Бірінші ғасырдағы Құдай қызметшілерінің өмірі
“Үй шаруасына ұқыпты” әйелдер
“Иса шәкірттерімен бірге жол жүріп бара жатып, бір ауылға кірді. Сол жерде Оны Марта есімді әйел үйіне шақырып, қонақ етті. Мартаның Мәриям деген сіңлісі бар еді. Ол Исаның аяқ жағына отырып алып, сөзіне құлақ салды. Ал қонақты жақсылап күтудің қамын ойлаған Марта зыр жүгіріп, қызмет етті [“көп тірлік істеді” ЖД]. Арасында Исаға келіп: — Мырза, сіңлімнің барлық жұмысты маған қалдырғанына жайбарақат қарап отырасыз ба? Ол маған көмектессін, айтыңызшы!— деді. Ал Иса:— Марта, Марта, сенің уайымың да, бейнетің де көп. Ал керегі бір-ақ нәрсе ғой: Мәриям игілікті жағын таңдап алды, оны содан ешкім айыра алмайды,— деді” (ЛҰҚА 10:38—42).
МАРТА еңбексүйгіш әйел болған. Сол үшін өзгелер оны қадірлегені сөзсіз. Бірінші ғасырдағы яһудилердің дәстүріне сай, әйел затының қадір-қасиеті оның үй шаруасына ептілігі мен отбасының қамын ойлағанында болған.
Бірінші ғасырдағы Құдайға қызмет еткен әйелдер де “үй шаруасына ұқыпты” болуға тиіс еді (Титке 2:5). Сонымен қатар олар өз сенімдері жайында басқалармен бөлісуі керек болатын (Матай 28:19, 20; Елшілердің істері 2:18). Исраилдік әйел атқаруы қажет болған ‘көп тірліктің’ кейбірі қандай? Исаның Мәриям туралы айтқан сөздерінен не нәрсеге үйренеміз?
“Көп тірлік істеді”. Исраилдік әйелдің күні таң атпай басталған болса керек (Нақыл сөздер 31:15). Отбасына қарапайым таңғы ас дайындап, тамақтандырған соң, ол балаларын мәжілісхана мектебіне шығарып салады. Ал қыздары болса анасының қасында қалып, болашақта жақсы әйел болу үшін үй шаруасын алып жүруді үйренетін.
Анасы қыздарымен бірге алдымен негізгі шаруаларын істейді — шамдарға май құяды (1), еден сыпырады (2) және ешкі сауады (3). Сонан соң нан жабады. Қыздары алдымен астықты тазарту үшін суырады да (4), қол диірменмен ұн тартады (5). Анасы дайын болған ұнға су мен ашытқы қосып, қамыр илейді (6). Қамыр ашығанша, басқа тірліктерін атқарады. Сол уақытта қыздар жаңа сауылған ешкі сүтінен ірімшік дайындауға кіріседі (7).
Кейінірек, сәскеде анасы мен қыздары базарға бет алуы мүмкін. Мұнда мұрын әртүрлі шөптің иісі жарады, сондай-ақ жамыраған мал мен саудаласқан адамдардың дауыстары естіледі. Анасы сол күнге қажетті азық-түлік сатып алады (8). Оның ішінде көкөніс пен кепкен балық болуы мүмкін. Егер ол Құдайдың қызметшісі болса, базарда өзгелермен сенімі жайында бөлісу мүмкіндігін қалт жібермейді (Елшілердің істері 17:17).
Жақсы ана базарға барар және қайтар жолды балаларына Жазбалардағы принциптерді үйрету мүмкіндігі деп қарастырады (Заңды қайталау 6:6, 7). Сондай-ақ қыздарына ақшаны үнемдеп жаратуды үйретеді (Нақыл сөздер 31:14, 18).
Әйелдің күнделікті тірлігіне құдықтан су тасу да жатады (9). Олар құмыраларын суға толтырып, сол жердегі әйелдермен әңгіме-дүкен құрады. Үйге келген соң, ол қыздарымен бірге нан жабуға кіріседі. Алдымен, қамырды табаға салады да, алдын ала қыздырылған ошақтың ішіне қояды (10). Пісіп жатқан нанның иісі мұрындарын жарған олар өзара әңгіме дүкен құрады.
Содан кейін жақын жердегі өзенге кір жууға барады (11). Алдымен олар киімдерді сілтімен, содамен немесе кір сабынмен жуады. Кірді шайған соң, сығып, жақын маңдағы бұталар мен тастарға жайып қояды.
Жуылған киімдерді үйге әкелген соң, анасы мен қыздары үйдің тегіс төбесіне жайғасып, киімдердің жыртық жерлерін жамайды (12), сөйтіп бүктеп орындарына қояды. Содан соң анасы қыздарын тоқу мен тігуге үйретеді (13). Осымен кешкі ас дайындайтын уақыт да болып қалады (14). Қонақжайлық кәдімгі нәрсе болғандықтан, аяқ астынан келіп қалған қонақтар үшін нан, көкөніс, ірімшік, кепкен балық, салқын су сияқты қарапайым нәрселер дайын болу керек.
Балаларының ұйықтайтын уақыты келгенде, анасы олардың жырылған тізелерін майлайды. Сосын, шамның жарығымен ата-аналары балаларына Жазбалардағы әңгімені айтып береді де, бәрі бірге дұға етеді. Қарапайым үйге тыныштық орнағанда күйеуі әйелін мақтап, былай дейді: “Еңбекқор, жақсы әйелді кім таба алар? Ол інжу-маржаннан да бағалы болар!” (Нақыл сөздер 31:10).
“Игілікті жағын” таңдау. Бірінші ғасырда өмір сүрген жақсы әйелдердің ‘көп тірлік істегені’ сөзсіз (Лұқа 10:40). Сол сияқты, бүгіндегі әйелдер де, әсіресе аналар, тыным таппайды. Заманауи құралдар үйдегі тірліктерді жеңілдеткенімен, көп аналар тек үй шаруасымен айналысып қана қоймай, сыртта да жұмыс істеуге мәжбүр.
Кезігетін қиыншылықтарына қарамастан, Құдайға қызмет ететін көп әйелдер кіріспеде аталып өткен Мәриямнан үлгі алады. Олар рухани нәрселерді басты орынға қояды (Матай 5:3). Жазбаларға сай, бұл әйелдер ұқыптылықпен отбасыларының қамын жасайды (Нақыл сөздер 31:11—31). Бірақ Исаның Мартаға берген кеңесін естен шығармайды. Марта рухани нәрселерді бағалайтын әйел болғандықтан, осы ескертуге құлақ асқан болар. Құдайға адал әйелдер Құдай туралы білім алуға (15) немесе басқалармен сенімімен бөлісуіне үй тірліктерінің кедергі болуына жол бермейді (Матай 24:14; Еврейлерге 10:24, 25). Осылайша олар “игілікті жағын” таңдайды (Лұқа 10:42). Нәтижесінде Құдай да, Иса пайғамбар да, отбасы мүшелері де оларды жоғары бағалайды (Нақыл сөздер 18:22).