт” еді. Әйтсе де, оның Құдайдың көңілінен шығуының себебі — жан дүниесінің сұлулығында болатын (Патшалықтар 1-жазба 13:14).
Сырт көріністің әдемілігіне аса мән берілетін мына дүниеде Ехобаға біздің келбетіміздің келісті болғандығы маңызды емес екенін білу жұбаныш береді. Бойыңның қандай екені және басқалар сені әдемі деп есептей ме, жоқ па, Құдай үшін бұл маңызды емес. Ішкі жан дүниең қандай күйде, міне, осы Ехоба үшін маңызды. Мұны білгенің, сені Құдайдың көз алдында әдемі ететін қасиеттер дамытуға талпындырмай ма?